Тәуелсіздіктің 30 жылы: Мемлекеттік жастар саясаты

1
Тәуелсіздік
Фото ашық дереккөзден алынды

Биыл аңсаған Тәуелсіздігіміз 30 жылға толып отыр. Осы уақыт ішінде Қазақ елін дүние жүзі танып білді. 30 жылда еліміз өзінің шекарасы, мемлекеттік рәміздері мен ұлттық құндылықтары, діні мен тілі, мәдениеті мен салт-дәстүрі бар тәуелсіз зайырлы мемлекетке айналды. Көптеген халықаралық ұйымдардың басқосу саммиті мен форумдары, көрмелері, спорттық жарыстары Қазақстанда ойдағыдай өтіп, еліміздің әлем алдындағы беделін асқақтата түсті. 

30 жылға шегініс жасасақ, 1991 жылдың 16 желтоқсанында әлем картасында жаңарған, жас Қазақстан Республикасы пайда болды. Бұл қаншама ғасырлардан бері өз тәуелсіздігін армандап келе жатқан ата-бабаларымыз асыға күткен арманы, аналарымыздың көз жасы еді. Қазақстанның тәуелсіздігін алғаш мойындаған да түбі бір туысымыз Түркия елі болды. Тек бір ел емес, біздіикөптеген әлем елдері мойындап, қолдау көрсетті. Сол уақыттан бастап, Тәуелсіздікке қол жеткізген жас мемлекеттің алдында атқарылатын көптеген жұмыстар тұрды. Өзінің ішкі және сыртқы саясатын қалыптастыру, экономика мен өңірлерді дамыту, мемлекеттік құрылымдарды қалыптастыру, т.б. дегендей. Бұл қатарға жастар мәселесін қоссақ та болады.

Жас Тәуелсіз мемлекет үшін жастар саясатын қалыптастыру маңызды мәселелердің бірі еді. Жас мамандарды даярлау, оларды оқытатын ұлттық мектептер мен ЖОО ашу, жастарға әлеуметтік жағынан көмек көрсету, олардың рухани-мәдени құндылықтарын байыту мемлекеттің маңызды мәселесіне айналды.
Қазақстанда жастар саясатын басқару саласында әр түрлі тәсілдер қолданылды. 1991 жылы Жастар істері, дене шынықтыру және спорт жөніндегі комитет құрылды. Кейіннен сол Комитет  Қазақстан Республикасының Жастар істері жөніндегі мемлекеттік комитеті болып қайта құрылды. Жергілікті жерлерде, барлық облыстарда, көптеген қалалар мен аудандарда Жастар істері жөніндегі комитеттер құрылды. Бірқатар жерлерде олар басқа мемлекеттік құрылымдармен біріктірілді немесе әкімшіліктердің  құрамына кірді. 1991 жылдың маусымында алғашқылардың бірі болып «Қазақ ССР-індегі мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заң қабылданды.  1993 жылы Жастар істері жөніндегі мемлекеттік комитет пен туризм, дене шынықтыру және спорт министрлігі таратылып, олардың орнына бірыңғай орган құрылды. Бұл жаңа құрылған –  Қазақстан Республикасының Жастар істері, туризм және спорт министрлігі еді.

Еліміз Тәуелсіздік алған тұстан бастап, «Жастар саясаты» туралы Заң бірнеше мәрте қабылданды.  1991, 1996, 2002, 2004 жылдар ішінде «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңдар жаңартылып отырды.  2015 жылдың ақпан айында «мемлекеттік жастар саясаты туралы» жаңа Заң қабылданды. Осының нәтижесінде жастарды өз ұйымдарының, консультативтік-кеңесші органдардың және олардың өзін-өзі басқару органдарының қызметіне білім беру жүйесі мен еңбек ұжымдарына тарту заң жүзінде бекітілді.

Қазақстан Республикасының жастар саясаты мынадай қағидаларға сүйенеді:

– Конституцияда және халықаралық келісімдерде бекітілген адамдардың негізгі құқығы мен еркіндігін сақтау;

– Нәсіліне, тіліне, дініне, жынысына, этникалық және әлеуметтік шығу тегіне және мүліктік жағына қарап жіктеуге жол бермеу;

– Жеке адам мен мемлекеттің мүдделерін үйлестіру, биліктің барша саласының, қоғамдық ұйымдар мен топтардың ықпалын топтастыру;

– Халықаралық талаптарды орындау, көші-қон үрдісін реттеу барысында әлеуметтік, экономикалық, саяси тұрақтылық пен этносаралық, дінаралық келісімді қамтамасыз етуде ұлттық мүдделердің басымдылығын ескеру.

Елбасы  өзінің жыл сайынғы Жолдауларында жастардың барлық санатын қолдауға арналған бағдарламалар әзірлеп, ел болашағына, жас буынның өкілдеріне жан-жақты қолдау көрсетіп, қоғам өміріндегі белсенділікті арттыруды нықтап тапсырған болатын.

«Жастар мен отбасы институтын кешенді қолдау мемлекеттік саясаттың басымдылығына айналуы тиіс. Жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды тұғырнамасын қалыптастыру керек», — деген еді Н.Назарбаев. ҚР Тұңғыш Президенті Елбасы Н.Назарбаевтың еңбегінің арқасында  Тәуелсіздік жылдарында жастардың мәселелері жүйелі түрде шешіліп келді, оның жалғасы ретінде 2019 жыл «Жастар жылы» деп аталып өтті. Таяуда Қасым-Жомарт Тоқаев жастар саясатына арналған «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты біртұтас ұлттық жоба әзірлеуді тапсырды. Былтыр Волонтерлер – Еріктілер жылын абыроймен атқарып шықтық. Президенттің кадрлық резерві жасақталды. Биыл жергілікті мемлекеттік ор­гандарды бағалау көрсеткішіне «Жастардың даму индексі» қосылады. Осының өзі кейінгі кезде жастарды қолдауға ерекше назар аударыла бас­тағанын аңғартады.

ҚР Президенті Қ.Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында:  «Өскелең ұрпақтың әлеуетін дұрыс арнаға бағыттап, тиімді пайдалануымыз керек. Осы орайда, Президент жанындағы Жастар кеңесінің қызметін жандандырған жөн. Оны білікті әрі білімді жастарды жұмылдыратын жүйелі жұмыс алаңына айналдырамыз. Бұдан бөлек, мен азаттық жылдарында дүниеге келген, әлі танылып үлгермеген талантты жастарды қолдау мақсатында «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты грант тағайындауды ұсынамын. Біз не істесек те, бәрін келер ұрпақ үшін жасаймыз» деген болатын.

Еліміз тәуелсіздік алған уақыттан бастап, жастар мәселесін мемлекеттің басым бағыты ретінде белгілеп, жұмыс атқарып келеді. Қай уақытта да оның құндылығы жойылған емес. Қазір Қазақстанда 14 пен 29 жас аралығындағы 3,7 млн адам өмір сүреді, бұл халықтың 20 пайызына пара-пар. Ал 35 жасқа дейінгі азаматтар саны 6,1 млн немесе 32,5 пайызды құрайды.

Жастардың қоғамдық-саяси рөлінің ауқымды реформалар кезінде күшеюі барша халыққа тән құбылыс. Себебі, жастардың жаңа жағдайға бейімделуі немесе жаңашылдыққа ұмтылуы жоғары деңгейде болғандықтан, олар қоғамдағы өзгерістерден шет қала алмайды. Жалпы,  қоғамның дамуына, оның болшағына деген сенімді көзқарастың қалыптасуы сол қоғамдағы жастар мен олардың әлеуметтік-мәдени ұғымдық болмысымен тікелей байланысты. Осы орайда, Шығыс елдері аға ұрпақтың тәжірибесіне сүйенсе, Солтүстік Америка мен Батыс Еуропалық елдер жастарға көп үміт артады. (Майлыбаев Б. Государственная молодёжная политика – важнейший фактор реформ. // Столичное обозрение, 1999, 22 января. – 7 с.).

Жастардың санасындағы «құндылықтар» ұғымын дұрыс қалыптастыру елдің болашағын айқындайтын факторлардың қатарына жатады. Адамзат өркениетінің бүгіні мен болашағы көп жағдайда жастардың әлеуметтік белсенділігіне қатысты болатыны даусыз. Сондықтан жастардың жетілуінің сапалық деңгейі де, оларға деген жаңа көзқарастың қалыптасуы да үш бірдей фактордың – жастар белсенділігі қалыптасуының әлеуметтік-мәдени алғышарттары мен  жастар саясаты,  оның мәдени бетбұрыстарының жиынтығынан және қазіргі кездегі жастардың белсенділігінің әлеуметтік-мәдени болмысына тәуелді болуына байланыстырылады.

Елімізде жастарға мемлекет тарапынан ұдайы жан-жақты қолдау көрсетіліп келеді. Сондықтан болар, Елбасының үнемі жастарды қолдап, жастар саясатын дамытуды көздейтіні бекер емес.  Жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауларында жастар саясатын жетілдіруге бағытталған іргелі тапсырмалар беріп отыратыны белгілі, өйткені жастар қашан да қоғамның бір бөлігі ретінде мемлекетте маңызды рөл атқарады.

Мәселен,  жас мамандарды ауылға тарту мақсатындағы «Дипломмен ауылға», экономикалық және жұмыспен қаму бағытындағы  «Бизнестің жол картасы», «Жұмыспен қамту-2020», білім беру саласындағы қосымша гранттар және шетелде білім алуға мүмкіндік беретін «Болашақ» Халықаралық стипендиясы, «Жас отбасы», «7-20-25» бағдарламасы аясында баспаналы болудың мүмкіндіктері, Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту бағытындағы бағдарламалардың барлығы еліміздің түкпір-түкпірінде жүзеге асырылуда.

Сондай-ақ бұл қатарға 2014 жлы іске қосылған «Серпін» бағдарламасын айтып өту де орынды болмақ. Бағдарламаның мақсаты – еліміздің оңтүстігіндегі жастарды мамандар тапшылығын көріп отырған солтүстік, шығыс, орталық өңірлерде оқытып, жұмысқа орналастыру. Бұл, бір жағынан, жастар арасындағы жұмыссыздықтың азаюына септігін тигізсе, екінші бір қыры – орыстанған аймақтарға қазақ жастарын жіберу арқылы, өңірлерді қазақыландыру саясаты.

2016 жылғы желтоқсанның бірінде Елбасының қатысуымен Астанада  Қазақстанның Тұңғыш Президенті күніне арналған, жастардың кезекті форумы өтті. Осы форумда  Н.Назарбаев: «Жас ұрпаққа қамқорлық көрсету, оның өмірі мен болашағы үшін қам жеу қашан да менің саясатымның басты мағынасы болған. Әрбір жас қазақстандықтың жақсы білім алатын, отбасын құратын, жеке тұрғын пәтерге ие болатын мүмкіндігі бар», – деді.

Сөйтіп, өзінің кезекті сөйлеген сөзінде Президент жастар алдына таяу болашаққа қатысты айқын да түсінікті міндеттер қойып, өзінің ойларымен бөлісті, елдің тағдыры, оның дамып, өзгеріп жатқан әлемдегі орны жайында жан-жақты баяндады. Оған қоса, бұл міндеттердің жастарымыздың өмірде де, еңбекте де дұрыс шешімдер қабылдауы үшін көмегі тиетініне деген сенімін білдірді.

Әр өңірде жастардың маслихатына қабылданып, тіпті облыстық басқармаларды тізгіндеп келе жатқан жастар қатары да көбейе түсті. Оған басты себепкер болған – Елбасымыздың жастар саясаты бағытындағы бағдарламалары. Екінші бір мүмкіндік жастар ұйымдарының жұмыстары. Алдымен, бұл қатарға Елбасымыз төрағасы болып табылатын «Нұр Отан» партиясының жанындағы «Жас Отан» жастар қанатын айтуға болады.  2013 жылы құрылған «Жастар»  ғылыми-зерттеу орталығы, «Қазақстан жастары» қоғамдық ұйымы, ел бойынша мыңдаған студенттің басын біріктіретін «Қазақстан студенттері альянсы» РСҚ, «Жасыл ел» еңбек жасақ ұйымы, «Жастар» мәслихаты қоғамдық қорлары тағы басқалар.

Бүгінгі күні жастар саясатын жүзеге асырудың мемлекеттік ұстанымын айқындайтын маңызды құжаттар: «Қазақстан Республикасының мемлекеттік жастар саясаты туралы» ҚР Заңы және «Қазақстан 2020: болашаққа жол» Қазақстан Республикасы мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасы туралы ҚР Үкіметінің 2013 жылғы 27 ақпандағы қаулысы Елбасының бастамасымен қабылданған.  Бұл нормативтік құжаттар мемлекет дамуының қазіргі кезеңінде мемлекеттік жастар саясатын қалыптастырудың және жүзеге асырудың құқықтық негіздерін айқын белгілейді. Аталған құжаттарды орындау мақсатында Қазақстанда жастар арасындағы үдерістерді басқарудың жаңа институттық үлгісі құрылған. Оған Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің құрылымында 2018 жылы Жастар және отбасы жөніндегі комитет, ал өңірлік деңгейде Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма жатады.

Жастардың әлеуметтенуі қазіргі қоғамда болып жатқан үрдістерден тыс жүре алмайды. Мұндай үрдісті бір арнаға түсіру үшін жаңа мемлекеттік жастар саясатын тереңірек жетілдіру қажет. Бұл қоғамның реформалануы тұсында жас ұрпақтың нарықтық қатынасқа ерте бейімделуіне әсер етеді. Олай болса, қоғамдағы жастар мәселесін оның мемлекетінің мәселелерінен бөліп қарау мүмкін емес. Сондықтан мемлекеттің қызметінің басты бағыттарының әрі басым бағыттарының бірегейі жастар саясаты болып отырғаны Қазақстан Президентінің әр жылғы халыққа Жолдауынан көрініс табуда.

Мемлекеттік жастар саясаты елдің әлеуметтік-мәдени дамуының негізі болып табылады. Жастар саясаты өз кезегінде – кез келген елдің басты басымдылығы. Өйткені жастар саясатының өзі жастардың қоғамдағы әлеуметтік, экономикалық, саяси, құқықтық, мәдени-рухани мәртебесін сақтау әрі қорғау шаралары жүйесі, осы тұрғыдағы мемлекеттік және қоғамдық органдардың қызметі болып саналады. Сондықтан еліміздің жастарын ұлтжандылыққа, адамгершілікке, білімділікке, өркениеттілікке тәрбиелеу біздің ең басты құндылықтарымыздың бірі болмақ.

Барлық  елдердің саясатында жастардың қолдауына ие бола білу мәселесі аса маңызды болып табылады. Бұл заңдылық әрбір елдің өзіндік идеологиясына, оның ішінде жаңадан құрылып жатқан елдің де идеологиясына негіз болады. Бұған дәлел ретінде өткен ғасырдың 30-жылдарында АҚШ-та жүргізілген Франклин Рузвельттің жастар бағдарламасын алсақ болады. Жас американдықтардың ұжымдық-патриоттық санасын ту етіп көтеріп, ұтымды жоспарланған қоғамдық жұмыстар жүйесімен елді қысылтаяң шақтан алып шықты. Жапон билеушілері де осы тектес жобаны пайдаланған болатын. Дәстүрлі жапон құндылықтары мен жапон ұлтының өзіндік ерекшеліктеріне байланысты жастар жаңа ақпараттық өркениетті қалыптастыруға жұмылдырылды (Хатаяма И. Цвет сакуры //Япония, 1987. – С. 17-21).

Жастар саясатын қалыптастырудың рухани факторлары бос уақытты дұрыс ұйымдастыруға байланысты. Жастар саясатының негізгі бағыттарының бipi – жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтардың негізінде жастарға тәрбие беру саласындағы мәселелерді шешу болып саналады. Жастар саясатының мақсаты өскелең ұрпақтың рухани даму саласында жастардың еркін тұлғасын қалыптастыру болуға тиіс.

Қорыта айтқанда, Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалалары арқылы қазақ халқын өзге өркениетті елдермен салыстыра отырып, тарих толқынында үздіксіз дамып келе жатқан өркениет ретінде қарастыруымыз керек деді. Ендеше,  қазақ жастары төл тарихты жетік біліп қана қоймай, өркениетті ел қатарына шығаруға өз үлестерін қосуы абзал. Білім мен іскерлік, ұлттық рух пен жігер ғана оларды сол биікке жеткізеді.

Хроника: Жастар саясаты

1991 жылы – Жастар істері, дене шынықтыру және спорт жөніндегі мемлекеттік комитет құрылды. 1993 жылы Жастар істері жөніндегі мемлекеттік комитет пен туризм, дене шынықтыру және спорт министрлігі таратылып, Қазақстан Республикасының Жастар істері, туризм және спорт министрлігі құрылды.

1991 жылғы 12 қазанда – Қазақстан Жастар Одағы қоғамдық ұйымы құрылды. Оның басты мақсаты жастардың тұлғалық мәдениетін қалыптастыру, салауатты өмір салтын насихаттау, зияткерлік әлеуетті дамыту, жастардың жоғары мемлекеттік органдарда әлеуметтік, мәдени және экономикалық мүдделерін білдіру әрі қорғау болып табылады.

1991 жылдың маусымында алғашқылардың бірі болып «Қазақ ССР-індегі мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заң қабылданды.

1993 жылғы 5 қарашада Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың қаулысымен «Болашақ» халықаралық шәкірақысы тағайындалды. Бұл бастама дарынды жастарға келешекте өздерінің жинақтаған тәжірибелерін мемлекет игілігіне пайдалану үшін шетелде сапалы білім алуына көмектесу идеясына негізделген. 1994 жылы бір топ қазақстандық студенттер тұңғыш рет шетелдік жоғары оқу орындарына жіберілді.

1996 жылдың қазан айында Мемлекет басшысының Өкімімен Үкімет «жастар туралы» Заң жобасын әзірлеп, 1997 жылдың бірінші тоқсанында Парламенттің қарауына шығарды.

1998 жылдың сәуір айында «Новое поколение» газетінде «За будущее Казахстана» атты Республикалық жастар қозғалысының кеңесі мен ақпарат, мәдениет және қоғамдық келісім Министрлігінің жастар саясаты бөлімі әзірлеген Қазақстан Республикасының жастар саясаты Тұжырымдамасының жобасы жарияланды.

2001 жылғы 15 маусымда мемлекеттік жастар саясаты мәселесі бойынша парламенттік тыңдаулар өтті, онда арнайы заңды қабылдау қажеттігі туралы нақты әңгіме болды. Тыңдау алдында үлкен даярлық жұмысы жүргізілді. Депутаттар окрутерге барып, жастармен кездесті. Жоғарыда аталған Комитеттің көшпелі отырыстары өтті.

2002 жылдың мамыр айында «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заң жобасы республикалық баспасөз беттерінде жарияланды. ҚР Парламентінің Мәжілісі өзінің арнайы Қаулысымен Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі комитетке осы заң жобасын қарап, ол бойынша қорытынды әзірлеуді тапсырды. Ұсынылған заң жобасына Жастар ортасы да үн қосты.

2003 жылғы қаңтарда Парламент Мәжілісінің жұмыс тобы мемлекеттік жастар саясаты туралы заң жобасының үкіметтік нұсқасына депутаттар ұсынған түзетулерді қарады.

2004 жылы 7 шілдеде «Қазақстан Республикасындағы Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Қазақстан Республикасының Заңына Президент Н. Назарбаев қол қойды.

2013 жылдың ақпан айында Қазақстан Республикасының Үкіметі 2020 жылға дейінгі мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасын мақұлдады. Мемлекеттік жастар саясатының басты басымдылығы жастардың өз мүдделеріне, бейімділігіне, дене мүмкіндіктеріне сәйкес және қоғам мүдделерін ескере отырып, еркін әлеуметтік даму құқығын, шығармашылық бастаманы іске асыру үшін жағдай жасау болып табылады.

2014 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан Жастар дамуының жаһандық индексінде әлемнің 170 елінен 27-орынды иеленді.

2015 жылдың ақпан айында «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» жаңа Заң қабылданды. Нәтижесінде жастарды жастар ұйымдарының, консультативтік-кеңесші органдардың және жастардың өзін-өзі басқару органдарының қызметіне білім беру жүйесі мен еңбек ұжымдарында тарту заң жүзінде бекітілген. Жаңа заңның тағы бір маңызды ерекшелігі жастардың мүдделері мен қажеттіліктерін қозғайтын бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің құзыреттері мен жауапкершілігін бекіту болып табылады.

2016 жылдан бастап 2020 жылға дейінгі «Қазақстан-2020: болашаққа жол» мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасының екінші кезеңін іске асыру басталды.

2018 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев жастарға жаңа мүмкіндіктер сыйлаған «Бес әлеуметтік бастаманы» іске қосты.

2018 жылғы 5 қазанда ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялауды ұсынды.

2019 жылғы тамыз айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен 2020 жыл  – Волонтерлер жылы деп жарияланды.

Алтынбек Бекнұр,

«Дәстүр» журналы.

Бөлісу: