Ұлы даланың біртуар перзенті (Бақытжан Әлімбайұлы Әбішев туралы)

414

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінде Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен 2019 жылдың 17 қазан күні Қазақстанның атақты суретшісі, мүсінші Бақытжан Әлімбайұлы Әбішевтің «Дала үні» атты мемориалдық көрмесі ашылды. Аталмыш көрме ағымдағы жылдың 30 қазанына дейін жалғасады. Көрмені музей директорының орынбасары Ғалия Теміртон ашып, келген қонақтармен мүсінші туралы естеліктерімен бөлісіп, іс-шара жайлы ақпарат берді.

Сонымен қатар, көрменің ашылу салтанатына Қазақстан Суретшілер Одағының төрағасы Жұбаниязов Өмірбек бастаған бірқатар  зиялы қауым өкілдері келіп Бақытжан Әлімбайұлын еске алды. Суретшінің қазақ бейнелеу тарихының төрінен ойып орын алғаны жайлы, ақындар бар сұлулықты тілмен жеткізсе, суретшілер түрлі-түсті бояулармен дәріптеп, ал мүсіншілер жұмсақ қолдарымен бейнені сұлбалау арқылы пішіні мен сұлулығын көрсетуімен ерекшеленетіндігі туралы ой толғап, шығармашылығы жайында сөз қозғады.

Мүсіншілік өнері кез – келген адамзаттың бойына біте қоймайтын асыл қасиет. Әсіресе, қазақтар арасында әлі де кең тарай қоймаған сирек мамандық. Бақытжан Әбішев осындай сирек талант иесі, мүсінші ретінде елге танымал суреткер, Қазақстан мүсіншілер мектебінің өзіндік қолтаңбасы, бағыты бар көрнекті орта буын өкілі.

Қазақтың көрнекті мүсіншісі, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты, марқұм Бақытжан Әбішевтің есімі елімізге, алыс-жақын шетелдерге кеңінен танымал. Еңбек жолын алғашында туған училищесінде, кейін Т. Жүргенов атындағы Алматы көркемсурет институтында оқытушы болып бастады.

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, белгілі мүсінші Бақытжан Әбішевтің шығармашылығы мәдени қоғам мен көрермендердің көпшілігіне жақсы таныс. Қазақ халқының тарихы, көрнекті қайраткерлердің тақырыбы мүсіншіге аса жақын болды. Ол тарихи тұлғалар мен ұлттық батырлардың бейнелерін қалпына келтіруге үлкен үлес қосты.

Б. Әбішевтің орнықты мүсіндік тақырыптары мен сюжеттері қазақ тарихы мен халық өмірі және салт-дәстүрлерімен тығыз байланысты. Автор өз шығармаларын жасаудағы әртүрлі композициялық және көркем пластикалық мәнерлі құралдар мен әдістерді пайдаланған («Анасының портреті» жылулыққа және шынайы махаббатқа толы, «Күйші» кеңдігі мен пластикалық қуаты, «Ұран» халқының ерлігіне құмарлықпен шақыру, «Құлагер» мейірімділігінің және зұлымдықтың өшпес қарсы тұру идеясы, «Ұмай», «Томирис», «Беташар», «Бүркітші», «Батыр» қазақ батырларының күші мен ептілігі).

Б.Әбішев 1970 жылдан бастап студенттік, республикалық, бүкілодақтық және халықаралық көрмелердің тұрақты қатысушысы, сондай-ақ көптеген байқаулардың лауреаты, көрнекті монументалдық жұмыстардың авторы. Б.Әбішев Алматы қаласында Жамбыл, Тоқаш Бокин мен Ататүрікке, Жаңақорғанда Ұлы Отан соғысы құрбандарына, Ақтөбе қаласында Әлия Молдағұлова, Бұхар Жырау, Мәшһүр Жүсіп Көпеевке, Баянауылда Сұлтанмахмұт Торайғыровқа, Қарағанды қаласында жазушы Сәкен Сейфуллинге, сонымен қатар, Әл-Фараби, Махамбет, Күләш Байсейтова, жазушы Әди Шәріповке, Жаяу Мұсаға Астана қаласында қазақ халқының ақын, жазушыларына, батырларына арнап қойылған көптеген ғажайып ескерткіштердің авторы. Станок жанрының шеберінің көптеген жұмыстары қазақстандық және шетелдік музейлерде, «Олимпиадашы» атты өзгеше еңбегі Швейцарияның Лозанна қаласындағы Олимпиадалық комитеттің штаб – пәтерінде тұрған, Германияның жеке коллекциясындағы «Күйші», Мәскеу қаласындағы «Томирис». Әсіресе 1836-1837 жылдардағы көтеріліс басшылары Махамбет Өтемісұлы мен Исатай Таймановқа монументальдық комплекске сіңірген еңбегі өлшеусіз.

Бақытжан Әбішевтің соңғы жылдары жасаған ірі туындысы – 2003 жылы Атырау қаласында ЮНЕСКО шеңберінде аталып өткен Махамбеттің 200 жылдығына арналған «Исатай мен Махамбет»  моументальды кешені.

Б. Әбішев – ҚР Суретшілер Одағының мүшесі, ҚР Ленин комсомолы сыйлығының және халықаралық сыйлықтың лауреаты. Оған Қазақстанның мәдениеті мен бейнелеу өнерін дамыту ісіне қосқан зор үлесі үшін «ҚР Мемлекеттік сыйлығы», «ҚР Президентінің Бейбітшілік және рухани келісім сыйлығы» тапсырылды. Мүсіншінің туындылары шығармашылық жасампаздықтың ұлы көрінісі ретінде тарихта мәңгілік өміршең болатынына сенемін. Тамаша шебердің қолымен жасалған көркем монументалды жұмыстары ұлттық – мәдени мұрамыздың қорын байыта отырып, бүгінгі және келешек ұрпаққа жол сілтейтін қылқалам және мүсін өнерінің шамшырағы болуға шақырады.

                           ҚР Мемлекеттік орталық музейінің қызметкерлері  Гүлмайра Ахатова, Гүлайым Қыдыралиева

Бөлісу: