Ұлттық мәдени құндылықты арттыру. Дәстүр мен жаңашылдық. Ата-бабамыздан қалған құнды жәдігерлер. Халық мұрасын айқын жеткізіп, жас ұрпаққа тәрбиелік маңызы бар ерекшелік. Шығыс өңірінің музыкалық аспаптарының бірегейі. Аспаптардың ерекшелігі мен айырмашылығы туралы мағлұматты бірнеше түрге бөлу.
Мәдени құндылықтар, дәстүр мен жаңашылдық, қор, аспап, әуен, ұлттық рухани байлық.
Қазақ халқының музыкалық аспаптарының тарихи тамыры тереңнен басталады. Халықтың музыкалық аспаптары жөніндегі аса құнды алғашқы деректі біз көне замандарда қазақ жерінде болған араб жиһанкездерінің жазбаларынан кездестіреміз. Ал бертін келе, Ш. Уәлихановтың еңбектерінде қазақ халқының музыкалық аспаптарының сипаттамасы кеңірек жазылған. Қазақ халқының музыка аспаптарының тарихы ХIХ ғасырдың орта шенінен бастап тереңірек зерттеле бастады. Шертіп ойналатын музыкалық аспаптар Қазақстанда ең көп таралған аспаптар болып саналады. Үш ішекті домбыралар Шығыс өңірінде ғана кездеседі, сондай-ақ Абай атамыздың ұстаған домбырасы – жалпақ пішінді қалақ домбыра. Ол Шығыс өңіріне тән. Негізгі бөлім. Алғаш музыкалық аспаптарды зерттеп, отызға жуығын тапқан Болат Шамғалиұлы Сарыбаев. Күйге көңіл қойып өскен, одан бүкіл шығармашылық өміріне қуат алған Болат Шамғалиұлы өз ұстазы Дина Кенжеқызы Нұрпейісованың домбырасын мұражайдың алғашқы жәдігерлерінің бірі етіп алады. Сондай-ақ атақты әнші, актер әрі музыкант – Әміре Қашаубаевтың домбырасы ұлттық мәдениетіміздің асыл мұрасы болып саналады. Әншінің домбырамен орындаған әндері Франция тыңдаушыларының жүрегіне жылы ұялап, жоғары бағаланған.
Қобыздың тынысы кең. Дыбыс шығару мүмкіндігі де ұшан-теңіз. Қобыздың әуелдегі түрі қос ішекті, үш ішекті болып келетін. Қазір оларды жетілдіре түсудің арқасында төрт ішекті бас-қобыз, альт-қобыз, қобыз-прима сияқты бірнеше түрлері пайда болды. Аспаптар бір-бірінен дыбыс шығаруы, үні, ерекше түрі, тамаша ою-өрнектері арқылы дараланады.
Қылқобыз – ысқышпен ойналатын, қос ішекті ескі музыкалық аспап. Халық арасындағы аңыздарға қарағанда, қылқобыздың пайда болуы ХІІІ ғасырда өмір сүрген күй атасы – Қорқыттың есімімен тығыз байланысты. Шанағының беті ашық келеді де, астыңғы жағы терімен қапталады. Ішектері ат қылынан тағылады. Мұндай қылқобызда көбінде бақсылар ойнап, күй сарынының әсерін күшейте түсу үшін әдейі темір-теңгешелер тағатын болған. Диапазоны екі жарым октава.
Сыбызғы – үрлеп ойнайтын ескі музыкалық аспап. Бармақ басатын үш тесігі бар. Үрлеу арқылы дыбыстардың жиырмадан астам түрлері пайда болады. Диапазоны екі жарым октава. Сыбызғы аспабының үні самал желдей майда, үні жұмсақ, ерекше әсерлі. Сыбызғы негізінен ағаштан және қурайдан жасалады (бақташылар арасында көп тараған).
Даңғыра – ұрып ойнайтын музыкалық аспап. Даңғыраның ағаш шеңберінің бір беті ғана терімен қапталады. Көлемі әртүрлі болады, бақсылар жиі пайдаланатын.
Шаңқобыз – бұл көне музыкалық аспап. Оның ортасында сүйір тілше болады. Өңделген ағаш таспалардан жасалады. Шаңқобызға жіп байланып, сол жіпті серпіп тарту арқылы тілше тербеліске келтіріледі де дыбыс шығады. Мұндай аспаптардың темір текшелерден де жасалған түрлері бар. Бұл аспапта көбінде әйелдер ойнайтын болған.
Сазсырнай – қамыстан жасалған, үрлеп ойналатын музыка аспабы. Қамыс қуысының ішінде тілше бар. Соны үрлеу арқылы дыбыс шығады. Аспаптың әр түрлі дыбыс шығаратын алты тесігі болады. Бұрын қамыс сырнайда ойнауға көбінен-көп жастар әуестенген. Диапазоны бір октава.
Дәстүрлі музыкалық аспаптарымыз этникалық, өзін-өзі танушылық секілді белгілермен үзбей байланыста бола отырып, әлеуметтік қарым-қатынастардың барлық жақтарын қамтитын маңызы зор рухани-мәдени және тарихи мұра дәрежесіне дейін жетілді.
Қазақтың шертпелі аспаптарының ішіндегі ең көп қолданылатыны және көптеген үлгі-нұсқалары бары – домбыра. Домбыраның сыртқы нұсқалары әр түрлі болып келгенімен, жасалу әдіс-тәсілдері мен бөлшектері ортақ. Домбыраның негізі бес бөліктен тұрады. Олар: бас, мойын, кеуде, шанақ, қақпақ. Осыларға қосымша: құлақ, тиек, ішек, пернелер, түйме, өрнек. «Екі ішектің бірін қатты, Бірін сәл-сәл кем бұра. Нағыз қазақ, қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» – деп ақын жырлағандай, халқымыздың ғасырлар бойы жинақталған ұлттық құндылығы мен дүниетанымын дәл суреттеп жеткізе алатын қоңыр үнді домбыра екені даусыз. Домбыра тобындағы әлі де болса сирек қолданатын нұсқасы – үш ішекті домбыра. Аспап ішектерінің саны, бұрауы және үш ішекте орындалатын күй шығармаларымен ерекшеленеді. Ұлы Абайдың кезінде өз ән-күйлерін сүйемелдеген үш ішекті тарихи домбырасы сақталған. Ішекті шертпелі аспаптардың ішінде беті терімен қапталып жасалатын үлгісі – шертер деп аталады. Оның көне нұсқасына перне тағылмайтын болған. Ішегі жылқы қылынан тағылғандықтан, ертеде ол «шертпе қыл» деп аталған. Ол қылқобызға ұқсас, алайда ол ыспалы емес, шертпелі аспап.
Көп ішекті этнографиялық аспаптардың үнемі қолданыста жүрген нұсқасы – жетіген. Жасалуы да, ойналуы да үлкен шеберлікті қажет ететін күрделі аспап.
Қазақтың дәстүрлі музыкалық аспаптарына қолданылатын материалдар түрі сан алуан және олар негізінен табиғи түрде қолданылады. Қазақ аспаптарының дыбыс бояуының табиғи түрде болуына негізінен осы заттар маңызды рөл атқарады. Олар: ағаш түрлері, мал терісі және металл түрлері болып үшке болады. Ертеде қолөнер шеберлері аспап жасауға көрінген ағашты ала салмаған. Аспаптар жасауға жалпақ және қылқан жапырақты ағаштардың қатты, тығыз түрлері қолданылады. Дәстүрлі музыкалық аспаптарды зерттеп тануда ағаштың түрлерін, сапасын, дыбыс беру ерекшелігін, ажыратып жасайтын шеберлер қас шеберлер. Қазіргі шеберлер көбінде қызыл ағаш, қайың, емен, қарағаш, жаңғақ, шыршаны қолданады. Қазақтың дәстүрлі музыкалық аспаптарын жасауда металл түрлері жиі пайдаланады. Сондай-ақ сүйек, мүйіз, саз балшық (қыш) маңызды орын алады. Музыкалық аспаптарды әрлеп бояйтын бояу түрелі: топырақ, қына, ермен, жусан өсімдіктердің тамыры (қазіргі кезде дайын бояуларды да қолданады). Ішек жасау да халықтық қарапайым әдіспен атқарылады. Ертедегі шеберлер ішекті-шертпелі аспаптарға қой мен ешкінің ащы ішегін аршып, шелін сыдырып, тұзды сумен тазалап, түн асырып қояды. Ертесінде иіріп, көлеңкеге кептіреді. Тұз сіңбеген, майланбаған ішек үзілгіш келеді. Сол үшін кепкен ішекті жылқы немесе балық майымен сылап орап сақтайды.
Дәстүрлі музыкалық аспаптарды жасайтын құрал-сайман түрлерін білу маңызды. Ертедегі қолөнер шеберлері оған қажетті құралдарды әр түрлі заттардан дайындап алатын болған және оның көпшілігі қол құралы болып саналған. Ал қазіргі кезде дәстүрлі нұсқадағы қол құралдармен қоса, электр құралдары пайданылады. Мұның өзі аспапты тез жасап бітуді және шеберлердің уақыттарын үнемдеуіне пайдасы да бар. Құрал-саймандарға байланысты ел арасында: «Шебердің қолы ортақ», «Құрал сайманда қырық кісінің күші бар» деген сөздер кең тараған. Елдегі ұста-шеберлер жақсы бір затты көрсе: е-е, мына бұйымды әлгі атақты шебер жасаған ғой… – деп әр шебердің қолтаңбасын тап басып айтып, әр шебердің орнын бағалай білген. Қолданатын құралдардың түрлері: жозы, тұғыр, қуыс балта, шот, ұңғыру, темір пышақ, ағаш балға, егеу және т.б.
Қазақтың дәстүрлі музыкалық аспаптары ел тарихының ұзына жүріп өткен жолында халықпен бірге жасасып, өзінің шежіресін қалыптастырды. Қазақ халқының ақын-жырауларының, сал-серілерінің, қол бастаған батырлары мен би-шешендерінің қай-қайсысы болса да дәстүрлі төл мұраға мойын бұрмай, жырға қоспай кеткені кемде-кем. Олардың қалдырған өлең-жырлары арқылы дәстүрлі музыкалық аспаптарымыздың терең шежіресін, өткен тарихын, қолданылуы мен затын бүгінгі күні біліп отырмыз.
Адамзат мәдениетінің байлығы ішіндегі мұхиттай шексіз, ғажайып дүние, ол – музыка. Музыка арқылы адамның асқақ, асыл ойлары, арман-мақсаты, ізгі тілектері, қуанышы, қайғы-қасіреті мен әр түрлі сезімдерін түсінуге, жеткізуге болады. Қаншама ғасырлар бойы жинақталған музыкалық қазына – ұшы-қиыры жоқ, аса мол мұра. Ата-бабаларымыз тастан, ағаштан, өсімдіктен, малдың терісінен, сүйегінен, мүйізден, ішектен, қылдан т.б. алуан түрлі заттардан дыбыс шығаруға болатынын аңғарып, қарапайым музыкалық аспаптар жасай білген. Қазақ халқының ұмыт болған аспаптарын қайта жаңғыртып, олардың кең түрде насихатталуына мол еңбек сіңіріп, соңына қыруар мұра қалдырған Болат Шамғалиұлы Сарыбаев еді. Болат Шамғалиұлы Сарыбаев көне аспаптарды жинауға 1960 жылдан бастап кіріскен екен. Ол жинаған аспаптардың саны 300-ге жетті. Зерттеуші еліміздің түрлі аймақтарынан көне аспаптарды тауып, оларды зерттеп, жетілдіріп, орындау әдістерін меңгерді, шәкірттерін баулыды. Ол кісі аспаптарды ойнау тәсіліне қарай мынадай түрге бөледі: үрлемелі, ұрмалы, сілкімелі, ысқышты, ішекті, шертпелі, тілшекті.
Дәстүрлі музыкалық аспаптарды зерттеуші мамандардың пікірінше, дүние жүзінің көптеген халықтарында алғашқы пайдаланылған дыбыстық аспап-құрал қарапайым ұрма болған. Ол екі қолды соғу немесе екі затты бір-біріне ұру болсын бәрібір, ол алғашқы соғып, қимыл жасау әрекеті болып саналады. Дәстүрлі музыкалық аспаптар жүйесі этномәдени, этноөнер санаты ретінде этностың қалыпты тіршілігі мен тұрмыс-салтының негізі болып табылатын рухани өрістің өнертанымдық қуатын, тарихи ауқымын, мәнін айқындауға көшті. Дамудың қазіргі кезеңінде ұмыт болған дәстүрлі музыкалық аспаптар жүйесі орнықтырылып, барынша жинақтала түсіп, қазіргі өркениет талаптарына сай қызмет ете бастады.
Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық мұражай-қорығының қорында қазақтың ұлттық музыкалық аспаптарының бірқатары сақтаулы, барлық саны 51 дана, оның ішінде: домбыра – 34, қобыз – 6, нарқобыз – 1, тайтұяқ – 2, сазсырнай – 3, сыбызғы – 2, жетіген – 1, даңғыра – 2 (2022 жылдың қаңтар айына сәйкес қорда 71861 жәдігер бар, оның ішінде негізгі қор – 46715, қосалқы қор – 25149).
Аспаптардың сиқырлы үніне құлақ түрген сайын оның құпиясы ашыла береді. Түсінікті болу үшін мысалға домбыраны алайық. Домбыраны көрмей тұрып-ақ, шығып жатқан дыбыстың жуан-жіңішкелігін ажыратуға, яғни домбырадан шыққан дыбыстың музыкалық кеңістіктегі орнын дәл табуымызға болады.
Әдебиеттер тізімі:
- Қазақтың музыкалық аспаптары. Б. Сарыбаев, Алматы, 1978.
- Қазақтың дәстүрлі музыкалық аспаптары. З.С. Жәкішева, Алматы, 2009.
Жадыра Рахатова,Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық мұражай-қорығы халықтық және сәндік-қолданбалы өнер бөлімінің ғылыми қызметкері