ХХ ҒАСЫРДЫҢ МУЗЕЙ АДАМЫ – 90 ЖАСТА

135

Жаһандану заманында халқымыздың ғасырлар бойы жинақталған бай тәжірибесін, рухани құндылықтарын өскелең ұрпақтың санасына сіңіріп, ойын дарытуға, ұлттық патриотизмді өрістеуге халқымыздың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын сақтап, танып білуге септігін тигізері анық. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Мәдениет ұлттың бет-бейнесі, рухани болмысы, ақыл ойы, парасаты. Өркениетті ұлт ең алдымен тарихымен, мәдениетімен, ұлтын ұлықтаған ұлы тұлғалармен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлкенді-кішілі үлесімен мақтанады. Сөйтіп, тек өзінің төл мәдениеті арқылы ғана басқаға танылады» – деген болатын. Осындай елбасы өсиетінің дәлелі ретінде саналы ғұмырында өзі тарихшы, өзі суретші, археолог, педагог, әдебиетші, өлкетанушы, этнограф, ақындығы бір төбе болған тұлғаның туған жердің тарихын зерттеп, зерделеп, келешек ұрпаққа қалдырған асыл мұрасы да жеткілікті.

«Арқалы ақындық жоқ өзімде асқан, Жинаған жәдігерлік кезімде ашқан. Бабалар мұрасына мұрагерлік, Етем деп туды осы бір музей-дастан», -деп кезінде Отырардағы музейдің ашылуына өзі себепкер болған, өзінше бұл мекемеге «Отырар эрмитажы» деген атау берген Асантай Әлімұлы жайында өрбітсек артық болмас.

Осыдан 53 жыл бұрын негізі қаланған, қазіргі таңдағы Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің тарихы тереңде жатыр. Бұл музейді осындай дәрежеге жеткізу, жәдігерлерді үздіксіз толықтыру, оны белгілі мәдениет орталығына айналдыру мақсатындағы игілікті істі алғаш рет қолға алып, мектеп көлемінде  одан  кейін  аудандық  музейге айналдыру  мақсатында     «ХХ  ғасырдың музей адамы» атанған азамат қаншама күш- қайрат, табандылық пен қайсарлық танытты десеңізші. Шымкенттегі мұғалімдер институтын (1951ж), ҚазПИ-дің тарих факультетін 1957 жылы бітіріп, елге оралған Асантай Әлімов «Октябрьдің 50 жылдығы» атындағы орта мектепте тарих, қоғам тану пәндерінен сабақ беріп, 1973 жылдың қыркүйегіне дейін табан аудармай еңбек етеді. Осы мектепте жұмыс істеп жүріп, 1965 жылдан бастап Отырар төбенің төңірегінен табылған көне бұйымдарды тірнектеп жинастырып, 1967 жылдың мамыр айында темір орта мектебінде музей ашады. Ең алғаш рет бұл музейге 1968 жылы келген жас жазушы Дүкенбай Досжанов «Қазақстан мұғалімі» газетінің 1969 жылғы жаңа жылдық нөмірінде «Отырарда туған азамат» деген атпен берген мақаласында: «Отырар жеріндегі Темір орта мектебінде дүниежүзілік маңызы бар Отырар музейінің негізі қаланды», – деп жазады.

Отырар музейін биік дәрежеге жеткізу, жәдігерлерді үздіксіз толықтыру, оны белгілі бір мәдениет орнына айналдыру тарихшы ұстазға оңай болған жоқ. Ол қысы-жазы, ұзақ уақыт бойы жәдігер жинаумен айналысты. Ондаған, жүздеген рет өз бетінше қазба жұмыстарын жүргізді, ел тарихына, жер тарихына байланысты кейбір бұйымдарды өз қаржысына сатып алды, оларды музейге өзі, шәкірттері арқалап жеткізді. Табиғатынан қайсар, ойына алған істі аяғына жеткізбей тыным таппайтын ізденімпаз ұстаздың игі мақсатына ықпал етушілер де кездесті, түрлі әңгімелер айтылды. Бірақ, ақпейіл де мақсаты биік азамат алған бетінен қайтпай, ақыры көздеген мақсатына жеткендей болды. Апталап тұратын Арыстанды- Қарабастың желінен, жаңбыр мен қардың әсерінен, жер өңдеген диқанның кетпенінен ашылып қалған, Отырар шеберлері мен зергер-ұсталарының     қолынан     шыққан сан  түрлі  заттарын  жинастырумен  қатар, өңірдегі тарихи орындарда өз бетінше қазба жұмыстарын жүргізеді. Бұл Темір станциясының солтүстігіндегі Қыркескен зираты еді. Мұндағы қазба нәтижесінде бірнеше көне бұйымдар табылған. Дегенмен, мұндағы жұмыс өз дәрежесінде жүргізілуіне тәжірибе аздық етуіне байланысты мұнда Оңтүстік Қазақстан кешенді археологиялық экспедициясының мүшесі археолог Бекен Нұрмұханбетов қазба,  зерттеу  жұмыстарын   жүргізіп, бұл қабірлерді ІІІ-ІV ғасырларға тән үйсін-қаңлы дәуіріне жататынын айтып, қабірлер екі қабат әртүрлі бағытқа қарай жерленгендігі мұсылман діні шыққанға дейін дәуір екенін анықтайды.

Бұл жайында Москвадан шығатын «Археологические открытия 1976  г.» деген бүкілодақтық жинақта «Могильник Кыркескен» деген тақырыпта жарияланады. Осыдан кейін газет-журналдарда көрініп, ғалымдар, жазушылар, журналистер келіп музейді көріп, жазып, радио-телевизияда көрсетіле бастайды.

Музей тарих шежіресі іспетті. Ондағы жәдігерлердің тарихи танымдық маңызын сөзбен жеткізу қиын. Осы жолдағы А. Әлімовтің сіңірген еңбегі ұшаң-теңіз. Ол ойына алған игі мақсатын орындау үшін, үй-ішінің аздаған табысын да болашақ үлкен музейдің мүддесіне жұмсап, тым тәуір айлық табысы бар ұстаздық қызметін қойып, болмашы ғана еңбекақысы бар музей директорлығына  ауысқанын   Асекеңнің өз  аузынан  есіткен  туысы  Асантай  ағаға «Қыруар айлығы бар жұмысты тастап, болмайтын іске тәуекел деген нағыз жынды сен екенсің» деген сөзіне қарамай, алған бетінен қайтпай, болашақта мәні бар зор жұмысын жалғастырған екен. Міне, осындай қажымас қайраттың, білгірліктің нәтижесінде шағын аудандық музей, келген адам таңдай қақпай шықпайтын қадірлі орынға айналды. Себебі, мұнда көне Отырар өркениетінің өткенінен сыр шертер мұралар жинақталған болатын. Музейге бас сұққан әрбір адамға ата-бабаларымыздың тұрмыс- тіршілігі, мәдениеті, шаруашылығы мен сауда-саттығы қалай дамыды, барлық- барлық сұраққа осы тірнектеп жиналған жәдігерлер жауап беріп тұрғандай еді.

Осылайша 1973 жылы қорында 600- ден астам жәдігері бар аудандық қоғамдық негіздегі халықтық музей өмірге келді. Бұдан   кейін   де   музей   жұмысы   қызу жүргізіліп, жәдігерлер саны 1500-ге жетеді. Тұрақты қызметкерлері бар мемлекеттік музей ашу мақсатында А. Әлімов Мәдениет министрлігіне ұсыныс айтып, көмек сұрады. Ақырында 1975 жылы күзде Мәскеу мен Алматыда Әбу Нәсір Мұхаммед Әл–Фарабидің 1100 жылдық мерекесі тойлануымен қатар, Асантай Әлімовтің көптен күткен арманы жүзеге асып, 1975 жылы 8 қыркүйекте Шәуілдір селосында облыстық өлкетану музейінің филиалы ретінде аудандық тарихи өлкетану музейін ашу туралы шешім қабылданды. Асантай Әлімов ұйымдастырып, негізін қалаған осы аудандық тарихи өлкетану музейінің негізінде Қазақ ССР Мәдениет министірлігінің 1979 жылғы  16 қыркүйек №33 бұйрығымен «Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі» болып қайта құрылды. Қазіргі таңда, үш қабатты музей ғимаратының  іргетасы  1979  жылдың  9 қазанында қаланып, 1982 жылы толық пайдалануға   берілді.   Міне,   содан   бері 40 жылдан аса уақытта музей Отырар аймағындағы тарихи ескерткіштерді қорғау, халқымыздың өткен тарихын, ұлттық мәдениетін зерттеп, насихаттау жұмыстары жалғасын тауып келеді.

Биыл   көзі   тірі   болғанда   Асантай Әлімұлы 90 жасқа толар еді. Өз өмірінің 40 жылдан астамын музейге арнаған тұлға артынан өшпес із қалдырған біртуар азамат. «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді»- дегендей, қаншама еңбек жазған Асантай Әлімұлының 100- ден аса танымдық, ғылыми еңбектері мәдени мұрамызға айналды.         Еткен еңбегі елеусіз қалған   жоқ.   Мемлекет   тарапынан алған марапаттары да баршылық. Атап айтар болсақ, жиырма бес жыл бойы абыроймен атқарған  еңбегі  үшін  » Халық ағарту ісінің озық қызметкері», «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері» және «Отырар ауданының құрметті азаматы»тағы басқада марапаттардың иегері.

Асыл қазына иесі болған Асантай Әлімов 90жылдардың өзінде республикадағы киелі Отырар топырағынан шыққан «музей адамы» деген атқа ие болған есімі естен кетпес тұлға болып қала береді.

Қалипа КЕМЕЛОВА, Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі. Шәуілдір.

Бөлісу: