Өзіңмен бір салада қызметтес болған адамдар жайында әңгіме қозғау әрі қиын, әрі  оңай. Оңайы – сәті түсіп кездесіп қалғанда,  амандық-саулық сұрасқаннан артыққа бара алмайсың, күнделікті өмір, үйреншікті тірлік сияқты қабылдайсың. Ал, қиыны – ол адамның не айтқысы келетінін білмейсің, ішкі жан сарайына үңіліп, сырын ақтара алмайсың. Осындай ойлардың жетегінде жүргеніме біраз болған. Жуырда Алматыда Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкеновпен, оның орынбасары, Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер, белгілі  ақын  Қасымхан Бегмановқа Оңтүстік өңіріндегі белгілі тұлғалар, аты аңызға айналған адамдар жайында «Абыздар» деген кітап жазып жүргенімді айттым. Қуана құптағаны рас.

 

***

Алғашында ағамен сұхбаттасып алсам деген ой болды. Алайда, ол кісінің барлық тыныс-тіршілігімен  өзім де жақсы таныс болғандықтан, ол ойдан бас тарттым. Көптің пікіріне құлақ түріп, әріптестерінің ойларын жүйелегенді,  жүрегінде сақталып қалған сырларын ретіне қарай  қағазға түсіруді  жөн санадық.

Иә, бүгінгі әңгіменің арқауы қиялы ұшқыр, ойы жүйрік, бүгінде сексеннен секіріп өтіп, тоқсанға қарай бет алған  аудандағы абыз ақсақалдардың бірі – Рахымберді Оспанұлы жайында болмақ.

Рекеңнің өмір жолына үңілсең, өзінің қанына біткен ұстаздық жолдан, өзіне мұрат тұтқан қасиетті мамандығынан бірде-бір айнымағанын байқайсың. Сонау ашаршылық нәубеттен аман қалып, ел еңсесін енді көтере бастаған кезеңде, 1939 жылдың желтоқсанында, Сарыағаш ауданының «Төңкеріс» ауылында шаруа отбасында  дүние есігін ашқан Рахымберді Оспанұлының жүріп өткен жолдары  кімге болса да үлгі боларлық. Төрт жасқа енді тола бастағанда әкеден айрылған бала Рахымбердінің өмір жолы да тақтайдай тегіс бола қойған жоқ. Жастайынан анасы Үмітайдың, кейіннен  ағасы Тағайдың қамқорлығында болды. Әкесінен 14 жасында  айрылған ағасы Тағай да кезінде көп қиыншылықты бастан өткерген, «Анам мен ініме әкенің жоқтығын сездірмеймін, жетімдік пен жесірліктің қасіретін тартқызбаймын» – деп, бұғанасы қатпай жатып, еңбекке ерте араласқан, он алты жасынан бастап, ауыл кеңсесінде хатшы, есепші болып жұмыс істеген. Сөйтіп, қарашаңырақтың барлық тауқіметін мойнына алған. Інісі Рахымбердінің қатарластарынан қалмай, білім алуына жағдай жасаған.

…Рахымберді Оспанұлының ұстаздық жолы 1957 жылы Ташкент педагогикалық училищесін бітірген соң аудандағы Ш.Қалдаяқов  атындағы орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі болып басталады. Мектепте үш жылдай еңбек етеді, мүғалімдік жұмыстың қыр-сырын түсіне бастайды. Ойлана келе,  өзінің бар өмірін енді осы салаға арнауға бел буады.1960  жылы Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетіне оқуға түседі.1965 жылы аталған университетті «Химия және биология пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша бітіріп шығады. Жоғары білімді азамат атанған ол бұл күндері де  білім саласындағы айшықты іздері қалай басталғанын жиі еске алып отырады.

– Ол кезде жаспын. Жұмысқа деген құлшыныс кеудені ұрып тұр. Сарыағаш  аудандық білім бөлімінің меңгерушісі Құлбаева  Қазима Фатихқызының бұйрығымен Жамбыл атындағы колхоздың осы аттас  мектебіне жұмысқа орналастым. Мектеп директоры  Маханов Сман ағай еді. Ол кісі қазіргі Құркелес ауыл округіндегі Дарқан ауылынан қатынап істейді екен. «Әлі жассың, үйренесің» – деп, бірден 9-«а» сыныбына жетекші етіп бекітті. Енді лаж жоқ, тәжірибем аз  болса да, жоғарғы сыныптарға биология-химия пәндерінен сабақ бере бастадым. Мектебіміз сегіз жылдық болғандықтан, біздің мектепке тіркелген  жоғары сынып оқушылары ол кезде Лермонтов атындағы (қазіргі Төлеби атындағы) орта мектепке барып  оқиды екен. Екі мектептің арасында жүгіру  енді басталды. Ол аз дегендей, оқушылардың ата-аналарымен күнделікті  байланыста боласың. Өзім болсам жаяумын, жұмысқа  25 шақырым қашықтықтағы «Төңкеріс» ауылынан қатынап істеймін. Бір жылым осылай шапқылаумен өтті. Бір жылдан  соң мені директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары етіп бекітті. Жұмысқа деген жауапкершілік және күшейді. Енді тұрақтамасқа болмайтын сияқты. Тамыз айында отбасымызбен  мектептің жанындағы Жақсыбай деген көкемнің жеке тұрған бір үйіне көшіп бардық, енді күндіз-түні мектептің ішінен табылатын болдық, – дейді Рекең  өткен күндерден қалған естеліктеріне көз жүгіртіп.

Жалпы Рахымберді Оспанұлы үшін Жамбыл атындағы орта мектеп ұжымы үлкен тәрбие мектебі болды. Осында істеп жүрген жылдары білім нәрімен жан-жақты сусындап, басшылық қызметтің алғашқы баспалдақтарынан өтті. Өзіне лайықты достар, өнегелі ұстаздар тауып, қанаты қатайды. Өзін де тек  биікке самғайтын қырандай баптады. Алғашқы түскен ортаның жақсы болғанына қуанды. Бүгінде еңбек жолы алғаш  басталған ұжым мүшелерін, колхоз еңбеккерлерін Рекең сонан бері сандаған жылдар өтсе де сағынышпен еске алып отырады. Оның жөні де бар. Өйткені,  ол Рекеңді түлетін ұшырған құтты жер.

Рахым Оспанұлы Жамбыл атындағы орта мектепте жастық жігерін жанып жүріп, қызмет атқара білді. Жас ұстаздан білікті маманға, өнегелі басшыға айналды. Тындырымды ісімен көптің көзіне түсті. Осында істеп жүргенде аудандық оқу бөлімі аға инспектор қызметіне шақырады.  Іскер азамат қандай жұмыс болса да шетте қалмайтыны белгілі. 1973-1983 жылдары қаладағы Қаныш Сәтбаев атындағы  мектеп интернатының, Тегісшіл аулындағы Шоқан Уәлиханов атындағы мектептің директоры қызметін атқарады. Шәкәрім атындағы орта мектепте  директордың орынбасары болып та бағын сынаған жағдайы бар. Рекең қайда істесе де өзіндік ізін, қолтаңбасын қалдырып жүретін жандардың қатарында. Кім болса да білім саласының абыз ақсақалы жайында қазір  жақсы пікірлер айтатыны сондықтан болса керек.

Рахым Оспанұлының жұмыстағы саналы ғұмыры өзі ширек ғасырға жуық басқарған қаладағы М.Әуезов атындағы орта мектепте өтті десе болады. Рекең осы мектепке алғаш директор болып келгенде Жамбыл атындағы мектепте бірге істеген ұстаз ағасы Алтынбек Бекбосыновтың арнайы келіп:

– Рахым, сен қандай мектепке басшы болып келгеніңді білесің бе? Бұл мектеп аудандағы қарашаңырақ. Мектепте көптеген белгілі тұлғалар қызмет істеген. Мектептің даңқын облысқа, республикаға шығарған. Соны сенің бағалауың, әрі қарай дамытуың керек. Таймұрза Уманов, Бабаш Оспанов, Құрал Дүйсебаев, Ислам Жұматаев секілді аға ұстаздармен ақылдасып жұмыс істе. Олардың саған көп көмегі тиеді. Сонда көп жетістікке жетесің, мен саған сенемін, – деген аға сөзін Рекең жадынан шығарған емес.

Қазір Рахым Оспанұлының  осы қарашаңыраққа сіңірген еңбегі, қалдырған айшықты іздері сайрап жатыр. Осы жылдар ішінде  ұжым білім саласында  талай-талай жетістіктерге жетті. 1997-1998 оқу жылынан бастап мектеп халықтық педагогика жұмыстары бойынша аудандағы «Тірек мектебі» атанса, 2001 жылы облыста «Таңдаулы мектеп» байқауында жүлделі бірінші орынды иеленді. Әсіресе, Рекеңнің мектептің  «Көпсалалы мектеп-гимназия»  мәртебесін алуға төккен маңдай терін білім саласының ардагерлері әлі ұмыта қойған жоқ.

Жалпы елді, ұжымды басқару адамның қабілетіне байланысты. Бұл істі жоғарыдан тағайындап қойса, кім болса,  сол атқара беруі мүмкін. Алайда, мұндай мүмкіндікке еңбекпен жету оңай емес. Жұмыстың үдесінен шығып, халықтың құрметіне бөлену, болашағын айқын мақсаттармен баянды ету кез келген адамның қолынан келе бермейтін іс. Осы тұрғыдан алғанда Рахым ағадан үлгі аларлық жағдайлар аз емес.

Рекеңнің Үмітай анасы мен Тағай ағасын жиі еске алуы да  адамды  көптеген ойларға жетелейді. Бұл екі адамның ішкі жан дүниесін Рахым аға жақсы түсінеді. Рухына үнемі бас иеді. Бұл екі жаннан Рекеңе мейірімділік, ізгілік, ар-намыс, көргендік пен көрегенділік, туралық, пайым-парасат тараған сияқты. Әйтпесе, Мұқағали ақын  айтқандай, өмірде  «Сүрініп кетіп, бүлініп жүрген» тағдырлар аз ба?

Бұл күнде Оспановтар әулетін ел жақсы біледі. Ерте кеткен әкесі Оспан, абыз ана Үмітай, ағасы Тағайдан бастау алған әулеттің үлкені болып отырған Рахымберді аға әлі аттан түскен жоқ. Өмірін қариялық өнегелі  істерімен өрнектеуде. Көптен бері зейнетте болса да егемендіктің алғашқы жылдарында қолға алынған билер институтының жұмысын тоқтатпай, жалғастырып келеді. Елдің бірлігі мен ауызбірлігінің нығаюуына ұйтқы болып жүр. Аудандағы көптеген әлеуметтік мәселелер қазір  солардың араласуымен шешімін тауып та келеді.

Жалпы Рахымберді ағаға тән қасиеттерінің бірі – өткенді ұмытпай еске алып жүру. Жалындаған жас шағы өткен Жамбыл атындағы мектеп те  Әуезовтей жанына жақын.

– Қаншама шәкірт тәрбиелеп, қанат қақтырып ұшырсақ та, жамбылдықтар мен үшін ыстық. Мұнда елге белгілі Мәлік Әлішев, Берік Дүйсенов, Құрбан Хамитов секілді көптеген ұстаз-басшылармен қызметтес болдым. Сол мектепті бітірген шәкірттерімнің жасы  қазір жетпістен асты. Көпшілігі елге танымал азамат болып, зейнетке шықты. Солардың қатарында Жаппарбек Үмбетов, Жақсылық Дүйсебаев, Исабек Нұрлыбаев, атақты футболшы Бақтияр Байсейітовтар бар. Бәрі де сол балауса кездеріндей көңілде сақталып  қалған. Тап қазір олармен бас қоса қалсам,  сабақ өте жөнелетіндей сезімде боламын. Бұл күнде  ата-әже атанған барлық  шәкірттерімнің ғұмыры ұзақ, ұрпақтары өсіп-өніп, бақытты ғұмыр кешсе екен… деп аталық пейілмен ақ  батамды беремін, – дейді абыз ата Рахымберді аға. Ақырын жүріп анық бас,

Еңбегің кетпес далаға.

Ұстаздық еткен жалықпас,

Үйретуден балаға, – деп тебіренген кемеңгер ақын Абайдың осы сөзі Рахымберді Оспанұлына да арналғандай. Бұл күнде еңбегінің жемісін көріп отырған ұлағатты ұстаздың төсінде екінің біріне бұйыра бермейтін  «Ы. Алтынсарин»  атындағы медаль жарқырап тұр. «Ауданның құрметті азаматы», «Сарыағаш ауданының төбе биі» ретінде де мойнында тұрған жауапкершілік жүгі аз емес.

Бұл күнде тоқсан деген белеске бет бұрған Абыз ағаға «Жүзге дейін аттан түспеңіз, ел игілігі үшін қызмет етіп, ұрпақтарыңыздың қызығына бөленіп жүре  беріңіз» – дегіміз келеді.

 

                          Әбілсапар Тұрғынбаев,

                                          Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

                                 

 

 

 

 

Бөлісу: