Ирак арабтары күнтізбесінің ең басы Шумер-Аккад өркениетінен, Ассириядан бастау алатындықтан, бұл жердегі күнтізбелік атаулар өзге араб елдерінен өзгешелікке ие болды. Қазақтың ескі күнтізбесінде тамыз деп 8-айды емес, 7-айды айтқан. Ең қызығы, Ирак арабтарының күнтізбесінде осы 7-айды бізбен ұқсас атаумен таммұз айы деп атайды. Түріктер де 7-айды осыған жақындатып теммуз деп атауда. Ал, түрікмендер жаз маусымын томус дейді. Ирак арабтарында біздің амал деп айтатын сөзіміз оларда аввал деген нұсқамен, ай мағынасында сақталған. Ислам күнтізбесінде 3-айды Раби аль-аввал (Раби авал, Раби амал) айы делінсе, ендігі жерде аввал сөзін амал деп қазақшалап отырсақ, 5-айды Жұмада-амал, 10-айды Шввал дейді. Жазылғанда шввал болғанымен, оқылғанда шаввал деп оқу үрдісі бар. Біздің қазақтың көне күнтізбесінде желтоқсан деп 12-айды емес, 10-айды айтады. Мұндағы шввал сөзі мен желтоқсандағы жел сөзінің тамырластығы осыдан шыға келеді. Араб дүниетанымында шввал айында інгендер боталайды делінеді. Сонда араб тіліне енген амалдың аввал деген нұсқасын шығарып тастасақ, олар атап тұрған Шв-Аввал сөзінен Шввал (Шаввал) сөздері шыққан болса, демек бұл ай Шу амалы, Шу айы, яғни боталаған інгендердің шуы сүйретіліп жататын амал болғаны.
Ирак арабтарының 10-айы мен 12-айы атауының соңында осы аввал сөзі қосымша жалғанып, 10-айды Тшрин-аввал (Сырым-амал), 12-айды Канұн-аввал (Кенен-амал) деп атайды. Ирак арабтары 1-айдың атын да осы 12-айдың атымен ұқсас сипатта Канұн-тани деп алуы да қақаған күндермен мағыналық жақтан ұштасып жатыр. Ирак жерінде 2020 жылғы ең төменгі қақаған температура -14 C0 градусқа жетті. Бұл біздің оңтүстік аймақтар үшін де әжептәуір суық. 10-айды олар Тшрин-аввал деп атаса, 11-айды Тшрин-тан деген. Қазақ ішіндегі Сырым, Кенен деген адам есімдері аталған тұлғалардың осы айларда туылған болу мүмкіндігін де білдіреді. Өйткені, қазақтың ішіндегі және көршілес елдердегі айлардың әр түрлі атаулары ел ішіне тарап, есімдердің қойылуына ықпал етуі ықтимал. Тамыз (таммуз, домуз) айында туылғандарға Өтеміс есімінің қойылу ықтималдығы жоғары. Ирак арабтары 8-айды Аб десе, қазақ күнтізбесінде 1-айдың 10~15-күндері болатын амалды Әз амалы деп атайды. Ал, Авестадағы ежелгі күнтізбеде Аша (Азза) делінеді 2-айдың атауы. 10-айды мұнда Дахусо деп атағанына қарағанда, бұған ислам күнтізбесінде Шввал (біздіңше Жел) деп аталған екі түрлі тілдегі 10-айдың атауы біріктіріліп Шввал-Дахусо (Жел-Тоқсан) амалының барлыққа келгенін ұғына аламыз. Естеріңізде болса, ескі күнтізбемізде Желтоқсан деп 12-айды емес, 10-айды айтқан. «Ақпанның ақырған аязы» деген үскірікке толы сөзімізге сай, 12-айды ескі күнтізбемізде Ақпан деп атағанбыз. Ал, бір қызық жері, «Авестада» ақпан деп 11-айды айтыпты. Ол жерде бұл атау Вахман деп таңбаланған. Ол жақтың қыстың басталуы сол айға тура келеді, бізден басқаша. Ескі күнтізбеде сәуір деп айды емес, 3-айда болатын екінші амалды атап, бұл айды көкек деп атаған болатынбыз. Авестада Цир, Сириус деп 4-айды атаған екен. Мамыр айы деп ескіше 4-айды, жаңаша 5-айды атасақ, Авестада Амур, Мор деп 5-айды атапты. 6-айды Сәруар деген екен. Спандар, яғни Аспандияр және Аспанд (Еспембет деген кісі есімдеріміз бар) деп 12-айды атаған. Авестадағы күнтізбелік ұғымдарды терең зерттеп қарауымыз керектігін, мұндағы атаулардың ең ескі Түрік, көне Сақ күнтізбесі болу мүмкіндігі жоғары екенін айта аламыз. Бізде ескі күнтізбеде үт деп 1-айда болатын амалды айтса, парсы күнтізбесінде Орді-Беһешт (Ордабасы) деп айтады 2-айды. Бір қызығы, бізде Үт болса, оларда Орда. Қазақ 3-айда болатын әуелгі амалды Отамалы, яғни От-амалы, От-аввал деген мағынада айтады. Ауғанстандағы Дари күнтізбесінде үт деп 12-айды айтады. Оларда хұт деп дыбысталады. Қазақтың «үт кірді – құт кірді» дейтіні, үттің айын – үштің айы деп айтатыны да бар. Ауғанстандағы Дари күнтізбесінде амал деп 1-айды айтып, оны һамал деп дыбыстайды. Сәуір деп олар 2-айды атайды. Зауза деп 3-айды, Саратан деп 4-айды атайды. Біздің қазақ 4-айда болатын амалдарды Саратан-Зауза амалы деп айтады. Мизан деп олар 7-айды атаса, көне қазақ күнтізбесінде 8-айды Мизам деседі. 9-айды олар Ақырап деп, 10-айды Қауыс деп, 11-айды Дәлу деседі.
