Ақын, қоғам қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы Олжас Сүлейменовтің 85 жасқа толуына орай  «Әлем мойындаған тұлғалы қаламгер» атты онлайн сұхбаты @baishevabiblioteka, @aqtobe.madeniet Instagram парақшасында тікелей эфирде өткізілді. Іс-шараның арнайы қонағы халықаралық антиядролық «Невада-Семей» қозғалысы ҚБ Батыс Қазақстан аймағы филиалының директоры, ҚР «Денсаулық және Мәдениет ісінің үздігі», «Құрмет» ордені иегері, Парламент экс-депутаты, профессор  Көбенов Ізімғали Әбдірахманұлы Олжас Сүлейменовтің өмір жолы мен әдебиетке қосқан үлесі туралы, қайраткерлігі хақында ой өрбітіп, баяндап берді.

          Олжас Сүлейменов 1936 жылы 18 мамырда Алматы қаласында Олжабай батырдың тікелей ұрпағы Омархан Сүлейменұлы мен Фатима Бәделбаеваның отбасында дүниеге келді. Орта жүздің Арғын тайпасы Сүйіндік руының Айдабол тармағынан шыққан. Әкесі бірінші қазақ кавалериялық полкінің офицері болған, ол Олжас бір жасқа толғанда атылды. Олжастың атын Абылай ханның атты әскерінің оң қанатын басқарған жетінші атасы Олжабай батырдың құрметіне қойған.

          Олжас Сүлейменов туындыларын орыс тілінде жазады. «Арғымақтар» деп аталатын тұңғыш өлеңдер жинағы 1961 жылы жарық көреді. Осы жылы шыққан «Адамға табын, жер, енді» поэмасы Сүлейменов есімін әлемге танытты. 1962 жылы «Нұрлы түндер», 1964 жылы «Шапағатты шақ», 1967 жылы «Мешін жылы», 1969 жылы «Қыш кітап» өлеңдер жинағы жарық көрді. Одан бөлек «Түн – Париждің қызындай», «Доброе время восхода», «Таңдамалы лирика», «Повторяя в полдень», «Әр күнің сенің – таң», «Жұмыр жұлдыз», «От өрімдер», «Айқын жағалау», «Аз и Я», «Жазу тілі» кітаптары басылып шықты.

Олжас Сүлейменов – ұлтын сүйген қаламгер. Олжас Омарұлының басты ерен ерлігінің арқасында 1991 жылы Семей полигоны жабылып, Қазақстан толықтай ядролық қарудан бас тартты. Өз шығармаларында қазақ ұлтының болашағы үшін аянбай тер төккен күрескер тұлға ретінде суреттеледі. Қаламгердің әдеби туындылары тек түркі жұртшылығына ғана емес, әлем жұртшылығына кеңінен мәлім.

1975 жылы Олжас Сүлейменов «АЗ и Я» еңбегінде «Игорь жасағы туралы жыр» жайлы ғылыми тұжырым жасады. Бұл жырдың түркі және славян мәдениеттерінің өзара ықпалы нәтижесінде туған шығарма екенін дәлелдеді. Алайда, Брежнев те кітап туралы айтты, кейінірек Димаш Ахметұлы Қонаев та кітапта ешқандай ұлтшылдық жоқ екенін жазған.

Мамыр айының басында Алматы қаласындағы ҚР-ның Ұлттық кітапханасында Олжас Сүлейменовтің 85 жасқа толуына орай конференция өткізілді. Осы іс-шараға Ізімғали Әбдірахманұлы да арнайы қонақ ретінде қатысқан екен. Онлайн сұхбат барысында осы конференциядан алған әсерімен бөлісті. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан Олжас Сүлейменовтің есімін ҚР-ның Ұлттық кітапханасына беру туралы ұсыныс жасалған. Бұл, әрине құптарлық іс. Республикалық «Бір ел-бір кітап» акциясына жалпыұлттық оқылымға Олжас Сүлейменовты таңдаса, ұлт болып қайраткер жазушының шығармашылығымен кеңінен таныс болар едік. Жазушының әдеби, ғылыми-танымдық еңбектерін түсіне оқыған оқырманға, қаламгердің поэзиясы ең құнды сүбелі дүниелер қатарында. Олжасты тану арқылы әлемдік әдебиетті таңдап оқи аласың. Әдебиетке деген жаңашылдыққа бет бұрасың.

Расында, Олжас Сүлейменов — бірегей тұлға. Ізімғали Әбдірахманұлы Олжас ақынды көп жылдардан бері таниды, шығармаларына қанық. Дос ретінде де, қаламгер ретінде де Олжасқа айтар алғысы шексіз. 

          «Ядролық сынаққа қарсы «Невада-Семей» қозғалысы құру туралы үндеуді 1989 жылы 28 ақпанда КСРО депутаттарының I съезіне қатысқалы отырған Олжас Сүлейменов тастады. 1991 жылы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қаулысымен полигон жабылып, қозғалыстың алға қойған бар мақсаты орындалды. Сондай-ақ, 29 тамыз халықаралық ядролық қаруға қарсы күрес күні болып бекітіліп, Қазақстан толықтай ядролық қарудан бас тартты. Ең алғаш болып тіркелген ұйым да осы «Невада-Семей» ядролық жарылысқа қарсы халықаралық қозғалыс – қоғамдық-саяси ұйымы екен. Оны құруға атсалысқан тұлға — Олжас Сүйлейменов», – дей келе Ізімғали Әбдірахманұлы өте әсерлі әңгімелерімен, тарихи сәттердегі естеліктерімен бөлісті.
 Олжас ақын халықтың тағдырына көз жүгірткен тұлғалы қаламгер. Оның шығармаларында көтерілген мәселелер шекараны бұзып өтеді. Поэзиясы кіршіксіз, өткір әрі таза. Жырларында ұлтымыздың намысын арқау еткен, шынайы тұлға. Олжасты түсініп оқу екінің бірінің қолынан келмейді. Сөздері астарлы, ойы күрделі келеді. Олай болса, құрметті оқырмандар әлем мойындаған Сүлейменов Олжас Омарұлының әдеби туындыларын бірге оқиық! Тілімізге, әдебиетімізге, мәдениетімізге жанашыр болайық!

АҚМАРАЛ МҰҚАШЕВА, С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының қызметкері.

Бөлісу: