«Тәуелсіздік тірегі – халық мұрасы»

2
Фото ашық дереккөздерден алынды

«Құбылған заманда құбылнамасынан жаңылмаған Қазақстан дамудың өзіндік даңғыл жолына түсті. Аз уақытта айбыны асқақ алаш жұрты әлеуеті асқан, дәулеті тасыған іргесі берік, беделі зор айбынды  елге айналды» – деп айтқан болатын, Елбасы өзінің инагурациялық сөзінде.                  

Иә, аз ғана уақыт небәрі 30 жыл.  Тарих жылнамасындағы сан ғасырға бергісіз қас-қағым сәт қазақ халқын барша әлемге танытты, танытып қана қоймай әлем елдерінің бас қосқан алқалы жиынында айшықты ойы мен аталы сөз арқылы төрелік еткізді, ел еңсесін көтерді, рухын асқақтатты.   Сонау «ақтабан шұбырынды,алқакөл сұлама» кезеңіндегі «Елім-ай» зарынан бастап ойын улап, сөзін бұрмалаған отаршылдықтың озбырлығы, тіпті кешегі  қан сасыған отыз жетінің қасіретті ылаңы, сергелдеңге түсіріп сарсаңға салған сексен алтының ызғарлы бораны – бәрі-бәрі халықтың жанына да арына да аз жара салған жоқ.    Ұзақ жылдар ойлаған оймыз, айтқан сөзіміз істеген ісіміз біреулерге қарап алаңдаушылыкпен өтті. Тарихымыз  бұрмаланды.       

Ата-бабадан қалған асқақ рух пен мол мұраны жоғалта бастадық. Тоталитарлық тәртіп жүзеге асырған халыққа жат саясат аса зор қасіретті зардаптар әкелді:                         -жаппай отаршылдықтың салдарынан қазақ халқының жартысына жуығы қырылды;    -өзінің атамекенінен басқа елдерге ауа көшті;       

 -тіл мен діл, дін мен ұлттық сезім, таным жойыла бастады;                              

– өз жерінде ұлттық азшылыққа ұшырады;                                     

Қазақтың еркіндігінен  қорыққан қызыл империя Алаш туы астына ел болып, мемлекет құруға біріккендердің бәрін біртіндеп құртты. Оқығандарын қудалады, қырды.                                                                                         

«Алаш» ұранын тарихи санадан өшірді. Бас көтерерлік қауһар қалмаған қара халықты қызыл империя «тарихтың тезіне» салып қорлай бастады.                 

32-33-тің ашаршылығы, 36-37-нің қырғыны  әдейі ұйымдастырылды.

1937-38 жылдың өзінде 125000 қазақ зиялысы  қырылды.

1949 жылы қазақ халқы атом полигонының сынағына түсті, бұл –қазақ  көрген  нәубеттің ең сорақысы еді. Ядролық қарудың қасіретін қазақ ұрпағы әлі тартып келеді…

Үш ғасырға жуық бодандықтың құрсауында болып, алаш азаматтарын жалмаған заманда ел тілегі мен халық мұраты –Тәуелсіздік еді.

Түлкі бұлаң тарихтың нешеме бұрылысында ел азаттығы  үшін талай тарланның тақымындағы тер кеппеді. Ұлттың ұлылығын сақтап, бостандығын баянды етудің жолында ат жалын ұстаған қазақтың қаһарман ұлдары басын бәйгеге тікті, құрбандыққа шалынды, шейіт кетті.

Сырым, Исатай, Махамбет, Кенесары хан бастаған ұлт-азаттық  күрестер, Алаш арыстарының азаттық ұраны, Торғайда, Меркіде, Созақта, Қарқара-Албанда  болған Кеңес үкіметіне  қарсы үлкенді –кішілі көтерілістер, Алматыдағы қазақ жастарының  қанға  боялған бейбіт шеруі – бәрі-бәрі «Тәуелсіздік» атты дәуір дөңгелегін тым ілгері жылжытып тастаған еді.

Бүгінгі Тәуелсіздік пен ұлттық сана – сезіміміздің құны осыншама құрбандықпен  келгенін, сан ғасырлық тарихымызда мақтан тұтар, бүгініміз бен келешегіміз үшін ғибрат алар оқиғалар мен Отан алдындағы адам қызметінен үлгі алар ұлы тұлғалар аз болмағанын насихаттап, болашақ ұрпаққа аманат ету – сіздер мен біздердің басты парымыз.

Бұл қасіретті де қасиетті шежіре – бүгінгі  буын арқылы келер ұрпаққа аманаттайтын баға жетпес игілік.

«Тәуелсіздік – тарихтың мәңгіге бөліп берген  еншісі емес, халықтың мамыражай өмір сүруіне берілген кепілдік те емес екенін, азаттық алуымен іс бітпейтінін, оны сақтап қалу үшін заманға сай амалың болуы керек  екенін» және еліміз үшін алғашқы жылдар нағыз  сын сағаты  болғанын Елбасы өзінің «Сындарлы он жыл» атты еңбегінде жан-жақты баяндайды.

Одақ құлап, қалыптасқан шаруашылық жүйесі бұзылды.Ауылды да, қалада да халық тұрмысы күрт төмендеді. Зейнетақы мен жалақы уақытылы төленбеді  елде жұмыссыздық етек жайды. Әрбір заттың құны еселеп өсті өнеркәсіп тоқырып, инфляция шарықтау шегіне жетті.

Елбасының бастауымен әкімшіл-әміршіл экономикадан нарықтық экономикаға, жабық елден ашық қоғам құруға колхоз-совхоздар  таратылды, қоғамдық мүліктер жекелендірілді, баға шектелмей босатылды, шетел инвестициясы кеңінен тартылды.

Қаусап қалған режимге кектенушілер мен шаңырағы ортасына түскен одақтың жоғын жоктаушылардың  дауысы өктем шықты.

Елдегі саяси проблемалар, қоғамдық -әлеуметтік күрделі мәселелермен қатар,сыртқы саясатта  да келесі мәселелер күн тәртібінен түскен жоқ. Мәселен, Қытаймен, Ресеймен арадағы шекара мәселесі, Каспий асты мұнайын  бес елдің бөлісуі, азуын айға білеген алып державалар мен тартысты дипломатиялар, тұрақтылық саясатындағы міндеттемелерді үйлестіру, қазба  байлықтарын ел игілігіне тарату-міне бұлардың бәрі  жас мемлекеттің іскерлігіне сын болғаны айқын.

Күмән мен үмітке толы сол бір сындарлы кезеңнен  Елбасы да, халықта абыроймен өтті. Реформа саласындағы айшықты қадамдар жақынның да, алыстың  да көңілін аударды, өз халқымыз  олардың жемісін көрді. Әлемдік  қауымдастық  сол реформаларға «Қазақстан жолы» деп ат қойып , айдар тақты. Озық тәжірбиемізбен танысуға көршілес мемлекеттер келе бастады.

1993жыл Лиссабон хаттамасына қол қойып, дүниежүзінде біріші болып Атомнан бас тартты. Арқа төсінде айшықты  жаңа астана салу, Европадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына төреғалық ету, ғаламда басы бірікпей келе жатқан әртүрлі  дін өкілдерінің басқосуын  ұйымдастыру, дамыған 50 елдің қатарына қосылып, одан ары 30 елдің қатарына ұмтылу. Қысқа Азия ойындарын өткізу және күллі  Ислам Конференциясы  Ұйымына төраға болу, кезекті «Экспо-2017» халықаралық көрмесінің өткізетін ел мәртебесі Қазақстанның елордасы Астана қаласынада өткізу сынды белестер елімізді әлемге танытты. Қазақстанның  абырой беделін әлемдік саясаттың  жоғарғы  легіне алып шықты.

Аз ғана тарихи уақыт ішінде аяғынан тік тұрып, тәулсіздік,бақуатты мемлекет құрып қана қоймай әлемдік қауымдастық ортасынан лайықты  орын алған Қазақстан сияқты ел сирек.

Әрине, бұл-ең алдымен Елбасымыздың ерен еңбегі.

«Ел болу үшін ұлттық рух, ұлттық қасиет және ұлтқа  деген сенім болу керек » деп қалың жұртты дәстүрлі  құндылықтарына бастады. Елбасының  ерік-жігерімен тарихты тәуелсіздік  ұстанымдары тұрғысынан қайта қарау қолға  алынып, халықтың көне дәуірлерден бүгінге дейінгі елдік, ерлік дастаны ақиқат тілімен, ұлттық намыспен  жазылды. Бағзы дәстүрлі құндылықтар бүгінгі өркениетпен үндесті. Мәдени мұраларымыз, салт-дәстүрлеріміз қайта зерделеніп, тарихи тұлғаларымыз халқымен қайта қауышты.

Жаңа заманға қадам басқан сайын қоғамызда білім мен ғылым саласы да өзгерістерге  ұшырауда.

Орта білімді ақпараттандыру, дарынды балаларды табу, оқыту және дамыту  үшін – «Дарын» бағдарламасы, жаңа мамандарды  даярлауға арналған  «Болашақ» халықаралық  бағдарламасы қабылданып, жылына 3000-нан астам Қазақ жастарының  әлемнің беделді оқу орындарында  білім алуына мүмкіндік  берді. «Назарбаев университеті» бағдарламасы елімізге кемел білімнің көшін бұрса, «Балапан» арнайы бағдарламасы, 12 жылдық оқыту моделі, интелектуалды  мектептер құру сынды маңызды шаралар аясында  «100 мектеп, 100 аурухана » бағдарламасы да тәуелсіздіктің жемісін баянды етуде.

Тәуелсіздігіміз тұғырлы, елдігіміз ғұмырлы болсын, ағайын!

«Әлем бізді құрметтесін десек, өз ұлтымызды және ұлттық бейнетімізді алдымен біздің өзіміз  бар сезімімізбен, ақыл  ойымызбен, ісімізбен, бүкіл қимыл әрекетерімізбен құрметтеуіміз керек. Өзінің ұлттық бейнесін таба алмаған ұлтардың басқа ұлттарға жем болатынын естен шығармау қажет» деген Мұстафа Кемал Ататүрктің сөзімен аяқтай келе, болашақ ұрпаққа «Тәуелсіздік» атты алып ғимараттың әрбір түйір тасының халықтың қаны мен  маңдай тері арқылы өрілгенін болашақ ұрпаққа аманаттауда істеріңіз жемісті болсын!

Ғ.Байжігіт, Байтұрсынов атындағы тарих-география пәні мұғалімі 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

1 «Егемен Қазақстан» газетті  Елбасы жолдауынан

2 «Сындарлы он жыл»

3 «www.google.kz» Мәдени мұра бағдарламасы

Бөлісу: