2020 жылғы 19 тамызда Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде Абай (ИбраҺим) Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай «Ұлт кемеңгері – Хакім Абай» атты ғылыми-тәжірибелік онлайн конференция болып өтті.
Конференция мақсаты: Хакім Абайдың интеллектуалды ұлт қалыптастыру идеясын, қажыр-қайратқа толы тағылымды ғұмыры мен «толық адам» тұжырымын ұрпақ тәлім-тәрбиесінің өзегіне айналдыру, қазақ әдебиетіне қосқан үлесі және әлемдік ғылым-білім мен руханияттың заңғар биігіне сай іргелі еңбектерін жан-жақты насихаттау.
Бұл шара биылғы жылы 9 қаңтардағы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және Қазақстан XXI ғасырда» және 10 тамыздағы «Абай күніне» байланысты жарық көрген «Абай – рухани реформатор» атты мақаласында баяндалған Абай сөздерінің маңыздылығы туралы келелі ойларымен ұштасып жатыр. Мақалаларында Президент Абайдың даналық сөздеріне кеңінен тоқталып, оның маңыздылығы турасында бұқарамен ой бөлісіп, сонымен бірге «Абай сияқты ұлтты сүюге» шақырады. Сондай-ақ Абай шығармаларындағы ғылым мен білім тақырыбына талдау жасаған мемлекет басшысы ақын тұжырымдары қазірде өзектілігін жоймағанын жазды.
Конференция жұмысы мынадай бағыттарда өткізілді:
∙ Хакім Абайдың өмірі мен шығармашылығының тарихы;
∙ Абай – ұлттық болмыстың үлгісі;
∙ Абай – жаңа қоғамның жанашыры;
∙ Абай кезеңінің тарихи-мәдени мұрасы: сақталуы, зерттелуі және насихатталуы.
Конференция жұмысына белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері: Өмірзақ Озғанбаев, Сайын Назарбекұлы, жоғары білім ордаларының оқытушылары Серік Негимов, Гүлтас Құрманбай, Омар Жәлелұлы, Тұрдықұл Шаңбай, Бодаухан Тоқанұлы, Қайыржан Күзембаев, Гүлзабира Шауенова, ғылыми-зерттеу және мәдениет орталықтары мен қоғамдық ұйымдар өкілдері қатысты.
Маңызды басқосуды ашып, ғылыми-тәжірибелік онлайн конференцияның мақсатын таныстырған Ұлттық музей директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Айбар Ерланұлы Қасеналин мырза жоғарыда берілген бағаны қуаттай келе, музей қабырғасында істелініп жатқан іс шараларға кеңінен тоқталып, Абай мұраларының музейде сақталуы мен насихатталуы жолдарын тілге тиек етті. Осыдан кейін ғалымдардың баяндамаларына кезек берілді.
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің профессоры, ф.ғ.д. Серік Негимов:
Абай тума табиғи қасиеттерге, индивидуалдық-психологиялық үздiк өзгешелiктер мен артықшылықтарға бай. Бұлар ақыл, бiлiм, ғылым, ар, мiнез, тәжiрибе, сезiмталдық, эмоция, интуиция, логика, шешiмпаздық, қимыл-әрекет, еске сақтау, шешендiк, өткiрлiк әңгiмешiлдiк жағынан. Сондықтан да Абай – көреген стратег. Мұндай керемет қасиеттерiн қоғамдық-әлеуметтiк тегеурiндi icтерiнен де, поэзиясы мен қара сөздерiнен де молынан табылады. Ол байтақ та байсалды әлеуметтiк ой-пiкiрлерiн, ұстанымдарын, қағидаттарын берекелi, көркем icтерiнде шеберлiкпен, жалынды қайратпен қолдана бiлген, ақылы мен тәжiрибелерiн қорғай бiлген қоғам қайраткерi. Ол ел iшiнде алпыс шақты дау-шарларға билiк айтқан, әдiлеттi бұйрығын жерiне жеткiзе орындатқан. Болыстық қызметте де солай еткен. Арғы-бергiнi cалмақтап-саралап, кең құлашты кемелдiкпен терең, толық түбегейлi ойлау, ел бiрлiгiн, халық тағдырын және әлеуметтiк тұрмысын, өзi жiктеп, түйiп айтқандай, «ел бағу», «мал бағу», «ғылым бағу», «дiн бағу», «балаларды бағу» турасында асыл ойлар өрбiттi. Тұтас бір тарихи дәуірдің қайраткері, ойшылы. Стратег Абайдың философиялық, этикалық көзқарасы – өзінің ұлы мұратына жетуде кесек, көркем іс-әрекеттер ұйымдастыру, жоғары әділеттілік пен ұлттық рухты негізгі ұстаным ету, шешімпаздыққа жүгіну, ситуацияны тез саралау әрі шынайы бағалау, парасат пен өрелілік таныту – деп тоқталды.
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Ардагерлер ұйымы төрағасының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы, профессор Өмірзақ Озғанбаев сөз кезегін алып, Абай атамыздан жеткен асыл да құнды туындыларын, ақынның ел қамын ойлаған кемеңгер адам болғанын тілге тиек етті. Құдiреттi ақын тұлғасы қандай дегенде М.Горькийдiң «Бiр ақын туралы» дейтiн ой толғамында былайша сипаттама берiлген: «Менiң сөздерiм кесек мәрмәр тәрiздi cап-салқын және әдемi: таңдамалы ақыл мен талғамалы жүрекке нәр берiп рахаттандыратын мәңгiлiктiң мұралары мына менiң сөздерiммен жасалады, асқан әдемiлiктi кiршiксiз таза жүректер ғана түсiне алады…». Әрi қарай ойын жалғап: «…қазiр әрбiр адам бiлемiн дейдi де, оқытып үйретем, ақыл айтам, жол көрсетем, кiнә тағып, сынап, мiнеп сөге алам деп ойлайды, осылай ойлайды да өмiрдi былықтырады. Ал оның көмегiнсiз де өмiр өзi былық қой. Ендеше, егер ол өмiрдi қорда-қоқыстан тазартам десе, ең әуелi атаққұмарлықтан өз жанын тазартсын, … ол өз жүрегiн осы нәжicтен аршысын, ол өзiн түсiнсiн және өзiнiң жолын бiлсiн, мiне сонда ғана сыбағалы сөзiн батыл айтуға кiрicciн. Ол сөзi келте де қарапайым, әдiл де оттай ыстық болсын!» деп, ақындықтың негiзгi шарттарын көрсетедi. Ғалым өз сөзінде қазақ халқының тарихи қос тұлғасы – Абай мен Науан Хазірет арасында тарихи-рухани байланысы туралы айтып өтті.
Сәулетші, ақын, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Сайын Назарбекұлы: «Абай әлеміне саяхат» атты кітабындағы Абайға қатысты ойларымен бөлісті. Абайдың қара сөздері қырық бестен көп те болуы мүмкін еді. Себебі, Абайдың ойлау дәрежесі осы сөздерде қамтылғандардан да басқа көптеген мәселелер жөнінде ой толғап, өз қорытындыларын қорытып шығаруға жететін еді. Бірақ өзі қаламады, не ғұмыр қысқалығы мүмкіндік бермеді дейді. Екінші бір ой – «Абайдан айтылмаған сөз қалмады» дейтін кейбір зерттеушілер ойын қуаттамақ болады. Олар адам (қазақ) баласының өміріне керекті ақыл мен ойды Абай сөздері мен өлеңдері түгендеп кеткен дейді. Бұл ойға да көңіл тоқтатуға болатын секілді. Өмірде кездесіп жататын кез-келген құбылысқа, оқиғаға Абай сөзімен мысал келтіріп, Абай өлеңімен қостауға болатынына көзіміз жетіп келеді. Ол – Абайды түсінудің сан сатылы болатыны. Өйткені осындай саяхатқа шыққандар білімі мен зердесінің, табиғи болмысы мен тәрбиесінің жобасына байланысты тек қана өз дәрежесіне дейін көтеріле алмақ.
Философия ғылымдарының кандидаты, доцент, абайтанушы Омар Жәлел:
«Абай: «Адам болу үшін ғылымға деген махаббат болу керек. Сонда ғана Алланы танымақтық, өзін танымақтық, дүниені танымақтық жүзеге асады» — деген. Сондықтан, біз жастарды тәрбиелеп, олардың ғылым-білімге деген махаббатын оятуымыз керек». Абайдың «Сегіз аяқ» өлеңіндегі «Адам бол, мал тап» дегені толық аша түседі. Бүгінгі тілмен айтқанда, үкіметке жаутаңдай бермей, өзің болып мал табу. Ол үшін алдымен ниетің түзу болуы керек. Содан кейін амал, харекет – сізден, берекет – Алладан. Көшпелі қазақ қоғамындағы осы үрдісті Кеңес үкіметі құрдымға жіберіп, үкіметке телміртіп қойған елді. Үкіметке телміріп, «жұмыс жоқ» деп сар уайымға салынып отыра берсең, «Жұмысы жоқтық, тамағы тоқтық, – аздырар адам баласын» (Абай) содан туындайды. Осындай арсыздықтың тамырына балта шабу үшін адам әуелі ойы мен ниетін түземек керек. Сана солай болған соң, харекет те түзік болмақ. Анық «Абайдың толық адамы» – осы деп тоқталды.
Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік және әдеби-мемориалдық қорық-музейінің директоры, ф.ғ.к., профессор Тұрдықұл Шаңбай:
Тұрдықұл Қасенұлы өз сөзінде ұлы ақынның 175 жылдығына орай музейде қандай шаралар атқарылып жатқанына кеңінен тоқталды. «Абай тұрған Жидебай елді мекенінің халықаралық атласы жасалуда. Нұр-Сұлтан қаласындағы «Абай академиясымен» бірлесіп әзірленетін атлас үш тілде басып шығарылмақ. Жидебай аумағы – 6 мың 400 гектар. Атласты құру мақсатында дарынды фотографтарды жинадым. Басылымда Жидебайдың флора, фауна, ландшафты, биоалуантүрлілігі мен тарихи жерлері көрсетіледі. Жалпы біздің музей ғылыми орталыққа айналу керек. Бұл жайлы Қасым-Жомарт Тоқаев та баса айтқан болатын. Сондықтан музейдің ғылыми тұжырымдамасын әзірледім. Ондағы негізгі бағыттардың бірі Абайтану мәселелеріне арналған. Осы тақырыпта 100 томдық кітап шығару жоспарланып отыр. Ол үшін музей қоры жеткілікті. Жыл сайын жүйелі түрде 10 томнан жарық көріп отырады. Бұл жинақ Абайтану саласына қызығушылығы бар кез-келген қазақстандық оқырманға қолжетімді болғанын қалаймыз», – деді.
Танымал абайтанушы Мекемтас Мырзахметұлы жазғандай, ендігі мақсат зерттеліп жазылған көптеген ғылыми еңбектердің идеялық ықпалынан оқырман санасын арылту үшін жаңа дүниетаным тұрғысынан ақын мұрасын жаңаша бағыттағы насихатты күшейту уақыт талабына айналғанын білу қажеттілігі туындап отыр. Абай дүниетанымы ендігі туындайтын ғылыми-зерттеу жұмыстарында обьективті шындық тұрғысынан ашылуы-басты шартқа айналмақ. Ойшыл ақын дүниенің көрінбеген сырын танып білуге ұмтылу арқылы жол салған жантану ілімі мен толық адам ілімінің құпиясын ашып, не себепті адамзаттың рухани әлеміндегі тылсым сырды танып білуге ұмтылу себебін біле алмаймыз. Абайдың пәлсапалық лирикасында орын алған басты мәселе – түп иені танып білу. Абай ой танымындағы сөз болатын пәлсапалық ой пікірлердің бәрі де осы мәселе төңірегіне жинақталған.
Осы орайда, конференцияның қорытынды бөлімінде сөз алған баяндамашылар — Гүлтас Сайынқызы, Қайыржан Күзембаев, Гүлзабира Шәуенова, қазіргі таңда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» және «Абай – рухани реформатор» атты мақалаларында айтылған Абай идеясының заман талабына сай жаңғырған, жаңаша көзқараспен пайымдалған заңды жалғасы деп түсінген дұрыс деген пайымына біздің ешқандай алып, қосарымыз жоқ.
Абай мұрасы
Мәртебелі жиынның сәнін кіргізген келесі бір дүние Ұлттық музейдің экспозиция мен қор сақтау бөлімдерінің қызметкерлері Абай тақырыбына қатысты құнды құжаттар мен заттық бұйымдар көрмесін ұйымдастыруы. Құжат көрмесі үш тақырыптық жоспарға құрылған. Алғашқысына, негізгі бөлімге Абай тұтынған ағаш құтысы орналастырылса, келесі бөлімі ақынның өмірі мен шығармашылығын насихаттауға бағытталса, үшінші бөлімі Абай тақырыбындағы бейнелеу өнері туындыларына арналған.
Көрме залына сонымен бірге музей қорынан ақынның 1909 жылы Петербургте жарық көрген өлеңдер жинағы, 1923 жылы Ташкентте басылып шыққан ақын шығармаларының толық жинағы (араб қарпімен жазылған) және 2019 жылы Ысқақ Құнанбайұлының төртінші ұрпағы Бақыт Шағатаева өткізген ақынның 1945 жылғы жарық көрген шығармалар жинағымен толықтырылды. Көрмеге музейдің кітап қорынан қазақтың кемеңгер жазушысы, абайтанудың негізін қалаушы – М.О.Әуезовтың XX ғасырдағы ең үздік шығармаларының бірі «Абай жолы» роман-эпопеясы мен Абайдың әдеби мұрасын зерттеуге мол еңбек сіңірген белгілі абайтанушы-ғалым Қ.Мұхаметхановтың қолжазбасы қойылды. Бұл арадан тағы бір құнды жәдігерлер – «Абайдың қара сөздері» қытай тіліне аударылған нұсқасы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының және М.Әуезов атындағы Ұлттық сыйлықтың иегері Дүкенбай Досжанның 2008 жылы жарық көрген «Абайдың рухы». Ғұмырнамалық ой-толғау» кітабы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, опера әншісі К.Т.Мыржықбайға Абай шығармашылығын насихаттағаны үшін берілген төсбелгісі және медальдары көрмеленді.
Сонымен қатар, көрме залына ғылыми кітапхана қорынан ақынның өмір жолы мен шығармашылығынан мәлімет беретін 30-дан жазушы-ғалымдардың жеке зерттеулері мен туындылары көпшілік назарына ұсынылды.
Хасенов С.С., Г.О.Ибраева – «Қазақстан тарихы» бөлімінің қызметкерлері