Отырар мемлекеттік археологиялық музей қорығының «Сапар орталығының» алдына дүниежүзілік ғылым мен мәдениетте көрнекті із қалдырған ортағасырлық ойшыл, энциклопедист-ғалым, Шығыс Ренессансының көшбасында тұрған дара тұлғалардың бірі Әбу Насыр әл-Фарабиге арналған ескерткіші орнатылды.
Әл-Фарабидің өмірі жайындағы мағлұматтар ұлы ойшыл, әрі үлкен саясаткер, білгір физик,астроном, дарынды математик, ірі филолог және музыканың атасы болған дананың қазақтың ежелгі қаласы
Отырарда туып өскенін дәлелдейді. Бұл шаһардың Орта ғасырда Фараб деп аталғаны белгілі. Тарихи мәліметтер бойынша ол қала Арыс өзенінің
Сырдарияға құя беріс сағасында орналасқан, яғни қазіргі Отырардың орнында.
Бүгін Ұлы ғұламаны дәріптеу, ұлы бабаға деген ерекше құрмет көрсету мақсатында туған жерінде ескерткіш орнатса, өткен жылы бабамыздың 1150 жылдығына орай Отырар музей-қорығының сапар орталығына экспзициялық залы ашылып, Дамаск қаласынан оның пайдаланған жәдігерлері мен ноталары әкелініп, осы залдан орын алды.
«Ұлы өркениет философы Әбу-Насыр әл-Фараби рухани әлемі – адамзат өркениеті мен рухани құндылықтарының биік шыңы» деп, Жақыпбек Алтаев ағамыз айтқандай әлемдік өркениетте өз орнын ойып алған ұлы Әл-Фараби іліміне қайта оралу, танып білу, ұлт мүддесіне жарату – таусылмас рухани азық, баға жетпес рухани құндылық болып табылады.
«Отырар» мемлекеттік археологиялық музей – қорығының баспасөз қызметі