Қазақтың жан құмары – саятшылық

387
Құсбегі
Бүркітші Мереке

Маңқыстаудың Қаратауының биік шоқысы Отпанның іргесінде 2007 жылы қазан айында «Адай ата – Отпан тау» тарихи-мәдени кешені ашылғаннан болатын. Содан бері жыл сайын наурыз айының 13-14 күндері Амал мерекесі тойланып келеді.  Қазақ елінің қиыр-қиырынан арнайы келген қандастарымыздың қатысуымен өтіп жатыр. Бұл мереке 2018 жылға дейін Адай атаның 8 немересінен тараған Қосай, Тәзіке, Құнанорыс, Ақпан, Балықшы, Бұзау, Тобыш, Мұңал ұрпақтары кезегімен ұйымдастырып, облыстық деңгейде өткізіп келген болатын. 2018 жылдан бастап облыстық әкімшілік пен мәдениет басқармасының бастамасымен әрі қатысуымен мереке ресми түрде республикалық деңгейде өткізіле бастады және Адай ата ұрпақтарына басқа рулар да қосылып, бір атаның баласындай   ұйымшылдықпен, ауа-райының суықтығына қарамастан, қазақтың салт-дәстүрлеріне тән түрлі мәдени-спорттық шараларды өткізіп, мерекелеп  келеді.

Бүркітші Абат Қуатов

Ендігі бір дәстүрлі шара – жыл сайын қаңтар-ақпан  айларында өткізілетін саятшылыққа арналған «Салбурын» этнографиялық шарасы. Заманында бұл қасиетті өнерді кәсіп қылып ит жүгіртіп, құс салып бір ауылды асыраған, қақпан, тұзақ  құрып аң аулаған ата-бабаларымыз Бәубек Айназар Тасқынбайұлы, Бабық Нұр Оңдағанұлы, Төлеп Жұмай Айтөлесұлы, Медет Нұрғали Көбегенұлы, Құдайберген Сәтиман Тінейұлы, Шегем Қаңғабай Шоңғараұлы, Бәли Өсербай Дарханұлы, Тастемір Сұлтангелді Жайлыұлы, Қыдырша Сүйін Мырзаұлы, Тоқтамыс Салман Шахатұлы, Тастемір Сұлтанкелді Жайлыұлы, Кедей Мұқан Тастықараұлы, Шоңай Алдаберген Ақшабайұлы, Құнанорыс Іздібай Майлыбайұлы, Ескелді Жаңай Қалдыбақұлы, Тоқабай Қосан Құтышұлы, Қожа Есет Шошанұлы, Кенже Тайман Айдарбайұлы секілді көптеген аңшылар осы саятшылық өнердің бізге дейін жетуіне зор еңбектерін сіңірген.

Айшуақ өнерпаз әулеттің түлегі

Кешегі кеңес заманында қағажу көріп, жойылып кетуге айналған киелі өнерді міне, енді қазіргі жас ұрпақ қолға алып, дамытуда. Солардың бір шоғыры осы Қаратаудың бауырындағы Тұщыбек ауылында тұрады. Олар: өлкемізге ғана емес республикамыздың көптеген жерінде қолтаңбасы қалған белгілі тамшы шебер, шеберлігімен қатар құсбегілік өнерді бала жасынан армандап өскен, енді сол арманын жүзеге асырып, саятшылық, құсбегілікті оқып, зерттеп, насихаттап, шәкірт баулып, осы өнердің дамуына атсалысып келе жатқан азамат Мереке Өтеғалиев. Және Мерекенің соңына еріп, тәлім алып, құс баулып, республикалық жарыстарға қатысып, кейбірі жүлделі орын алып та үлгерген Советов Өтежан, Есжанов Ертіс, Тайманов Айшуақ атты жігіттер.

Бұл шара 2013 жылдан бері оқушыларға арналып, танымдық этношара есебінде өткізіліп келген. Алғашында шетпелік саятшы Арон Оспанғалиев пен Тұщыбек негізгі орта мектебі оқушыларын кездестіріп, оларды қыран құстардың әбзелдерімен таныстырып, кешен алындағы алаңда ителгіні шырғаға түсіріп тамашалап, шара өткізілген болатын.

 Кейін табиғат аясында бүркітті үй қоянына, ителгі мен қаршығаны кептерге түсіріп, шырға тартып оқушылардың бір жағынан құсбегілікке, саятшылыққа қызығушылығын оятып, бір жағынан танымын кеңейтіп, бірте-бірте шара деңгейін ұлғайтып, қазіргідей деңгейге жетті.

Алғашқы сонар

Былтырғы шара жалпы саятқұмар көпшілікке арналып, табиғат аясында шынайы жағдайда өткізілген-ді. Оған облыс қана емес республикамызға таныла бастаған  Тұщыбек ауылының құсбегілері – кәнігі бүркітші Мереке Өтеғалиев, оның шәкірттері Өтежан Советов, Ертіс Есжанов, Айшуақ Таймановпен қатар, бірнеше тазы ұстайтын саятшылар да қатысты.

Құсбегі Өтежан Советов

Биыл  да сол үрдісті жалғастырып «Отпан» МКҚК-ның (директоры белгілі айтыс ақыны Нұрлан Мусаев) ұйымдастыруымен «Қазақтың бір құмары – бүркіт, тазы» атты құсбелік пен саятшылыққа арналған этнотанымдық шара өтті. Әуелі  «Адай ата – Отпан тау» кешеніндегі Қарашаңырақта жиналып қыран құстар мен тазылардың көрмесін өткіздік. Көрмеге 6 бүркіт, 4 ителгі, 3 қаршыға және 22 тазы қатысып, оларды өлкеміздегі осы өнерге әуестігі бар тілеулес жанкүйерлер мен Бауыржан Бәйімбет бастаған «Өзенмұнайгаз» АҚ жас мамандары, Маңғыстау туризм колледжінің ұстаздары мен студенттері, «ИнтеллектУм» жекеменшік мектеп-лицейінің директоры Тастемірова Зейнеп Жұмағалиқызы мен тәрбие жөніндегі орынбасары Жұбанова Амангүл Күзембайқызы және мұғалімдері мен оқушылары тамашалады.  Одан соң облыстың әр тарабынан жиналған саятқұмарлар кеңесе келе Иірдің ойына, Айрақты тауына қарай бағыт алды. Биыл да жоғарыда аталған Тұщыбек ауылы құсбегілерінің қатарына Мерекенің жас талап шәкірттері қосылды.

Интеллект Ум лицейінің ұстаздары мен оқушылары

Күні бойы көліктен түспейтін жастар мен күнұзын кеңседе компьютердің алдынан алыстамайтын ағайындар табиғат аясында тыныстап, бой жазып, сергіп қайтты. Дархан дала мен қыстың қатал табиғатын тамашалап, оған қоса ата-бабаларының киелі кәсібі, өрелі өнері құсбегілік пен саятшылықты көзбен көріп, қолмен ұстап дегендей естен кетпес әсер алып қайтты. Яғни, саяхаттан қирап емес, қанаттанып, ширап қайтты. Аңшылар да олжалы оралды. Алпыс екі айлалы түлкі бикеш айласын асырып, уысқа түспегенмен саятшылардың қанжығалары қанданып, бірнеше «қалқанқұлақты» байлап қайтты. «Болашақта осы дәстүрді жалғастырса, ауылдарда құсбегілер не саятшылар мектебі ашылса, балаларымызды үнемі қатыстырар едік. Себебі қазір телефонға телмірген балаларды одан ажырату үшін осындай қызықты нәрселер керек» деп ризалықпен тілек білдіреді шараға атсалысқан ата-аналар.

Жас бүркітші Жеңіс Шүйішбаев

Шараны өткізудегі мақсат – жұртшылыққа ата кәсіп әрі бекзат өнер саятшылықты насихаттау. Сонымен қатар қазіргі қазақтар заманауи түрлі қарулармен жабдықтанып, аңды жусатып салмай, ата-бабамыздың салтымен кәсіп пен өнерді ұштастырып, Мәтжан би айтпақшы «көңіл қарын мен көже қарынның» қамын астастырып, бүгінді ғана емес ертеңді де ойлап әрекет жасаса деген ниет те бар. Шараға құмартып, аудан, ауылдардан азаматтардың хабарласып жатқаны, тіпті әлеуметтік желілердегі құлақтандырулардан, «Лада» газеті мен сайтынан хабарландыруды оқып (көмегі үшін «Лада» газетіне, редакторы Садырова Гүлмираға алғыс айтамыз) облыс орталығынан басқа ұлт өкілдерінің де келуі, саят өнеріне қызығушылық білдіруі қуантады.

Жас саятшылар

Былтырғы өткен шараға тазылары мен төбетін, Ерлан, Нұрлан және Ерсұлтан есімді ұлдарын ертіп қарақиялық Ықылас Жарылғасов, 2015-2016 жылдардағы батыс аймақтық жарыстардың жеңімпазы Сұңқар атты төбеттің иесі, ит сайысы бойынша халықаралық дәрежедегі төреші Әбунасыр Байжанақов сияқты азаматтар келген болатын. Ал биылғы  этношараға түрлі жарыстарда жүлде алып жүрген Құмай атты тазының иесі, ұлттық ат спорты түрлерінің бапкері Әлекен Бөлтеков сияқты азаматтардың, 22 тазының қатысуы – шараның көпшіліктен қолдау тапты деуге болатын сияқты. Оның үстіне Жеңіс Шүйішбаев, Нұрболат Исаев, Бауыржан Көптілеуов, Ерлан Таңжарықов, Азамат Ешпанов, Маршал Есенжанов, Айдарбаев Ғибрат секілді жас құсбегілер қосылыпты биыл қатарға. «Құдай қаласа келесі жылы тағы да 4-5 құсбегі қосылады деп үміттенемін. Құсбегілік, соның ішінде бүркітшілікпен екінің бірі айналыса алмайды. Жігіттің жігіті ғана нағыз бүркітші болады. Біз Маңғыстау бүркітшілерінің өз мектебін қалыптастыруымыз керек. Оған негіз бар, бізде де жақсы бүркітшілер болғаны ескі әңгімелерден белгілі. Құстың әбзелдерін өзіміз жасап, құсбегілер қолындағы құстарын аман сақтау үшін олардың ауруларын айырып, емдеп білулері керек. Кез келген құс аңға түсе бермейді. Мәселе оның тектілігіне байланысты. Абайдың өзі бүркіттің 17 тегін білген екен» дейді бүркітшілердің ұстазы Мереке Өтеғалиев. Құсбегілік өнердің оңай шаруа емес екенін білгендіктен талапкерлерге табандылық пен шыдам, ұстазға деген құрмет болуын тілейміз.

Шараларымызға белсене қатысып жүрген ұлт өнеріне жанкүйер құсбегілерге, олардың жас талап шәкірттеріне, саятқұмар  азаматтарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Мұндай жанашыр азаматтар барда, талапты жастар барда ұлт өнері ешқашан өшпейді!

Тұщыбекті енді саятшылар ауылы, құсбегілер ауылы десе де болар. Оған толық негіз бар. Жыл сайын түрлі ұлттық өнермен (құсбегілік, саятшылық, қолөнер) айналысатын жастар қатары көбейіп келеді. Ауыл  Шетпе – Ақтау тас жолының бойында орналасқан. Бір шеті Қаламқас, Қаражамбас жолына жалғасып жатса, Шетпе арқылы республикалық жолға шығып кетуге болады.

Болашақта осы кішкентай ғана Тұщыбек ауылы саятшылар мен шеберлердің ауылына, яғни табиғи этноауылға айналса деген арман бар. Сол арманға жергілікті биліктің жанашыр ниеті мен азаматтардың қамқор қолы қосылса «Іздегенге – сұраған» болар еді.

Жомарт Айдарбек,

 «Отпан» МКҚК бөлім меңгерушісі

Бөлісу: