Үкіметтің есебі

2
Фото ашық дереккөздерден алынды.

ПАРЛАМЕНТТІҢ БІРЛЕСКЕН ОТЫРЫСЫ

Бүгін Парламент қабырғасында палаталардың бірлескен отырысы өтті. Жиында Үкімет орындалған жұмыстары жөнінде есеп берді. Ел премьер-министрі пандемияға қарамастан өткен жылы экономикада тұрақты өсім байқалды, министрлер кабинеті өзіне сеніп тапсырылған міндеттерді абыроймен атқарып шықты деп мәлімдеме жасады. Ал, есеп комитетіндегілер қазына қаржысы негізсіз жұмсалып жатыр деп дабыл қақты.   Бұл туралы «Еуразия» бірінші арнасы хабарлайды.

Парламенттің бірлескен отырысында өткен жылы атқарылған жұмыстар жайы сөз болды. Үкіметтің есебін тыңдаған депутаттар министрлер кабинетін қатаң сынға алған жоқ. Кеткен олқылықтарды пандемиямен байланыстырып, ел премьер-министріне сенім білдірді. Ал, Асқар Мамин коронавирустың салқыны тисе де ел экономикасында ілгерілеу барын айтып қалды.

АСҚАР МАМИН, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:»Өткен жылы күрделі жағдайға байланысты жылдық инфляция 7,5%, жұмыссыздық 4,9 % деңгейінде болуын қамтамасыз еттік. Бұл көрсеткіштер жалпы әлемдік көрсеткіштерге қарағанда айтарлықтай жақсы. Халықаралық резервтер 4% өсіп 94,3 млрд долларды құрады. Ал, валюта резервтік 23,1% өсіп, 35,6 млрд долларды құрады».

Ал, жиынға қатысқан есеп комитетінің өкілдері бюджет қаржысын негізсіз жұмсағандарға шүйлікті. Комитет төрайымы Наталья Годунованың сөзіне сенсек, былтыр жауаптылар қазына қаржысынан бөлек, дағдарыс уақытына деп жиналған бюджет ақшасына да қол салған көрінеді.

НАТАЛЬЯ ГОДУНОВА, РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БЮДЖЕТТІҢ АТҚАРЫЛУЫН БАҚЫЛАУ ЖӨНІНДЕГІ ЕСЕП КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ:»Өткен жылы негізсіз жұмсалған бюджет қаржысы 570 млрд теңгені құрап отыр. Бұл есепке республика қазынасына қайтарылған ақшалар, бақылау есепшоттарында қалған қаржылар да кірген. Сондай-ақ, аудит кезінде мемлекеттік органдардың жіберген олқылықтары да бар. Тексеріс уақытында дағдарысқа арналған ресурстарды да негізсіз жұмсалғандығы анықталды».

Сондай-ақ, бүгінгі отырыста мемлекеттік тілде сөз сөйлеген Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев та депутаттарды таң қалдырды. Ол халық қалаулыларының қойған сауалына еш мүдірмей, басынан аяқ қазақ тілінде жауап берді.

Айта кетейін, жас министр ақпан айында орысша есеп беремін деп, депутаттардың сынына қалған еді.

ӘСЕТ ЕРҒАЛИЕВ, ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ: «Жалпы, еліміз бойынша 6316 ауыл бар. Оның ішінде даму әлеуеті бар 3561 ауыл іріктелді. Сонымен қатар, өңірлік стандарттар жүйесі қабылданды».

Ал, сенаторлар Үкіметтің пандемия мен әлеуметтік мәселелерді шешу үшін шетінен жұмсап жатқан Ұлттық қордағы қаржыға алаңдаушылық білдірді. Себебі, қазір дағдарыс уақытына деп жиналған ақшаның тура мағынасында түбі көрініп қалыпты. Сондықтан, халық қалаулылары енді Ұлттық қордан бір тиын да алмай, қаржының басқа да көздерін іздеуге кеңес береді.

ОЛЬГА ПЕРЕПЕЧИНА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ: «Біз бұл қалыптасқан үрдіске өте мұқият болуымыз қажет. Себебі, жыл сайын Республикалық бюджет табысындағы Ұлттық қордың трансферттік үлесі артып барады. Мәселен, өткен жылы бұл қаржы қазнынаның 40% қаржысын құрады. Ал, пандемияның бәсеңдейтін түрі жоқ. Мемлекеттік міндеттемесі жыл санап артып барады. Әлеуметтік қамсыздандыруға бюджеттің жарты ақшасы кетіп жатыр».

Қорыта айтқанда, Мәжіліс пен Сенат депутаттары бүгінгі Есеп комитеті мен Үкіметтің есебін бір ауыздан қолдады. Өз кезегінде, Парламент алдағы уақытта мемлекеттік органдармен бірлесіп коронавиурстың салдарын жоюға, қоян-қолтық жұмыс істеуге уәде берді.

Бөлісу: