Көктемнің жарқын мерекесі Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мейрамы. Жыл өткен сайын Наурыз мейрамы елімізді мекендеген бүкіл халықтың, ұлт пен ұлыстың сағынып күтетін ортақ мерекесіне айналып, жаңа мазмұнмен, жарасымды сән-салтанатымен түрлене түсуде. Наурыз мейрамы – көктем мейрамы және Орталық Азия халықтарының Жаңа жылы. Бұл мереке бірнеше мың жылдан бері аталып келеді. Парсыша «наурыз» бірінші айдың бірінші күні дегенді білдіреді. Бұл айды парсылар «наусарыз», хорезмдіктер «наусарджи», армяндар «навасарди», чуваштар «норас-ойахе» деп атаған. Қазақстанда кеңес заманында талай жылдар бойы діни мереке деп саналып, тыйым салынды. Соңғы рет 1926 жылы тойланған Наурыз мейрамы Қазақстанда 1990 жылдардың басында қайтадан ресми түрде атала бастады. 2001 жылы Наурыз мейрамы мемлекеттік мереке ретінде жарияланды. Күн мен түннің теңеліп, жан дүниені тірілткен, шаруаның бір малы екеу болып, арқа-басы кеңіп, аққа аузы тиген, қытымыр қыстың ызғарынан құтылып, алдағы шуақты күндерден үміттендірген Наурыз мерекесі Тәуелсіз еліміздің зор ықыласпен тойланатын нағыз халықтық сипаттағы салтанатына айналды.
Биылдан бастап Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен еліміздің барлық өңірінде Наурыз мерекесін жаңа форматта атап өтті. Мереке 14-24 наурыз аралығында тойланды. Биыл бекітілген Наурыздың бірегей логотипі де өте тартымды болды. Он күнге жалғасатын бұл іс-шара – Наурызнама деп аталады. Ұлық мейрам туралы деректер біздің ұлы философтарымыз Махмұд Қашқари, Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы, Мұхтар Әуезовтің еңбектерінде көрсетіліп жазылған. Ал енді жыл сайын 14-23 наурыз аралығында өтетін Наурызнамаға келетін болсақ:
- 14 наурыз – Көрісу күні – Амал мерекесі. Бұл дәстүр негізінде еліміздің батыс өңірлерінде сақталған. Қазір бұл мерекені барлық аймақта тойлау ұсынылды.
- 15 наурыз – Қайырымдылық күні. Бұл күнді ел бойынша қайырымдылыққа, мейірім мен тату көршілікке арнаймыз.
- 16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні. Бұл күн мәдениетімізді, өнеріміз бен ұлттық құндылықтарымызды насихаттауға арналып, республика бойынша түрлі іс-шараларды өткізу жоспарлануда.
- 17 наурыз – «Шаңырақ күні». Осы күні отбасылық құндылықтарды дәріптеуге, өнегелі ұрпақ тәрбиелеген үлгілі отбасыларға арналған мәдени іс-шаралар өтеді.
- 18 наурыз – Ұлттық киімдер күні. Наурызнаманың онкүндігінде еліміздің барлық өңірінде ұлттық киімдерді насихаттауға бағытталған түрлі іс-шаралар өткізу ұсынылып отыр.
- 19 наурыз – Жаңару күні. Осы күні көктемгі ағаш егу дәстүрін жалғастыру ұсынылды.
- 20 наурыз – Ұлттық спорт күні. Бұл күні елдің барлық аймағында ұлттық спорттан түрлі жарыстар ұйымдастырылады.
- 21 наурыз – Ынтымақ күні. Оның басты мақсаты – жалпы халық арасында бір-біріне деген сый-құрметті арттырып, татулық пен бірлікті насихаттау.
- 22 наурыз – Жыл басы. Бұл күні еліміздің барлық өңірінде жалпыхалықтық мәдени-спорттық іс-шаралар өткізіліп, стильді этноауылдар мен түрлі жәрмеңкелер ұйымдастырылады. 14-23 наурыз аралығында «Наурыз-базарлық» маусымы жарияланады. Бұл күндері сауда орындарында жаппай сатылымдар өтеді.
- 23 наурыз –Тазару күні. Наурызнаманың қорытынды күні, жаңа жылды тұтас ел болып, жаңа мақсат, жаңа үмітпен қарсы алудың символы ретінде етіп жарияланады. Бұл күні Қазақстанның барлық аймақтарында жалпыұлттық экологиялық акция өтеді.
Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының қарарымен, 2010 жылы Наурыз халықаралық мейрам мәртебесіне ие болды. Наурыз мейрамы аясында міндетті түрде атқарылатын рәсімдер баршылық. Мәселен, наурыз көже дайындалады, апаларымыз қысқы соғымның әбден сүрленген қадiрлi мүшелерiн осы күнi қазанға салады. Соғымға сойылған малдың басы немесе шекесі қосылып, қазы-қарта, жал-жая қазанға түседі. Ет сорпасына көже қайнатады. Оған тары, арпа, бидай, бұршақ, күріш сияқты жеті түрлі дән мен ақ қосады. Тұз бен суды қосқанда дәмнің саны тоғыз болуы тиіс.
Түркі халқының ұғымында жеті мен тоғыз және қырық – аса киелі сандар. Сол себепті наурыз көже аса қасиетті тағам болып саналады. Оған қоса, ол – тоқшылық пен ырыс-құттың жоралғысы. Наурыз мерекесі жадыраған жазды қарсы алар көктемнің басы болғандықтан, оны қазақтар «Самарқанның көк тасы жібіген күн» деп те атайды. Бұл бүкіл табиғат ананың тоңы жібіп, жаны кіретін тіршілік басы дегенді білдіреді. Сондай-ақ, бұл күні көңілінде кірбіңі барлар татуласады, адамдар бір-бірінің үйіне кіріп, құтты болсын айтады, бұлақ көзін ашады, алдын ала үйін, ауласын кір-қоқыстан тазартады. Наурызды «жыл басы» деп танығанымен, оның барша болмысын, философиясын жыл алмасумен шектемейді. Осы күндері дүниеге келген сәбилерге Наурызбай, Наурызгүл сынды есімдер беріледі. Жер иесі – Қыдыр ата елді, үйді аралап, бақыт сыйлайды, бата береді деген сенім-наным және бар. Ұлы Абай айтқандай: «Ол күнде Наурыз деген бір жазғытұрым мейрамы болып, наурызнама қыламыз деп, той-тамаша қылады екен». Дәстүр бойынша бұрын Наурыз мейрамын бүкіл ауыл-ел болып, әсіресе жастар жағы түгелдей таң шапағатын қарсы алып, арықтарды тазалап, су жіберуден, ағаш отырғызып, гүл егуден бастайды. Бұл күн жер-жерде ат бәйгесі, көкпар тарту, қыз қуу, палуандар күресі тектес ұлттық ойындардан сайыстар ұйымдастырылады.
Наурыз – еліміз үшін жыл басында тойланатын думанды халықтық мейрам. Сонымен қатар, атап өтетін жағдай, бұл мерекенің негізгі мағынасы мен маңызы көптеген халықтар үшін ортақ болып табылады: бұл жаңалықтың, жаңа бастау мен жаңарудың күні. Қазақстанда бұл мейрамға ерекше көңіл бөлінген, себебі ол елімізде өмір сүріп жатқан сан халыққа ортақ мереке. Наурыз мемлекеттің қолдауымен тойланады, демалыс жарияланап, барлық қалалар мен елді мекендер үлкен дүбірлі той орталығына айналады. Осы ұлы мерекеде ұлтымыздың нақыштары анық байқалады: қалаларда киіз үйлер тігіліп, қазандарда наурыз көже піседі.Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!
Мөлдір Сұлтанова, «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығының кіші ғылыми қызметкері