Өшпес ерлік ұрпаққа өнеге

Өшпес ерлік ұрпаққа өнеге

26.11.2019 0 By admin

«Патриотизм – Отанға деген  сүйіспеншілік. Жеке адамның аман-саулығы, қоғамдық, мемлекеттік қауіпсіздікке тікелей байланыстылығын, өзіңнің мемлекетке тəуелді екеніңді сезіну», – деп ел қорғаны Бауыржан Момышұлы айтқан екен. Шынымен де, патриотизм – әр азаматтың ел алдындағы парызы мен азаматтығының белгісі, өз елi мен туып-өскен жерiне, тiлi мен дiнiне, мемлекетiне деген шынайы сүйiспеншiлiгi.

Халқымыздың тарихында  ерекше атаулы мен мәңгі ұмытылмас күндер бар. Олар зор мәнге ие. 16 желтоқсан Тәуелсідік күні болса, ұлттық ұлан үшін 7 мамыр. 1995 жылғы 7 сәуір Қазақстан Республикасы ішкі әскерінің 7 жиынтық ротасы тәжік-ауған шекарасында айбынды ерліктің не екенін нақты дәлелдеп, қайтпас қайсарлық, беріспес батылдықтың ерен үлгісін көрсеткен болатын. Осы ұрыста 17 адам қаза тауып, 33 адам жараланды. Жауынгерлерді құрметтеу,ұмытпау, ерліктерін ұрпақтан ұрпаққа жеткізубіздің басты мақсатымыз.

Ақтөбеде «Keruen City» сауда-ойын-сауық орталығындағы «Kinopark 7» кинотеатрында тәжік-ауған шекарасында қызмет атқарған қазақстандық жауынгерлердің ерлігі туралы «Қазбат» атты көркем фильмнің тұсаукесер көрсетілімі өтті. Оған облыс әкімі Оңдасын Оразалин, Ақтөбе облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Нұрхан Кәдірбаев, сонымен қатар Сағи Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының «Бүркіт» патриоттық клубының мүшелері, кітапханашылар Шынар Кошанова, Алтынай Мажитова мен ҚР Ұлттық ұланы 6655 әскери бөлімінің сарбаздары қатысты.

      Фильм Қазақстан Республикасы әскери қызметшілерінің тәжік-ауған шекарасында бітімгерлік қызмет барысында  бастарынан өткерген шынайы оқиғаны баяндаған.Пшихарв шатқалында Қазақстан Ішкі әскерінің жетінші құрама ротасы содырлардың тұтқиылдан жасаған шабуылынан от пен оқтың құрсауында қалады. Ауған жағынан шабуыл жасаған содырлар бір сағаттың ішінде Тәжікстан аумағына өтіп кетуді жоспарлаған болатын. Бірақ оларға қарсы жасалған шабуылдың өте күшті болғандығынан, бес сағатқа созылған қарулы қақтығыстан кейін кері шегінуге мәжбүр болды.  Қапияда қаза болған 17 сарбаздың бесеуіне ІІ дәрежелі «Айбын» ордені, он екі жауынгерге  «Жауынгерлік ерлігі үшін»  медалі берілді. Жауынгерлердің барлығына Ресейдің «За отличие в службе» медалі берілген. Қазақстандық жауынгерлерге Тәжік халқына көрсеткен көмегі үшін Душанбеде  монумент тұрғызылды.Сонымен қатар шара барысында «Ауғанстан – жүректегі жара» атты кітап көрмесі жасақталды.

Біз ешуақытта да ел үшін жанын пида еткен батырларымызды ұмытпай, ерлік істерін жас ұрпаққа ұлықтауымыз қажет.

 Гүлжан Ескендірқызы,   С.Жиенбаев атындағы облыстық       жасөспірімдер кітапханасының    қызметкері.

Ақтөбе қаласы.

Бөлісу: