Шілдеде мидан өткен «қызыл қайнар»,
Суын ішсең шырадай көзің жайнар.
Шұрқырап қалың жылқы суға төнсе,
Діңгектей жуан жылан шегіпті айбар.
Қалихан Алтынбаев. «Туған жердің тұлғасы»
Уроборос
Subaru Forester көлігі теп-тегіс асфальт жолмен орташа жылдамдықпен зулап келеді. Рөльде сергек отырған Сайлау асты биік жапон автомобилін алыс жолға арналған мықты көлік деп білетін. Қасқырды аяғы, журналисті қаламы асырайды. Ол Семей қаласынан кіндік жұрты Марқакөлге іссапармен шыққан. Жауын-шашынды күн райынан барар жеріне кешігіп, түнделетіп келеді. Айлы-күнді Алтайдың кіндік тасы Мұзтау және мөлдір суы Марқакөлдің арасы 40-50 шақырым. Қара Ертістің күншығыс оң жағында Зайсан көлі, сол жақ қазаншұңқырда шүпілдеген алтын астаудай Марқакөл толқиды. Екі судың арасы 150 шақырым алшақ.
Сайлау әрдайым ел мен жерге байланысты құнды деректерді іздеп әрі жинастыра жүретін. Жол үсті, әдетте, шалықты ой ұясы. Ноутбукке саусағы тисе, жер бұлақтан атқылаған тәрізді түйдек-түйдек сөйлемдерді төгіп тастар еді. Шығыс Қазақстан мен Семейдің қылқан жапырақты орманы қарақшылықпен оталып жатқанда үнсіз қалмаған, республикалық газеттерге өзекті зерттеу мақалалар жариялап, онсыз да орманы аз қазақ жеріне жұт келді деп жаны қиналған. «Қылқан жапырақты орманның өсуі үшін қайың мен көк терек көлеңке түсірмей, шыршаның да, бал қарағайдың да балапаны бой көтере алмайды. Еуропаның әр гектар орманында 20-30 текше сынған, қураған ағаш жатуы тиіс. Онсыз орманда құстың азығы – шыбын-шіркей, жәндіктер болмайды». Журналист миына әр сөйлемін шегелеп қойды. Орманда шірік ағаштар құлап жатпаса, құрт-құмырысқа болмайды. Қарақат, долана, ұшқат, жабайы алма ағаштары өспесе, құстар қонбайды. Көктемде құстар қонбаса, орман-тоғайдың ең керемет санитарлары, көкек шақырмаса, сол орманды құрт жеп құртады, сүйек мүжігендей тақырлап қояды. Орманы өлген жерлер шөлге айналады.
Марқакөл – Қаракерей Қожамбеттен тараған алты атаның атамекені. Қожамбетпен іргелес қоныстанған, Қара Ертістің оң жағалауын мекендеген төртуыл мен керей көшінің де ертеректе Қара Ертістің таяз тұсынан кешіп өтіп, толықсып, жасыл жайлауға шығатын кезі болған. Қара Ертіске тақау отырған рулар жаз шыға Алтайға көш түзейтін еді. Сауыр-Сайқан тауларының етегінде Зайсан теңізі шайқалады. 1449,3 метр абсолюттік биіктікте жатқан дегдарлы Марқакөл табиғи жаратылысымен бес-алты географиялық белдеуге енеді. Сылдырай су аққалы адам да, дию-пері де бауырына басқан алтын бесік. Зайсан өлкесінің басым жері жазық. Қатонқарағайдың тау бөктерін қиялай өсетін қылқанды қалың орманы – солтүстіктегі ну жыныс тайганың бастауы. Жер шоқтығы көкке өрлейтін көркем сипатты көрген де арманда, көрмеген де арманда.
Тәңіріңнің құдіретін көрем десең тауға бар. Жаз мезгілінде Мұзтауға баратын саяхатшылардың қарасы үзілмейді. Туристік базадан Мұзтаудың ақ қар көк мұз биігіне тікұшақпен көтерілгісі келетіндер де табылады.
«Тұрмыс-тіршілік, отбасы қамымен көп кешігіп, жазуды 50 жасқа тақап, немерелі болғанда бастадым. Алматыдан туған топырағым Мұзтауға Музамды іздеп, шығармашылық қуат алу үшін жарты айға саяхаттап келдім. Маған тік шығатын тікұшақ керек емес, ата-бабамның сүйегі жатқан, ізі қалған қасиетті жерлермен топпен бірге жаяулатып жүріп өткенді қош көрдім» деп ағынан жарылған жерлесінің есімі Назым Слямқызы екен. Оның айтуынша, ақ бас мұзарт шың Мұзтаудың түбінде жер қазығы – Кіндіктас жатыр. Расымен, жер кіндігі, сол тастан траектория жүргізсе, өлшеп қойғандай төрт мұхиттан бірдей қашықтықта орналасқаны көрінеді. Жер мен көк магниттік тартылыс күшіне, ұлы кеңістіктер өлшеміне бағынады. Кіндіктас жер дүниеде ғарышпен байланысатын жеті нүктенің бірі әрі сол жеті нүкте бір-бірінен сымға тартылғандай, бірдей арақашықтықта жатқаны құдайдың құдіреті екені күмәнсіз. Олар түзу сызық па, қиғаш па? Аспан денелері өз білігінен айналады. Күн жүйесіндегі ғаламшарлар айналып жүретін жол – эллипс. Аспан мен жер – жеті қат. Галактикалық геометрия. Теңіз деңгейінен туу биік жатқан айлы-күнді Алтайдан тартып, жеті тарапқа түзу сызық сызғандай жер шарын құпия байланыстырған мұндай тылсымнан журналист таңғажайып поэтика – математикалық өлшем, геометриялық сызба, географиялық ырғақ, оның үстіне, гармония, табиғи үйлесімділік қисынын айқын аңдады. Жаңбырдан соң жадырап, күн сәулесінен сынған кемпірқосақтың жеті бояуы доға болып иіліп, көкжиектерді қосса әр түстен шаттық күй шашырайды. Күн жадына тәуелді арғы қазақ, көк жүзіне жиі телмірген көшпелі баба салт-дәстүрінде жиылмалы баспана, киіз үйдің жоғары бөлігі ай мен күндей дөңгелек шаңырағын құлатпай ұстап тұратын уықтары кемпірқосақтан жұққандай қисық кірігеді.
Айдай әлемге бірдей өлшеммен тартылып, көзге көрінбейтін жеті сызық – киелі белгілердің қандай қасиеті бар?! Кіндіктас бастау, есептеу нүктесі болса, сол өзектен өлшеу сәулелері шартарапқа – күншығыс, күнбатыс, терістік, оңтүстікке таралса, қалған үшеуінің бағыты қайда? Сірә, сымға тартқан күмістей абстрактілі жеті сызық. Экватор, қос полюс, жер жаһанды тұтас қамтитын құбылыс па? Әмбебап интервалдық жүйе. Кристалды құрылымның жеті тобы. Сүт дариялы Құс Жолында шоқ-шоқ сәулелер ғаламға таралуына мұның астыртын байланысы болуы мүмкін. Галактиканың негізгі жазығында шашыраңқы миллиард-триллион жұлдыздардың әлсіздеу жарығы тұтаса келе, боз мұнар жолақ симметрия сызады.
Ол Кіндіктасты сөнген жанартауларды атқылатып, жер қыртысының тербеліс қуат күшін реттеп, ыстық, суық, ауа, от, су, тауларды теңселтпей, мұхиттардың жал-жал асау толқындарын ұстап тұратын жаратылыстану құбылыстарын жасырған жұмбақ шифр тәрізді асқақ қабылдады.Бұл ғаламдық құбылыс Леонардо да Винчи адам денесіне сызған геометриялық өлшемдерге ұқсас па?! Бірақ теңдесі жоқ данышпан, керемет ғұлама болсын, ғаламдық геометрия адамзат игеретін іс емес. Тек Жаратушы Тәңірі жаратылыстағы ең ұлы сәулетші, ең үздік картограф екеніне еш күмән жоқ.
Түнде жол ұзарып, жеткізбей қояды. Құдай бұйыртса, ендігі олжа айдаһар туралы дерек болмақ. Айдаһар мифологияда жартылай жылан, жартылай құс, әуелде су жыланнан құс туған, екеуі бірдей жұмыртқадан жаралған тұқым.
Сайлау мектепке барған немересі Дарияға оқып берген айдаһар туралы ертегінің ұшығын сырын бүккен Өр Алтай тауынан іздеп табарына бек риза. «Таңертең тұрып қараса, астарына мінген аттары мен жүк артқан түйелері жоқ, мұнартқан тау, жым-жырт дала, жан-жаққа жүгіріп, малдарын іздейді, таба алмайды. Сөйтіп, абыр-сабыр болып, шуылдасып жүріп, бір жартасқа келсе, бір айдаһар аузымен құйрығын тістеп, барлық малға қора болып иіріліп жатыр екен».
Ол қиял-ғажайып ертегінің таңғажайып поэтикалық элементін ойша талдап, бұл расында құбылыстарды өзара ұқсату – ғарыштық өлшем, тың өлке географиялық ашылымдарды, кең-жазира кеңістікті көркем ишаралап беру деп ұқты. Мал тұяғы тимеген жайылым іздеп, үздіксіз көше берген соң көшпелі тайпалар жердің құтын иемденген.
Көне аңызда Сүлеймен патша көк жақұт тасқа астрологиялық құпиялар ойып жазылған кітапты періштеден алған. Жердің белдеуін әбжылан орап тұрады. Гностикалық Уроборос, алып жылан өз құйрығын аузымен тістеп иіріліп жатады. Жыланның басына құйрығы жетіп, аузымен өз құйрығын тістеп жатыр деген түсінік – мәңгіліктің нышаны. Жаратушы құдай еш нәрсеге зәру емес, мифтік жылан ғарыштағы барша циклдік үрдіс ретінде көрініс тапқан. Жыланға табынудан, жан-жануарға еліктеп, тірі табиғаттан көрген-баққанынан көзақы алудан ежелгі халықтар бір-бірінен қалыспайды. Перғауындар бас киімін алқымы кең кобраның бас жағына келтіріп, жаға мен бас киім біртұтас келетін капюшон түрінде кисе, үнді раджалары басына матаны сырт пішіні сәлдемен парапар етіп, иірілген жыланға ұқсата орағаны тегін емес – адамзаттың көз құртына айналған әрі күн сөнгенше айнымас құдірет – Билік нышаны.
Ол Марқакөлде бұрын болған адам айтса сенгісіз бір оқиғаны естіп, соның сырын жете білуге құмартып, осы сапарға шыққан.
Мерген
Соғыстан кейінгі алғашқы жылдарда қырдағы елдің тұрмысы жұтаң әрі жүдеу болатын. Көрші колхоздар бір-бірінен алшақтау орналасқан. Қазақ саяқ өмір сүруге әсіре икем халық. Байдалы тауларының күнгей етегіндегі Қойтүбек қыстағында шошайып жалғыз қос қоныс тепті.
1947 жылдың 16 қыркүйегі. Сарша тамыз таусыларда жер түгі сарғайып, өсімдік қурай бастайды. Жасыл түс сары реңкке ауысып құбылады. Қараша қаздың қайтуы күн райын күрт суытар мезгілдің алдын орайтын мизамшуақ. Қалжаппардың әйелі Мергел екі кішкене баласымен күрке тігіп, оңаша отыр. Отағасы аздаған ірі қарасын қосып, ала жаздай колхоз малын жайлауда бағады, бала-шағасына күзде бір-ақ оралады. Көктемде егіп, жаз бойы баптаған жүгері, тары сияқты дәнді дақылды жинап-теріп, қыстық азық дайындап алуға әрі қыстақты күзетуге қалған орта жастағы әйелдің жанында жеткіншек ұл мен қыз, айдалада құдайдан басқа қорғаны жоқ. Ес болар тірі мақұлықтан ит пен мысық. Сауынға ұстайтын лақтаған екі ешкісі бар. Көгалға қазық қағып, ұзын арқанмен байлап қояды. Секеңдеген сүйкімді үш лақ енелерінің қасынан ұзамайды.
Сегіз жасар Сағдолда қыстақтан жеті-сегіз шақырым қашықтықтағы Былғары-Табыты ауылындағы мектептің бірінші класына жаяу қатынап оқиды. Кішкентай баласының ауылға жалғыз-жарым кететіні жанына бататын Мергел оған ескіше дұға жаттатып, киіз дорбасына дырау қамшы салып берген.
Иен далада тоғайдың іргесіндегі үйреншікті сүрлеумен именбей жалғыз жүруге үйренген Сағдолла іннен басын қалшита қоятын суыр, қоян қуған түлкі, аспанда ұшқанда қанатын қақпай қалықтайтын ірі құстарды қызықтайтын, шықылықтаған ұсақ құстарды үнінен ажырата алатын. Кесіртке құйыршығы жұлынса адыраспанға аунайды. Суыр, кесіртке, тасбақа шипалы шөптермен жазылады, жаралы бұғы ыстық қайнарға түседі. Қой жейтін бір шөпті әкесі мынау қасиетті шөп, өмірді ұзартады деп көрсеткен. Бұғы-марал тұяғымен қазып жейтін алтын тамырдан бөлек шөптің атауын бала ұмытып қалды, жайлаудан түскенде әкесінен сұрап біліп алады. Бала жолай шаршаса, құйрық басып, көгалға отыра кетеді, шөптің сабағын тістелеп, шалқалап жатып аспанға қарайды. Дорбасын ұмытып, құстай ұшып, қайта оралса, қасындағы көк шекмік гүлге керемет әдемі көбелек қоныпты. Көз айырмай қарап, бірақ ұстап алуға обалсынды. Отыра қалып, киіз дорбадан қара қарындашын алып, дәптерге көбелектің қанат бедерін айнытпай көшіріп салғанына мәз. Жаңбырдан соңғы хош иіс ауаны кернеп, шырқау көкте кемпірқосақ салбырап тұр. Көк күмбезінен кемпірқосақ көрінсе, бір шетіне жүгіріп жеткісі кеп, қуа жөнелетін бала енді қосқа жетуге асықты.
Күн екіндіге таянған. Күншуақта марғау бұйығып жатқан сары ала төбет бүйі шаққандай орнынан атып тұрып, арқасы күдірейіп қамыс жаққа арп-арп үре бастады. Іле ұлуға көшті, лезде ұлыған үні құрдымға жұтылып кеткендей өшіп қалды. Мергелдің үш жасар қызы Сақан қостың ішінде ұйықтап жатты. Сағдолда қос маңында қалың қамыстан бөгде дыбыс шығып жатқанын шөпшек теріп оралған шешесіне қобалжи айтты.
–Апа, қамыс ішінде өгіз өкірген сияқты меңіреу бір дыбыс естідім. Таймас қайда? – деді ақ сары жүзіне үрей ұялаған бала көкшіл көзі бақырайып.
«Ірі қара малдың бәрі жайлауда, ол қайдағы өгіз?! Ит неге ұлыды?» деп сезік алған шешесі тысқа шығып, жаппа қостың алдында иті мен мысығы жоқ екенін бірден байқады. Япыр-ау, алыстан баласы оралса, арсалаңдап аяғына оратыла кететін төбет қайда кеткен? Марғау мысық неге көрінбейді? Мергелдің көңіліне қарадай күдік кіріп, ит-мысығын дауыстап шақырды. Тым-тырыс. Олардан еш дыбыс болмаған соң, айналаны сүзіп қарағаны сол еді, қостан он қадам жерде иттің, одан әріректе мысықтың сілейіп өліп жатқанын көрді. Астапыралла! Бұл не сұмдық? Әйелдің көзі шарасынан шықты. Ит пен мысыққа қырғын тисе, бір пәле келіп қойған болды. Мергел діріл билеген бойын жиып тіктеліп, белгісіз қауіптен қорғану үшін қару алмаққа жан-жағын қарманды. Босағадағы сүйеулі айыр қолына ілікті. Жағымсыз иіс мұрынға ұрды. Сол ілкім сәт қостың іргесінен сүйретіліп, ішке қарай бір құбыжық жер бауырлап еніп бара жатқанын көзінің қиығымен шалып қалды. Кемпірқосақтан түскендей шұбалаңдай иретіліп барады. Тұнжыр ұзын құйрықтың ұшын құдай көзіне көрсетті. Әйтпесе долы дұшпанды аңдамай қапы қалары айдан анық еді. Мергелдің қаны басына шапты. Кішкене қызы оқыс оянып кетсе, алабөтен мақұлықтың қарсы алдынан шыға келер ме екен деп қарадай зәресі ұшып барады. Әйткенмен арқасы қозып, тұла бойға құйылған дүлей күш буып, жау қашырар қас батырдай буырқанды. Өліспей беріспейді. Әйел ашаны құлаштай сермей соққанда қара жерге темір қазық қаққандай күшеніп, мақұлықтың арт жағынан сұғып кеп алды. Баласының атын атамай: «Күректі әкел!» деп жан дауысы шыға айқай салды. Сегіз жасар бала ширақ қимылдады, анасына күректі көлденең тосты. Мергел тұла бойы түршігіп, құйқа тамыры шымырлап, қаны селдей тасып, жұдырықтай жүрегі жарылып кетердей бұлқына бар күш-жігерін қас-қағым сәтке жиды да, құбыжықтың басын ала күрекпен шауып кеп жіберді. Қаракерей Қабанбай бабаның аруағы қонғандай күшейіп, күрек сермегенде қолы сүйсініп кетті. Өмір өліммен тартысқа түскенде қас-қағым мезет жетеді. Күрек жуан мойынды айбалтадай орып түсті, қан бұрқ етіп, денеден бөлінген кесек бас ыршып кеткенде әйелдің саусақтары жансызданып сұлқ түсті. Басы айналып, көзі қарауытса да бұл не мақұлық деп көз тоқтатып қараса, шиыршық атқан ту жылан екен. Бауырымен жер сызып жылжып бара жатқанда жүз жылдық ағаш діңінен жуанырақ сұлбаны жорғалауық деуге әсте батпаған еді. Қазақ алып жыланды аждаһа, айдаһар демеуші ме еді?!
Ананың айбатын, шамырқанған қату айбынын қалт жібермей сезінген Сағдолла күректі жылдам бере қойғанда қорқынышы сейіліп кеткендей болған. Енді қанды басы денесінен бөлініп қалған аса ірі жыланды көргенде абдырап есі шықты. Бала анасының бауырына тығылып, бетін басты. Есіл-дерті қорғансыз ұл-қызын қауіптен құтқару болған Мергел әуелгі көзсіз батылдығы тарқап, көнетоз жаулығы желкесіне сырғып, үнсіз қалды. Ер тұлғалы, зор денелі әйел өңім бе, түсім бе деп өз көзіне өзі сеніңкіремей аңтарылды, жеті басты айдаһар өлтіргендей теңселді. Өлі жыланды аттауға болмайды. Жыланды үш кессе кесірткелік әлі бар. Ұлына ішке кірме, мұнда жолама деп ымдады. Мергел қостың кірер аузында әлі тыпырлап жатқан бассыз айдаһар тіріліп кетердей көрінсе де іргемен еппен басып өтіп, шырт ұйқыдағы қызын көтеріп, сыртқа шықты. Сол екі арада басы кесілсе де жанталаса тулап өлген құбыжық жаппа қостың күл-талқанын шығарды. Есін аздап жиғанда Мергел өзінің алып жыланмен алысып, басым шыққанын әрең түсінді. Қос жақ тыншып қалғанда, Сағдолла иті мен мысығын көруге зыр жүгіріп кетті.
Жылқы мен қойды жылан ернінен шағады, дүрдиіп ісіп кеткен ерінді бәкімен тіліп қанын шығарып, уды молда дұғамен қайтарады. Қыркүйектің аяғына таман орманға баруға болмайды, 27-сі күні жапырақтары сарғая бастаған орманды жылан патшалығы басады екен дегенді Қалжаппар пеш салатын кезбе орыстан естіпті. Әр ағаш, әр бұтаның түбінде шұбар жылан жатады. Жыланға қарсы дуа оқыса, удан қорғайды, оны жалаңаш қолмен ұстап қойынға салса, шақпайды деп сендіріпті. Күншуақпен қимай қоштасып, қысқы өлі ұйқыға жатарда жыланның тайпасы жер бетінде құпия кездесуге асығады десе, оған аттай тоғыз күн қалған болды.
Мергел беймаза үрейден ептеп арылып, адыраспан жағып, қос маңын жағымсыз иістен түтінмен тазалады. Қазыққа байлаулы қос ешкіні лақтарымен айдап әкеп шарбаққа кіргізді.
Үлкендер Бөкенбай тауларының бір ұшы тірелетін анау Қалғұты жақтағы Қарасеңгірдің үстіндегі қойтастарда айдаһар жыланның жатағы бар деуші еді. Біліп айтады екен. Сол маңда суырдың көп іні болған. Айдаһар кәрі суырларға тиіспей, өскенде күшіктерін жұтады екен. Жас суырлар жылан арбағанда көзінен балаша жас ағып, қаққан қазықтай қалшиып қозғалмай тұрады. Айдаһар аранын ашса, суыр байғұс адам баласының саусағынан аумайтын қос алақанымен бетін басып, көзін тарс жұмып, мүлгіген күйі жұтқыншаққа жұтылып кете барады екен.
Айдаһарды жеті басты жалмауызға теңейтін ел назары аштың сұғынан сақта, оның көзіне қарауға болмайды деп сезіп айтады. Мергел алып жыланды арт жағынан келіп соқты, егерәки қарсы алдынан тап келсе, қара тастай жылтыраған түймедей көзіне тіке қарамаушы еді. Себебі жылан қараса, адамның көз нұрын алады деп апасынан естіген. Бұрынғылар «Алтын шөккен жерде ордалы жылан ұя салады, жыландар жер қазынасын күзетеді» дейтін. Жыланның басына тәж таққан патшасы, әмірші, тамыршы, тазалықшы, барлаушысы болады. Жылан орданың иісі бұзылып бара жатса, біреуі аузын арандай ашып, ақырады екен, ауыздан шыққан көк жалын жұпар болып шашылады екен. Көкте құстың ұшқаны, жерде жыланның жүрісі білінбейді. Құстардың сан алуан дыбысы сазды. Жылан ысылдаса, ғайыптан ажал төнгені. Сондықтан мылқау жыланды аңыз қылып айтар әңгіме елде аз емес. Ордалы жылан алтынды жерді бауырына басып, меншіктеп алады деген сөз өтіріктен ада.
Кемпірқосақтан үзіліп, шұбатыла сырғып түскендей тосын пайда болған дәу мақұлықтың сүйретілген құйыршығы жыланға ұқсайтынын Мергелдің жүрегі бірден сезген. Ұрпағын қорып, жан ұшырған сәтте, жасөрім ұлының есімін атамай, «Күректі әкел!» деп ақырғаны сондықтан. Қазақ баласын: «Қасқырды атама, құтырып кетеді, ит-құс деу керек» деп тыяды. Аты аталса, аруағы асқан кей хайуан еліріп-есіріп, күшейеді дейді. «Жылан өз азығын арбайды, ұйықтатып барып қоректенеді, адамды арбап шағып өлтіреді, жыланға естіртіп жан-жануар, адамның атын атауға болмайды» дейтұғын үлкендердің есті сөзі сана түпкірінде тірілген. «Сағдолла десем, ит пен мысықтың жолын құшар» деген соқыр үрей ұлының атын айтқызған жоқ. Құдай сақтансаң сақтайды. Ежелден тау-тас, орман-тоғай, өзен-көл, жер-судің өз иесі бар. Ол өз әулетін жер-судың иесі, туған жердің киесі ажалдан қорғап қалды деп сенді. Әйтпесе ірі мақұлық бұған әсте бой бермес еді ғой.
«Жыланның кесік басын алысқа лақтырып, денесін жеті бөлікке бөліп тастамаса қайта тіріліп кетеді». Мергел лықсыған ойдан іркіліп, біраз аялдап, қызын арқалап, ұлын жетектеп, жолға шықты. Күн ұясына батпай тұрғанда елге жетіп алмаса болмайды.
Мергел – бойы ортадан жоғары, қыр мұрынды, көзі өткір, сымбатты әйел, қараторының әдемісі. Жолда ол әкесі Көштекенің аңшылығын еске алды. Әкесі көзі тірісінде балаларына: «Жау келді десе, қолыңа қылыш, қалқан ал» деп тастүйін отырушы еді. Елде жоқ сирек есімін Мергел деп әкесі қойыпты, мұны қайдан алғанын кім білсін. Өмірі ат үстінен түспей өткен Көштеке қасиет қонған кісі. Салт атты ала жүретін жанторсықтағы қымыз тәттірек деп сабадан қымыз ішпейді екен. Әкесі көш керуен қатерлі асудан асқанда түйенің қомында туған. Анадайда құламалы құз жартаста мүйізі одырайып таутеке тұрған соң көште туған нәрестенің есімін ырымдап Көштеке қойған. Түсінде марқұм әкесі құйрық-жалы жер сызған ақбоз атқа мініп, Марқакөлге қарай шауып бара жатты. Астына мінген жылқының төрт тұяғынан шоқ-шоқ от шашырап барады. Мергел таң елең-алаң ошаққа от жағып, қара қазанға құйрық майды шыжғырды. Қаптың түбін қағып ұн илеп, ата-баба аруағына бағыштап жеті шелпек пісіргені бекер шықпады.
Арғы бабасы Қожамбет 357 жыл бұрын туған екен, Марқакөлде үрім-бұтағы алты атаға жетті. Соның бірі Жарболды үлкен руға айналды, басым көпшілігі совет үкіметін жатырқап, конфескеге көнбей, үркіншілікте арғы бетке қашып өтіп, кейін жарым-жартысы туған жеріне қайтып оралған.
Арғы бетте Мергелдің алғашқы күйеуінен көрген балалары тоқтамай, шетіней берген. Ері өліп, жесір қалған жасамыс әйел Алтайдың Қаба аймағынан атамекенге ірге аударған елмен бірге оралған соң Қалжаппармен тұрмыс құрғаны көз алдына елестеп өтті. Әйел қырық шырақты. Өте өңді, тартымды Мергел жасы қырықтан асқанда қайта тұрмыс құрды. Арғы жақтан тұрмыс тауқіметі басып қиналып келді. Ол 44 жасында ұл туғанда орыс фельдшер босандырған соң балам тірі қалды деп қуанды. Бірақ 48 жаста кенже қызын туғанда инсульт алды, тілі ептеп күрмелетін болды. Бесіксіз үйде береке жоқтығын бұрын бастан кешкен Мергел Тәңіріге аман-есен өсіп келе жатқан балалары үшін дән риза еді.
Мергел кеш қоюлана Былғары-Табыты ауылына жетті. Найман орта жүзде ірі тайпа, оның Төртуылынан Мая руы тарайды. Арғы бабалар есімі қазақта ру атына шыққан. Мая ішіндегі Саты әулетінің бір бұтағы Марқакөлдің Былғары-Табыты ауылында тұрады. Мергелдің күйеуі Қалжаппар Мая руынан.
Есігі қайыс жіппен байлаулы қалған өз үйінде Мергел ұлы мен қызына усарымсақты таба нанға қосып жегізді. Бағана ауаға айдаһар демінен у тарағандай тітіркенген, сол ауаны жұтқандықтан, өзі де ащыны артығырақ жеп қойды. Түн баласы жастыққа басы тигенде «Мына бәленің жалғыз болуы мүмкін бе? Жұбы болса, өш алуы ғажап емес қой…» деген күдікті ой қамады.
Ертеңіне таң сәріден оқиға орнын көруге асыққан ауыл азаматтары құлаған қосты орап өліп жатқан алып жыланды көргенде жағаларын ұстады. Оның кесік басының үлкендігі шамамен бес литр ыдыстың көлеміндей, сала құлаш ұзындығы жеті метрдей, жуандығы кемі отыз бес сантиметрдей екендігін байқады. Бәрінің көз мөлшерімен айтқаны бір кісідей шыққан.
Мергелдің еркектен бетер қайрат қылып, төніп келген ажалмен алысып, бауыр еті балаларын тажалдан аман сақтап, құтқарып алған асқан батылдығына ел қайран қалысқан. «Мергел емес – нағыз мерген екенсің!», «Көштеке қызының есімін Мергел қойғаны әй, бекер емес болып шықты. Бұрынғылар әулие ғой. Көріпкелдігі бар екен!», «Мергенге мылтық кезетпе!»– десіп ауылдастары риза болысты. Сол күннен бастап, ауыл адамдары Мергелді Мерген атап кетті.
Мына оқиғадан соң дені сау, сұлу әйел қатты шошынғандықтан, сол жақ беті қисайыңқырап, әдемі кейпі бұзылыңқырап, тілі күрмеле мүкістеніп, тұтығыңқырап сөйлейді. Ауылдағы емші кемпір бақыршыққа қорғасын балқытып, қорықтық құю керек еді деп артынан айтты. Адамның басына орамал жауып, оның үстіне суық су толы тегеш тосып, балқыған қорғасын құйса тас боп қатып қалады. Сол мезетте күйзеліс тудырған пәлекет нышаны кескінделіп, дерттің ұшығы сыртқа шығады екен.
Біреу Қалжаппардың қатыны жылан арбайтын бақсылық қасиеті бар екен деп те шығарды. Әйтпесе өлген жыртқышты көзімен көрген естияр жұрт оны әйел заты өлтірді деуге сенер-сенбесін білмей дағдарғаны шындық. Айдаһар ертегіде қас батырдың жауы, бірақ оны әйел жеңді дегенді естісе құлақтары керең болсын. Айдаһар су сиыр сияқты өкіреді екен, кісінің көзі мың жыл түспесе, ту жылан бүкіл жер бетін жалмап жұтады екен дескен мың бір түннен өткен хикаялар ел ішінде желдей есіп гуледі.
Қыстауға елмен ере келген Мергел айдаһарды ерлер аулақ апарып шұңқырға көміп тастап келген соң үш бақан опырылып құлап жатқан қостың ішінен бетіне оюлап қаңылтыр сырған ағаш сандықты алып шыққан. Қызын абысынына тастап кеткенімен, ұлы анасынан қалмай, еріп келді. Сандықта шыт мата, күйеуі мен өзінің бір киер киімі, анасынан қалған жібек орамал, шүберекке түйген түйіншек жатыр. Түйіншекте не барын ұмытып қалыпты. Ашып қараса, әжесінен мұраға қалған алтын түйме, өңіржиекке тіккен өрнегі керемет әдемі кесте, көзмоншақ және шашбаудан қиылған Николай заманынан қалған, ақ патшаның басы бейнеленген үш күміс теңге бар. Теңгелерге ұста қосымша күміс жапсырып, соны шашбауға өткізу үшін шетін тескен. Мергел түйіншекке ораулы ең қымбат затты алақанына салып қарады. Өте ескі көмескі алтын алқа, оның бетіне салынған екі басты айдаһардың бедері уақыт табынан өше бастапты. Үлкен шешесі өлерінде осы алқаны тығып бергенде: «Қарғам, мына алтын алқаны ешкімге берме, тірі жанға көрсетпе, ашықсаң да пұл етпе, бағың таяды. Ұрпағыңа аманаттап бер, әрқашан тығып ұстасын. Сонда жамандықтың зілі баспайды, еліңді, жеріңді Тәңірінің қорғауымен қаскөй жау ала алмайды» деп өсиет айтқаны көз алдына елестеп кетті. «Япырымау, айдаһар осы алтын алқаны іздеп келмесін?!» – деп тіксінді.
Мергел өлі ит, мысықты екі бөлек шұңқыр қазып, қатар жерледі. Қолын шүберекпен орап, өлекселерін шұңқырға түсірді. Баласына ұстама деп тыйым салған, теріде у қалса жұға ма деп қорықты. Ісініп торсиып кеткен мысығы мен итінің көзіне көк шыбын үймелегенін көрген бала өксіп жылап жіберді. Мергел баласын: «Ба-л-ам, біз-дің ел-ге, әулетке келген пәле-жала осымен кет-сін, жылама, ырымға жаман. Жалғанның жазымы көп, бейкүнә ит пен мысық-тың ажалы жер астынан шыққандай дүлейден болса мен қа-й-те-йі-н» деп әр сөздің әріптерін ежіктеп, үзіп-үзіп сөйлеп жұбатты.
Ауыл кісілері айдаһар өлген қостың орнын өртеп, аулақтау тұстан күрке тігіп берді. Бірнеше сырық, уықтардың басын біріктіріп, үстін киізбен жапты. Мергел айналаны отпен тазалап, «Жанған отпен кетсін, соққан желмен кетсін, аққан сумен кетсін, батқан күнмен кетсін!» деп кесапатты аластады. Күйеуі жайлаудан малды ортаға тапсырып оралғанша, колхоздың басқа жұмысына ауысқанша амал жоқ, осы жерде қыстауды қарауылдап отыра тұрады. Мергелге бір туысы тығулы аңшы мылтығын бергісі келген. Бірақ үкіметке жазықты болып қалардай тартынды.
Доңыз жылы Мергелдің айдаһарды соққаны қырдағы елге біраз әңгіме болды. Бір ақсақал ескіден келе жатқан әфсананы еске салды. «Баяғыда, – деді ол, – атақты Ағыбай батыр Сарыарқадан еліне қайтып келе жатып, айдалада жалғыз отырған шүйкедей қара шалды көреді. Оның алдында қимылсыз сұлап жатқан ұзындығы қарыстай қарашұбар жыланды байқайды. Қара терге малшынған шал батырға: «Мына айдаһар жыланмен арбасып, соны әзер жеңіп отырған кезім еді» дейді. Ағыбай батыр бұрын-соңды мұндайды көрмеп едім, көзіммен көрер ме едім деп таңырқайды. Қайта арбасқанда шал жеңіліп қалып, жылан кенет әлденіп, қарыс бойы ұзарып құлаштай, жуандығы білектей болады. Сәлден соң жуандығы тоқпақтай болады. «Әттең, қылышсыз шыққанымды қарашы!» – деп өкінеді садақ асынған батыр. Сөйтіп тұрғанда, жыланның кеудесі өсіп, кішігірім тушадай болып, нағыз айдаһарға айналып, зорайып келе жатады. Не керек, Ағыбай серігімен екеуі ауыздығымен алыса осқырынып, түсі суық айуаннан үріккен ат басын беткейге қарай қоя береді. Қыр басына шығып қараса, жылан бұқадай болған екен. Шал шөкімдей болып шөгіп қалыпты…».
Сайлау асығыс сапарға аттанғанда: «Жаның жаннатта болғыр Мергел апаның таңғажайып ерлігі қысылтаяңда жасымайтын қазақ әйелінің рухы мықтылығына куә. Кейінгі ұрпақты жігерлі де жүректі болуға үндейтін нағыз қаһармандық мысал емес пе!» деп сүйінген. Ол Сағдолла ақсақалды іздеп тауып, таңғаларлық әңгіменің егжей-тегжейін сұрап білуге асыққан.
Батыр анасының күштіден тайсалмай айдаһарды өлтіргенін жазып алмаққа белгілі журналист Сайлау Төлеуов келерін естіген Сағдолла ата: «Қайран шешем-ай, тарихта қалатын болдың ғой!» деп әжім торлаған жүзі толқып, көзіне жас алған.
Мергел апаның баласы Сағдолла жасы 80-нен асқан, ақ сары жүзін жел қаққан толық кісі екен. Қайсар ана адал өмір сүрді, ұзақ жасады, ұл-қызынан он алты немере сүйді. Алжыған жоқ, белі бүгілгенше шаруаға өте пысық, жігерлі, маңғаз сөйлейтін орнықты, әңгімешіл кісі еді. Балалары басына: «Мергел Көштекеқызы (1895-1991). Руы Жарболды» деп қашалған мәрмәр тас қойды.
Сайлау Қожамбет руының ішінде кіші аталық Атақозыдан тарайды. Бабасы би, Семейдің діни семинариясында оқыған Төлеу атасы атақты молда болған, 1864 жылы туып, 1949 жылы қайтты. Өз әкесі Өміртай елге сыйлы кісі.
Журналист Сайлау Төлеуов туған өлкесінің жер бедерін алақандай білетін. Қара Ертіс ұлы су, асау басын шекараның ар жағынан алып, Боран ауылымен өтеді, Солтүстік Мұзды мұхитқа барып құяды. Шығанши шилі ауыл. Былғары-Табыты және Шығанши екеуінің арасы 23 шақырым. Екеуі де жол бойында орналасқан ауылдар. Бөкенбай таулары сол жағында, ұзыннан-ұзақ созылып жатыр. Тау сілемдері Марқакөлден басталып, Бөкенбайдың жалы Қалғұтыға бойлап, Қаратоғай тауына кеп бітеді. Мергел апа айдаһар соққан жерден Шығаншидің арасы 15 шақырым. Аласа таулардың етегінде жағалай салған көп қыстақ бар.
Совет дәуірі кезеңінде ауданның барлық колхозынан жиналған он бес шақты бәйге аты Былғары-Табытының жанындағы Зағар бейітінен көрші ауыл Шығанши бағытында, батысқа қарай тауды жағалай шабатын. Бәйгенің көмбесі Шығаншидің тұсындағы «Бәйге төбеге» тіреледі.
Бұл жақта алтын көп. «Мың биенің қазынасы» деп аталатын құпиялы жерде үңгір бар. Сол жерге Әлкей Марғұлан 1966 жылы келіп кеткен. Бертінде сол маңда Қызылтас бөлімшесінің аға шопаны Ауқат Елемесов мал жайып жүрсе, алыстан бірдеңе күнмен шағылысып жылтырайды. Байдалы тауларының беткейінен жарқырай жанған мына көрініске аң-таң қойшы солай қарай андыздай шабады. Жақындап қалғанда көзіне елес көрінгендей жаны түршігіп кетеді, әлгі жарқырауық дегені әлденеше айқаса бұратылып жатқан нағыз айдаһар екен. Жүз қадам жерден ысылдаған дыбыстан қойшының астына мінген аты қан сиіп жіберген. Ауқат оқыс тізгінін тартқанда ерінен ауып қала жаздайды, атының басын әзер бұрып қашып құтылған.
Үңгірдің бір ауызы анда, бір ауызы одан 10-15 шақырым қашықтықтан барып шығады. Тік үңгірге арқанмен түседі, 4-5 метр төменде шынының ішіндегі білтелі шам өшіп қала береді екен. Үңгірде жел соғып тұрады. 10 метр төмен түскендер шашылып жатқан ер-тоқымның көнерген қалдықтарын көрген. Жаугершілікте үңгірге қисапсыз қазына тыққан.
Марқакөлдің асты-үсті тұнған иен байлық. Берия бұл жерде 6 тонна алтын алып кетті деген дерек бар. Жер қойнауын зерттеуші топтың кісісі аңдаусызда айтып қалған. Артынан білгенін айтқысы келмей қашқалақтап, өз сөзінен айнып қалды. Өткен ғасырдың басында ағылшындарды Уркварт деген бай адам бастап келіп, Марқакөлдің Маңқан топырағын қопарып, Батпақтыбұлақ, Шаңдыбұлақты шаңдатып, шахта қазған. Шетелдіктер алтынын қопарып алып кеткен соң жыландар ордаларын көшіріп, ауып кетіпті десетін.
Орта Азия, Орал және Сібірдің барлық ірі кен орындарын өз қолына алған ағылшын миллионері Лесли Уркварт Риддердің мырыш пен қорғасын қорын ашқан. Уркварттың экпедициясы Риддер кенішін, төңкеріске дейінгі Ресейдегі пайдалы қазбаларды іздеп тауып, ірі тау-кен орындарын, түрлі түсті металл көздерін ақ патша үкіметінен ұзақ жылдарға концессияға, яғни жалға алған. 1917 жылғы төңкерістен соң шетелдік кәсіпорындар күйреп түскен. Сайлау бұлардан әбден хабардар болатын.
Тақтайдай тегіс жолда Subaru Forester машинасы ұшыртып келеді. Сайлау «Марқаның түп құпиясын ешкім білмейді. Марқакөл атамекенім, біздің Қожамбет руының жері ғой. Тау ішінде аяқ жетпеген, адам баспаған жұмбақ жерлер көп. Бөкенбай таулары, Былғары-Табыты ауылы, ордалы жылан бар жерлер бәрі бір радиуста жатыр» деп терең ойға батты.
Үйіне оралған соң Сайлау Адам ата мен Хауа ананы Ібіліс жылан кейпінде азғырып, жұмақтан қуылған деген діни аңызды жауып қойып, айдаһарға қатысты қазақ дүниетанымын зерттеуге ерекше құлшынды.
Әлемдік мифологияда айдаһар бейнесі жын атады. Дала айдаһарының арқасында айдар сияқты жал болады екен. Тау айдаһары балық тәрізді алтын қабыршақты екен. Ежелгі еврейлерде жоны тікенек айдаһарды бейнелеп мойынға тағуға тыйым салынған, ол пұтқа табыну тұспалы болған. Белгілі бір жыл мезгілінде жылан жалаған тасты көрген адам жаласа полиглот болып, көп тіл біліп шығады, жан-жануар, аңдар мен құстардың, шөптің, судың, тау-тастың тілін біледі деген көне аңыз бар. Тек жыл он екі ай тоң құрсаған терістік, мұз басқан Антарктида жылансыз. Ыстық шағыл құмдар, күнгей жақ, бес құрылықта бауырымен жорғалаушылардың қисапсыз түрлері бар, құрғақ түгілі көк теңізді су жыланы жыланбалықтар мекендейді.
Жыланға қатысты ырым-тыйымдар өте көп. Жылан бар жерде қазына бар. Оның гипноздық қасиеті тылсым. Жылан арбаса торғай ұшпас, бақа қашпас. Сайлау фольклор жанрынан бөлек тың деректер іздеді. Біздің халықта айдаһар ұғымы қайдан шыққан? Мұның әрине, жаугершілікке қатысы бары айқын. Әйткенмен, қазақта оның басқаша пішіні мен сипаты бар ма? Мифологиялық құбыжық мақұлық қазақ ертегілерінде кездескенімен, жат елдің символы ретінде оны ел қорғаған батырлар аруағы асып, алысып барып қиындықпен жеңеді. Оңай дұшпан емес, бір басын шапса, екінші басы өсіп шығады. Яғни, қисапсыз көпті бейнелеуден шыққан гипербола. Мергел апаның жеңімпаз болып шығуында не гәп бар? Ежелгі көшпелі нәсіл мал өсірген, көшпелілер отырықшы тайпалардан ғөрі соғысуға ерекше бейім, жүректі, жауынгер халық болған. Қанда бар қайсарлық қалт кетпепті.
Неліктен қазақ айдаһарды кішкентай жәндік ұлуға – сырты қабыршық, іші мүйізді құртқа теңейді? Бұрынғылар бурада айдаһардың екі түгі, қошқарда айдаһардың бір түгі бар, түйенің шөккені – ұлу деп неге айтты? Айдаһар да, түйе де кесіртке жамбасты динозаврлар дәуірінен жеткендіктен бе? Сайлау көптеген әдебиетті ақтарып, қазақ ұғымында айдаһарды басқаша атаумен берген этимологиялық құнды дерек табылғанда тағалды.
Қатонқарағайдың тумасы, жер атауы Қатонқарағай делініп өзгеше аталып кеткенін тілдік таным, тарихи-лингвистикалық талдау арқылы зерттеуші лингвист ғалым Бердібек Бияровтың «Жер-су атауларының сөзжасамдық үлгілері» атты монографиялық кітабында былай деп жазылған: «Лексикадағы әр сөздің бойында шығу тарихынан бастап, күні бүгінге дейінгі «өмірбаяны», семантикасындағы ұлттық белгі, салт-дәстүр – барлығы кумулятивті түрде сақталып жатады. Айырмашылығы: бір сөздің когинитивтік мағынасын ашуға болады, енді бірін тап басып анықтау қиынға соғады. Бұл тарихи принцип байырғы сөздер мен кірме сөздерге бірдей тән болып келеді. Мысалы, көне түріктер Қытайдан он екі циклдік жыл санауды қабылдағанда, айдаһарды, амал жоқ, ұлуға ұйқастырып, жыл атауын бергені мәлім. Бұрын елеусіз боп келген жәндік жылды иемденіп қана қоймай, қытай тіліндегі лү «айдаһар» да атын да қабылдады. Лү қолдану барысында ұлу-ға айналды».
- 09.2022. / 28.09. /30.09. / 1.10./ 2.10./ 3.10./ 4.10. / 5.10./ 6.10./ 7.10. / 14.10. /15. 10. / 18.10. 2022.
Айгүл КЕМЕЛБАЕВА, жазушы