Ұлт боламыз десек, ұлттық тәрбиеге мән берейік

306

         «Тәрбие – отбасынан басталады», «Қызыңды тәрбиелесең, ұлыңды тәрбиелейсің» деген қазақ. Ел боламыз, ұлт боламыз десек – ұлттық тәрбиеге  мән бергеніміз абзал. Өмірде түрлі жағдайлар кездесіп жатады. Жақсы жағдай болса қуанасың, жаман болса ренжисің. Дегенмен, көп жағдайда мектепті кінәлап жатады. Ұлт тәрбиесі, ұлттың болашағы туралы бала дүние есігін ашып, шыр етіп жерге түскеннен бастап қолға алу керек.

         Баланың болашағы жарқын болсын десек, ата-ана ең алдымен тәрбиені өзінен бастағаны абзал. Қазақ – үлкенді сыйлап, тегінен адаспай, теңіне жолыққан халық.

         Бабалар мұрасы біз үшін келер ұрпаққа аманат. Қарап отырсақ, өткеннің бәрі кеше, болашақтың бәрі ертең болып қалуда. Бар үмітіміз – бүгінде. Ендеше, кеше мен ертеңнің арасын жалғастыру бүгіннің еншісінде.

         «Жастай берген тәрбие, жас шыбықты игендей» дейді қазекем. Тәрбие отбасынан басталып, мектепте жалғасуы керек. Олай дейтініміз, біз ата-ананы пір тұтқан, тегімізді атадан, тілімізді анадан санаған халықпыз. Ұлттық салт-дәстүрімізді білу, оның астарын түсініп, атадан балаға мирас ету қазіргі таңда әсіресе қазақ қыздары үшін ауадай қажет.

         Қазақ халқының әдеп-ғұрпын, салт-дәстүрлерін қыз баланың бойына сіңіре отырып, қыз балаға келешекте ана, ақ босағаның аруы, шаңырақтың құт-берекесі екенін  ұғындырған жөн. «Атасыз ұл ақылға жарымас, анасыз қыз жасауға жарымас»,   болмаса «Қыз ақылды ескермес, ана үлгісін көрмесе» деген ғой қазақ.

         Қыз балаға жоғарыда айтылған әңгімелерді  айтып қана қоймай, ат-ана өздері үлгі-өнеге көрсетулері қажет.

         «Қыз ұлттың бойтұмары» депті бір сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Расында да қыз елдің көркі, гүл жердің көркі. Сұлу сырт келбетіне ішкі рухани дүниесі сай келіп жатса нұр үстіне нұр болар еді.

         Қазақ қыздың жолы жіңішке деп, қызға қырық үйден тыйым салған. Жіңішке деген сөздің ішінде қаншама мағына, тәрбие жатыр. «Қызды басқа үйге қондырма, ұлды басқа үйден тойдырма» деген мақалдың ішінде де қанша тәрбиелік мағына жатыр. Бұл дегеніңіз  әрине, қыз баланың мінезі, жүріс-тұрысы, сөйлеу мәнері, дауыс ырғағы, адамға қарауы, киім киісі, үлкенге құрметі, кішіге ізеті, қатты күлмеуі, ыдыс-аяқты сылдырлатпауы, алдымен кіріп, артымен шығуы, есікті теуіп ашпауы, ұсынған кесені төмен қарап беруі, үлкендерден жоғары отырмауы,  т.б. міне, қараңыздаршы осы тәрбиенің бәрі ата-ананың құзырында.

         Ата-анамыздан қалған «Қызым саған айтам, келінім сен тыңда» деген сөз бар. Жоғарыда айтылған тәрбиенің барлығы келінге де қаратылып айтылған сөз деп түйіндеген жөн. Сондықтан да халқымыз  «Келін деген киелі сөз», «Келін туыс пен туысты, ел мен елді жалғастыратын адам» деген. Үлкенді құрметтеу,  кішіге ізет білдіру қыздарымыз бен келіндеріміздің алтын ережесі болып қалуы керек.

         Қазақта «Үлкенді сен сыйласаң, кіші сені сыйлайды, кіші сені сыйласа, кісі сені сыйлайды» деген де қағида бар ғой. Міне, үлкен мен кішінің сыйластығы осылай басталады.

         Ұлттық дәстүрімізден озбай, қазақы қалпымызға қылау түсірмей, ұядан алған ұлағатты сақтап өткен жөн деп ойлаймын.

         Себебі ұлттық салт-дәстүрімізді білу, оның астарын түсініп, атадан балаға мирас ету қазіргі таңда қазақ жастары үшін ауадай қажет. Қыз баланың бойына асыл қасиеттерді дамыту тек ақыл айтумен шектелмейді. Бұған ата-ананың үлгісі қажет. Қыз да, ұл да ержетіп өмірден өз орнын тауып жатса, ата-анаға одан артық бақыт жоқ. Тіпті, олардан немере, шөбере көрсең атыңның өшпегені, шырағыңның мәңгі жанғаны.

         Бірақ бізде әттеген-ай дейтін жайттар көп, қазақ қыздарының қазіргі уақыттағы жүріп-тұруы, сөйлеуі, өздерін ортада ұстауы көзге оқшау көрінеді. Әнші Жеңіс Ысқақова бір сұхбатында: «Біздің тәп-тәуір қыздарымыздың жалаңаш жүргенін көріп бұл не өнеге, деп жағамызды ұстаймыз. Әр халықтың өзінің дәстүріне сай салты, менталитеті мен мәдениеті бар емес пе? Бізге Европа немесе Америка елдеріндегі әншілерге еліктеу – ұлттық өнерге өнеге бола алмайды. Қазақтың қыздарына сахнаға іш киіммен шығып, ән айту жараспайтын қылық» депті («Дат» газеті, 2015ж.).

         Батыр Бауыржан Момышұлы атамыздың келіні Зейнеп Ахметованың «Қазаққа еңбек сіңірген адам – ұрпағын намысты етіп тәрбиелеген адам» деген тақырыпқа арналған телеарналардың біреуіне берген сұхбатындағы «Үлкен ұялмаса, кіші қайтіп қымсынсын», «Жалаңаш келіннің бетін ашудың қажеті не? Атасының аузына қасық тыққан келін, ертең оның көзін шанышқымен шұқымай ма?». Жақсы ісің де, жаман қылығың да тікелей ұлтқа барып тиеді деген жан айқайы қыз баланың жетесіне дейін жеткізіп айтқан әңгіме қайда жүрсеңдер де «Қазақтың ұлы», «Қазақтың қызы деген атқа лайық болып жүріңдер» айналайындар дегені ғой. Міне,  нағыз ұлттың жанашыры деп осындай кісілерді айту керек шығар. Зейнеп Ахметқызы бұл тақырыпты қозғағанына көп жыл болды. Мен өзім газет бетіндегі мақалаларды әрдайым оқып, пікір жазуға тырысамын. Мысалы, «Алматы ақшамында» өте көлемді мақалалар жарияланады. Әр кезекті санын күтіп отырамын.

         Телеарналарда қазіргі кезде  нендей бағдарламалар жоқ. Меніңше барлығының мағынасы бір-біріне өте ұқсас, бір-бірін қайталайтын сияқты. Тақырып түгел ашылмайды, себебі уақыт тығыз. Закең бір сөзінде: «неге қазақтың салт-дәстүрі туралы телебағдарлама жасамайсыңдар» деп сұрақ қойған екен телеарна басшыларына. Әзірше жауап жоқ көрінеді.

         Шынымен де жастар ұлттық ұғым түсініктің қазақ жөн-жоралғының мәнісін білуден қалып барады. Жастар соның бәрін кімнен білерін, көкейіндегі сауалдардың жауабын қайдан іздерін білмей жүргендері көп. Соларға сәл де болса бағыт-бағдар, нұсқау, көзін ашу, көкірегіндегі ұлттық сананы ояту сыйпатындағы бір ұлттық телебағдарлама керек деп ойлаймын.

         Мұндай бағдарламалар түнгі сағат онда емес, таңертеңгі сағат алтыда емес, кешкі сағат жеті-сегіздер арасында ата-аналары жұмыстан қайтқанда отбасымен бірге отырып көретін бағдарлама болуы керек. Себебі бұл бағдарламадан ата-ана сабақ алады. Осыарды білетін  әжелер өмірден озбай тұрғанда алатынымызды алып қалуымыз керек. Әжелердің айтары бар. Осы әңгімемді ұстаздарға қаратып айтқым келеді. Мектеп қабырғасында жүрген қыздар мен ұлдарды ата-әжелермен  кездестіру ұйымдастыру керек. Себебі илейтін қамырымыз бір. Ол – ұлттық тәрбиені жолға қою.

         «Қазақтың қызымын» деген сөзден арланып қалатын күннің таңы атпаса екен деймін. Сондықтан бәріміз бірге бірлесе отырып, атсалысайық, бұл біздің қолымыздан келетін іс. Себебі қыз бала тәрбиесі қай кезде де назардан тыс қалып көрген емес.

         Бірақ бүгінгідей қоғамның аласапыран кезінде де қыз балаларды жан-жақты тәрбиелеу уақыт күттірмейтін мәселе.

  Базаркул  Сақова, зейнеткер

Бөлісу: