Тұжырымдама – зайырлы еліміздің даму кепілі

01.08.2018 0 By admin

Діни саланы реттеу бойынша 2020 жылға дейінгі ғылыми теориялық негіздерді айқындауды негізгі мақсат еткен Тұжырымдама «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты халыққа Жолдауының бағыттарына және «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласымен сәйкес келеді.

Министр Н. Ермекбаев елдегі дін саласын реттеу заңнамалық, басқарушылық, әлеуметтік-экономикалық шараларды анықтау барысында тиісті жұмыстар жүргізілетіндігін атап өткен еді. Мазмұны жағынан Үкімет қаулысымен бекітілген тұжырымдама дайындау талаптарына сәйкес келетін құжаттан жалпы рухани санада тұрақты және үйлесімді дамуды, жаңғыруды қамтамасыз етуге мол мүмкіндік береді деп күтілуде.

Мемлекеттің зайырлылық қағидатын нығайту, кез келген діни радикализмді болдырмауды негізге алған, бір сөзбен айтқанда, дін саласындағы проблемаларды шешуге арналған құжаттың, діни ұстанымы жағынан алуан түрлі қоғамда аса қажет екені анық.

Тұжырымдамада елімізде діни білім беру жүйесін реттеу, жасөспірімдерді  діни қызметке заңсыз тартудың алдын-алу, діни әдебиеттерді тарату тәртібін бір ізге қою тәрізді көптеген мәселелерді шешу қарастырылған. Дінді ұстанатын азаматтарымыздың діни рәсімдерді орындаудаға қолайлы жағдай жасау тұстары да назардан тыс қалмаған.

Тұжырымдамада зайырлылық қағидаттарын мемлекеттік басқару, мемлекеттік қызмет, құқық қорғау, қарулы күштер, БАҚ, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт салаларында кеңінен орнықтыру жолдары көрініс тапқан.

Діни қaйшылықтaр негізінде туындайтын радикализммен бaйлaныстағы келеңсіз үрдістер бой көрсетіп отырған бүгінгі уақытта қоғам мен мемлекет тұрақтылығын сақтау мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мемлекеттік саясатта жан-жақты қарастырылған ұстанымдарды қалыптастырудың маңызы ерекше.

Осы ретте, діни бірлестіктердің толыққанды қызмет етуін қамтамасыз етуге, дін саласын реттейтін заңнаманы жетілдіруге, деструктивті діни ағымдардың идеяларының таралуына тосқауыл қоюға және азаматтық қоғам институттарын тарта отырып, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына басымдық беруге ерекше назар аудару – Тұжырымдаманың оңды тұсы деп толық сеніммен айтуға болады.

Жалпы, дiн саласындағы мемлекеттiк саясатты дұрыс және ұтымды қалыптастыруды мақсат еткен осы Тұжырымдаманың маңызы өте зор.

Бақытжан Сатершинов, «Дінтанушылар конгресі» ҚБ төрағасы

Бөлісу: