ЮНЕСКО-ның қорғауындағы мәдени және тарихи нысандарымыз

1

 Бүгінгі таңда ЮНЕСКО-ның мәдени мұралары тізімінде Қазақстанның 10-нан астам тарихи және мәдени нысандары бар. Олардың қатарында Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесі, Алматы облысындағы Тамғалы петроглифтер кешені, Сарыарқа – Солтүстік Қазақстан даласы мен көлдері. Сонымен бірге, 2014 жылы бұл тізімге Тянь-Шаньдағы Ұлы Жібек жолының нысандары енді: Қаялық, Қарамерген, Талғар, Ақтөбе, Ақыртас, Құлан, Қостөбе, Өрнек қалашықтары, сондай-ақ қазақтың күй өнері мен айтыс өнері де ЮНЕСКО тізімінде.

Әр халықтың ұлттық құндылықтарын, тарихи нысандарын, мәдени жауһарларын әлемдік мұра қатарына қосып, сақтау және қорғау жұмыстарын ЮНЕСКО халықаралық ұйымы атқарып келеді. Ұйымның тарихына қысқаша тоқталайық.

1939 жылғы 1 қыркүйекте басталған Екінші дүниежүзілік соғыс 1945 жылы 2 қыркүйекте ресми аяқталды. Жеті жылға созылған жаһандық соғыс кезінде адамзат өркениетінің сан мыңдаған материалдық және материалдық емес мұралары жойылды, ұрланып, талан-таражға түсті. Көптеген елдерде кітапханалар, мұражайлар соғыс өртіне шарпылды. Әлемді сауатсыздық, жайлады. Сондықтан да мәдениетті қалпына келтіру, жас ұрпаққа тым болмағанда бастауыш білім беру, мәдени мұраларды тізімдеп, сақтау жолында әлем елдеріне бірлесе жұмыс істеудің қажеттілігі туындады. Осылардың барлығын үйлестіретін ауқымды ұйым қажет болды.

ЮНЕСКО (United Nations Educational, Scientific and Cultural Organization — UNESCO) – Біріккен Ұлттар Ұйымының Білім, ғылым және мәдениет жөніндегі ұйымы осылайша, 1945 жылы 16 қараша күні құрылды. Ұйымның штаб-пәтері Францияның астанасы Париж қаласында орналасқан. Сондықтан да Париж қаласы – әлемнің мәдени астанасы деп аталады. ЮНЕСКО құрамында әлемнің түкпір-түкпірінде орналасқан 67 бюро мен бөлімшелер бар.

Ұйымның мақсаты –мемлекеттер мен халықтар арасында білім, ғылым, мәдениет салаларындағы өзара ынтымақтастықты нығайту арқылы бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту, Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысында жарияланған нәсіліне, жынысына, тіліне, ұстанымы мен дініне қарамастан, әділеттілік пен заңға бағынушылықты қамтамасыз ету, жалпыға бірдей құқықтар мен адамның негізгі құқықтарын құрметтеуге ықпалдастық жасау болып табылады.

Қазіргі күні ЮНЕСКО ұйымына 193 мемлекет мүше. 2 мемлекет бақылаушы және сыртқы саясатта жауапкершілік жүктемейтін 10 серіктес мүше-аумақтар бар. Парижде 182 мүше мемлекеттің тұрақты өкілі отырады.

Ұйым өзінің іс-қызметін, жалпы алғанда, мынадай мәселелерге сәйкес үйлестіреді: білім беру мен сауатсыздық ауқымындағы теңсіздік, ұлттық мәдениеттерді зерттеу және ұлттық кадрлар дайындау, әлеуметтік ғылымдар, геология, мұхиттану және биосфера мәселелері, Африкадағы кедейлікті жою және гендерлік теңдік.

Қазақстан ЮНЕСКО ұйымына 1992 жылдың 22 мамырында мүше болып қабылданды. Осы кезеңде Қазақстан Республикасы мәдени мұраларды сақтау, насихаттау, жалпыадамзаттық мәселелер бойынша ЮНЕСКО ауқымында көптеген жұмыстарды бірлесе атқарды. ЮНЕСКО-ның мәдени және табиғи талаптары бойынша заттық және бейзаттық Әлемдік мұралар тізімі бар. Біздің елімізде Әлемдік мұралар тізіміне отандық нысандарды енгізу, үміткерлікке қою жұмыстары үнемі жүргізіліп келе жатыр. Осы күнге дейін Әлемдік мұралардың заттық тізіміне Қазақстаннан Қожа Ахмет Яссауи кесенесі, Тамғалы тас археологиялық ландшафының тас жазулары, Сарыарқа – Солтүстік Қазақстанның даласы мен көлдері, Ұлы Жібек жолының Қазақстан жерімен өтетін тармағы енген.

Қожа Ахмет Яссауи кесенесі

Қожа Ахмет Яссауи кесенесі ЮНЕСКО-ның мұрасына енген Қазақстандағы тұңғыш тарихи нысан. Халықаралық ұйымның тізіміне 2003 жылдың 23 маусымында енген. Тарихи ескерткіш – Түркістан облысының  Түркістан қаласында орналасқан. Ол ХІV ғасырдың аяғы мен ХV ғасырдың басында Әмір Темірдің тұсында салынған. Әлі аяқтала қоймаған ғимараттың құрылысына Орта Азиялық сәулетшілер Тимурид империясының астанасы Самарқанды тұрғызғанда қолданған жаңашыл сәулет-құрылыс шешімдері секілді әдістерді пайдаланды. Бүгінде, кесене сол дәуірдің ең маңызды және жақсы сақталған ғимараттарының бірі болып келеді.

Бұл орасан зор ғимарат Шығыста атағы шыққан ХІІ ғасырда өмір сүрген көне түркі ақыны және сопылық уағыздаушы Қожа Ахмет Яссауидің құрметіне тұрғызылған (4-бет, 5-бөлімшеге сілтеме – әдебиет). «Яссауи» сөзі «Яссыдан», яғни «Яссы қаласынан» дегенді білдіреді. Ертеде Түркістан қаласының атауы. Қала кең-байтақ Дешті Қыпшақ өңіріндегі түркі тілдес халықтардың рухани-саяси орталығы болып, екі ғасыр бойы қазақ хандығының астанасы болып келді.

Тамғалы петроглифтері

ЮНЕСКОНЫҢ әлемдік мұралар тізіміне 2004 жылы енген Тамғалы петроглифтері – Алматыдан 170 км солтүстік-батыс қашықтықта, Шу-Іле тауларының оңтүстік-шығыс бөлігіндегі аңғар Аңырақай тау-сілемінде орналасқан.

1957 жылы табылған бұл кешен б.з.д. ІІ мыңжылдықтың екінші жартысынан ХХ-ғасырдың басына дейінгі аралықтағы шамамен 5 мың петроглифтерді (жартасқа салынған суреттер) қамтиды.

Мұнда тастан жасалған жәшік-сандықтар (орта және соңғы қола дәуірі) мен топырақ пен тастан салынған қорғандарды (ерте темір дәуірінен бастап қазіргі уақытқа дейін) қоса алғандағы көптеген ежелгі обалар табылған.

Орталық тармақ, петроглифтердің ең тығыз шоғырлануымен ерекшеленеді және шамамен осы жердің құрбандық шалуға арналған орын – мехрап – алтарь екендігін көрсетеді.

Сарыарқа – Солтүстік Қазақстан көлдері мен жазықтары

Сарыарқа – Солтүстік Қазақстан даласы мен көлдері – Қазақстан, әрі Орта Азиядағы Әлемдік мұра тізіміне бірінші болып енген табиғи нысан. 2008 жылдың 7 шілдесінде Квебекте (Канада) өткен Әлемдік Мұра Комитетінің 32-сессиясында мүшелікке қабылданған.

Нысан Қазақстанның далалық аймағында орналасқан жалпы ауданы 450344 гектарды  құрайтын екі қорықтан тұрады: Қорғалжын  және Наурызым қорығы.

Нысан тұщы және ащы сулы екі өзендер тобын қамтып, солтүстіктегі Арктикаға және оңтүстіктегі Арал-Ертіс бассейніне құятын өзендердің су айрығы болып табылады.

Сонымен қатар, жыл сайын Африка, Үндістан және Оңтүстік Еуропадан Батыс және Шығыс Сібірде орналасқан ұя салу орындарына қоныс ауыстыратын миллиондаған жыл құстары үшін маңызды аялдау жері болып есептеледі.

Чанъань-Тянь-Шань дәлізі бағдарламасының желісіндігі Ұлы Жібек Жолы

2014 жылы Қазақстан Республикасының сегіз нысаны Ұлы Жібек жолының құрамдас бөлігі ретінде ЮНЕСКО-ның Әлемдік мұра тізіміне енгізілді. Қытайдың Лоянынан (Чанъанның көне аты) Орта Азиядағы Жетісуға дейін Қытай мен Қырғызстандағы тармақтарды қосқандағы бүкіл жоба 33 тармақтан тұрды.

Қазақстан тармақтарының арасында – Қаялық, Алматы облысындағы Қарамерген мен Талғар және Ақтөбедегі Степинская ескі қала орны.

Қойлық қалашығы

ЮНЕСКО тізіміне 2014 жылы енген. Қойлық, Қаялық – Ӏле алабындағы аса ірі ежелгі қала. Деректемелерде ХІ ғасырдан бастап белгілі, бір кезде ол Қарлұқ кағаны – Арыслан ханның ордасы болған. Франция королі IX Людовиктің елшісі Вильгельм де Рубрук Қойлықта 1253 жылы күзде болған. Бұрынғы Ӏле кыстағының жанындағы өткел арқылы Ӏле өзенінен өткеннен кейін ол былай деп жазды: «Келесі оған көптеген көпестер қатынап тұрған Қаялық деген үлкен кала таптық». Қаланың тұрған орны туралы түрліше жорамалдар бар. Қазақстан FA-ның археологиялық зерттеулері Қойлықтың орны – Лепсі алабындағы Антоновка аулындағы қираған құрылыстар екенін анықтады. Мұнда 1964 жылы Жетісу археологиялық экспедициясы барлау жұмыстарын жүргізген. 1997 жылдан бері Оңтүстік Қазақстан кешенді археологиялық экспедициясы (жетекшісі К.Байпақов) ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді.

Қарамерген қалашығы (2014) 

Қарамерген – Іле өзенінің бойындағы отырықтанған өркениетті қалалардың ең көнесі. Ұлғайып, көркейген шағы XII-XIII ғасырларға сәйкес келеді. Аталған қалашық археологиялық зерттелу үстінде. Қарамерген қалашығының жалпы аумағы 62 га, оның ішінде қорғау аймағы 7,1 га, қорғалатын табиғат ландшафтының аймағы 25,3 га жер.

 

Талғар қалашығы (2014) 

Ортағасырлық Талғар қаласы – Алматы қаласынан 25 шақырым шығысқа қарай, қазіргі Талғар қаласының оңтүстік жағында орналасқан. Бұл – Іле жазығының ең ірі қалаларының бірі. Ортағасырлық қаланың қалған бөлігі өкінішке қарай 20 га жуық аумақ қазіргі заманғы құрылыстар астында қалған. Талғар ірі әкімшілік, саяси, сауда орны ретінде жазба деректерде Х ғасыр деп көрсетіле бастады. Ал қала VIII ғасырдан XIII ғасырдың аяғына дейін өмір сүрді.

Ақтөбе қалашығы (2014) 

Ақтөбе қалашығы – IX–XIII ғасырларға тән ескерткіш. Жамбыл облысы Жамбыл ауданындағы Бесжылдық ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 0,5 шақырым жерде орналасқан. Қалашықты 1978 жылы Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану мұражайының экспедициясы ашқан (К.Байбосынов). Жобасында тік бұрыштылау болып келген алаңның көлемі 150×110 м, биіктігі 3,5 м. Қалашықтың табанындағы ені 16 м, биіктігі 2 метірлік үйінді жалмен қоршалған. Бұрыштары мен тараптарға бағытталған ескерткіш кесіндісінде солтүстік-шығыс — оңтүстік-батыс бағытында орналасқан 3 алаң түрінде болып келген.

Ақыртас қалашығы (2014) 

Ақыртас – Жамбыл облысының Тұрар Рысқұлов ауданында орналасқан сарай кешені. VIII-IX ғасырларда салынған. Ақыртас соңғы 130 жыл бойы зерттеліп келеді. Тараз қаласының шығысында, 40 км жерде, Ақшолақ теміржол стансасынан 6 км оңтүстікте орналасқан. Қазіргі кезде онда археологиялық жұмыстар жүргізілуде.

Құлан қаласы  (2014) 

Жамбыл облысы Рысқұлов ауданы Құлан ауылының маңында ортағасырлық Құлан қаласының орны сақталған. Құлан қаласы туралы VII ғасырдағы қытай, араб жазба деректерінде айтылады. Құлан қаласында көптеген тарихи оқиғалар өткен. Мысалы, 740 жылы түргеш бегі Құрсұл Батыс Түрік қағандығының ең соңғы басқағы Ашина Суйцзыны осы қалада өлтірген. 840 жылы араб әскерлері Құланға дейін жеткен. Тараздан және Меркеден Құланға дейінгі арақашықтық көрсетілген жол бағдарлары жазылып сақталған.

Қостөбе қалашығы (2014) 

Қостөбе – VІ-ХІІ ғасырлардағы көне қаланың орны. Байзақ ауданындағы Сарыкемер ауылының шығыс жағында, Талас өзенінің оң жағалауында орналасқан. Алғаш А.Н. Бернштам 1938 жылы зерттеген. 1985-1987 жылдары Қазақ КСР ҒА Тарих, археология және этнография институтының К.М.Байпақов бастаған Тараз археологиялық экспедициясы қазба жұмыстарын жүргізді. Кезінде қала биік қабырғамен айнала қоршалып тұрған. Сақталып қалған қабырғалардың биіктігі 3 м-ге жетеді. Қабырғалардың бұрыштарындағы мұнаралардың биіктігі 16-18 м. Қаланың төрт қақпасы болған. Қазіргі кезде қақпалардың қабырғалардан ажырап қалған бөліктері ғана сақталып қалған.

Өрнек қалашығы (2014) 

Өрнек қаласы – ортағасырлық қала. Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданының Өрнек ауылынан оңтүстікке қарай 6 км жерде, Алтынсу өзенінің жағалауында, Сұлутөр шатқалында орналасқан. Қаланың ортаңғы бөлігі – бұрыштары мен жер бөліктеріне бағытталған төртбұрыш алаң. Қоршап тұрған дуалының қырымен есептегенде оның өлшемдері 155-160 м. Төрт жағында әрқайсысында дуалдың жырығы тәріздес қалаға кіретін жер байқалады. Қақпалары қаланың ортасында түйісетін жолдармен біріккен. Қалашықтың жалпы аумағы 500 га шамасында болған. Қазба кезінде табылған хум, қазан, құмыра, тостаған сияқты қыш ыдыс сынықтарына қарағанда қалашықты адамдар VІІІ-ХІІ ғасырларда мекендеген.

Әлемдік мұралардың бейзаттық тізіміне мыналар енген: Қазақстан 2011 жылы ЮНЕСКО-ның бейзаттық (рухани) мәдени мұраларды қорғау конвенциясына қосылған болатын. Осы кезеңнен бері Қазақстанның 10 рухани мұрасы жалпыадамзаттық құндылық ретінде ЮНЕСКО-ның тізіміне енгізілген. Бұл жерде ескерерлігі: кейбір құндылықтар осы мұраны сақтаушы өзге мемлекетпен тең құқықта тіркелген.

2014 жылы «Қазақтың дәстүрлі күй өнері» және «Қазақ пен қырғыздың киіз үй дайындаудағы дәстүрлі білімдері мен дағдылары» тіркелді.

2015 жылы «Айтыс өнері» Қазақстан мен Қырғыз Республикасының мәдени мұрасы ретінде тіркелді.

2016 жылы «Қатырма нан (лаваш) жасау өнерін» Әзірбайжан, Иран, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия бірлесе отырып, жалпыадамзаттық мәдени мұра ретінде тіркеткен. Сондай-ақ «Қазақ күресі» қазақ халқының мәдени мұрасы ретінде дара тіркелсе, «Наурыз мерекесі» Қазақстан, Әзірбайжан, Ауғанстан, Үндістан, Иран, Ирак, Қырғыз Республикасы, Пәкстан, Тәжікстан, Түркия, Түркменстан, Өзбекстан мемлекеттеріне ортақ бейзаттық мұра ретінде тіркелген.

Ал «Құсбегілік өнерді» Біріккен Араб Әмірліктері, Аустрия, Бельгия, Чехия, Франция, Германия, Венгрия, Италия, Қазақстан, Корей Республикасы, Монғолия, Марокко, Пәкістан, Португалия, Катар, Сауд Арабиясы, Испания, Сирия қатарлы барлығы 18 мемлекет қоса тіркеткен.

2017 жылы қазақтың «Асық ату» ойыны ЮНЕСКО тізіміне енгізілді.

2018 жылы «Қазақ жылқы өсірушілерінің көктемгі мерекелік салт-дәстүрлері» ЮНЕСКО тізіміне енгізілді. Сонымен бірге, «Қорқыт Ата: эпикалық мәдениет, халық аңыз әңгімелері және әуендерін» Әзірбайжан, Қазақстан және Түркия ортақтасып, ЮНЕСКО-ның тізіміне енгізді.

Асылбек Байтанұлы,

 Алтынбек Райхан

Бөлісу: