«Үкілі домбыра» республикалық байқауы туралы
Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Назарбаевтің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы жаңа тарихи кезеңдегі рухани жаңғыру жолында ғасырлар бойы әр қазақтың төрінен орын алған қастерлі домбыраның мәртебесін жаңғырту, жастардың ұлттық құндылықтарға қызығушылығы мен құрметін арттыра түсу мақсатында біраз жұмыстар атқарылды.
Музей қоры жылдан-жылға домбыралар коллекциясымен толығып келеді.Былтырғы жылы музей қорына жинақталған домбыралардың тарихына ғылыми-зерттеулер жүргізіліп, бес бөлімнен тұратын «Домбыра-дастан» кітабы жарық көрді.
Музейдің қорына алғаш 1975 жылы Махамбет ауданы, Сорчинко аулының тұрғыны, Ұлы Отан соғысының ардагері Тыныбай Лекеров өте сирек кездесетін аса құнды сүйекпен күміспен өрнектелген домбыраны тапсырған.
Сүйекпен күміспен өрнектелген домбырашамамен ХІХ ғасырдың басында (1800 жылы) жасалған. Ағаштан жасалған домбыраның сыртына күміс пен сүйек пластинкаларын уақ шегелермен шегелеп, Батыс Қазақстандық үлгідегі өрнекпен әшекейлеген. Домбыраның құлағымен мойнының беті және екі жағы сүйекпен қапталып, бетін күйдірілген дөңгелекше өрнегімен өрнектеген. Ал мойнымен шанағының жоғарғы жағының сыртқы беті үшбұрышты өрнегі бар күміспен қапталып, ортасына сүйектің бетіне күйдірілген дөңгелекше өрнегі салынған. Домбыраның шанағының артқы беті үшбұрышты өрнегі бар қиюластырылған (крестелген) күміспен әшекейленген. Осы домбыраға қарап отырып сол кездегі он саусағынан өнер тамған аталарымыздың шеберлігі мен қиялына таң қаласың. Себебі домбыраның сыртындағы сүйекпен күміспен өрнектелген әшекейі, оның бетіндегі бедері күні-бүгінге дейін сол күйінде сақталған.
2000 жылға дейін музей қорында Атыраудың өнернамасында өзіндік із қалдырған, қазақтың өнерін дәріптеп, екі ішекті домбыраға тіл бітірген халық шебері Уахап Нарешовтың, Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген тұрмыс қызметкері Бисенғали Мырзағалиевтың, Қазақстанның мәдениет қайраткері Арыстанбек Молдашевтың, соғыс және еңбек ардагері Ізім Бекмағамбетовтың домбыралары сақталып келді.
2000 жылы – Мәдениетті қолдау жылы аясында сол кездегі облыс әкімі Иманғали Нұрғалиұлымен музей басшысы, ҚР еңбек сіңірген қайраткеріНариман Үлкенбайұлымен үнемі байланыста болып, көптеген мәдени игі шаралардың ұйтқысы бола білді.
И.Тасмағамбетов қоғам қайраткерлері, дүлдүл домбырашылар мен өнер адамдарының пайдаланған жеке домбыраларының музей қорына жинақталуына тікелей басшылық етті. Сол жылдары оның бастамасымен халық артисі Қаршыға Ахмедияровтың Елбасы Н.Ә.Назарбаевқа сыйға берген және өз домбырасы, 1836-1838 жылдардағы ұлт-азаттық көтерілістің жалынды жыршысы, ақын Махамбет Өтемісұлының, Қазақ КСР-ның халық артисі Дина Нұрпейісованың, КСРО – ның халық артисі Нұрғиса Тілендиевтің, Қазақ КСР-нің халық артисі Жүсіпбек Елебековтың, Қазақстанның халық жазушысы Хамит Ерғалиевтің, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, дирижер Сейілхан Құсайыновтың, Қазақстан мемлекеттік сыйлығының лауреаты, жазушы Ақселеу Сейдімбековтың, Қазақстанның халық артистері Рысбай Ғабдиевтің, Әзидолла Есқалиевтің, Мекес Төрешевтің, Айгүл Үлкенбаеваның, Алтынбек Қоразбаевтің, Бекболат Тілеухановтың, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, күйші-сазгер Шәміл Әбілтаевтің, дирижер Боздақ Рзахановтың, драматург Берқайыр Аманшиннің, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, айтыскер ақын Аманжол Әлтаевтің домбыралары болатын. Кейіннен Шыңжаң аймағы хас шеберінің қолынан шыққан, жетпіс жылдам астам рухани серігі еткен, жасы тоқсаннан асқан дәулескер күйші Қ.Мақайұлының домбырасын 2014 жылы Астана қаласының әкімі И.Тасмағамбетовтың арнайы хаты негізінде музей қорына қабылданды. Осы дәстүрмен кейіннен жазушы-драматург, педагогика ғылымдарының докторы Советхан Ғаббасовтың, Атырау облысындағы тұңғыш отбасылық ән-күй ансамбльдерін құрушылардың бірі Ғиниятолла Есенғалиевтің, Қазақ КСР-інің еңбегі сіңірген мәдениет қызметкері Сағын Жалмышевтің, Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген геолог-барлаушысы, тау-кен инженері Ғалымжан Хакимовтың, Қазақстанның мәдениет қайраткері, қолөнер шебері Арыстанбек Молдашевтің, партия-кеңес қайраткері Уәли Жайықовтың, КСРО-ның Құрметті мұнайшысы Бөлекбай Сағынғалиевтің домбыраларымен толықты.
Кейінгі жылдары Р.Харипова басшылық еткен жылдардан бастап, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Нариман Үлкенбайұлының, Құрманғазының нотаға түспеген күйлерін жеткізуші Әсима Ізмұхамбетованың, Қазақстанның мәдениет қайраткері, ақын Мақсұт Неталиевтің, күйші-сазгер Ғатау Ибішевтің, өнерпаз Сағидаш Мырзағалиеваның домбыраларымен толығып жалғасын тауып келеді.
Қазақстанның және Қырғызстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор Ілия Жақанов музейдің пікіркітабына: «Көктемнің бір шуақты күнінде, жаңадан көркемделген өлкетану музейіне біраз жыл шертіп, «Ағады, Жайық ағады», «Оралдың Ерке самалы», «Доссор вальсі», «Құлсары» т.б әндерді шығарған ақ домбырамды сыйға тарттым. Жан серігім болған домбырам халық қазынасы болып тұра берсін» — деп 2015 жылы Өлке мәдениеті және әдебиеті залының ашылуында домбырасын музей қорына салтанаттты түрде тапсырған болатын.
500 адамдық оркестр құрамында домбыра тартқан ҚР Білім беру ісінің үздігі, аға мұғалім, республикалық байқаулардың лауреаты, сазгер Нұрпейіс Молдақұлов, халық көркемөнерпаздар шығармашылығы Бүкілодақтық фестивальдерінің жеңімпазы, домбырашы, дирижер Нысанбай Сауғабаев, домбырашылар Аманғали Ахметов, Сағидаш Мырзағалиева және Құрманғазы өңіріне белгілі күйші Мұғаш Дәулетовтердің және мемлекет және қоғам қайраткері, Атырау облысының Құрметті азаматы Саламат Мұқашевтің 90 жылдығына орай ұйымдастырылған еске алу шарасында жұбайы Мәрия Жәкішева домбырасын салтанатты түрде музей қорына табыс етті.
Музей қорын Батыс өңірінде қалыптасқан, төкпе күй тартуға арналған құрама шанақты домбыра жасау шеберлерінің туындысымен толықтыру мақсатында 2017 жылы Батыс аймақ Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе және Атырау облыстарының арасында өткізілген І аймақтық «Үкілі домбыра» сайысының жеңімпаздары Нұржан Мусаевтің, Асылан Серікбаевтің, Сансызбай Ахметовтың, Нұрлыбек Бисенбаевтің, Едіге Нәбиевтің, Досжан Бижановтың, Сайран Мадияровтың, Тілек Мәуленовтың жасаған сегіз домбыраларымен толықтырды .
Биылғы жылы6 шілде күні Атырау облысы тарихи — өлкетану музейінде ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында «Ұлттық домбыра» күніне орай домбыра аспабын жасаушы қолөнер шеберлері арасында «Үкілі домбыра» республикалық байқауы өтті.
Байқау қазақ халқының ұлттық құндылықтарының бірі – домбыраның артықшылықтарын көрсете отыра, оның әуендік, әуездік жоғары мүмкіндіктерін анықтау, ұрпақтан — ұрпаққа жалғасқан сан ғасырлық тарихы бар саз аспаптарын жасау шеберлігін жандандыру және насихаттау, жастардың ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығы мен құрметін арттыру мақсатында өтті.
Байқауға республиканың Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен Атырау, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстарында домбыра жасау шеберлері сайыстарында жүлделі орындарға ие болған 30 үміткер қатынасты.
Байқаудадомбыраның үні таза, қоңыр, тембрі жұмсақ, құлаққа жағымды болуы, ішектің тербелісі жиі болуы, дыбысының неғұрлым алысқа жетуі, бет қақпағының жаңғырығы мол болғаны, басы мен аяғы бірдей «сөйлеуі», бауыры жұмсақ, мойны ыңғайлы келуі, домбыраның сырт пішіні эстетикалық тұрғыдан әсем және үйлесімді болуы 7 түрлі талап бойынша бағаланды.
Байқауға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, күйші-сазгер, комиссия төрағасы Ш.Әбілтаев, мүшелері Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Т.Қ.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының доценті М.Әбуғазы,«Бейбітшілік әлемі» халықаралық қазақ творчестволық бірлестігі Халықаралық қолөнер шеберлер одағының мүшесі, «Үкілі домбыра» байқауының Құрманғазы атындағы сыйлығының иегері А.Садуақасов, Д.Нұрпейісова атындағы Академиялық қазақ халық аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі, әнші, термеші, ҚР «Мәдениет саласының үздігі», Құрмет орденінің иегері Қ.Кәкімов және Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі Н.Қамиева бастаған қазылар алқасы қазылық етті.
Байқау барысында музейдің «Этнография» және «Өлке табиғаты» залдарында қолөнер шеберлерінің домбыра жасаудан шеберлік сағаттары және тері, ағаш бұйымдарынан көрме жәрмеңкесі ұйымдастырылды.
7 шілде күні жеңімпаздарды марапаттау Құрманғазы мәдениет сарайында өтті. Байқау қорытындысы бойынша Батыс Қазақстан облысының тумасы, Алматы қаласының тұрғыны Әсима Иманғалиева «Бас жүлдені» қанжығасына байласа, І орынды Алматы қаласының тұрғыны Азат Үзенбаев, ІІ орынды Алматы қаласының тұрғыны Талант Тежекенов пен Алматы облысының тұрғыны Әсет Исекеев, ІІІ орынды Қызылорда облысының тұрғыны Мейірбек Ділманов, Алматы қаласының тұрғыны Ғани Жұмабаев және Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны Ерасыл Уалиев иеленіп, домбыралары музей қорына қабылданды. Ал қалған қатынасушылар Алғыс хаттармен марапатталды.
Светлана Құспанқызы Нұрпейісова, Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі