Қазақтың зергерлік өнері  

1

Қазақтың зергерлік өнері — тамырын тереңнен алатын дәстүрлі мәдениеттің көрікті және көрнекті саласы. Зергер болу киелі де қасиетті өнер деп саналған. Оған ең алдымен табиғаттан дарыған тума талант керек. Екіншіден, ол — атадан балаға немесе ұстаздан шәкіртке ауысып отыратын тылсым сыры бар, халықтың дәстүрлі дүниетанымымен, тарихи болмыс-бітімімен, салт-дәстүрімен байып отыратын қастерлі кәсіп.

Ұлттық мәдениетіміздің тарихында зергерлік ерекше орын алады. Өйткені, ол халқымыздың байырғы тұрмыстағы материалдық мәдениет дәрежесін және рухани мәдениетін сабақтастықта бейнелейтіндігімен құнды. Оның пайда болуы мен дамуы қарапайым тас, темір, қола, асыл тастар мен алтын, күміс тәрізді металдарды өңдеумен, өңдеу тәсілдерін бірте-бірте жетілдірумен тығыз байланысты. Оған дәлел археологиялық деректерде мыңдаған жылдар бойында қазақ даласында темір, мыс, қалайы, алтын, күміс секілді металдар өндіріліп келгендігі көрсетілген.

Зергерлер қазақтың қыз-келіншектеріне арнап, алуан түрлі әшекейлі бұйымдарды әсемдеп жасаған. Әсемдеп жасап қана қоймай, дәстүріміз бен мәдениетімізді айшықтап көрсеткен. Олар көбіне бағалы металлдардың ішіндегі ең қолайлысы – күмісті пайдаланған. Өйткені, күмістің жылтыраған түсін, әртүрлі техникалық тәсілдерге икемділігін, жұмсақтығын және тазалығын жоғары бағалаған.

Қазақ әйелдері мойындарына алқа, құлақтарына сырға, шаштарына шолпы, білектеріне білезік, саусақтарына жүзік таққан. Ал, кеудеге тағылатын әшекейлер қатарына түрлі-түсті, сәнді түйреуіштерді, асыл тасты тұмарларды, небір қымбат тастармен безендірілген таналар мен күмістен соғылған түймелерді, ілгешектерді жатқызуға болады.

Зергерлік өнері өзінің көп қырлылығымен ерекшеленеді және бөлшектелмеген тұтас өнер түріне жатады. Өйткені, зергер жасайтын заттардың түрі өте көп болған. Атап айтқанда, әйелдер мен еркектер тағатын және киімге арналған әшекейлерді жасаумен бірге, байырғы батырлардың қару-жарақтарына, шаруашылық бұйымдарына, үй-жиһаздарына, музыкалық аспаптарға, аңшылық құрал-жабдықтарына шеберлікпен көркемдеп жасай білген. Мұндай мәліметтер Ш.Уәлихановтың еңбектерінде және XIX ғасырдағы орыс авторларының еңбектерінде көп кездеседі.

Күнделікті тұрмыста зергерлік бұйымдар ежелгі мифтік санадан туындаған түрлі наным-сенімдерден басқа, әр алуан мақсатта қолданылып, түрліше символдық қызмет атқарады. Осының нәтижесінде өткен салт-дәстүрден, әдет-ғұрыптан мол мағлұмат береді. Атап айтқанда, зергерлік заттар сәндік мақсатта жұмсалуымен бірге, белгілі адамның шыққан тегін, яки лауазымын, қызмет дәрежесін, жас мөлшерін, жынысын, кәсібін, қай ру-тайпаға жататынын, тұратын жерін ажыратып көрсететін бейнелік қызмет те атқарады.

Зергерлік бұйымдар өткір тілді ақындарға, ерлік көрсеткен батырларға, жүйріктердің бәйгесіне, балуандарға сыйлыққа беріледі. Қыз айттырып, құда түскенде, қыз ұзатып, келін түсіргенде, баланы қырқынан шығарғанда, тұсауын кескенде, ашамайға мінгізгенде, қыз-жігіттер бір-біріне көңіл білдіргенде зергерлік әшекейлер кәдеге жүреді. Зергерлік өнер туындылары осындай сан қырлы қасиеттерімен халықтың эстетикалық, этикалық санасын қалыптастырып, адамдарды әсемдікті сезінуге тәрбиелеуде зор қызмет атқаратын өнердің үздік шығармасы ретінде ұлттық игілік, құндылық болып саналады.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

  1. «Қазақтың этнографиялық санаттар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі» энциклопедиясы – Алматы: ТОО «Әлем Даму Интеграция», 2017 ж.
  2. «Қазақ халқының тұрмысы мен мәдениеті». – Алматы: «Алматыкітап», 2007 ж. – Кенжеахметұлы С.
  3. «Маңғыстаудың зергерлік өнері». – Алматы: «Сардар» , 2008 ж.

 

 

А. Баймағамбетова,   «Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы»

МКҚК-ң қызметкері

Бөлісу: