Бүгін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының ресми сайты Нұрсұлтан Назарбаевтың «Абай аманаты» атты мақаласын жариялады.

Адамзат өркениетінің тарихы сан мәрте дәлелдегендей, ұлы тұлғалар көбіне көненің күйреп, жаңаның бой көтеріп, қоғамның бір сападан екінші сапаға ауысар дәуірінде дүниеге келеді. Жаратушы өз мейірі түскен ерекше жанның бойына нұрлы сипат дарытып, замананың сан алуан факторлары оның қайталанбас дара болмысын сомдайды.

Абай Құнанбайұлы тұлғасы да сондай аралық кезеңнің жемісі. Ескінің соңы мен жаңаның басын жалғаған алтын көпір. Ол өмір сүрген тұста қазақ қоғамы бұрынғы хандық басқару жүйесінен біржолата қол үзіп, «өз қолынан өз ырқы кеткен» алды бұлыңғыр уақытқа тап болды; көшпенділік салттары дағдарысқа ұшырап, отырықшылық өркениет белгілері ентелеп ене бастады; баһадүр аламандықтың беті қайтып, заманауи білімге бет бұратын кез туып келе жатты.

Ұлы ақын, дана ойшыл Абай ХІХ және ХХ ғасырлар тоғысындағы Ағартушылық немесе Ояну дәуірінің көшбасшысына, елдің болашақ бағдарын айқындап берген рухани темірқазығына айналды. Үлкен білімпаз Құдайберген Жұбанов Еуропа руханиятымен салыстыра айтқандай, Абай – «өз ортасының Данте сияқты адамы», яғни халықтың дәстүрлі сөз өнерін, таным жүйесін, мінез бітімін түбірімен жаңаша түлеткен санаткер. Орыстар үшін Александр Пушкин, ағылшындар үшін Уильям Шекспир, немістер үшін Иоганн Гете, америкалықтар үшін Уолт Уитмен қандай болса, қазақстандықтар үшін Абай да – сондай рухани ұлы тұлға.

Мызғымастай көрінген Кеңес империясы құлап, тәуелсіз жас мемлекеттің негізін қалау миссиясы маған бұйырғанда, тарихтың «соқтықпалы, соқпақсыз» күрт айнымалы сәтінде хакім Абайдың өсиетіне жүгініп, елімнің болашағына жаңаша көзқараспен қарағаным хақ.

Байқауымша, ұлылықты ұғыну бір бөлек те, онымен табысу және тоғысу, яғни түпсіз тереңіне бойлап, жеке болмысыңа жарату – өз алдына қырық қатпар құбылыс.

Осыған орай «Менің Абайды тануым әуелде неден басталды?» деген сауалға ден қойғанда, әлбетте ұлы ақынның сөздері бесік тербеген әлдимен бірге құлаққа сіңді десем, асыра айтқандық бола қоймас. Рас, өлең сөзге жүйрік, ел әдебиетіне қанық әжем Мырзабала мен анам Әлжан кішкентай күнімде тіні үзілмеген дәстүрлі тәрбие аясында халқымыздың ертегі, аңыз, қиссаларын жадыма барынша сіңірді. Бұл Абай әлеміне апаратын жолдың бастауы болатын.

Ал келешегіме бәйек боп жүрген қайран шешем мені тоғызыншы сынып бітірген соң Қаскелеңге өз қолымен жетектеп апарып, Абай атындағы қазақ орта мектебінің та­бал­дырығынан аттатқанда, алдымнан мүлде бас­қа әлемнің есігі ашылды. Ұлы ақынның есімін иеленген оқу ордасының шәкірті бо­лудың өзі бір жағынан мақтаныш, екін­ші жағынан жауапкершілік екенін ұқтым. Әрине, біз Абайдың мектеп жасына лайықталған оқу, ғылым, адамгершілік, та­биғат тақырыбындағы хрестоматиялық өлең­дерін жұрт қатарлы жатқа айтатынбыз. Әсіресе өзім ақынның философиялық астар­ға толы «Ескендір» поэмасын қайта-қайта құмарта оқығаным есімде. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ғаббас Бей­сенбетовке түсінбеген жерлеріме қатыс­ты тосын сұрақтар қойып, соңынан қалмай­тынмын. Бұл ынтызарлық менің көне грек әлеміне, оның билік пен даналық жүйесіне балалық қиялмен сапар шегіп, ойымның өрісі кеңеюіне едәуір септігін тигізді.

Дана Абайдың «талапты ерге нұр жауар» деген қағидасын басшылыққа алып, 1958 жылы мектепті бітірген бойда тәуекелге бел байлап, Арқа төсіне аттандым. Ар жағы Украинаның Днепродзержинск қаласы… Бұл менің тағдырымдағы бетбұрысты сәттердің бірі болғаны анық. «Жалға жүр, жат жерге кет, мал тауып кел» демеп пе еді жарықтық Абай даладағы қой соңында жүрген қазақ баласына. Ондағысы «алыс-жақын демей, баратын жеріңе барып, маңдай тер, табан ақың арқылы кәсіп үйрен, нәпақаңды жи» дегені ғой. Біз қаршадайымыздан еңбекқор болып өстік. Қатарластар бәріміз әке-шешелерімізге қолғабыс етіп, бірге еңбекке араласып, шөп шауып, мал жайлап, отын жарып, жеміс өсіріп, бақша салып, жылдың төрт мезгілінде үзілмей кезектесе келіп отыратын шаруаны атқарысып, қара жұмысқа әбден төселдік. Кейін туған жерден шалғайдағы Теміртауда, «Қарметкомбинаттағы» от-жалында балқыған болаттың ортасында құрыштай шыңдалдық.

Кейде біздің буын өмір бойына ұлы Абай мектебінен, яғни ғұламаның мұхиттай шалқар ой қазынасынан толассыз білім алып келе жатқандай көрінеді.

…Тарих талқысы қызық. Абайға дейінгі заманға зер салсақ, ат жалын тартып мінген қилы замандарда өмір сүрген жыраулардың арқа сүйеген, сөз арнаған елтұтқасы болыпты. Әріде Тоныкөктің кемеңгер Білге қағаны, беріде құтты қоныс іздеген Асан қайғының Жәнібек ханы, мұнан соң көмекей әулие Бұқардың Абылай ханы, тіпті одан да кейініректе Нысанбай жыраудың Кенесарысы үлгісінде ел басшысы мен данагөй сөз иесі арасындағы қарым-қатынас ұлт тарихында Ұлы даланың әсем жарастығының айғағындай із қалдырыпты.

Ал Абайдың маңдай тіреп, ой бөлісетін, назын айтатын алдияр ханы болған жоқ. Өйткені өктемдігін орнатқан империя реформаларының нәтижесінде Шыңғыс тұқымы екі тізгін, бір шылбырдан толығымен айырылды. Ал тіпті ақыр соңында қазақ үшін биліктің ең зоры, әрі кетсе, болыстық, ауылнайлық немесе ресми кеңседегі тілмаштық қана болып қалды. Cондықтан жаны күйзелген дана Абай салмақты сөзінің бір бөлігін «қалың ел, қайран жұрты – қаза­ғы­на» бағыштаса, қалған уақытта «моласындай бақсының, жалғыз қалдым тап шыным» деген сарында өзімен өзі мұңдасты. Ата-тегінде ел басқару үрдісі бар, әкесі Құнан­байдың аға сұлтандығын былай қойғанда, өзі де бірнеше рет болыстық қызмет атқарған Абай билік жүйесінің мән-мазмұнын «Көп шуылдақ не табар, Билемесе бір кемел», «Единица болмаса, Не болады өңкей нөл» деген концептуалдық пайымға сыйғызды.

Дауылпаз жыраулардың соңғы тұяғы, «Халық – менің шын атым» деп тұтас ғасырдың жүгін арқалаған Жамбыл Жабаев «Абайдың суретіне» атты өлеңінде өзінен бір жас үлкен рухтас ағасының ішкі дүниесіне бойлай отырып:

Терең ойдың түбінде теңізі бар,

Тесіле көп қарасаң, көңіл ұғар.

Сол тереңге сүйсініп жан үңілмей,

Есіл сабаз ызамен өткен шығар!.. – деп Абай трагедиясының шет-пұшпағынан хабардар етеді.

Мәселе сол әр қазақтың Абайдың «те­реңіне сүйсініп, үңіле білуінде» жатқан жоқ па?!

Абай заманында толық бодандыққа душар болған қазақ жері бұтарланған, бөлшектелген. Қармайтын тал қалмай, ел тұңғиыққа сүңгіген. Кезінде төрткүл дүние тарабын тоғыстырып, Алаш жұртының айбынын асырған, мәңгілік ұйытқысына айналған кіндік шаһар – Түркістан өз мәртебесін жоғалтқанына біраз уақыт өткен. Шын мәнінде, Абайдың иек артып, тәу етіп баратын астанасы да жоқ еді. Елдікті аңсаған, бірлікті көксеген данышпан үшін мұнан артық қасірет табылмас. Бүгінгі күні әлемді аузына қаратқан салтанатты елордасы бар егемен мемлекетте өмір сүріп жатқан оның жасампаз ұрпағы мұндай ұлттық шексіз құндылықтың қадірін біліп, маңызын түсінуге тиіс. Абайдың осы арманының орындалғанына, Есілдің жағасында еңселі байтақ қаланың ірге теуіп, бой көтеруіне мұрындық болғаныма мың да бір шүкіршілік етемін.

Тәуелсіздікті жарияламас бұрын елімізде жаһандық деңгейдегі аса маңызды шешім қабылданды. Ол – Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы Жарлық.

Қараңғы түнде тау қалғып,

Ұйқыға кетер балбырап.

Даланы жым-жырт дел-сал ғып,

Түн басады салбырап.

Шаң шығармас жол дағы,

Сілкіне алмас жапырақ.

Тыншығарсың сен дағы,

Сабыр қылсаң азырақ, – деген жолдар арқылы Абайдың Гетемен және Лермон­товпен сөз жарыстыра отырып бейнелеген туған топырағын 40 жыл бойы сұрапыл жарылыстар арқылы астан-кестен етіп, жаппай зобалаңға ұшыратқан тажалдың үні солай өшті. Сонда халқының бейбіт тұрмысын, жеке елдік қалпын ұлықтаған дананың рухы қайта байыздаған шығар деймін.

Жаңа мемлекеттіліктің негізін қалау барысында көкейімде «Өз елімді ұшпаққа қалай шығарамын? Әлемнің ең алдыңғы қатарлы жұрттарының қатарына қалай қосамын?» деген сауалдар менің ойымды онға бөліп, санамды сан саққа жүгіртіп келеді.

«Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп…». Бұл – Абайдың мәңгі жасайтын қағидасы. Мұның ғажайып үлгісін мен қаршадайымнан көзбен көріп өстім. Шамалған ауылында зұлмат заманның тауқыметін тартып, сонау жер түбінен еріксіз қоныс аударып келген түрлі ұлт өкілдері жапсарласа күн кешіп, қоян-қолтық араласа өмір сүрді. Олардың арасында месхет түріктері, чешендер, ингуштар, украиндар, немістер, қарашайлар бар еді. Біз өзіміз құралпы басқа жұрт балаларын еш жатсынбай, бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай сезініп, құлын-тайдай тебісе жүріп жетілдік. Ал әкем Әбіш болса, түріне қарасаң таулық, тіліне қарасаң қазақшадан айырмасы шамалы бір малқар (ол кезде балқар деуші еді) отбасын үйімізге әкеп паналатып, жұмысқа орналастырды. Ішкен асымыз, жасаған тірлігіміз, көрген қызығымыз, шеккен қиындығымыз ортақ болғандықтан, тез арада туысып кеттік. Осындай ортада өскендіктен, адамзат баласын алаламайтын мінез бойыма ерте дарыды-ау деймін.

Әлем тарихына үңілсең, ру мен ру, тайпа мен тайпа, одан әрі ұлт пен ұлт, содан соң мемлекет пен мемлекет арасындағы ірілі-ұсақты кикілжіңнің көбінің ар жағында Адам Ата мен Хауа Анадан тараған жұмыр басты, екі аяқты пенделердің бірін-бірі тегіне, түріне, тіліне, яғни нәсіліне қарап жатырқауы жасырынып жататын кездер жиі ұшырасады. Дініне қарай бөліну індеті де сұмдық зардаптарға ұрындырған. Абай айтқан осындай «алты бақан алауыздықтың» салдарынан талай жұрт өзара қырқыса жүріп, жер бетінен біржола жойылып кеткені мә­лім. Кеңес Одағы ыдырауының барысында және тәуелсіздігіміздің елең-алаңында өз іші­мізде неше түрлі іріткі салғыш, ірге бөлгіш пиғылдар оянып, сын сағаты туған кезде ел тізгінін ұстай отырып, тарихи тұрғыдан қалыптасқан көпэтностылық пен көпконфессиялық жағдайын бірінші кезекте ескеру қажеттігін аңғардым. Бір жағынан сепаратистік әрекеттер бой көтергені бай­қалса, екінші жағынан ұлтшылдық дабыл қаққан аласапыран кезеңдерді бас­тан өткеруге тура келді. Сондай күрделі ахуалда түсіністіктен татулыққа, ымырадан ынтымаққа қол жеткізу арқылы ғана тұтастығымызды сақтадық. «Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді» дейді екен дана бабаларымыз. Қазір айтуға оңай, сол уақытта біз «қайтсек, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарамыз» деп арпалыса жүріп, елдігіміздің шаңырағын шайқалтпай ұстап қалдық. Тұрмыс тапшылығын да бір тайқазаннан ас ішкендей бірге еңсердік. Ол қазақтың кең қолтық, ақ жүрек мейірбандығының және Алтай мен Атырау арасын сол қазақпен араласа жайлаған өзге ұлттардың Абай өнеге етіп қалдырған бауырластығының арқасында жүзеге асты.

Кезінде жер жүзінде теңдесі жоқ институт атанған Қазақстан халқы Ассамблеясының менің бастамаммен дүниеге келіп, елдегі татулық пен тұрақтылықтың ұйтқысына айналуының өзі ел бірлігінсіз еш ұлы мақ­саттың орындалмайтынын жете түсінген­дік­тен жүзеге асты деп пайымдаймын.

Ел бірлігі ұранын бағзы замандардан бері талай сұңғыла бабаларымыз қайта-қайта көтеріп отырған. Сонау ХVІІІ ғасырдың өзінде Бұқар жырау:

…Егер Абылай алдында бітпесең,

Атасын білмес алыспын.

Көшің кетер бір жаққа,

Малың кетер бір жаққа.

Көш соңынан жете алмай,

Есің шығар сол шақта, – деп бірлікке шақырса, Абай «Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деп, ХІХ ғасырда-ақ бірлік арқылы күллі адамзаттың көшіне ілесе білуге шақырды. Бұл кемеңгер тұлғаның көрегендігінің белгісі еді.

Тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуы жолында мен әрбір сөйлеген сөзімде ел бірлігі, ұлт татулығы мәселесін ұдайы еске салып отыратыным сондықтан. Абайдың 150 жылдық мерейтойына арналған салтанатты жиында: «Біз де бүгін ұлтішілік татуластыққа да, ұлтаралық татуластыққа да, әлемдегі барлық ел, барлық халықтармен ынтымаққа да, мәдениеттер арасындағы сабақтастыққа да Абайша қарап, Абайша қастерлеуге ерекше мән береміз», – деген едім. Осы қағида – менің ешқашан айнымайтын өмірлік ұстанымымның бірі.

Қазақстан Республикасының Президенті ретіндегі өкілеттігімді өз еркіммен тоқтату туралы шешім қабылдамас бұрын болашақ ел басқарар азаматқа қажет қайраткерлік тәжірибе мен тағылым жайын ой тезіне, көңіл безбеніне тартып, асықпай, зер сала қарадым. Абайдың:

Бас басына би болған өңкей қиқым

Мінеки, бұзған жоқ па елдің сиқын?

…Бірлік жоқ, береке жок, шын пейіл жоқ,

Сапырылды байлығың, баққан жылқың.

Баста ми, қолда малға талас қылған,

Күш сынасқан күндестік

бұзды-ау шырқың,

– деген өкінішін қайталамау қажеттігі тағы алдымнан шықты.

Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы күндерінен бастап менімен бірге жұмыс істеген Қасым-Жомарт Тоқаевтың адал әрі жауапкершілігі жоғары азамат екенін есепке алмағанда, оның елдегі ішкі жағдайды саралап қана қоймай, Шығыстың да, Батыстың да тілдерін меңгергендігін, Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының орынбасары қызметін атқарғанын, әлемдік саясаттағы Қазақстанның орнын байыптай алатын дипломаттық қырын да ескердім. Сондай-ақ өзім айрықша мән беріп келе жатқан ел бірлігі мәселесі мен адамзаттық құндылықтарды үйлестіру қабілетіне сенім арттым.

Өткен жылы Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев ұлы ақынның 175 жылдық мерей­тойын ХХІ ғасырға қарышты қадам басқан тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі саяси, экономикалық және мәдени жетістіктері аясында атап өту туралы шешім қабылдады. Бұл менің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалаларымда қойыл­ған мақсаттарды жүзеге асырудың заңды жалғасы және Абай мұрасын заман сұ­раныстарына сай қайта зерделеудің ма­ңыздылығын білдіреді.

Уақыт бір орында тұрмайды. Ұрпақ жаңарады, қоғам жетіледі, талап өзгереді. Есіме осыдан ширек ғасыр бұрынғы, тіпті одан сәл әріректегі кезең түсіп отыр. Себебі Абайдың ойы мен сөзін күллі әлемдік ауқымда мойындату мәселесін Кеңестер Одағы әлі тарамай тұрып, 1990 жылы халықаралық деңгейде көтерген едік. Бірақ ол кезде бізге құлақ аспады. Әрине, алдымыздан шыққан басты кедергі Қазақстанның дербес мемлекет еместігі еді. Сондықтан асқақ тілегіміз егемендік алғаннан соң ғана қабыл болды. Абайды дүниенің даңқты тұлғаларының тізіміне енгізіп, 150 жылдық мерейтойын халықаралық дәрежеде атап өту жөніндегі ұсынысымды қолдаған ЮНЕСКО ұйымының сол уақыттағы бас директоры Федерико Майор мырза кейіннен мерекелік салтанатты шараларға да өзі арнайы келіп қатысты. Және бір айта кететін нәрсе, осы арада биік мәртебелі халықаралық ұйым тарапынан тұрақты тәртіпке айналған бір шарттылық бұзылды. Өйткені бұрын тек 200, 300, 500 секілді соңы бірнеше нөлмен аяқталатын сандарға сәйкес келетін мерейтойлар ғана тізімге ілінетін. Жас мемлекет үшін халықаралық ұйым тарапынан мұндай қолдау көрсетілуі ұмытылмасы анық.

Абай мерейтойына әзірлік өте қи­ын-қыстау кезеңде қолға алынды. Эконо­ми­калық-әлеуметтік проблемалар шаш-етектен болып тұрғанына қарамастан, нар­ тәуекелге бардық. Арнаулы қаулы қа­былдап, атқарылатын іс-шараларды тиесілі мемлекеттік құрылымдар мойнына жүйе-жүйесімен жүктедік. Мерейтойға әзірлік жөніндегі республикалық комиссия және штаб құрылып, оны қаржылық, материалдық-техникалық, инфрақұрылымдық, идеоло­гия­лық, дипломатиялық, ғылыми, мәдени тұрғыдан қамтамасыз етудің нақты шаралары бекітілді. Барлық жұмыстың барысын өз бақылауымда ұстадым. Жауапты тұл­ғалардың қатысуымен арнаулы мәжі­лістер ұйымдастырып, жағдайды жан-жақты пысықтап отырдым. Шабандық, салғырттық, немқұрайдылық, атүстілік бе­лең алған тұстарда талапты күшейтіп, тіпті мерейтойдың маңызын тереңірек түсіндіру үшін дайындық барысындағы басқосудың бірін Семей қаласына барып өткіздім. Сон­дағы жиын үстінде: «Абай тойы – тек Алматы мен Семейге, Жазушылар одағына, басқа да шығармашылық ұйымдарға ғана керек шаруа емес. Бұл бүкіл республиканың, күллі Қазақстан халқының мерекесі. Бұл, шын мәнінде, біздің тарихи және рухани жадымызға, керек десеңіз, осындай іс-шараны мемлекеттік деңгейде өткізе алатынымызға, ұйымшылдығымызға сын. Оның үстіне, Абай мерекесі даңғойлықты көтермейді, ұлы адамды еске алу құрметіне, турасын айтқанда, атаулы күндерді атап өтуде бізде үйреншікті әдетке айналып кеткен шектен тыс ас та төк той жасаудың қажеті жоқ. Парасаттылық, ақылға қонымдылық, ең бастысы, зиялылық пен ұстамдылық қажет. Мерейтой даңғазалықтан аулақ, жоғары мәдениеттілік аясында өтуге тиіс. Абайдың өзі бізді осыған үндеп кеткен және оның өсиетіне кереғарлық етуімізге болмайды» – деген екенмін.

Бұл сөздерді жайдан-жай айтпаған едім. Жасыратыны жоқ, тәуелсіздіктің бастапқы кезеңінде ұлт тарихындағы көп ақтаңдақтардың беті ашылып, «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген ұранмен көпшілік жұрт өзінің қағаберісте қалған бабаларын түгендеп жатты. Олардың ішінде ұлттық деңгейдегі батыр, билермен қоса, дәреже-дәрпі жергілікті жерлерге ғана танымал тұлғаларға да ас беріліп, құрмет көрсетілді. Тоталитарлық жүйе құрсауында құндылықтарына тыйым салынып, іштей булығып келген халықтың ақ түйенің қарны жарылғандай сезімі мен сеніміне тосқауыл қою әбестік саналар еді. Бірақ той тойлаудың да, ой ойлаудың да жөні бар. Алты алаштың абызы болып қана қоймай, адамзаттың асқарынан көрінген халқымыздың ең аяулы перзенті, дана ұстазы Абай мерекесін бүкілхалықтық деңгейде лайықты өткізу мемлекет мерейі екенін ұғындыру керек болды.

Сөйтіп, Абай тойының алдында оның аруағын одан әрі ұлықтау, өмірбаяндық деректерінің көмескі парақтарын қайта жаңғырту, әдеби, философиялық және музыкалық мұрасын тәуелсіздік тұрғысынан тыңнан пайымдау, әлемдік деңгейде кеңінен таныту бағытында іргелі жұмыстар атқарылды. Ұлы ақын шығармаларының алғаш рет жан-жақты текстологиялық сараптамадан өткен екі томдық академиялық жинағы, «Абай» энциклопедиясы жарық көрді. Абайдың өмірі мен шығармашылығын тұтас қамтитын «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейі құрылды.

Жидебайда үш жүз алпыс әулиелі мекен Маңғыстаудан әкелінген ұлутастардан ақшаңқан күмбезді Абай-Шәкәрім кесенесі тұрғызылып, оның ашылу рәсімінде бұл орынның енді әр қазақ үшін рухани Меккеге айналғанын атап өттім.

Алатаудың жан-жағы тіп-тік құлама құздармен қаусырылып, заңғар басына бұлт қонақтаған Абай шыңына көтеріліп, ақын рухына тағзым еттім. Ұлы ақынның өз халқымен бірге адамзаттың биігінен көрінгенін тіледім.

Сол жылы Абайға арналған салтанатты іс-шаралар Түркияда, Ресейде, Қытайда, Францияда, Венгрияда, Үндістанда, Мы­сырда, Украинада, Қырғызстанда болып өтті. Лондонда Абай үйі ашылды. Ұлы ақынның әлем елдері руханиятының табалдырығынан аттап, бұрын көз көрмеген көкжиектерге енді ешкім тосқауыл қоя алмайтын мәңгілік сапары басталып кетті.

Абайдың 150 жылдығы аталып өткеннен бергі уақыт ішінде дүние жүзінің бірқатар елінде оның құрметіне көше аттары беріліп, Ренн (Франция), Будапешт (Венгрия), Каир (Мысыр), Мәскеу (Ресей), Ыстанбұл (Түркия), Бейжің (Қытай), Ташкент (Өзбекстан), Тегеран (Иран), Баку (Әзербайжан), Витебск (Беларусь) қалаларының көрнекті орындарында ескерткіштер мен мүсіндер қойылды. Ретінше 2006, 2013 жылдары Мәскеу мен Ташкентте орнатылған Абай ескерткіштерінің лентасын Ресей Федерациясының президенті В.Путинмен және Өзбекстан Республикасының тұңғыш президенті И.Кәрімовпен бірге қидым.

ХХ ғасырдың екінші онжылдығында, дәлірек айтқанда, 1913 жылы ұлт зиялысы Ахмет Байтұрсынұлы өзінің «Қазақтың бас ақыны» атты мақаласында «онан асқан бұрынғы-соңғы заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ» дей келе, соған қарамастан Абайдың есімін тек Семей мен Ақмола облыстарының қазақтары ғана білетінін, ал дүниеден қайтқан соң жарық көрген жалғыз кітабы ел ішіне кеңінен таралмай жатқаны туралы қынжыла жазған еді. Қарап отырсақ, содан бергі бір ғасырдың көлемінде бірте-бірте ұлы ақынның даңқы жер жүзіне әйгілі болатындай деңгейге жетіппіз. Ол алдымен, әлбетте, Абайдың теңдессіз кемеңгерлігінің, содан соң тәуелсіз мемлекеттігіміздің арқасы.

Абай қаншама тас қапас заманда өмір сүрсе де, болашаққа үмітпен көз тікті. Ол өлеңдерінде «жаңа өспірім, көк өрім», «тілеуі, өмірі алдындағы», «көкірегі сезімді, тілі орамды» жастарға үлгі бермек үшін ғибрат айтты. «Білімдіден шыққан сөз, талаптыға болсын кез» дей отырып, «дүние де өзі, мал да өзі, ғылымға көңіл бөлсеңіз» деген тағылымын үйретті. Батыс пен Шығыстың ілімін толық игерген Абайдың өнегесін ескере отырып, тәуелсіз мемлекетіміздің жастары арасынан халықаралық стандарттарға сай, білімі мен білігі жоғары мамандар даярлау мақсатымен «Болашақ» президенттік стипендиясын тағайындадық. Соның арқасында ұлы ақын өмір сүрген заманда «интернатта оқып жүрген» қазақ баласының ұрпақтары ХХ және ХХІ ғасырлар тоғысында әлемнің ең таңдаулы университтерінде білім алу мүмкіндігіне ие болды.

Ұлы Абайдың 175 жылдығы биыл адамзатқа қатер төндіріп, коронавирус індеті жайлаған уақытпен тұспа-тұс келіп қалды. Аталған дерттің зардабы жер жүзіндегі мемлекеттердің ешбірін айналып өткен жоқ. Бірақ жарқын келешекке деген сенім мен сындарлы әрекеттің арқасында бұл уақытша қиындықты да еңсеретін боламыз. Абайдың сөзіне жүгінсек: «Жамандықты кім көрмейді? Үмітін үзбек – қайратсыздық. Дүниеде еш нәрседе баян жоқ екені рас, жамандық та қайдан баяндап қалады дейсің? Қары қалың қатты қыстың артынан көгі қалың, көлі мол жақсы жаз келмеуші ме еді?».

Лайым солай болсын!

Абайдың сөзі мен ойы біздің күнбе-күнгі тірлігімізге, өркенді өмірімізге кірпіш болып қаланып, бүгінгі өркениет пен алдағы болашақ талабына лайық ұмтылыстарымыздан және игі істерімізден нақты көрініс табатынына кәміл сенемін.

Бөлісу: