Қазіргі әлемдегі жаһандану үдерісі қазақ қоғамынан сырт айналып кете алмайды, оның ықпалы қалай да қоғамымызды шарпитыны анық. Батыстың озық білімі мен ғылымынан, техникасы, жаңа технологиялары, ғылыми жетістіктерінен сырт айналмауымыз керек. Керісінше, әрбір ұлт, әрбір этнос, әрбір мемлекет жаһандану құбылыстарын өзінің болмысына бейімдеп, сіңіре алғанда ғана ұлттық болмысты, этнотекті жоғалтып алу қаупінен құтыла аламыз. Егер жаһандану құбылысын елемей, ұлттық мемлекеттік болмысқа қарай икемдей алмай, ықпалына түсіп кетсек, онда әрине, мемлекетке де, ұлтқа да қауіп төнетіні анық. Бұл құбылысқа қарсы тұрудың тиімді тетігі – ұлттық тәрбиені нығайту, ұлттық тәрбиеге арқа сүйеу. Жас ұрпаққа ұлттық тәрбие беру арқылы ғана біз өзіміздің ұлттық болмыс-бітімімізді, қайталанбас қазақи мінез-құлқымызды,  ұлттық кейпімізді сақтап қала аламыз.

Адамға ең алдымен біліммен қатар тәрбие де берілуі керек.  Ғұлама ғалым, данышпан әл-Фараби айтқандай, «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» нақыл сөзінің өзі көп нәрсені аңғартады. Тәрбиемен байланыстырылмай  білім алған жастардың елін, халқын сүйіп, оған қызмет етуі екіталай. Сондықтан да қазіргі заман  ұрпақтың тәрбиесіне көп жауапкершілікті жүктейді. Білімді де тәрбиелі ұрпақ – ұлттың болашағы, мемлекетіміздің тірегі. Жас ұрпақты ұлттық кейіпте, ұлттық рухта, ұлтжанды етіп тәрбиелеу әрқайсымыздың парызымыз деп білуіміз керек.

Өркениетті ел болу үшін өскелең ұрпаққа алдымен біліммен қатар ұлттық тәрбиенің нәрін бере білуіміз керек. Ол үшін өз мәдениетімізді, өз тарихымызды бойымызға сіңіріп, содан кейін әлемдік білім, ғылым жетістіктерін игеруге ұмтылудың маңызы жоғары. Бұл жердегі басты мақсат – өткен тарихымыз бен қазіргі халықтың даму тарихын ұштастыра отырып, жас ұрпақты ұлттық игіліктер мен адамзаттық құндылықтар, рухани-мәдени мұралар сабақтастығын көрсете отырып тәрбиелеу.

Әр адам өзінің ұлттық тамырын, әдет-ғұрпын, мәдениетін түсінуінің маңызы зор. Өзінің тарихын яғни елінің, жерінің тарихы мен мәдениетін бойына сіңірген ұрпақтың туған жеріне деген сүйіспеншілігі оянып, өзінің халқы өмір сүретін ортаға деген сезіммен ұласып, ұлттық рухты бойына сіңіргенде патриоттық сезім, Отанға деген сүйіспеншілік қалыптасатындығы анық. Сондықтан да ұлттық рухта, құндылықтарымызды, мәдени мұраларымызды әлемдік деңгейде насихаттай алатын қабілетті тұлғаны қалыптастыру үшін ұлтжандылық қасиеттерді игеру қажет. Ұлтжандылық қасиеттерді сіңіру үшін жастардың санасына туған халқына деген құрмет, Отанға деген сүйіспеншілік, мақтаныш сезімдерін ұялату, ұлттық рухын дамыту, ана тілін, елі мен жерінің тарихын, мәдениетін, өнерін, салт-дәстүрін білу, рухани-мәдени мұраларын қастерлеу сезімін ояту, қорыта айтқанда, жастардың ұлттық сана-сезімін көтеру арқылы ұлттық мінездерін қалыптастыру қажет (*).

Ұлттық тәрбиенің бастауы отбасы институтымен тығыз байланысты. Баланың туылуынан бастап ержеткенге дейін  отбасынан алатын тәлім-тәрбиесінің орны жоғары. Себебі, адамның бойындағы  жақсы қасиеттер  ол адамгершілік, білімі, парасаты, инабаттылығы, кісілік мінезі, еңбек дағдысының бәрі отбасынан алатын үлгі-өнегені үйрену арқылы жұғысады. Қазақтың отбасында бала үлгі тұтар жандар –  әкесі мен анасы, бұлар – балаларына үлгі-өнеге беретін өмірдегі отбасындағы ұстаздары. Сондықтан да әр ата-ана балалары үшін отбасылық мәдениеттің үлгісін көрсете білуі тиіс. Өкінішке орай соңғы кезеңдерде өз беделдерін баласының алдында, тіпті   туған-туыс, дос-жаран, тіпті ел алдында бедел, абыройынан айырылып жатқан ата-аналар жөнінде көп естиміз.  Балаларына тәрбие бермек түгілі, өз қызығын ойлап, баласына қарамай, басқа отбасын құрап кеткен аналар туралы жиі болмаса да, айтыла бастады. Бұл әрине, «жесірін қаңғытпай, жетімін жылатпаған» қазақ қоғамына жат құбылыс. Олай болса, Отан отбасынан басталады деген қағиданы назардан тыс жібермей, мемлекеттік деңгейде отбасын, отбасындағы тәлім-тәрбиені нығайтатын шараларды тіпті заңнамалық құжаттарды жетілдіріп, ұсыныстар жасау, баланың отбасында жан-жақты білім мен тәлім-тәрбие алуына бар мүмкіндікті беру.

Отбасы –  шағын мемлекет, олай болса, әр мемлекеттің сыртқы және ішкі саясаты, ұстанатын рәміздері болатыны сияқты, әр отбасының да өзіне тән сипаты болады. Баланың адал, отансүйгіш, кешірімді және мейірбан, интеллектуалды, еңбекқор болуы да отбасындағы отбасы мүшелерінің қарым-қатынасына, татулығы мен қамқорлығына, отбасындағы тәрбиемен сабақтасып жатады. Жас отаудың түтіні түзу шығып, махаббат пен тату-тәттілік, береке-бірлігі жарасқан жылы ұяға айналып, шаңырағы биік, босағасы берік болуы үшін кәмелеттік жасқа толған балаларын үй болуға, өз шаңырағын көтеруге, қыздарын үй шаруасына яғни үлкен өмірге әзірлеуі де қазақ отбасының жауапты міндеттерінің бірі болған. Сондықтан да қазақта «анасына қарап қыз өсер», не «анасына қарап қызын ал», ал ұлға қарап «әке көрген оқ жанар», т.с.с мақалдар  халық арасында бекер тарамаған.

Отбасында еңбекке тәрбиелеу, баулу мен кәсіптік бағдар беру баланың қоғамда өз орнын табуға, еңбектің қай түріне болсын, тікелей қатысуға бейімді, білім алуға деген саналы көзқарасты тәрбиелеу де осы ұяда қаланады. Ертеректе қазақ халқы баласының білікті, парасатты да ақылды, еңбекқор болып қалыптасуы үшін елге шешендігімен, батырлығымен, ақындығымен белгілі, атақты ел аузындағы адамдардың аталы сөздерін тыңдатып, солардың қасында ертіп жүру арқылы, тәлім-тәрбие үйретуге ықпал еткен.  Ата-бабамыз «Атаның баласы болма, адамның баласы бол» деген ұстанымды мықты ұстады. Тәрбие басы әдептілік деп білген ата-ана баласына үлкенді сыйлауды, сыпайы болуды, ешкімді мұқатпауды  үйреткен.

Жалпы, халық педагогикасының тағылымдарын үнемі басшылыққа алып отырсақ, өмірде болып жатқан жастар арасындағы, қатыгездік, басқа діндерге еліктеу сияқты келеңсіз жағдайлардың болуына тосқауыл болар еді деп ойлаймыз.

Қазақ отбасында адам зиялылығының негізі – ақыл-ой тәрбиесіне де көп көңіл бөлінді. Ақыл-ой тәрбиесі арқылы баланы ойлау іс-әрекетінің шарты болатын білім қорымен қаруландыру, негізі ойлау операцияларын меңгерту, зиялылық біліктері мен дүниетанымын қалыптастыру. Рухани қазынаң ұлтық құндылықтар арқылы әлемдік мәдениетке құштарланғанда табан тірер тұғырың − төл мәдениетің. Себебі, қандай этнос не ұлттың басқа ұлттан айырып тұратын белгісі – ол этникалық мәдениеті.

Бүгінде елімізде тіл мәселесі шешілген десек те ана тілдің аясы әлі де кеңейе қойған жоқ. Әсіресе болашақ жастар арасында өзге тілде қарым-қатынас жасаудың көбейгендігін күнделікті өмірден көріп отырмыз. Егер осылайша кете берсе, ана тілімізден айырылу қаупі жақын деуге болады. Сондықтан да ұлттық білім де, тәрбие де ұлттың тілінде беріліп, рухани құндылықтарды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, тарату керек, сонда ғана  ұлттық болмысымызды сақтап қаламыз. Тіл арқылы ұлттық діліміз, ұлттық мәдениетіміз және рухани құндылықтарымыз көрініс табады. Тіл – мәдениеттің тасымалдаушысы болса, әрбір мәдениет өзін дүниеге әкелген халықтың немесе қауымның іс әрекетінің нәтижесі болып табылады (Б.К. Қалшабаева, 2016.:136). Тіл  халықтың мәдениетін, өркениетін, әлеуметтік күйін, дүниетанымын бейнелеуде маңызды және шешуші рөл атқарады. Ал, әр тілдің сөз байлығы халықтың рухани өмірін, тарихын, ұлттық нақышты, дүниенің тілдік бейнесін сипаттау құралы болып табылады. В. Гумбольдтің тіл мен мәдениеттің қарым-қатынасы жөніндегі еңбектеріне талдау жасаған Ж. Манкеева: «1)материалдық және рухани мәдениет тілден көрінеді; 2) кез келген мәдениет ұлттық, оның ұлттық сипаты тілден көрінеді; 3) ұлттық рухтың көрінуі оның мәдениетінде; 4) Тіл – адам мен оны қоршаған әлемді жалғастырушы аралық», – деп тұжырымдайды (Ж. Манкеева, 2008.:156.). Олай болса, жастарға тілді, тіл мәдениетін, жалпы халықтың мәдениетін терең меңгеруде тілдік сананы игеруді міндет ету қажет. Ана тіліміз  ұлттың ғана емес, халықаралық қатынастар тіліне айналуы үшін де мемлекеттік және шетел тілдерін біліп, дүниенің бар құбылысын, білімін, ғылымын санаға құюға ықпал еткеніміз жөн.

Ұлттың генетикалық кодының бір сипаты дәстүр мен мәдениеттен көрініс табады. Ұлттың болашағын ойласақ,  халқымыздың мәдениеті мен салт-дәстүрін, оның тұнып жатқан асылдарын жинақтап, өскелең ұрпаққа жеткізу – аға ұрпақтың алдында тұрған үлкен міндет. Себебі, мәдениетте сол халықтың мінез-құлқын, мұраларын, діни нанымдары мен құндылық бағдарларын, дүниетанымдық көзқарастарын көреміз. Кез келген халықтың мәдениетінен елдің дамуын, этностың өмір сүруінің сипаты мен ерекшеліктерін көреміз. Өткен тарихты, дәстүрлі мәдениетті білмейінше, ертеңді болжау мүмкін емес, яғни қазіргі қоғамда салт-жораларды зерттеп тануда дәстүрлі мәдениетке көңіл аудармасқа болмайды. Ұлттық дәстүрлерден ауытқу сол ұлттың өкілдеріне қоғамдық тәртіпті бұзғандық болып табылады.  Ұлттық дәстүр тез өзгеріп немесе жоғалып кетпейді, ол ұзақ дәуірлер бойына екшеліп, сұрыпталып ұлттық кодқа айналады. Дәстүр арқылы халықтың мінез-құлқы мен іс-әрекетінің рухани негізі қалыптасып, ұрпақ тәрбиеленеді (А.П.Садохин,  Т.Г. Грушевицкая, 2000.:127). Ата-ананы құрметтеу, үлкенді сыйлау, адалдық, әділдік, меймандостық сияқты қасиеттер белгілі бір халықтың ұлттық дәстүрі ретінде қалыптасады. Дәстүр мәдениетпен тығыз байланысты.

ХХІ ғасыр – жаңа технология мен ақпараттандыру ғасыры болғандықтан, жаңа заманға сай жаңа ұлт мәдениетін қалыптастыру да – бүгінгі күннің талабы.  Біздің алдымызда жастарды ақпараттық қоғамда өмір сүруге, еліміздегі саяси, әлеуметтік-экономикалық үдерістерді талдау жасай білуге, қарым-қатынас жасау дағдыларын дамытуға, ақпараттық сауаттылық пен ақпараттық мәдениеттілікке тәрбиелеу міндеті тұр. Ақпараттық мәдениет – бұл мәліметтерді ой елегінен өткізе білу, теледидар, хабарды талғамды түрде қарау, алған мәліметтерге сараптама жасай білу. Бүгінгі таңда заман талабына сай адамдардың мәлімет алмасуына, қарым-қатынасына, ғылыми ізденістеріне ақпараттық-қатынас жасау технологияларын кеңінен қолдана алатын жан-жақты, білікті тұлғаны, ақпараттық қоғамды қалыптастыру маңызды болып отыр. Жаһандану жағдайында да ақпараттық қоғамның бағытын өзіміздің ұлттық болмысымызға бағыттай отырып, әлемнің озық идеялары мен технологиясын қолдануда ұлттық тәрбиенің рөлі жоғары екендігі белгілі.

Қоғамда ақпаратты дұрыс пайдалану мәдениетін қалыптастыру тек білім беру орындарында шектеулер мен тосқауыл қою арқылы жүзеге аспайды, оны шешу үшін бізге талғамдық мәдениетті қалыптастыру қажет.

Бүгiнгi білім беру саласының басты мiндеті – ұрпағымыздың ұлттық сана-сезiмiн оятып, тәрбиелеп қана қоймай, оның бойына халықтық педагогиканы, ғасырлар бойы қалыптасқан тiл, дiн, тәрбие, ұлттық салт-дәстүр, үлгi-өнегенi сiңiру, яғни тәрбие беру мен оқыту әдістемелерін ұштастыра білу.  Халқымыздың тiлiн, тарихын, ұлттық дәстүрін, ата салтын білуге бүгiнгi ұрпақты тәрбиелеуге ат салысу – жалпы ұлтымыздың мiндетi. «Білімді ұлт», «сапалы білім беру» ұлттық жобасында, жоғары оқу орындарын дамытудың стратегиялық жоспарларында, жоғары оқу орындарының тәрбие жұмысының жоспарларында көзделген. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ гуманитарлық факультеттерінде «Этнопедагогика», «Этнопсихология» деген пәндер таңдау пәндері ретінде енгізілген, ендігі уақытта аталған пәндермен қоса, «Қазақ этнографиясы», «Қазақ халқының дәстүрлі мәдениеті мен жаңғыруы» деген пәндерді енгізіп, таңдау пән емес, міндетті пән ретінде енгізілсе, жастарды ұлттық рухта тәрбиелеуге септігі тиер деген ойдамыз.

Ұлттық тәрбие идеясы өмірлік қажеттіліктен туындап отыр, оны ата-бабалар алдындағы қарыз бен кейінгі ұрпақ алдындағы парыз деп түсінуіміз керек. Сондықтан мұнда мемлекет жасауға ұйытқы болып отырған этнос пен мемлекеттің мүддесі қатар тұруға тиіс. Ендеше, адамзат баласының осы уақытқа дейін жасаған озық тәжірибелері мен жетістіктерін қолдан келгенше түгел игеріп, қажетімізге пайдалануымыз керек. Сондай-ақ, ағымдағы уақыттың талабы мен сұранысын қанағаттандырып отыру да ұлттық тәрбиедегі негізгі қағидалардың біріне айналуға тиіс. Бұл үшін қазақ ұлтын қай тұрғыдан да жаңа дәрежеге, жаңа зияткерлік сапаға көтере алуымыз тиімді.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

Қалшабаева Б.К. Теориялық этнология. Алматы: Қазақ университеті, 2016.- 236 б.

Манкеева Ж. 156 б.Тілдің этномәдени мұралық қызметі //«Рухани ғылыми мұра» тақырыбындағы республикалық ғылыми-теориялық конференция материалдары.-Алматы: Абай атындағы ҚазҰПУ, 2008.-478 б.

Садохин А.П., Грушевицкая Т.Г. Этнология. – М.: Высшая школа, 2000. -304 с.

 

     Бибизия Қалшабаева,       т.ғ.д. профессор м.а., әл-Фараби атындағы ҚазҰУ   Тарих факультеті Археология,   этнология және музеология   кафедрасының меңгерушісі.

 

Бөлісу: