«Құрмет» орденінің иегері, ҚР мәдениет қайратекері, С.Сейфуллин атындағы сыйлықтың иегері, «Дос көңілі», «Көне хикая», «Көксеу», «Көксеңгірдің тасында», «Соңғы Абыз», «Ұлы пайғамбар және ұрпақтары», «Шырағдан», «Қоңыр Құлжа», «Мөрші», «Арманым оттан өрілген», «Едіге», орыс тілінде «Вожак» «Адам, қайда барасың?» кітаптарының, «Құба белдер» трилогиясының, «Тар заман» спектакілінің авторы, этнограф Кәмал Жүністегі дүние салды.
Кәмал Жүністегі – 1939 жылы 27 қаңтарда Шет өңірінде, Ақсу-Аюлы селосында туған. Аудандық комсомол комитеттінің бөлім меңгерушісі, 1960 жылы Қарағанды педагогикалық институтына оқуға түскен. 1962 жылы қазақ жастары жасырын ЕСЕП-тің (Елін сүйген ерлер партиясы) ұйымдастырушысы ретінде саяси айыпталған. 1967 — 84 жылдары мектепте мұғалім, 1984-88 жылдары оқу бөлімінде, «Білім» қоғамында (1988), 1989-92 жылы мұражайда қызмет еткен. 1992 жылдан «Заман» газетінде редактор қызметтерін атқарған.
Кәмал Жүністегі қандай шығарма жазбасын, қандай жиында сөз сөйлемесін, айтар ойының түпкі түйіні – ұрпақ тәрбиесі, ұлттық салт-дәстүрінің, әдет-ғұрыптың тиімді тұстарын қазіргі жастардың санасына сіңіріп, имандылыққа, жан тазалығына биік адамгершілікке шақырып отырды.
К.Жүністегі өлке тарихын зерттеу, насихаттау ісіне қыруар еңбек сіңірді. Кенесары ханның патша әскерлерімен соғыс алдында салдырған қамалының қалдығын тауып, сол жөнінде газет-журналдарға ғылыми мақалалар жариялады.
Кәмал Жүністегінің отбасына, туған-туыстарына, жалпы қазақ еліне қайғыра көңіл айтамыз. Алла алдынан жарылқасын.
«Дәстүр» ақпарат