Енді бір қызығы, Қазақ күнтізбесінде 1-айды Үштің айы, 2-айды Бірдің айы деп айтуы да ескі Қытай күнтізбесімен мағыналық байланыста екен. Ескі Қытай күнтізбесінде қысқы айлардың бәрінің соңына қыс деген мағына беретін дұң (Түркіше тоң деген сөз) сөзін қосып отырған. Қазақ қысқы айлардың қатарына 12-, 1-, 2-айларды жатқызса, көне Қытай күнтізбесі қыстың үш айына арнап Шудұң айы, Модұң айы, Мудұң айы, Жидұң ай деген атауларды арнаған екен. Қазақ күнтізбесінде 2-айды Бірдің айы деп айтса, Қытай күнтізбесіндегі Модұң айы (末冬) деген атау қыстың соңы деген мағына береді. 季冬 (Жидұң айы) бұл айдың атауы қыстың іші, қыстың ортасы деген мағына берсе, Қазақ күнтізбесінде Үштің айы деп қыс ортасындағы 1-айды айтады.
Қазақ күнтізбесінде 9-, 10-, 11-айлар күз айлары болып есептеліп, ескі және жаңа күнтізбеде де 11-айды қараша деп атаса, Қытай күнтізбесіндегі күзгі үш айдың атауының артына түгел күз деген мағына беретін шиу сөзін жалғап отырған. Бұл айлар Шиншиу, Жаушиу, Заушиу, Шоушиу деген атаулармен аталады. Қараша атауының барлық жапырағы жоғалған қара күз деген мағына беретінін түсіну қиын емес. Қытай күнтізбесінде жаз айларына жаз деген мағына беретін шиа сөзін қосып отырған. Бұл қатарда Мыңшиа, Шушиа, Жиша айларын айтуға болады. Біздің 8-айды Мизам деп атайтынымыз бен Ауғанстандағы Дари күнтізбесінде 7-айды Мизан деп атайтынына қарасаңыз, Ми атауының соңындағы зан, зам жалғауының жаз деген мағына беретінін түсіну қиын емес. Моңғол тілінде жазды зун деп атайды. Қытай күнтізбесінде көктем айларының атына көктем деген мағына беретін Шүн деген атауды қосымша жалғап отырса, бұдан Мыңшүн, Мушүн, Мошүн, Миаушүн деген көктем айларының атауы болса, ескі Қазақ күнтізбесінде ең соңғы көктем айы болған 5-айды маусым деп атауының өзінде көктем сөзі осы сөздің соңына жасырынып жатқанын білдіреді. Олардың тіліндегі 末春(Мошүн)、暮春(Мушүн) деген атаулар көктемнің соңғы айы деген мағына береді.
Славян тілдері мен түркі тілінің қабысуынан шыққан ай атауларын айтпай кетуге болмайды. Көне Қазақ күнтізбесінде 9-айды Қазан деп атайды. Бұл атау күз атауының славян-түркі тілдеріндегі екі түрлі атауынан құралған. Бұл ай күздің басқы айы, күз осы айдан басталады. Татар тілінде күзді көз десе, түрікмендер гүйз десе, осы атауға шығыс славянның күзді Восень, Осень, Осінь деп атауы жалғанып, Гүйзсен атауы кейін келе, Қазан атауына айналған. Көне Қазақ күнтізбесінде 6-айды шілде деп атаған. Бұл ай жаздың бірінші айы, жаз шілдеден басталады. Бұл айдың атауы да славян-түркі тілдеріндегі жаз сөзінің бірікпесінен туындаған. Қырғыздар жаз маусымын Жай десе, осы сөзге славян тіліндегі жазды білдіретін Літо, Лето сөздері жалғанып, Літоның Ілде деген бейімделген нұсқасымен Жай-Літо, Жай-Ілде сөзінен шілде сөзі барлыққа келген.
Жаздың Украина аумағындағы Літо (ілде) деген нұсқасын алғанына қарап, бұл екі айдың барлыққа келген уақытын Қырымды өзек еткен Қыпшақ қағанаты кезеңі деп тұжырымдауға болады.
Көне түрік ескерткішінде 15 сөзін бес-он, 25 сөзін бес жиырма деп құрап айту тәсілі бар. Сол секілді 12 сөзін екі-он деп айтуға болады. Бұл тұрғыда біз көне Қазақ күнтізбесінде 12-айды білдіретін ақпан атауының мәнін ұғына аламыз. Екі сөзі адамның екі аяғына еліктеуден пайда болғандықтан, 2 санының аяқ деген түпкі нұсқасына зер салсақ, ақпан сөзін тура мағынада түсіне аламыз.
Мүбарак Көкбөрі, ақын