Тасын түртсең тарихы оянатын, қарт Қаратаудың алтын тәжі іспетті, Қошқарата биігінің етегіндегі кішкене ғана шағын  «Алмалы» ауылы ұлттық салт-дәстүріміздің қазыналы мекені болатын. Туған жердің түтінін түтеткен әр отбасы әдет-ғұрып,  салт-дәстүрімізді бабалардың көзіндей қадірледі. Бұл жағынан біздің қарашаңырақ та қалыс қалмайтын.

Әкеміз ұстаздық қызметте, анамыз интернаттың аспазшысы болса да, біздің бойымызға ұлттық құндылықтарды сіңіріп  өсірді.  Анам ауыл әйелдерімен қосылып, сырмақ басып,  қолдан кілем,  текемет,  алаша тоқитын. Ешкі жүнінен түрлі қолғап,  шұлық,  жекет тоқитын.  Анам ұлттық тағам жасаудың аса шебері болатын.

Қорада азын-аулақ, он шақты қой ешкі мен екі сиырымыз болды. Кешке дастарқан басында үлкендердің әңгімесіне құлақ түреміз. Бірде інім Абай ентігіп, үйге кірген бойда:

– «Әке, қара қой туыпты, – дегенде, – Балам, аналар ғана нәресте туады. Ал төрт түлікке қатысты болғанда мал төлдейді – деп айтылмайды. Немесе,  бие құлындады,  сиыр бұзаулады, түйе боталады, қой қоздады, ешкі лақтады» деп айтсаң болады деп түсіндірді.

Әкенің әңгімесін үлкен ынтамен тыңдаған інім қоңыр үнмен тағы да:

– Әке, ала сиыр қашан бұзаулайды?» – деп сұрады. Сол кезде әкем сабырлы қалпында:

– Ала сиырды  терең сайдың оты қалың жеріне арқандау керек. Уақыты жақындап қалды. Ертең бұзауын бошалап кетпесін – деді. Жауап күтіп отырған інім:

– Әке,  бошалап деген не мағына береді, –  деп бірінші рет естіп тұрған сөзіне түсінік беруін сұрады. Әкем жылы жүзімен бізге қарады да:

– Төрт түліктің ішіндегі зеңгі баба тұқымы сиыр малы өз төліне қызғанышпен қарайды. Бұзаулаған сәтін байқап тұрмасаң, бұзауын қалың қамыстың, иір жартастың, түкпіріне тығып ұстайды. Осыдан екі жыл бұрын, қара тайынша алғаш бұзаулағанда бұзауын тығып, өріске кетіпті.

Екі күн іздеп, әрең тапқанбыз. Бұзауы да енесінің шартты белгісінсіз, ну қалыңнан шықпай жатады. Міне, әр малдың өз ерекшеліктері болады деп, маңдайымнан иіскеп, білмегенімізді айтып, көңілімізді бір көтеріп тастаған еді.  Көп ұзамай, ала сиыр да аман-есен  бұзаулады.

Қазақ ауылындағы әрбір үй үшін бұл бір үлкен мереке.  Сиырдың алғашқы сүтін,  яғни уызды қатырып,  тәтті тағам жасап,  дастарқан жайып, көрші-қоланды шақырып,  шай беру дәстүрге айналған.

Уыз «сары уыз», «ақ уыз» деп екіге бөлінеді. Сары уыз әрі қою, әрі желім сияқты жабысқақ болады. Ақ уыздың өңі сары уызға қарағанда ақшыл, әрі сұйықтау келеді. Сары уызды төлдің өзіне емізіп, ақ уызды сауып алып пайдаланады. Інген мен биенің уызын бота мен құлынға емізеді. Ал сиырдың, қойдың, ешкінің ақ уыздарынан әр түрлі тағамдар пісіреді. Көктемде «қой қоздап, қорада шу» болып, сиыр бұзаулап, түйе боталап, бие құлындап жатқан кез – мал баққан жұрт үшін бір мереке. Жаңа төлдеген малдың сүт-уызынан жартылай сауып, жеке ыдысқа құяды да, оны қазандағы суға қойып, от жағады. Су қайнағанда ыдыстағы уыз бауыр болып қатып қалады. Уызды бүйенге не дүңгіршек қарынға құйып та, осы тәсілмен қатыруға болады.

Малдың ащы уызын төлі тез ширап, көбдік болып қалмау үшн түгел сауып алмайды. «Уызына жарымаған» деген сөз содан қалған.

Бие мен түйенің уызын қашан сүттенгенше төліне емізбейді. Көрші-қолаң «төл тойы» деп бір-бірін қонаққа шақырысып, мәре-сәре боп жатады.

Арада 1-2 күн өткенде анашым кешкі дастарқан үстінде:

– Ертең түске уыз көже дайындаймын. Қонаққа ауылдың ақсақалдары мен ақ жаулықты әжелерін шақырайық, – деген ойын айтты. Әкем:

– Өте орынды, биылғы ірі қара төлінің басы ғой. Оның үстіне, қасиетті жұма күніне тұспа-тұс келіпті, – деп рұқсатын берді. Ал мені «Осы уыз көженің не қасиеті бар екен, уызына жарымаған деп не үшін айтады» деген ой мазалай берді.

Ертесіне ауыл ақсақалдары арқа-жарқа болысып, біздің үйге жиналды. Қыс, көктем шаруа жайымен бастары көптен қосылмаған ауылдастар мал-жанның амандығын сұрасып, қауқылдасып жатты. Ортаға буы бұрқыраған уыз көже де келді. Әңгіме барысында тау бөктерінің жайылымы, биылғы шөптің түсімі, малдың қоңдылығы, алдағы уақытта жастардың оқуына байланысты қол күшінің кемшін түсері әңгіме болды. Сол себебепті қысқы мал азығын даярлауға, бірлі жарым қора-қопсы, үй-жай тұрғындары болса, бас біріктіріп, асар жасасуға бітімдесті. Осы қүндері сол кезеңдер еске түссе,  уыз көже үстінде,  ұрып кетіпті, немесе қағып кетіпті, деген өсек-аяң керенау әңгіменің орнына, ауылдың ынтымағы мен тірлігі туралы өрелі әңгіме айтылғаны толғандырады. Әкеміздің «уыздай ұйыған ағайын» дейтіні осы болар деген ойға қалдым. Қонақтар риза болып, «ақ мол болсын» айтысып, бата қайырысып тарады. Мен: – Әке,  уыз көже не үшін беріледі, – деп сұрадым. Әкемнің айтқаны: – Ой, Сарғалтағымай, осы сенің көп нәрсе білгің келетіні мені қуантады, сұрасаң айтайын, – деді де әңгімесін бастады:

– Қарағым, уыз деген құнарлы азық, ана сүтінің алдында дүниеге келген жас төлге өлмес қуат беретін, өмірлік азығының басы саналады. Мысалы, ата сиырдың бас бұзауына сиыр уызы әрине көптік етеді. Оның асқазанына ауырлық етеді. Әрине, жас төл тойғанынша емеді. Қалғанын сауып алып, ауылдың қарияларына, әжелеріне, сәбилерге, бала емізетін аналарға  дәруменге бай, таптырмас тағам болатын уыз көже дайындалады. Уыздай ұйыған ұлт атану жолында үлкенді құрметтеп, кішіні ізеттегеніміз, уыздан дарыған ұлық қасиетіміз. Әлгінде дастарқан басында ауылдың қадірменді қариялары, ауызбіршілк, бауырмалдық, ізгілік жайында байламы бекем бәтуәлі әңгімелер айтты. Салт-дәстүріміз, әдет-ғұрпымыз, төл ана тіліміз бабалардан келе жатқан қастерлі дінміз, атадан балаға ананың ақ уызынан дариды. Ұлттық тәлім тәрбиеміздің бастауы осындайдан басталады», – деп қазақ халқының салт-дәстүрінде сиырдың уызының да ғибартнамасы мол екенін болашақ ұрпаққа танымдылық тұрғысында әңгімелеп бергені бар. Әрбір салт-дәстүр қасиетті қарашаңырақтан бастау алып,  халықтың мұрасына айналады.

 

Клара ЛАХАНҚЫЗЫ,  жазушы

 

 

 

 

 

Бөлісу: