Ұйғыр халқы үйленуді ерекше атап, «Өмірмен келісім» деп есептейді.  Сондықтан, үйлену тойларында, әсіресе, жарды дұрыс таңдауға ерекше назар аударады.  Ұйғыр қоғамында үлкендер жағындағы келісім-шартқа негізделген неке жүйесі билік еткендіктен, некеде белгілі бір үлкендердің билік жүргізетін ой-танымдары қалыптасты.  Бұл көзқарастар «Ыдысын көріп, асын ал, Шешесін көріп, қызын ал» деген мақалда айтылған.  Ұйғырлардың некелесу үрдісі мынадай кезеңдерден өтеді:

Әуелі, лайықты таңдау жасау.

Таңдау барысында, әдетте, үш әдіс қолданылады. Қыздың ата-анасы мен ел-жұртына, көрші-қолаңына, ағайын-бауырына, туыс-туғандарының ішінен қарап, одан кейін бөгде өңірлердің арасынан өз перзентіне лайық жар іздейді.  Ата-ананың пікірі жинақталғаннан кейін ұлына ол қызды көрсетеді  немесе басқа біреу арқылы баласының пікірі сұралады.  Жігітте  басқа жауап болмаса, ата-анасы көріп, таңдаған адамдарын лайық көреді. Егер жігіттің ұнатып сөйлесіп жүрген, лайық көрген адамы болса, ол адамы ата-ананың көңілінен өтсе, ақырғы шешім сол жанды лайық деп таппақ.   Ата-аналардың пікірлері әдетте шешуші орында болады.  Егер жігіт пен қыз бір-бірін ұнатса, армандарын орындаудың сипаты ретінде бір-біріне ыстық жазбалар ұсынады.  Әдетте жігіттер ұнатқанына күміс жүзік, бай отбасыларында  алтын жүзік, алқа сыйласа, қыздар ұнатқанына қолдан жасалған гүлдер сыйлайды.

Кейбір отбасылар біреудің ұлын немесе қызын бала кезінен жақсы көрсе, әр түрлі жағдайларды пайдаланып, орайын келтіріп, «Бала қыламын», «Менің балам болып кетті» деп құдалық қалауын білдіреді. Егер ұлдың немесе қыздың ата-анасы осы ниетін білдірген жақтың ұлын немесе қызын өздерінің ұлына, қызына сай көрсе, олар да кет әрі емес екенін білдіреді. Әрі қарай ертеден құдалық қамын жасап, бастарын байлап қойып, жарқын болашақты күтпек болады.

Кейбір отбасылар, әсіресе, көп қызды отбасылар қажырлы, еңбекқор әкелерді немесе анасыз тұл жетімдерді таңдап, қыздарының біреуін соған қосады.  Ол сол үйдің баласы болып есептеліп кетеді. Бұл, әдетте, «Ұл боп кірді» деп аталады. Қазақта мұны «Күшік күйеу» дейді.

Арнайы адамның таңдауға көмектесуі деген бар. Ұйғыр қоғамында жас жігіттер мен қыздарға, оның ішінде кәрі қыздар мен жесірлерге лайықты таныстырулар жасауға көмектесетін тәжірибелі әйелдер болған. Мұндай әйелді делдал деп атайды.  Кейбір отбасылар ұл-қыздарына, оның ішінде қамқоршысы жоқ әйелдерге лайықты жар таңдауды соларға тапсырған.

Лопнұр өңірінің мәдениеті өзгеше, ұйғырлары да дұрыс таңдау үшін мынадай әдістерді қолданады:

Ұлдар мен қыздарды жасөспірім кезінен байқап, саралау. Балалар бірге ойнап, келіп-кетіп жүрген кезінен бастап, ата-аналар оларды сөйлеуінен, іс-әрекетінің ұшқырлығынан байқап, кез келген ісіне назар аударады.  Жігіттің анасы көздеген қыздың келіп-кеткен  кезін пайдаланып, қызға байқатпай көйлегінің етегінің бір бөлігін кесіп алады.  Қыздың анасы жігітті күйеу бала еткісі келсе, оның басына немесе иығына қысқа ақ жіп қадап жібереді.  Олар үйлеріне қайтқанда, мұны көрген ата-ана қызымыз немесе ұлымыз жақсы шықты, көңілден өткен екен деп хабаршыны күтеді.  Әрине, балалары хабаршы жіберуден басында тартынады.  Елші барғанда дастарқанда тоғыз балық пісіріліп тұрады. Жігіт жақтың құдалығын қаламаса, қыз тоғыз балықтың басын бөлек пісіріп, дастарқанға етін емес, басын ғана қояды.

Ертеде ұйғырлар арасында әйелдері жүкті болған кезден-ақ «бірімізден ұл, бірімізден қыз туса, құда болайық!» деп бел құда болып бастайтын әдет болған. Өздері ойлағанындай, дүниеге ұл немесе қыз келсе, дені сау болып, балиғат жасына жеткен бойда оларды құрсақтағы кезінде құда болған жұптарына некелеп жіберетін.

Жалпы, қандай әдіс қолданылғанына қарамастан, ата-ананың көзқарасы балаларының жұбайын таңдауда шешуші рөл атқарады.  Бұл үлкендер билік ететін сарқыншақ таным көзқарасқа тікелей байланысты болғандықтан, ертеде мұндай әдет-ғұрыптар да болған. Кәмелеттік жасқа толған қыздар жалғыз жүруден, әсіресе, жігіттермен кездесіп, сыртқа көз тігуден аулақ болатын.  Бұл қыздарда болуы керек қасиет деп саналды. Жұптарын ата-ана таңдағандықтан, үйленетін ұл мен қыздың арасында өз еркімен кездесу болмаған.  Атап айтқанда, басқа елден, бөтен ауылдан келін түсіргенде азамат өз жұбын оның беташары болған кезде ғана көретін.  Жас жұптар асқақ арман, алаулаған сезімге ие болса да, олардың ғашықтығын жасырын ұстамасқа шарасы жоқ.

Егер ұсталса, олар дөрекі және әдепсіз болып саналады, әсіресе, қыздарға – жаза ауыр. Бірін-бірі сүйіп тұрса да, ата-анасының қалауымен басқа біреуге тұрмысқа шығуға мәжбүр болған жас қыз-жігіттер кез-келген себеппен ажырасып, одан кейін қалауындағы адамына некеге тұру немесе ата-анасының еркіне бір күн де бағынбай, қабылдамай қою жағдайы да кездеседі. Ұнатқанымен қашып кетіп, ата-анасын өздері қалаған некеге мәжбүрлеу жағдайлары да болады.  Жастардың еркін сүйіспеншілікке, ерлі-зайыптылық еркіндікке деген құштарлығының қаншалықты күшті болғанын ұйғырлардың мынадай халық мәтелінен аңғару қиын емес:

 

Атым тулап сындырды құсбас ерімді,

Әкем маған ап бермей сүйгенімді өзімді.

 

Ақ көйлек киіпсіз, ақ тікендер ілмесін,

Ақ тікендер ілсе ілсін, уәде өтірік боп жүрмесін.

 

Сен қайдан келдің, сұлулға көз құмар,

Саған тілім тимесін, мойныңа ас тіл тұмар.

 

Құдаласу жайында. Кімге құдалық жіберу мәселесі шешілген соң жігіт қыздың үйіне хабаршы жібереді.  Хабаршы әдетте екі немесе үш адамнан тұрады.  Қыз келген шабармандарды құшақ жая қарсы алып, дастарқан жаяды.  Дастарқан басында хабаршылар: «Елшіге өлім жоқ» деп, келудің мақсатын түсіндіреді. Лайық көрсе «Қызды ешкімнен аямаймыз» деп, сай көрмесе, «Қызымыз әлі жас» немесе «Қызымыздың басы таңылған», «Бөтеннің орамалын алды» деп жауап береді. Одан кейін дастарқан тасу деген бар.  Мұны «Кіші шай» немесе «Рақмет шайы» деп те атайды.  Бұл кезеңде баланың анасы екі-үш киім-кешек, белгілі бір мөлшерде нан, қант, бір табақ шәй, тағы басқа сауғаларын өзінің тұрмыс жағдайына қарай алып, салт-дәстүрлер шеңбері ішінде сыйлықтарын барынша толық алуға тырысады.  Осыған орай екі жақтың да анасы ресми түрде кездеседі.  Қыз болып қонақтарды жылы шыраймен қарсы алады.  Дастарқан жиналып болған соң жігіт алғыс ретінде әкелген сыйлықтарын береді, той туралы пікірлерін сұрайды. Одан кейін тойлық ақылдасу шайы беріледі. Тойлық дегені той сөзінен шығып тұр, ол анық.  Ұйғырларда бұл той – тойлық ақылдасу, нағыз тойлық қойымшасы (қомшасы), ас-су дайындау деген үшеуін өз ішіне алады. Нағыз тойда қызға арналған екі-үш мата және әшекей бұйымдарының топтамасы дайындалады. Қойымша дегені келіннің ата-анасының жақын туыстары мен жақын туыстары дайындайтын қажетті заттар топтамасы. Ас-су дайындау жағына келетін болсақ, оның қатарына тағамға арналған ет-май, ұн немесе күріш, сәбіз, шай-тұз, қант-май, отын және қонақтарға қызмет көрсетуге қажетті басқа да заттар кіреді.

Қыз балаға жоғарыда аталған үш заттың тізімін береді де, екі жақтың өкілдері қыздың үйінде кездесіп, тізімдегі заттар мен бар-жоқты анықтап, жігіт жағына қандай заттар кететінін талқылайды. Бастысы, осы ақылдасуда қыз келушілерді жақсылап күтеді.  Дастарқан жиналғаннан кейін ресми кеңес басталады.  Кеңес беру арқылы қоғамдағы қазіргі өлшем негізінде екі тарапты да қанағаттандыратын шешім қабылданады.  Кеңес барысында қыздың әкесі отыра қалып, өз ойын айтады.  Сондай-ақ, бұл жолы екі жақтан әр түрлі шаруа бөлінісіне орналасатын адамдардың көлемі мен саны туралы кеңес өтеді.  Кеңес беруге жинағандар екі жақтың ата-анасы мен туыс-туғандарының ала бөтен пікірлерін бір арнаға жиыстырып, олардың арасына дау жүргізбей, тиянақты шешім қарастырып береді.

Некеде орынсыз дау-дамай болмас үшін екі жақтың ата-анасы орынды келісімге келеді.  Өйткені некенің сыртында осындай келеңсіздіктер, пікір таластар болса, неке бұзылатын жағдайлар болып тұрады. Содан сақтану керек болады.

Бұрынғы әдет бойынша, қыз балаға ең көбі тоғыз қатар, бес-жеті қатар, кем дегенде үш көйлек, бас киім, бөрік, етік, алтын немесе күміс сырға дайындалады. Бірақ, дәулетті, бақуатты отбасылардың ішінде жаз-қыс мезгілдерінде киюіне арнап ондаған киім-кешек, пальто, қалпақ, бөрік, сырға, алтын жүзік, алтын білезік, алтынмен қапталған қалпақ және ұзатқанда он-жиырма қой, екі-үш сиыр, жүздеген қап ұн мен күріш қосып беріп жіберетін.

Неке заттарының санын белгілейтін мағыналы 9 санына келсек, бұл Түрік қағанатынан бері түркі халықтарының 9 санын киелі деп есептеуінен шыққан. Өйткені, Түрік атауының алғашқы Туғ, Тоғ деген нұсқасы тоғыз санына бастау бола алады. Әбілғазы ханның «Түрік шежіресі» кітабында «Түрік халықтары не істесе де тоғызға жеткізіп тоқтататын еді» дегені сол. Бәйгеде, аста берілетін сыйлықтар мен дау-дамайға төлейтін айыптардың саны да тоғыз санымен есептеледі. Баса айтар бір дүние – неке қию рәсімі.

Мұнда тойлық төленуі тиіс болады. Ұйғырларда тойлық төлеудің негізінен екі жолы бар. Әуелі тойлық ақылдасу болғаннан кейін тойлық заттардың базар бағасы есептеліп, ақшаны қыз тарапқа береді. Енді бірінде жігіт жағы қыз жақтың талабымен тойлықтарды әзірлеп, Үлкен шай күні жиналған көпшіліктің көзінше қыздың ата-анасының алдына қояды. Жалпы, екінші әдіс кеңірек қолданылады десек болады. Жаңа Үлкен шай деп айтып өттік. Ол не болды? Қалыңдықтың жасауы тапсырылып, қалыңдықтың ата-анасына берілетін іші сыйлықтарға толған қойымшалар (қоржындар) тізіледі. Той күнін ресми бекітеді. Содан кейін де бұл рәсім Үлкен шай делінген болатын. Бұл күні қыз жақтың туыс-туған, ұрық-жұрағаты, көрші-көлемі, әпеке-жезделері болып, 10-15 кісі жиналады. Олардың әрбірі тойлық, қойымшалар әкеліп, оның қатарында ет, май, күріш, сәбіз, тұз, қант, бірер тақта шайлар салынған дастарқан жасап ала келеді. Қыз жағы қонақтарын ерекше күтеді. Дастарқан жиылғаннан кейін жігіт жақтан бір құдағи шығып өз әкелген дастарқандарын қонақтардың алдында ашып, не әкелгенін айтып шығады. Осы рәсімнен соң екі тараптағы құдалар тойға кететін ас-суды талқылап, ас-су әкелінетін күн мен той күні турасында ортақ шешімге келеді.

Лопнұрдағы салты өзгеше ұйғырларда балық, балық аулау құралдары, торғын-торқа, түлкі терісі қатарлы заттарды тойлыққа беру әдеті бар. Бұл олардың ұзақ уақыт бойы өзен-көл, аралдарда сыртқы әлеммен байланыссыз тұйық өмір сүруімен тікелей байланысты еді.  Мұндай әдет-ғұрыптар ата-бабаларының аушылық пен көшпелілердің алғашқы әдет-ғұрыптарынан қалғаны анық.  Бұл олардың ұрпақтарына ата-бабаларының некелік тәжірибесін, оның ішінде адамзаттық таптық қоғамның алғашқы кезеңдерін зерттеуге маңызды анықтамалар беретін, үзілмей жалғасқан дәстүр ізі деуге болады.

Жалпы, ұйғырлар арасында тойдың түрлері көп. Ал, неке қию рәсімінің көлемі екі жақтың тұрмыстық жағдайына және қоғамдағы қазіргі той талаптарына негізделген.  Қыз жақтың талабы ауыр болса, жұртшылықтың сөгісіне қалады.  Ұйғырлар көбінесе өздеріне тұрмыс жағдайы тең келетіндерге үйленеді.

 

Мүбәрак КӨКБӨРІ, ақын

Фото интернеттен алынды

Бөлісу: