Үштілділік және қазақ тілінің мәртебесі

419

Қазіргі таңда бүкіл әлемде, әсіресе, мегаполистерде өмір сүріп жатқан адамдар сан алуан тілдік ортада өмір сүруде. Осыған орай қазіргі қоғамда билингвизм, тіпті полилингвизм феномені кеңінен таралуда. Бұл жаһандық үрдістен біздің еліміз де тыс қалған жоқ. Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуындағы басым бағыттардың бірі – қазақстандықтардың үш тілді меңгеруі болып отыр.

Тәуелсіздікке қол жеткізген жылдардан бері әлемдегі көптеген елдермен саясиәлеуметтік, экономикалық және мәдени байланыс жасауға кеңінен бет бұрдық. Бұл қарымқатынастың нәтижелі болуы және ел мен елдің, халық пен халықтың өзара ынтымақтасқан бірлігін өркендетуде тіл білудің мәні күн сайын арта түсуде. Көптілді білу – жас ұрпақтың білім кеңістігінде еркін самғауына жол ашатын, әлемдік ғылым құпияларына үңіліп, өз қабілетін танытуына мүмкіншілік беретін бүгінгі күнгі ең басты қажеттілігі болып отыр.

Дегенмен еліміздегі мемлекеттік тілдің алатын орны бөлек екені анық. Осы ойды қазіргі өскелең ұрпақ санасына жеткізуіміз қажет деп ойлаймыз. Қазақстанда жүзден аса ұлт пен жұрт (этнос) тілі күнделікті тұрмыстық жағдайда қолданылады екен [1]. Соңғы 2009 жылғы халық санағы кезінде алынған мәліметтер бойынша қазақтар саны 16 009 597. Оның ішінде 14 965 571-і өзінің ана тілі ретінде қазақ тілін көрсетсе, 1 044 026-сы басқа тілді ана тілі ретінде көрсеткен. Бұны пайыздық көрсеткішпен берсек, 93.5% өзінің ана тілі ретінде қазақ тілін көрсетсе, 6.5 % басқа тілді ана тілі ретінде көрсетеді [2].

Ал профессор Э.Д.Сулейменова өткізген 2006 жылғы социолингвистикалық сауалнама бойынша қазақ тілін ана тілім деп нақты жауап берген респонденттердің үлес салмағы 92,4% пайыз болған. Ал 4%-ы жауап беруге қиналған, енді 1,2%-ы екі тілді, атап айтқанда, қазақ, орыс тілдерін ана тілім деп есептеген [1]. Жоғарыдағы 2006 жылмен 2009 жылғы сауалнама нәтижелерін салыстырып қарасақ, соңғысында қазақ тілін ана тілі ретінде көрсеткен қазақтар санында аз да болса өсу байқалады.

Жалпы ана тілі деген ұғымды түсінудің өзі қазіргі жастар арасында алуан түрлі көрініс тапқан. «Ана тілі деп ең алғаш қай тілде сөйлесе, соны есептейтіндер», «өз ұлтының тіл ретінде танитындар», «ата-анасы сөйлейтін тіл» т.б. кездесе беруі мүмкін. Бұл құбылысты қазіргі жастар арасында жақсы байқауға болады. Кения, Үндістан сияқты Шығыс Азия елдерінде «ана тілі» ұғымы өз этносының тілі ретінде қолданылады екен.

Сонымен қатар, Сингапур елінде өз этносының тілін білмесе де, сол тілді ана тілі ретінде есептейді екен. Бұл елде ағылшын тілі бірінші тіл болып есептелетіні белгілі. Ал Канада елінде өткен халық санағы кезінде алынған статистика нәтижесінде халықтың біразы «ана тілі» деп отбасында бала кезінде сөйлеген тілді көрсеткен, өзі сөйлейтін доминат тілді емес [3].

         Басқа шетел тілдерін оқыту әдістемелерінде жиі кездесетін «бірінші тіл», «екінші тіл», «үшінші тіл» деген ұғымдар бізде де жиі қолданыс таба бастады. Осылардың ішінде қай тілді жақсы білсе, сол тілді ана тілі ретінде есептеу болашақта жастар арасында жиі көрініс табуы мүмкін. Сондықтан да елімізде үштілді саясатты жүргізу барысында үш тілдің орны, беделі, қолданыс аясы мұқият болуды қажет етеді. Әйтпесе әр тілдің орнын белгілеуде шатасу белең алады. Қазірдің өзінде осы тілдік саясатты жүзеге асыру барысында сыни пікірер айтылып жатқаны, осы ойымызды дәлелдейді [4].

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстанда қазақ, орыс, ағылшын тілді қолдану, енгізу туралы ойды тұңғыш рет 2006 жылы Қазақстан халқының Ассамблеясында жариялапты. Ал 2007 жылы Елбасы «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» Жолдамасында «Тілдердің үш тұғырлығы» – «Триединство языков» мәдени жобасын қолға алуды ұсынған болатын. Бұдан кейін 2008 жылғы ақпандағы Қазақстан халқына Жолдауында: «Үкімет «Тілдердің үш тұғырлығы» мәдени жобасын іске асыруды жеделдетуі тиіс. Бүкіл қоғамымызды топтастырып отырған мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілін оқыту сапасын арттыру қажеттігіне ерекше назар аударғым келеді», – деді [5].

Осылайша, қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қарым-қатынас тілі және ағылшын тілі – әлемдік экономикаға, әлемдік қауымдастыққа кірігуімізге қызмет етеді деп көрсетті. Сонымен бірге, Елбасы өзінің 2011 жылғы «Болашақтың іргесін бірігіп қалаймыз!» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Мен қазіргі заманғы қазақстандық үшін үш тілді білу – әркімнің дербес табыстылығының міндетті шарты екендігін әрдайым айтып келемін. Біздің міндетіміз – 2020 жылға қарай мемлекеттік тілді білетін қазақстандықтар санын 95 пайызға дейін жеткізу. 2020 жылға қарай ағылшын тілін білетін тұрғындар саны кемінде 20 пайызды құрауы тиіс деп есептеймін» деген болатын [6].

Көптілділік деген – әлеуметтік ортадағы қарым-қатынаста көбінесе үш тілден артық тілдерді ұштастыра қолдану үдерісі болып табылады. «Көптілділік» деп кейде тілдердің көптігін де айтады. Мұндай жағдайда әңгіме үдеріс емес, тілдік мәлімет жөнінде болмақ (Хасанов). Қазіргі Қазақстандағы қалыптасқан жағдай да осыған ұқсас. 2011 жылғы 29 маусымда Қазақстан Республикасы Президенті Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын бекітті. Бұл бағдарламада үш тiлдi (қазақ, орыс және ағылшын) меңгерген тұрғындардың үлесiн (2014 жылға қарай – 10%, 2017 жылға қарай – 12%, 2020 жылға қарай – 15 %-ға дейiн) ұлғайту көзделген.

Бағдарламаның негізгі мақсаты: Қазақстанда тұратын барлық этностардың тiлдерiн сақтай отырып, ұлт бiрлiгiн нығайтудың аса маңызды факторы ретiнде мемлекеттiк тiлдiң кең ауқымды қолданысын қамтамасыз ететiн үйлесiмдi тiл саясаты. Бағдарламаны әзірлеуге жауапты орган – Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлiгi болып бекітілді.

Көптілді білім беруді жүзеге асыру үшін, алдымен көптеген үлкен мәселелердің шешімін табу керек деп ойлаймыз. Солардың негізгілеріне көптілді білім беретін елдердің тәжірибесін зерттеу; кадрларды дайындау, олардың жеткіліктілігі; материалдық база, т.б. жатқызуға болады. Осы мәселелер өз шешімін дұрыс таппайынша, бағдарламаны жоспарлы түрде жүзеге асыру қиындық туғызатыны белгілі. Осы мәселелер (көптілді білім беретін елдердің тәжірибесін зерттеу; кадрларды дайындау, олардың жеткіліктілігі; материалдық база т.б.) қалай шешімін тауып жатыр екен деген сұраққа жауап іздеп көрдік. Бізге төл тәжірибеге ғана сүйенбей, шетелдік лингвистикамен тәжірибе алмасу өте қажет.

Мемлекеттік бағдарламада (2011-2020 жж. арналған): «бағдарламаны әзiрлеу кезiнде 30-дан астам шет елдiң мемлекеттiк тiл саясатын жүзеге асыруға қатысты мәселелерiнiң құқықтық реттеу тәжiрибесi зерделендi» деп атап көрсетілген [7]. Ал нақты қай елдердің тәжірибесі зерттелгені туралы мәліметтерді біз қолымызға түсіре алмадық.

Жопан елінде бесінші мен алтыншы сыныпта ағылшын тілі сабағын 45-минуттан аптада бір рет жүргізеді екен. Университеттердің барлығында ағылшын тілі сабағы бар. Гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар факультеттерінің студенттері көптеген шет тілдерін оқиды, бірақ нақты ғылымдардың студенттері оларды сирек оқиды. Ағылшын тілінен басқа, студенттердің арасында ең жиі таңдалатын тілдер – неміс пен француз. Жоғары сыныптарда оқушылар Ұлттық емтиханды тапсыру үшін бес тілдің (ағылшын, неміс, француз, корей және қытай) біреуін таңдайды. Жапон студенттерінің көбі ағылшын тілін жоғары деңгейде білмейді, өйкені олардың барлығы ана тілдерінде жақсы сөйлейді, ал ағылшын тілі мен жапон тілі арасында ерекшеліктер өте көп. Сондықтан меңгеру қиындық тудырады. Жалпы жапондықтар еуропалық тілдерді оқығанда көп киыншылықтармен кездеседі екен. Тарихына қарасақ, жапон елінде ағылшын тілін үйрететін ең алғашқы мектеп 1865 жылы құрылған екен [8,9].

Көптілді білім беру үдерісінің алдында тұрған міндеттері күрделі, ауқымды әрі алуан түрлі. Солардың ішіндегі ең бір өзектісі, рухани-тарихи маңызы бар, ұрпақ тәрбиесі мен болашағы үшін орны ерекше мәселе – қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін мемлекеттің бүкіл аумағында, қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылуын іс жүзінде қамтамасыз ету.

Жоғарыда атап өткен мемлекеттік бағдарламада халықтың қазақ тілін меңгеру деңгейін былайша жоспарлаған: мемлекеттiк тiлдi меңгерген ересек тұрғындардың үлесiн  (2014 жылға қарай – 20%, 2017 жылға қарай – 80%, 2020 жылға қарай – 95%); мемлекеттiк тiлдi В1 деңгейiнде меңгерген мектеп түлектерiнiң үлесiн (2017 жылға қарай – 70%, 2020 жылға қарай – 100%).

Үкімет мемлекеттік тіл – қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту, оны азаматтардың барлығы меңгеруі үшін қажетті материалдықтехникалық жағдайларды тегін жасап отыр. Жыл сайын мемлекеттік тіл саясатына бөлінетін қаржы көлемі де еселеп артуда. Қазақстанның әр қаласында «Тілдерді дамыту» орталықтары бар. Осы орталықтарда ересектерге мемлекеттік тілді оқыту тегін жүреді, қажетті оқулықтар мен техникалық базамен қамтамасыз етілген. Үштілділік саясатына байланысты қазақ ғалымдарының көзқарасын екіге бөліп қарастыруға болады: Бірінші топтағылардың пікірі бойынша үш тілді балалар үйренсін, бірақ бастауыш сыныпта тек қазақ тілін оқуы керек. Сосын басқа тілдерді қосу керек.

Сөзімізді дәлелдеу үшін философия ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Айталының мына сөзін беріп отырмыз: – Жалпы, бұл тілдердің балансы, тілдердің теңдігі туралы ой тудырады. Сондықтан кейбір елдерде 2-3 тіл оқыту етек алған. Бірақ екі-үш тілде оқытатын мемлекеттерде ана тілінің, мемлекеттік тілдің меңгерілуіне көп мән беріледі. Егер мемлекеттік тіл әлі де әлсіз, осал, тұғыры берік болмаса, үш тілді меңгеру мақсат етіп қойылмайды. Сондықтан Қазақстанда үш тілді білім беру жүйесін ең алдымен, қазақ мектептерінде қазақ тілін терең меңгерген 10-11 сыныптарға қолдануға болады. Мектепке дейінгі буыннан бастап үш тілді енгізу – мемлекеттік тілдің болашағына үлкен қауіп төндіретін саясат.

Егер оқушылар қазақ тілін мықтап меңгерсе, онда басқа тілдерді де оқуға болады. Жалпы, бұл саясатты қолдай отырып, қоғамда «үш тұғырлы тіл саясаты қоғамда мемлекеттік тілді әлсіретуі мүмкін» деген пікірдің тарағанын да ескерген жөн [10].

Екінші пікір бойынша балалар кішкентай кезде тілдерді тез үйренеді, сондықтан балабақшадан бастап үш тілді де қатарынан үйрете беру керек.

Бұл көзқарастардың туындауына да себеп жоқ емес. Себебі Кеңестік тіл саясаты қазақ тілінің қолданысына нұқсан келтірді. Көптеген қала қазағының отбасында ана тілінің орнын орыс тілі басқан немесе орыс тілі басым қолданылатын қазақ-орыс қостілділігі орныққан. Осындай келеңсіз жағдайлар тағы да қайталанбас үшін қазақ зиялы қауымы қазіргі үштілділік саясатында қазақ тілінің рөліне үлкен мән беріп қарауды көтеруде. Сөзімізді қорытындыласақ, полилингвизм – жаһанданып жатқан әлемнің талабы деп білеміз. Сондықтан да біз үштілділікті тәуелсіз еліміз үшін стратегиялық мәні ерекше құбылыс деп бағалаймыз. Осы тілдік саясатты жүргізуде мемлекеттік тіл – қазақ тілінің орны мемлекетіміз үшін маңызды екенін ерекше айтқымыз келеді.

Осыған орай, әр тілдің еліміздегі атқаратын қызметі дұрыс насихатталып, мемлекеттік бағдарламада көрсетілгендей, үш тілдің қызметін, қолданысын айқындап алуымыз қажет. Біз бір топ студенттерден алған сауалнамада мынадай сұрақ қойдық: «Сіздің ойыңызша, Қазақстанда болашақта қай тілдің беделі жоғары болады?».

Студенттердің көпшілігі бірінші орынға ағылшын тілін қойған, яғни, студенттердің 56.25% ы ағылшын  тілінің беделі жоғары болады деп есептейді. 37.5%-ы қазақ тілін көрсетсе, 18.75% орыс тілін белгілеген. Бұл шағын сауалнама нәтижесі бойынша жастардың көпшілігі қазақ тілінің беделін ағылшын тілінен кейінгі екінші орынға қойып отырғанын айқындадық.

«Болашақта қай тілді пайдаланбаймын деп ойлайсыз?» деген сауалға студенттердің 25%-ы қазақ тілін көрсетсе, 12.5%-ы орыс тілін көрсеткен. Ағылшын тілін 100 пайызы қолданамыз деп көрсетеді. Әрине, бұл сауалнамаға жауап беріп отырғандардың барлығы ағылшын тілін жақсы білетін студенттер екенін ескерсек, өз болашақтарын ағылшын тілімен байланыстырып отырғандықтарын түсінуге болады.

Дегенмен де қазақ тілін қолданбайтын тілдер қатарына қосуы бізді ойландыруы керек. Жоғарыдағы ойларды қорытындай келе үштілді саясатты жүргізу барысында біз мынадай жайттарға көп назар аударуымыз керек деп ойлаймыз:

Біріншіден, тілдік саясатты қадағалайтын әрбір жауапты ұйым үнемі тілдік саясаттың елімізде жүзеге асу барысын кезең-кезеңмен жіті бақылап отыруы керек.

Екіншіден, БАҚ-та үш тілдің, мемлекетіміздегі атқаратын қызметтері, статусы туралы дұрыс мәліметтер көп берілуі керек. Халықтың барлығы бұл жөнінен толық мәліметті алуы керек. Әйтпесе, үш тілдің, әсіресе, оның ішінде қазақ тілінің функциясын, беделін ауыстырып алу қаупі бар.

Үшіншіден, үш тілде оқытып жатқан мектептерде әр тілде оқытылатын пәндердің ара салмағы (баланс) анықталып, басымдық қазақ тіліне беріліп отырғандығына жауапты тұлғалар үнемі бақылау жасап отыруы керек.

Әдебиеттер

1 Б.Хасанұлы. Мемлекеттік тіл: әлеумет және жастар. –Алматы, 2013. – 106 б.

2 www.stat.gov.kz

3 https://en.wikipedia.org/wiki/First_language

4 http://mtdi.kz/til-saiasaty/til-tynysy/3414-uwtugyrly-til-sayasaty

5 Назарбаев Н.Ә. « Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру – мемлекттік саясаттың

басты мақсаты» // Президентінің Қазақстан халқына жолдауы. 6 ақпан, 2008 ж.

6 Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына

Жолдауы. «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» // «Егемен Қазақстан» газеті,

2011 жылғы 29 қаңтар

7 http://www.edu.gov.kz

8 http://en.wikipedia.org/wiki/English-language_education_in_Japan

9 http://www.japantimes.co.jp/news/2013/10/23/national/required-english-from-thirdgrade-eyed/#.U0ah2Kh_vuo

10 http://old.abai.kz/node/14134

Жанар Байтелиева

Назарбаев Университетінің ассистент профессоры, ф.ғ.к.

Бөлісу: