Биыл еліміз ұлы қазақ халқының біртуар ұрпағы, Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойын атап өтуде. Оны қазақ даласының «Сегіз қырлы, бір сырлы» деп аталатын атақты адамдарына жатқызуға болады. Ол талантты әдебиеттанушы, терең ойшыл, жарқыраған публицист, жанқияр саясаткер, ізденуші ғалым, керемет ұйымдастырушы және өз халқының дамуына қызығушылық танытқан қоғам қайраткері болды. Ол энциклопедиялық ақыл мен ерекше қабілеті бар, өмірді жақсы көретін және айналасындағы адамдардың тағдырына бей-жай қарамайтын адам. Оның бүкіл еңбегінің мәнін бір ауыз сөзге сыйғызып айтар болсақ, ол бас әріппен жазылған ХАЛЫҚ ҰСТАЗЫ.
Ахмет Байтұрсынұлы қазіргі Қостанай облысы Жангелдин ауданы Сарытүбек ауылында 28.1.1873 жылы туған. Ауыл молдасынан, Торғайдағы 2 сыныптық орыс-қазақ мектебінен, Орынбордағы 4 жылдық қазақ мұғалімдері мектебінен білім алған. 1895-1909 жылдары Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралы уезіндегі ауылдық және болыстық мектептерде мұғалім, Қарқаралы қалалық училищесінде мұғалім, кейіннен меңгерушісі болды. 1905 жылдан бастап саяси күрес жолына түсті.
Тәржіма өлеңдерін қамтыған «Қырық мысал» жинағы 1909 жылы Петербордан басылып шықты. 1909 жылы 1 шілдеде губернатор Тройницкийдің бұйрығымен Семей түрмесіне жабылып, Ресей империясының ІІМ-нің Ерекше кеңесі оны қазақ облыстарынан тыс жерге жер аудару жөнінде сот шешімін шығарды. Осылайша 1910 жылы 9 наурызда Орынборға жер аударылып, 1917 жылдың соңына дейін қоғамдық-саяси және ағартушылық іспен айналысты. 1911 жылы төл өлеңдер жинағы «Маса», тұңғыш қазақша әліппе кітапшасы «Оқу құралы» жарық көрді. Ұзақ жылдар дүниеге әкелуге талпынған тұңғыш жалпыұлттық басылым «Қазақ» газетінің алғашқы санын 1913 жылы 2 ақпанда басып шығарып, 1917 жылдың аяғына дейін өзі редактор болды. 1917 жылғы жер-жерде құрылған қазақ комитеттері мен қазақ съездерінің өтуіне атсалысты, қос жалпыұлттық Құрылтайды (съезді) ұйымдастырып, «Алаш» партиясы мен Алашорда үкіметінің құрылуына ұйытқы болды.
1919 жылы наурыз айында Мәскеуге барып Кеңес үкіметі басшыларымен келіссөз жүргізді. Өзі қазақ даласын басқаратын Әскери-революциялық комитеттің төрағасының орынбасары болып бекіді. 1920 жылы 26 тамызда құрылған Қазақ автономиялық кеңестік үкіметінің құрамына еніп, 1920-21 жылдары Халық ағарту комиссары, 1922 жылы Академиялық орталықтың, 1922-25 жылдары Халық ағарту комиссариаты жанындағы ғылыми-әдеби комиссияның, Қазақ өлкесін зерттеу қоғамының төрағасы болды. Осы жылдары негізгі жұмысына қосымша Орынбор мен Тәшкендегі педагогикалық жоғары оқу орындары – Қазақ халық ағарту институттарында қазақ тілі мен әдебиеті және мәдениет тарихы пәндерінен дәріс оқыды. 1925 жылы Қазақстанға Сталиннің тапсырмасымен қандықол Ф.И.Голощекин басшы болып келгеннен кейін Алаш зиялыларының бастарына қара бұлт үйіріліп, бақ ұшты. 1929 жылы 2 маусымда тұтқынға алынып, Мәскеудегі атышулы Бутырка абақтысына жөнелтілді. ОГПУ-дің 1930 жылғы 4 сәуірдегі шешімімен ату жазасына кесілді, кейін бұл үкім 10 жыл концлагерьге қамалуға, артынан 3 жыл Архангельскіге жер аударылуға ауыстырылды. Өмірлік жары Бадриса (Александра) екеуі де денсаулықтан айырылып, 1934 жылы Алматыға жеткенімен 1937 жылы 8 қазанда тағы бір мәрте қамауға алынып, 8 желтоқсанда Алматы түрмесінде атылды. Ахмет БАЙТҰРСЫНҰЛЫНЫҢ өміріндегі ең маңызды істер қатарына үш ірі бастамасын жатқызуға болады:
- Әлихан Бөкейханов және Міржақып Дулатовпен бірлесе отырып, өз заманы мен бүкіл қазақ халқы үшін тұтас ұлттың сауаты мен білім айнасына айналған «Қазақ» газетін басып шығару;
- Араб графикасын қолдану арқылы «Төте жазу» жасау;
- «Алаш-Орда» үкіметінің қызметіне қатысу. Әрине, Ахмет Байтұрсыновтың өмірінде өзгеде айтулы оқиғалар болды, алайда дәл осы оқиғалар қазақ халқының өмірінде терең із қалдырды, оны өз елінің көрнекті ұлы етті, оның тәуелсіздігі туралы арманын асқақ етті. Ахмет Байтұрсыновтың атын естімеген қазақ баласы жоқ шығар. Оның әліпбиі мен оқу құралдарын оқып, сол ғылыми еңбектерінің арқасында қаншама адам сауатын ашты.
Ахмет қазақ даласының әр түрлі аймақтарында мектептер ашып, ұстаздық қызметпен айналысты, жарғақ құлағы жастыққа тимей, «әр қазақтың баласы қалайда оқу керек» деп –масаша ызылдап, туған халқын оқуға, өнер-білімге шақырды.
«Өркениетті елдерден кейін қалып, көрінгенге жем болып жүргеніміз біліміздің, өнеріміздің жеткіліксіздігінен, оқыса, ілгері кеткен елдер қатарына қосылуға талпынса, қазақ халқы да ешкімге есесін жібермейді» – деген Ахмет Байтұрсынұлы! Тәуелсіздік алғалы бері біз бүкіл әлем мойындаған мемлекетімізді құрып, экономикамызды нығайта алдық.
Біздің алдымызда ел болашағын сеніп тапсыратындай,төл мәдениетін жақсы білетін, туған тарихын сүйетін естияр ұрпақ дайындау міндеті тұр.
Ғалымжан Бейсенбайұлы, №1 А.Байтұрсынов мектеп-лицейі
тарих-география пәні мұғалімі. Түркістан қаласы