Шымкент қаласындағы Әдет-ғұрып және салт-дәстүрлер орталығының қызметкерлері «Сан Тарап» этнографиялық-экспедициялық жобасы аясында 4 еліміздің төрт тарабын зерттеуді мақсат тұтты. Ал біз барған өңір Орталық Қазақстанның, Жезқазған қаласы болды.
Жезқазған – Қазақстанның тарихи, мәдени және қазба байлығы жағынан да маңызды өлкелерінің бірі. Менделеев кестесіндегі элементтердің бәрі кездесетін шаһардың орналасқан жері де қасиетті. Жезқазғанның ең маңызды ерекшеліктерінің бірі – оның бай тарихы мен мәдени мұрасы. Қалада атақты Ахмет ишан Оразайұлы мешіті, Алаша хан, Жошы хан, Домбауыл кесенелері және таңғажайып Жезқазған тарихи-археологиялық мұражайы сияқты тарихы жүздеген жылдарға созылған көне орындар мен мұражайлар бар. Жезқазғанда сәулеттік өнер ескерткіштері мен әрбір бұрышы қала тарихы жайлы сыр шертеді. Жезқазған атауы «мыс қазылған жер» деп аударылады.
Ауызша тарихымыз атадан-балаға ауысып, жаңғырып отырған. Төл тарихымызды өз ғалымдарымыздан басқа жат-жұрттық саяхатшы кезбелер де тамсана жазған.
Сапарымыздың алғашқы күні Ұлытау облысының Жезқазған қаласындағы Тарихи-археологиялық музейінен бастадық. Оның басшылығы жылы қарсы алып, Ұлытау облысының арғы-бергі тарихынан әңгіме қозғады. Мұражайдың бірінші залы тас дәуірі, қола заманы, Байқоңыр, тастағы таңбалар, өлкенің қазба байлықтары, танымал тұлғалары, соғыс, еңбек ардагерлері және жергілікті шеберлердің қолынан шыққан жәдігерлермен (зергерлік бұйымдар, қару-жарақ, ер-тұрман, т.б.) жабдықталған.
Экспозицияның ажарын ашып тұрған «Алтын адам» бейнесі біздің ұлы мәдениетіміздің төлқұжатындай көз тартады.
Ал, екінші күні кенді қаладағы сапарымыз Қ.И.Сәтбаев атындағы тарихи-өндірістік мұражайда жалғасты. Оның директоры Кенжал Балкенұлы музейдің құрылуынан бастап, академик Қ.Сәтбаевтың қолтаңбасы қалған мұражайдың әрбір жәдігерін жіті таныстырып, қазақ кенінің атасы, ғалым, геолог Қазақстан тарихына, оның ішінде минералогия саласының дамуына қосқан үлесінен, кеншілердің өмірінен кеңінен мәлімет берді.
Сапарымыздың үшінші күнінде Мәкен Төрегелдин атындағы «Тау-кен және балқыту ісі тарихи музейіне» ат басын бұрдық. Мұражай директоры Зейпін Зікірқызы оның ашық аспан астындағы экспозициялық алаңдары мен залдарын аралатып, тарихы мен тыныс-тіршілігімен таныстырды. Отанның қорғаныс қуатын арттыруда марганец ошағын ашу, байыту фабрикасын салу, Ұлы Отан соғысы кезіндегі аса қат түсті металлургия кен орындарын іске қосу күн тәртібіндегі қауырт мәселе болған.
Музейде неолит дәуірінен басталған қарапайым шойын қорыту пештеріндегі жұмыс процесі, мыс балқытудың көне тәжірибесі, берідегі көмір комбайны, бұрғылау, жону станогы, жүк таситын вагонеткалар т.б. механикалық қондырғыларды жинап, әрбір жәдігерді көненің көзіндей сақтаған М.Төрегелдиннің қолтаңбасы сайрап тұр. Сонау қиыр шеттен әкелінген сол кездегі озық технологиялар бүгінде тарихи жәдігерге айналған. Соның негізінде құрылған әлемде теңдесі жоқ ашық аспан астындағы музей қоры қалыптасқан.
Сонымен қоса, қазақтың аңшылық қосы, құралдары, ұсталық дүкен құрал-жабдықтары мұқият түрде жүйелі сақталған. Жәдігерлерді жас ұрпақтың арнайы танып-білуіне жіті ден қойған. Бүгінде бұл музей қазақ жеріндегі тұңғыш металл өндеудің тарихын паш ететін құндылық болып табылады. Кеншілердің жанқиярлық ерлігі бір сәтте көз алдыңыздан тізбектеле өтеді.
Әрине, көне кен орнын тауып, оған жаңа өмір сыйлаған ғұлама, этнограф Ә.Х.Марғұланның еңбегі орасан зор.
Осы өлкенің тарихын жете білетін, Ұлытау облыстық «Мәдени мұраны сақтау және қорғау мекемесінің» директоры, тарихшы Мұхтар Бақытұлымен сапарымыз жалғасты.
Бүгінгі таңда Ұлытау өңірі үшін «Жошы хан» тарихи-сәулет кешені келешек ұрпақтың тарих пен білімге деген қызығушылығын арттыратын бірден-бір қасиетті жер болып саналады. Жошының ескерткіші далада орналасқанына қарамастан, зияратшыларды, туристерді, өлке тарихына қызығушылық танытушыларды үнемі қызықтыруда.
Жошы хан кесенесі – Қаракеңгір өзенінің жағасында орналасқан көне сәулет өнерінің ескерткіші. Күмбезде сақталған таңбаларға қарағанда, оны салуға Жошыға бағынған тайпалардың бәрі (оғыз, арғын, қыпшақ, керей, найман, қоңырат, қаңлы, т.б.) қатысқан. Дәстүр бойынша, күмбезді қайтыс болған кісінің жылдық асын беруден бұрынырақ жасайтын болған. Соған қарағанда, 1227 жылы қайтыс болған Жошыға 1228 жылы күмбез тұрғызылған болуы мүмкін. Жошы хан кесенесіне археологиялық зерттеу жүргізген Әлкей Марғұланның қазбасы кезінде кесененің ішінен табылған екі қабір анықталыпты. Олардың бірінен табылған шегеленген табыттан үстіңгі жақ сүйегі жоқ адамның бас сүйегі шыққан. Әрі қолсыз жерленген. Көне аңыздарда Жошы хан қабірге бір қолсыз жерленген десе, келесі аңызда бұл кесенеде Жошының тек бір қолы немесе «Жошы ханның шынашағы» қойылған деген мәліметтер айтылады.
Алаша хан кесенесі – Алаша ханның діни сәулетті күмбезі Қаракеңгір аталатын өзеннің жағасында, биіктеу жоталардың бірінде тұр. Бұл күмбезді қарахандықтар әулеті, сонау оғыз бен қыпшақтардың дәуіріндегі сәулет өнерінің қатарына қосуға болады. Ол шамамен X-XIII ғасырлар аралығын қамтиды. Десек те, ғалымдардың пікірі екіге жарылатынын аңғаруға болады. Себебі, кейбірі оны XV ғасырға жатқызатынын ілгеріде айтып кеткен едік.
Алаша хан туралы тағы бір аңыз бар ерте заманда Сарыарқа өлкесінде Алаша атты хан ғұмыр кешіпті. Оның Жошы атты жалғыз ұлы мен Домбауыл деген батыры болған екен. Хан ордасы сонау Ұлытаудың оңтүстік-шығысына қарай ағатын Кеңгір өзенінің жағасында тігіліпті. Сол ордасы тұрған жер қазіргі кезге дейін «Қанды арал», яғни хан отырған арал деп аталып келеді. Күндердің бір күні Жошы қасына нөкерлерін ертіп, аң алауға шығады. Бұл жолы аң емес, құлан қуып, көңіл көтергісі келеді. Бір топ құландарды көре, Жошы тұлпарымен нөкерлерін артқа тастап, арттарынан қуып жетіпті. Қарусыз жүрген Жошыны құландардың тентек айғырлары ортаға алып, тістелеп, таптап өлтірген екен. Кей аңызда Жошы жүйіткіген құландарды садақтың отымен қырып бастағанда, арасында қасқырдан да қаймықпайтын «Ақсақ құлан» атымен танымал бір айғыры жалт бұрылып, Жошыны атынан тістеп құлатқан екен. Содан Жошы тұлпарынан оңбай түсіп, мойны үзіліп, жан тәсілім етіпті дейді. Әйтеуір, осы аңшылықта хан баласы қапияда қазаға ұшырайды. Кейбір адамдар, құландар Жошыны жеп, тек шынтағын қалдырған екен десе, біреулер шынтағын ғана шайнап тастапты деп тарихтан сыр шертті.
Өлкенің бай-бағландары, билік құрған сұлтаны – Ерден Сандыбайұлынан бастап, Тәуелсіздігіміздің куәсі болған Камал Смайыл, күні кеше дүниеден озған академик Төрегелді Шармановтың ауылына жол түсті. Айыртау, Қазантау, Емшектаудың сұлу келбеті әлі талайларды тамсандырары хақ.
Түркі дүниесінде тарихты дүр сілкіндірген тұлғаларды жерлеу рәсімінің өз заңдылығы болған. Жаһанды уысында ұстаған қағандар – Шыңғыс, Жошы хандардың елден жырақ, төңірегі биік ерекше аймақта жерленуі де бекер емес. Жергілікті тарихшылардың осындай пікірлері де көп ойды меңзеуі заңды құбылыс. Қалай да бұл өңірдің құпиясы әлі де зерттеуді қажет етеді.
Осылай Ұлы даланың өткен тарихы мен бүгінінен ғибрат аларлық мәдени қазынаға қанықтық.
Ақмарал Орынбекова, Шымкент қаласындағы,
Әдет-ғұрып және салт-дәстүрлер орталығының қызметкері