Әшекей бұйым – тік жаға

1
Тік жаға

Халық арасында «Адам көркі – шүберек»  деген даналық сөз бар. Шынында да, киім жайлылық пен ыңғайлылықтың кепілі, келбеттің ажырамас бөлігі, өзін-өзі көрсету құралдарының бірі, олар көпшіліктен ерекшеленуге өзін таныту мүмкіндігі.                                                                       

Аксессуарлар  сәнді бейнелерді жобалауда басты рөлді атқарады, олардың ішіндегі ең танымалдысы – чокер (мойынға арналған әшекей). Бұл әшекей бұйым біздің дәуірімізге дейінгі 2500 жылы пайда болған алқаның түрі. Ежелде  алқа өз иесіне күш беріп, зұлымдық пен бақытсыздықтан сақтайды деген сенім болған. Америка құрлығының тұрғындары  чокерді  құстардың қауырсындарынан, жануарлардың сүйектерінен, теңіз қабыршықтарынан жасаған және бұл әшекей күш пен билікке мүмкіндік береді деп сенген. Ежелгі майя тайпасында чокер көшбасшының күшін бейнелеген, ал  феодалдық  дәуірде құлдардың белгісі болған.

Қайта өрлеу дәуірінде бұл ақсүйектердің әшекейі ретінде сәнге енді. Інжу, асыл тастармен безендірілген жаппай алтын алқалар иесінің  материалдық жағдайын көрсеткен. Чокерлерді 1798 жылы Франциядағы революция жылдарында француз әйелдері мойнына қызыл таспалар түрінде таққан. Осылайша, олар гильотинада қайтыс болғандарға құрмет көрсеткен. Азия елдерінде де аталмыш әшекей сияқты  зергерлік бұйымдар қолданылған. Бұл әшекей  90-жылдардағы тренд болған, бүгінгі таңда  ол қайтадан  сәнге оралды. Әшекейлердің көпшілігін өнер туындыларымен салыстыруға болады.

Тарихшылар үшін ең маңызды дереккөздер – әскери барлаушылардың жазбалары. Олар сипаттаушы  шежіреге қарағанда, әлдеқайда уәжді болған. Патшалық Ресей кезіндегі осындай барлаушылардың бірі – полковник Василий Потто қазақтар туралы өз бақылауларын 1877 жылы жариялады. Қазақтардың тұрмысы туралы түрлі барлаушылардың жазбаларын оқи отырып, барлаушының өзі немен әуестенгенін бірден түсінуге болады, кейбіреулері жылқының әбзелдеріне көп көңіл бөлсе, басқалары ет тағамдары мен қымызды егжей-тегжейлі сипаттайды, ал Потто әйелдердің киім үлгілерін, әшекей бұйымдарын көптеп сипаттаған. Поттоның жазба деректеріне сүйенер болсақ, аталмыш әшекей  қазақ даласында да кең қолданыста болған. Ұлы дала елінің сәнқой қыздары да  жергілікті ұлттық келбетке – менталитетке байланысты бұл әшекейді киімнің бір бөлігі ретінде қолданды. Бұл киімде  тік жағалар болды.

Жағаның екі түрі кең таралған: тік және көлденең жаға. Сонымен қатар, бұл этникалық ерекшелік емес, тек практикалық таңдау. Киімдегі  жағалар  орамалмен үйлесіп тұрған.

Потто бұрынғы әйелдердің қымбат бағалы тастармен және күміспен безендірілген алынбалы «тік-жаға» қолданғанын жазады. Жағаның  бір бұрышына жұпар иіс үшін қалампыр немесе басқа хош иісті өсімдіктер салынған. Бұл сондай-ақ тұмар болды. Потто «қазақтың қыз-келіншектері тік жаға яғни чокерді жасауда көбіне бағалы металдың ішіндегі күмісті пайдаланған. Өйткені күмістің жылтыраған түсін, әр түрлі  техникалық тәсілдерге  икемділігін, жұмсақтығын  және  тазалығын жоғары ескерген. Күмістің адам баласына тигізетін пайдасы көп екен. Адам бойындағы ауруларды күміс тартады» дейді. Құрыстап тігілген тік жағаның ішіне жас босанған  ана, жас келіншектерді пәле-жаладан, тіл-көзден сақтау үшін оның қуысына қасиетті дұғаны қағазға тығып қоятынын атап айтқан.

Қазақ қоғамының қыздары қай жағдайда болсын, тектіліктің көрсеткіші болған, сәнді бұйымды да өз дәрежесіне сай қолдана білген. Халықтың тарихымен, қоғамдық құрылысы, әдет-ғұрпы, жөн-жоралғысы, салт-санасын  өркендетіп, көркемдікке, нәзіктікке, сұлулыққа деген ұмтылысын, сол бағытта табиғатты өзінше таңбалап бедерлеуін, сұлулықты іздеуге деген құштарлығын көрсетеді. Халқымыз сан қилы кезеңдерден өтсе де, көркемдік бейнелердің өзіндік ерекшеліктерін бұлжытпай сақтай отырып, сол қалпында ұрпақтан-ұрпаққа мирас ретінде жалғастыруда.

Қолданылған әдебиет.

1.В. Потто «Из путевых заметок по степи. От Илека до Уила»

   Д.Тауасарова, Түркістан облысы.

Бөлісу: