«ҚОСТАНАЙ ТАҢЫ» қарашаңырағындағы кездесу

1
"Қостанай таңы" редакциясындағы кездесу
Қазақтың ардақты ақыны Ақылбек Шаяхметтің 70 жылдық мерейтойына Қазақстан Жазушылар Одағының Басқарма төрағасы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, көрнекті ақын Ұлықбек Есдәулет бастаған қонақтар Қостанай өңіріне келген сапарымызда арнайы 100 жылдық тарихы бар «Қостанай таңы» қарашаңырағында болып, ұжым қызметкерлері мен өлең сүйер қауыммен кездестік. Кездесуге астаналық белгілі ақын, аудармашы Әбжан Әбітай үшеуміз қатыстық. Бұл кездесуді ұжым басшысы, «Қостанай таңы» газетінің бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының Қостанай облыстық филиалының директоры, белгілі қаламгер Жанұзақ Аязбеков жүргізіп отырды.
Кездесу барысында ашық-жарқын әңгіме айтылып, соңы сұрақ-жауап түрінде жалғасын тапты.

«Қазір «Қостанай таңы» аймақтық деңгейде ғана емес, күллі республика қызығып оқитын газетке айналды»- деген Қазақстан Республикасы Жазушылар Одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулеттің сөзі шығармашылық топқа үлкен сенім білдіріп, жауапкершілікке жетелеп, қанаттандырады деп ойлаймыз. Қазақтың талай марқасқалары еңбек жолын бастаған «Қостанай таңы» ұжымы қызметкерлеріне шалқар шабыт, табысты еңбек тілеймін!

Кездесу барысында Қасқырбай Қойшыманов Қостанай облысында:
» Дәстүр: Кеше. Бүгін. Ертең» жобасы аясында өткен сапарларым жайлы пікір білдіріп, жақсы естеліктерімен бөлісті.
Ұлттық – этнографиялық «Дәстүр» журналының » Дәстүр: Кеше. Бүгін. Ертең» жобасымен кезінде еліміздің бірнеше облыстары мен аймақтарында іс – сапарлармен болдым. Сапар барысында өңірлерге келген мақсат – мұратымды айқындап, әрбір сағатым мен күнімді тиімді пайдаланып, сәті түскен кезде тікелей эфирлерге сұхбаттар да берген едім.

Жергілікті өлкетану мұражайларымен танысып, оқырмандармен болған кездесулерде салт-дәстүріміз жайлы келелі әңгімелер айтылып, өзара пікіралмасулар өтетін. Зиялы қауым өкілдері ойларын ортаға салып, жергілікті халық этнографиясының өкілдері мен қолөнер шеберлерінің еңбектерімен танысатын едік.
Міне, тірнектеп, еңбектеніп жинаған осындай этнографиялық деректер бүгінде 4 томдық кітап болып, оқырманға жеткеніне қуанамын!
Алаш ардақтысы Мұстафа Шоқай туралы ізденістерім мен еңбегіме қостанайлық оқырмандарымның шын ниетпен қызығушылықтары басым екеніне орай сұрақтарына жауап бердім.
«Мұстафа Шоқай жолымен» атты экспедициясының ұйымдастырылуы ұлы қайраткердің туып-өскен жері Қызылорда облысы, Шиелі ауданы «Наршоқы» қыстағынан басталып, оқып, білім алған, саяси өмірге араласқан Санкт – Петербург, өзі билік басында болған Қоқан қаласы, Самарқан, Ташкент, Ферғанаға барып, Кавказ қалаларында болып, одан әрі шетел асқан өмір жолы туралы менің еңбектерімнен біліп, танысқан оқырмандарыма сүйсініп, азаматтарға риза болдым!
Сапар барысында сегіз мемлекеттің мұрағатынан жиналған құжаттар «Мұстафа Шоқай жолымен» деректі фильмінің негізгі дереккөзіне айналып, арқау болды.
Көпшілікке, жоғары оқу орындары студенттері мен жоғары сынып оқушыларына арналған деректі фильм мен екі томдық «Мұстафа Шоқай жолымен» тарихи – деректі, танымдық сапарнама еңбегіммен танысқан қостанайлықтарға, ұлт тарихын құрметтеген жастарға алғыс айтамын!
Тәуелсіз еліміздің іргесі бүтін болсын!

Тағы да оқыңыздар: Ақылбек Шаяхметтің 70 жылдық мерейтойы Қостанай қаласында өтіп жатыр

Бөлісу: