Қолөнер шеберлерінің этнофестивалі

1
этнофестиваль
Жер жәннаты Жетісудың табиғаты көркем, туризмді дамытуға мүмкіндігі мол шағын шаһары Текелінің қалалық саябағында орналасқан Абай атындағы амфитеатр алаңында «Жетісу – Ұлы Жібек жолының жаңғыруы» атты қолөнер шеберлерінің этнофестивалі өтті.

Жыл басында ғана құрылып, Алматы облысындағы қолөнер саласын ілгерілету қадамдарын жасап үлгерген «Алтын адам» Жетісу шеберлер орталығы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастырған бесінші ауқымды шарасына облыстың аудан, қалаларынан және Алматы қаласынан 30-дан аса қолөнерші қатысты. Аталған бірлестіктің ұсынысын қолдаған Текелі қаласының әкімдігі облыстық Іскер әйелдер кеңесі және Кәсіпкерлер палатасының Текелі қалалық филиалымен бірлесе этнофестивальдің бір күндік шара болып қалмай, игі істің жалғасын табуына маңыз берді.

Он саусағынан бал тамған шеберлер жиналған қауымның назарына былғарыдан, ағаштан жасалған бұйымдар, зергерлік әшекейлер, киіз және жібек матадан тігілген заттар мен киімдер, музыкалық аспаптар және гастрономиялық өнімдерді ұсынды. Шара аясында ұйымдастырылған концерт пен ұлттық киім үлгілерінің көрсетілімі фестиваль қонақтарының көңілін көтерді. Алматы облыстық Іскер әйелдер кеңесінің жетекшісі Римма Салықова, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Алмагүл Оңғарбаева, «Nur Otan» партиясының Алматы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Гүлнар Тойлыбаева, Орталық Азия университеті өкілдігінің басшысы Райхан Сисекенова, Агро және ауылшаруашылық туризмінің қазақстандық ассоциациясының басшылығы және «Kazakh Tourism» ҰК өкілдері қолөнер саласының өрісін кеңейту мүмкіндіктерін ортаға салды.

Этнофестивальдің шарықтау шегі зергерлік өнер, киім тігу, құрақ көрпе, ағаштан жасалған бұйымдар, әшекейлер, киізден жасалған бұйымдар, қолданбалы өнер және кескіндеме, қыштан жасалған бұйымдар және аспаздық сияқты 9 аталым бойынша өткен «Текелі кәдесыйлары» байқауы болды. Ұлттық бояуға қанықтығымен, көз жауын алатын әсемдігімен, сапалылығымен ел-жұртты, қазылар алқасын тәнті еткен қолөнер туындыларының авторлары арнайы дипломмен марапатталып, сый-сияпатқа ие болды. Байқаудың бір жүлдесін алған Зайыт Сәйділханұлы алтын мен күмістен сырға, сақина, білезік, сонымен бірге ат әбзелдерін, бәкі жасайтынын, мұндай шараларды жиі өткізу тәжірибе жинауға, қолөнершілерді елге танытуға сеп болатынын айтты.
«Алтын адам» Жетісу шеберлер орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Дина Бакирова:

– Біздің қоғамдық бірлестік жас та болса, үлкен істерге бас болып жатыр. Бұған дейін Талдықорғанда, Райымбек ауданындағы Көлсайда, Ескелді ауданының орталығы Қарабұлақта және Алматыдағы «Атакент» көрме орталығында осындай шаралар ұйымдастырдық. Текелідегі этнофестиваль де жоғары деңгейде өтті. Бүгінгі таңда шеберлер орталығына 150-ден астам қолөнерші мүше. Біздің көздеген мақсатымыз – облыстың әр өңірінде шеберлеріміз сүйікті ісімен айналысатын, шәкірт тәрбиелейтін, өз өнімдерін жұртшылыққа ұсына алатын, туристерді үйіріп, ұлттық қолөнерімізді паш ететін орталықтар ашу. Текелі қаласының әкімі Батыр Молдахметов бұл бастамамызды қолдап-қуаттап отыр. Халықтың арасында ұлттық дәстүрлерді дәріптеп, бабадан қалған қолөнерімізді жаңғыртып, қарапайым ғана болғанмен, ілкімді іс тындырып жүрген шеберлер баршылық. Міне, солар мемлекет қолдауын, іздеушісі бар екенін сезінулері керек, – дейді.

Қоғамдық бірлестік діттегеніне қол жеткізсе, қолөнер шеберлерінің жұлдызы жарқырап, олардың қолынан шыққан небір ұлттық бұйымдар мен киімдер, тағы түрлі туындылар қолжетімді болады деген сенім бар.

Бөлісу: