ХХ ғасырдың 1905-1937 жылдар аралығында қазақ қоғамына резонанс тудырып, үлкен құбылыс болып келген ұлттың нағыз интеллигенция өкілдері – Алаш қайраткерлері еді. Бүгінде Алаштану ісі әр түрлі қырынан зерттеліп, жекелеген салаларға бөлініп қарастырылуда. Алаш қайраткерлерінің артында қалған мол мұраларын бір шолып қарасақ, олардың ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүр, этнография мәселелеріне байланысты жазған еңбектері қарастырылмай келеді екен. Яғни, Алаш қайраткерлерінің этнографиялық ғылымның дамуына қосқан үлестері назардан тыс қалған.
Этнография – ұлттың өзіне тән ерекшелігімен, әдет-ғұрып, салт-дәстүрін зерттейтін ғылым саласы. Салт-дәстүрлер заман ағымына сай жаңарып та, ескіріп те тұрады. Алаш қайраткерлері ХХ ғасыр басындағы қазақтың кейбір ырым-тиымдары мен салт-дәстүріне қатысты түрлі ой қозғап, көлемді еңбектер жазған екен. Қазақ баспасөзінің алғашқы қарлығашы болып саналатын – «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетіне жарық көрген осы бағыттағы еңбектерді саралап, бүгінгі күнгі дәстүр мәдениетімен салыстырып, оқырман қауымның назарына ұсынсақ деген едік.
«Айқап» (1911-1915) журналындағы салт-дәстүр мәселесі туралы библиограф-ғалым Ү.Субханбердина: «Журналдың көп көтерген мәселесінің бірі – әдет-ғұрып, салт-сана мәселесі еді. Журнал қазақ тіршілігіндегі әдет-ғұрыптың кемшілік, кері кеткен жақтарын сынай отырып, елді жақсылыққа, озық ойға, болашаққа шақырды» деп пікір білдірген[1; 26 б.]. «Айқап» журналы көтерген басты мәселенің бірі – әйел теңдігі. Әйел теңдігі – қыз баланың өмірі, тағдыры. Әсіресе, атастыру, қалың мал сияқты мәселелер жиі көтерілген. Осы орайда, сөзіміз дәлелді болу үшін «Айқап» журналына жарияланған өткір де даулы мақалаларды атайық: «Екі қыздың мұңы» (авторы: М. Дулатұлы, қараңыз: «Айқап», 1911,№12, 14-17 б.) әңгімесінде қазақ қыздарының аянышты ауыр хәлдері диаолог арқылы берілсе, «Әйелдер жайынан» (авторы: А.Бадықов, қараңыз: «Айқап», №12, 270-273 б.) мақалада автор әйел мәселесін дін жолымен шешіп, оларды оқыту керектігі жайында айтса, «Бейшара қыз» (авторы: Ә.Ғалимов, қараңыз: «Айқап», 1912,№11, 242-249 б.) мұнда да әдет-ғұрыптың құрбаны болған қыздың тағдыры арқау болған, «Қызды көп сақтаудан көрген залал» (авторы: Ғ.Тоқтарбеков, қараңыз: «Айқап», 1913, №2, 39-42 б.), «Ауырмай есімнен жаңылғаным» (авторы: С.Торайғыров, қараңыз: «Айқап», 1913, №17, 375-378 б.), «Қазақ халқының қыздар тіршілігіне көз салулары қақында» (авторы: И.Тасболатов, қараңыз: «Айқап», 1912, №8,175 б.), «Бір қазақ қызы» (авторы: Б.Құлақбаев, қараңыз: «Айқап» 1911, №7, 13-14 б.), «Қатын алу, ерге шығу» (авторы: М.Жұмабаев, қараңыз: «Айқап», 1913,№2, 30-31 б.) және т.с.с. мәселелер жазылған.
Журналда жарық көрген «Қазақтың қазіргі халі» деген мақалада елді кері тартатын кесапаттың алыстан келмейтінін, оның өз арамыздағы кәдімгі дау-жанжал, ұрлық, өтірік, өсек сөзден тарайтынын, бұл кемшіліктердің кәсіпсіздік, білімсіздіктен туатынын жұрт алдына алақандағыдай жайып салады.
Алаштың оқыған азаматы Шаһмардан Әлжанов «Қазақтың құдалықтарындағы кемшіліктер» (қараңыз: «Айқап», 1911, №6, 14-16 б.) атты мақаласында: «Біздің қазақта бұрынғыдан қалған жолсыз ырымдар, қалмақтан алған жөнсіз заңдар бек көп. Солардың ішінде ең жаман ұнамайтұғын ғадеттеріміз құдалық турасындағы істейтұғын рәсімдеріміз» деп құдалық, қалың мал, қыз айттыру мәселесін жан-жақты талдаған. Әсіресе, автор кедей-кепшіктің дүние-мүлік, дәулетке қызығып, жас өскін 12-13 жастағы қыз баласын байшыкеш шалдардағы сатып, құдаласқанын аямай сынаған. Әйел теңдігі, қалың мал мәселесіне қазақтың оқыған қыздары да араласыпты. Мысалы, Сақыпжамал Тілеубайқызы «Қазақ қыздарының аталарына» (қараңыз: «Айқап», 1911, №7, 11-12 б.) атты мақаласында: «Қымбатты аталарымыз! Біздағы сіздердің ер балаларыңыз секілді балаларыңызбыз. Ер балаларыңыз қанша жақсы болса, соншама сіздерге абыйыр емес пе?! Сол сияқты біздер де білімді, үлгілі болып, надан болмай, тәрбиелі болсақ, сіздерге абыйырлы болмас па едік? Шариғат бұйрығынша ер бала мен қыз бала тең болуға тиісті. Ер баланы артық көріп тәрбие қылсын да, қыз баланы кем көріп тәрбие қылмасын деген шариғат бар ма? Қыз баланы кемге тұтыну жаһиттік белгісі емес пе?» деп налыған. Немесе «… тым болмаса, жеті-сегізден он бес жасымызға шейін оқытсаңыздар қайтеді? Ер бала бөтен жерге шығып кетіп оқуға мүмкін. Біз сорлыларға бөтен жерге барып оқу қайда? Біздер надан болсақ, түк те білмесек, дүниеден қор болып өтсек, мұның обалы қыз аталары сізге болмай кімге болады? Біздерді оқыту сіздердің мойындарыңызға борыш. Қиямет күнінде алла тағаланың құзырында біз қыз балалар барлығымыз бір ауыздан шулап, зарланамыз. Көз жасымызға қалмай оқытсаңыздар сіздерге алғыс береміз» деп ішкі мұңы мен тілек-арманын жеткізген. Және Сақыпжамал Тілеубайқызының өте білімді болғанын, сондай-ақ, оның шариғаттан хабардар екенін мынадан байқаймыз: «Екінші бір кемге тұтынатұғын орныңыз, қыздарыңызды мал секілді сатасыз. Бесікте жатқан шағымыздан-ақ біреуге қатындыққа сатып қоясыз. 13-14-тегі қыздарыңызды малға қызығып елу-алпыстағы шалдарға шырыылдатып, қолынан ұстап бересіз, көз жасына қарамай. Осыларыңыз жөн бе? Алпыстағы шал 13-14-тегі қызға тең бола ма? Тең болатұғын болса, 13-14-тегі ер балаларыңызға 50-60-тағы кемпірлерді неге алып бермейсіздер?». Осы мысалға алынған сөйлемнен байқадыңыз, ер бала мен қыз баланың теңдігін. ХХ ғасыр басында, тіпті, одан арғы ғасырда да қазақ қызының тағдыры аянышты болған. Міне, осындай мәселелер Алаш қайраткерлерінің намыстарын оятып, қазақтың шамына тиер ауыр сөздерді жазып, «маса» болып оятқан көрінеді. Қазақ қыздарының мәселесіне «Айқап» журналы арқылы ойын ашық айтқан Сақыпжамалдың бұл ісі – азаматтық іс еді. Автор бұны: «Менің бұл сөзім бір өз басымның сөзі емес, бүкіл қазақ қыздарының сөзі осы» деген екен. Енді бір қызығы – Сақыпжамал Тілеубайқызының жоғарыда аталған мақаласын оқып, оған жауап қайтарған қазақ қыздары да болыпты. Мысалы, «Айқап» журналында Күләйім Өтегенқызының «Қазақ қыздарына» атты өлеңі жарияланған. Сонда:
Оқып ем газет алып қыстың күні,
Көрінді нөмірлерден қыздың үні.
Риза бұл «Айқапқа» болып тұрмын,
Әр жерден естілген соң әйел үні.
Оқыдым Сақыпжамал қыздың зарын,
Жазайын көңілдегі менде барын.
Айнадай «Айқабыңыз» бар уақытта
Бүкіл қыз сөз жазсаңдар ықтиярың.
Қысқа ойлап біздің қазақ айыптай ма?
Айыбын анық біліп айтпайды ма?
Ақылмен салыстырып ойласаңыз,
Аярсыз иншалла біздің жайды.
Жазамын өз мұңымның жиып бәрін,
Қараңыз тезге салып қыздың зарын.
Болса да оқымаған ақылы мол,
Түсінер жұрт иесі ағаларым.
Арғымақ бір есекке қосақталды,
Солайша болғаннан соң өткен заман.
Әкемнің бетіне шіркеу болады деп
Тірі де шын азапқа кеткен жаман.
Ғибрат ал менен соңғы сіңлілерім,
Бұл бәле басқа келсе, бөлме шабан.
Өткізбе жылап-сықтап ғұмырларды
Көнбейік өлсек-дағы енді бұған,- делінген[1; 113 б.]. Міне, жауап. Міне, зар. Қазақ қызының зары! Енді осы жерде аттары аталып отырған Сақыпжамал Тілеубайқызы мен Күләйім Өтегенқызы есімді қазақтың оқыған қыздары жайында не білеміз? Бұл – маңызды сұрақ. ХХ ғасыр басындағы қазақтың оқыған қыздары санаулы ғана. Біз тек Нәзипа Құлжанова, Аққағаз Досжанова, Сара Есова, Шолпан Иманбаева, Ғайнижамал Дулатова, Гуля Досымбекова, Гүлайым Балғынбаева (Байгурина) сынды қазақ қыздарын ғана білеміз. Ал, мына екі қыздың өмір жолы мен шығармашылығы хақында білеріміз шамалы. Осы екі қазақ қызы туралы, жалпы ХХ ғасыр басындағы қазақтың оқыған қыздары жайында арнайы зерттеу жүргізу керек екен. Біз, «Айқап» журналына жарияланған Сақыпжамал Тілеубайқызының әйел теңдігі мәселесіне байланысты жазған екі өлеңін назарларыңызға ұсынамыз. Біріншісі – «Қыз батасы». Онда:
Үйін жандыр, надандықтың білім киіп,
Кетсін әрі, жақындамай босқа күйіп,
Панаңды бер, бізде ықталық панаңа
Көпке бірдей жауған нұрдан қалмай шет.
Санасыз ит, саналы боп көзіңді аш,
Көңілі соқыр, көзі ашықтан кейін қаш.
Зиянды қасқыр, тамағыңа құм кірсін,
Білімділер үлгі беріп, білім шаш.
Қыз алатын алпыстағы қызыл көз,
Қой мұныңды мұнан былай күдер үз.
Жетер енді солдырдың көп алманы
Көз алартпақ ынсап етер келді кез.
Кедейлерім сен де келші ынсапқа,
Алмаңызды қуарттырмай тың сақта.
Жарлы болсаң, міндеткер ме қыздарың
Ұстап бердің қанша зарлап тұрсақ та. Екіншісі – «Айналып қара жұрт ағасы сендерде» деп аталатын өлеңі. Өлеңнің толық нұсқасы былай берілген:
Шапағатың тисін біздей сорлы кемдерге,
Бізде адам ғой мал сияқты көрмеңіз.
Лайық па екен әйел сатып жемдерге
Сатып жемей бізге енді ерік бер.
Құдіретің бар, қалай айтсаң теңерге
Күн көрініп, бізге тұман ашылсын,
Білімсіздер білімдіге бас ұрсын.
Қалай жүрек жалмауыздар аузы ашық,
Таупиық беріп, ағарып көңілің басылсын.
Жоғарыда мысалға алынған екі өлеңде де қазақ қызының тұрмысы, оның арман-тілегі, мұң-мұқтажы сөз болған[1;83 б.].
Әр қазақтың білуі тиіс мәлімет: Қазақ әдебиетінің тарихында тұңғыш рет қазақ қызының тағдыры М.Дулатұлының «Бақытсыз Жамал» романына (1910) арқау болды. Кейінірек Т.Жомартбаевтың «Қыз көрелігі», С.Торайғыровтың «Қамар сұлуы», Ж.Аймауытұлының «Ақ білегі» жазыла бастағанын еске сала кетейік. Ал, тұңғыш рет әйел мәселесін шешудің жолдары жан-жақты көтерілген мақала М.Әуезовтің «Адамдықтың негізі – әйел» (1917) мақаласы еді.
«Айқапта» ақын Мақыш Қалтайұлының «Жолсыз ғадетлеріміздің бірі» деп аталатын мақаласы бар. Сонда: «Біздің қазақ арасында жарамаған көп түрлі ғұрып-ғадетлеріміздің бірі бойжеткен қыз бір жігітті өзіне лайық көріп, көңілі қалайды. Даңқына, дәулетіне қарап немесе өзінің бір мақсаты үшін, қыздың ырзалығына қарамай беру билеушілерге ғайып емес пе?» деп шариғат заңы мен жазылмаған дала заңының арақатынасын ашып, қазақтың ақсақалдарынан қазақ қызының басына бостандық, теңдік сұраған. Ал, «Би баласы» (Айманов Шайбайдың бүркешек есімі– Т.Е.) деген бүркеншек есіммен «Ана» атты мақалада: «…әсіресе қазақ әйелдері баласы, малы түгіл қара басын да билей алмай, байының жақындарының (ата, бабаларының) қолында ойыншық болып қалады» деп автор өкінішін білдірген. Алаш қайраткері Ахмет Мәметовтің «Нақақ төгілген көз жасы» мақаласында да әйел теңдігі мәселесі сөз болған. Автор қазақтың көптеген мақал-мәтелдерін сынап, теріске шығарған. Мысалы: «Қазақтың «іштен шыққан шұбар жылан» деп айтқан мақалы өтірік деп ойлаймын. Іштен шыққаны жылан тұрсын, періште болса да қазақ қызын жылатпай қоймайды, жылатып сатудан қоймайды» [ 1;140 б.].
«Айқап» журналы – ХХ ғасыр басындағы қазақ қыздарының тағдырына қатысты мәселелерді ұдайы көтерген басылым. Әрбір автор мақаласын «Қазақта ұл мен қызды бесіктен шықпай бір-бірімен атастырып, бастарын шатастырып қою көптен сүйегіне сіңген дерт» , «Халқымыздың надан кезінде арасында сіңісіп кеткен бұзық әдеттері көп» деп бастап отырғанын журналдың 1911-1915 жылдар аралығында жарық көрген, бүгінде мұрағаттық құжатқа айналған 88 санынан көріп отырмыз.
Алаш қайраткерлері қазақтың кейбір «ысырапшыл» салт-дәстүрлерін сынап, кейіп отырған. Дарақыланып ақшаны текке шашпай, оны қайырлы мақсатта жұмсауға үндеуге. «Қазақ» газетінің 1914 жылдың 10 желтоқсанындағы №89 санына шыққан «Ақмешіт» хабарламасында: «Ақмешіт уезіне қараған Шашты Қыпшақ марқұм Шоқай Торғай баласына ас берілді. Шақырған елдің бір шеті Қазалы, бір шеті Ташкент болды, үй мыңға жақын жұрт жиылды. Астың бар расходы 5 мың сомнан асты. Бәйгеге 57 ат шауып, 17-не бәйге тігілді. Бас бәйгеге 80 сом ақша, екі қара тігілді. Орынсыз кеткен 5 мың сомға Шоқай атына бір медресе салдырса, Шоқай аты мәңгіге қалар еді. Қазақтың әлі күнге қазақшылығы қалмағандығы ғой» деп Зәкір Ғайсин кейіген екен. Міне, содан бері арада ғасыр уақыт өтсе де, біздің қазақ бұл дертінен айыға қоймады. Керісінше, шет елден әнші шақырып, жыртылып, жарысып той жасайды емес пе? Ғайсиннің хабарламасының астына «Қазақ» газеті мынадай: «Шоқай марқұмның Петербург университетінде оқып жүрген, бітіруіне жалғыз государственни экзамені қалған Мұстафа деген студент баласы да бар, бірақ көптен бойға сіңген жұрт рәсімін жалғыз өз әкесінің тұсында қалай тоқтата алсын, жүре-жүре жіңішкеріп қалады да» пікір беріпті. Тағы бірде газет басқарушылары Торғай уезі, Қараторғай болысы, №5 ауылының қадірлі ақсақалы, сүйегі – Қыпшақтың Кедел руынан, Сары Қошқар батырдың немересі Айтқожа Аяпбергенұлы 76 жасында дүниеден өткенде, қазақтың салты бойынша жаназа рәсіміне 17 ірі қара, 40 ұсақ қара байланып, жаназаға жиналған үш ауылнай елге 15 шапан, 120 сом ақша, 30 сомдық таза заттай мүлік үлестіргені жайында «Сарылардың» салты осындай екен деп мақала жазыпты [2; 8 б.].
«Қазақтың» діни салт-жоралар жайындағы пікірінен кейін қайтыс болған адамның підиясын қаржылай немесе заттай көмек ретінде оқушы жастарға берілуі бір ретке түскен сыңайлы. Мысалы,Сейітбаттал қажы дүниеден өткен соң,оның ұрпақтары қазақтың оқу қуып жүрген студенттеріне 200 сом ақшалай көмек көрсеткен. Оның 50 сомы – Томскі университетінің студенті Асылбек Сейітұлына, Уфадағы «Ғалия» медресесінің Бекмұхамед Хұсайынұлы, Хайролла Ибрагимұлы, Садық Төкебайұлы, Нығмет Манайұлы, Шаһмардан Ғұмарбаласы,Ғайса Тоқтарбекұлына, Орынбордағы «Хұсейние» медресесінің Елемес Шәрменұлы, Зыйайғай Ахметұлы сияқты тарыққан шәкірттеріне 20 сомнан әрқайсысына «Қазақ» газетінің басқармасы бөліп берген.
1913 жылдың 24 қарашасында Торғай облысына белгілі Жағалбайлы руынан Дербісәлі қажы Беркімбайұлы сексенге қараған шағында дүниеден өткен еді. Марқұмның өсиеті бойынша қазақтың оқып жатқан жастарына 3 мың сом садақа, Орскідегі «Жәмиғат Хейрие» пайдасына бір ат, бір сиыр және бір қашар берілген екен.
1914 жылдың 18 шілдесінде Тұрысбек қажының кенже баласы Баймұхамет мырзаның жамиғаты Фатима ханым Өтеулі қажы қызы жиырма жасында дүние салады. Підиясынан 50 сом ақшаны Омскі гимназиясының шәкірті Дінмұхамед Әділұлына беріпті. Гимназист Әділұлы бір сотқар баланың кесірінен емтиханын жіберіп алғаны үшін оқудан шығарылған болатын. Оның қайтадан оқуға кіруіне 300 сомдай өтемақы сұраған. Бірақ, оның ата-анасы кедей болғандықтан, «Қазақ» газеті ақ жүрек азаматтарға Әділұлының жағдайын айтып, көмек беруді сұраған екен. «Қазақтың» өтінішін ескеріп, Әділұлына Мұхамедияр Тұнғашин – 5 сом, Рабиға Тұнғашина – 5 сом, Ахмет Байтұрсынұлы – 5 сом, Бәдрисафа Байтұрсын келіні – 3 сом, Хайреддин Болғанбайұлы – 1 сом, Міржақып Дулатұлы – 2 сом, Ғайнижамал Дулат келіні – 2 сом, Ғабдолкәрім Тоқтабайұлы – 10 сом беріп, жәрдемдессе, Орал облысының Ілбішін шаһарындағы қазақтың оқыған басшы адамдарынан Ғабидолла мырза Әлібекұлы мұқтаж оқушыға көмек беріп, ниеттесейік деп ел арасынан 25 сом 40 тиын ақша жинаған. Ақшалай көмек бергендер Ғабидолла Әлібекұлы, Зариф Бекметов, Ғаббас Жетпісұлы, Бахтияр Ғұсманұлы, Әмина Әлібекова, Мірхайыр Әлібеков, Мірмақсұт Әлібеков, Хайролла Қашқынбайұлы, Еркебай Бақытұлы, Бекқали Сұлтанов, Батыргерей Тайлақов, Айманбай Нұралиев, Тілеу Мұхамед Өтегенов, Ихсан Дәулетұлы, Жанғали Сариев, Хажым Төлепов сынды азаматтар. Сондай ақ, қазақтың ақ жүрек азаматтары Уфадағы «Ғалия» медресесінің шәкірті Ғайса Тоқтарбекұлының тарығып, ақшаға өте мұқтаж болып жүрген кезінде Қарқаралы елінің азаматтары Жақып Ақбайұлы – 2 сом, Еспенбет Күнұлы – 2 сом, Жүніс Шоқабайұлы – 1 сом 50 тиын, Жүсіпбек Асанұлы – 1 сом 50 тиын, Әбубәкір Құрманұлы – 1 сом 50 тиын, Әбубәкір Жуантайұлы – 1 сом, Зейнетолла Нүшіруатұлы – 1 сом, Қати Еркебайұлы – 1 сом, Андас Тәшенұлы – 1 сом, Садуақас Жәнібекұлы – 1 сом, Мұхамедия Оспанұлы – 1 сом, Аманбай Шегірұлы – 1 сом, Әбет Сембайұлы – 50 тиын, Жүніс Сүгіралин – 50 тиын, Әбдіхакім Атажанұлы – 50 тиын, Туғанбек Байшекин – 50 тиын, Әбдірашид Әбдіхалықұлы – 50 тиын берген[2; 8 б.].
Алаш қаласындағы «Тұңғыш» мектебіне жаңа парта жасату мақсатында Қаражан Үкібаев пен Ақым қажы Аңдамасов құрбан терісінен түскен 60 сом ақшаны мектеп пайдасына бөлген екен. Ал, Торғайдағы қазақ медресесінде 1914 жылдың 26 қаңтарында Пайғамбарымыздың туған күнін мейрам қылып, тілек тілеуге жиналған жұрт 661 сом ақша жинап, оны көмекке зәру шәкірттер мен медресенің түзелуіне беріпті.
«Қапал қазақтарының кісі сүйсінерлік һәм басқаларға үлгі болуға лайық іс» деп көпшілікке газет арқылы жария болған мынадай бір дерек бар. Қапал уезінің ақсақалдары қазақ зиялыларының бастауы бойынша 1913 жылғы айтта құрбан шалудың орнына мұқтаж қазақ студенттеріне жәрдем үшін кісі басы 5 сомнан жинап беруге қаулы қылысыпты. Жиналған 50 сом ақшаны Көлбай Тоғысұлы өзі лайық көрген Варшавадағы мал дәрігерлік институтының студенті Жәнек Солтанаевқа жіберген.
Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы және Міржақып Дулатұлы сынды Алаш ардақтылары 1913-1918 жылдар аралығында Орынбор қаласынан «Қазақ» атты газеті шығарған болатын. «Халықтың көзі, құлағы һәм тілі» (А.Байтұрсынұлы) болған «Қазақ» газетінде этнографиялық мәселелер жиі көтерілген. Мысалы, «Қазақ һәм түрлі мәселелер» ( «Қазақ» , 1914, №59, 23 сәуір), «Қарқаралы оязынан» /Қазақ елінің этнографиялық материалдарын жинау мәселесі/ («Қазақ», 1915, №134, 16 маусым), «Қазақ ай аттары» («Қазақ» ,1916, №173, 16 наурыз) және т.с.с. мақалаларды атауға болады.
«Қазақ һәм түрлі мәселелер» атты мақалада: «Қазаққа қарасақ, сол мәселелер қазаққа тәуел иә ортақ мәселер сияқты емес, иәки қазақ туралы болғанмен, не болып, немен біткені талғаусыз, иәғни жақсы болса, жақсы болды деп қуанбайтын, жаман болса, жаман болды деп күйзелмейтін бейне бір болмашы ғана мәселелер сияқты» деп қазақтың діни білімі, діни сенімі және діни мерекелер жайындағы мәселелерді жіпке тізгендей санамалап тарқатады[3; 150 б.]. Ал, қазақтың этнографиялық, фольклорлық мұрасының жинақталуына үлкен үлес қосқандардың бірі – Г.Н. Потанин. Басылымда орыс ғалымы Г.Потаниннің хаты жарияланған. Онда: «Қымбатты досым А.Н. ұғлы! Қарқаралы уезіне менімен жолдас болып барған Уткина ханым қазақ оюларының суретін түсіріп алып келіп еді. Сол ою-өрнектерді томдағы қол өнері комитетінің мәжілісінде көрсетілді. Комитетте ою музейін иәки ою выстаукасын ащуға сөз бекітілді. Сондай выстаукалармен қазақ халқының, әсіресе, қазақ оюларын шығарған қазақ ійелдерінің есіне басқалардың ілтипат назарын сүйкімін түсіруге болар деп ойлаймын. Қазақта ою-өрнектер – әйел һөнері, ақындық, домбырашылық – еркек һөнері. Қарқаралыға барғанымнан басымда талай пыландар туып тұр. Мәселен, мұнда қазақ әндерін жиюшы Анухин деген бар. Қазақ әндерін жазып алуға соны Қарқаралыға жіберсек деп тұрмыз. Томскіде қазақ әншілеріне консерт бергізсек (ән салғызсақ) деген де ойымызда бар» делінген[3;81 б.]. Міне, әйгілі Шоқан Уәлихановтың досы болған Г.Потаниннің қазақ мәдениеті жасаған жанашырлығы осы. Енді осы хат турасында «Қазақ» газетінің редакция алқасы: «Мына хатты жұрттың құлағына сал деген соң, жалғыз А.Н. ұғлына жазған хат болып табылмайды. Қазақ азаматтарының бәріне жазған сөз. Потанин, Михайилис сияқты адамдар таррақи жүзінде бізге пайдалы және бізге сирек келетін адамдар. 79-дағы шал қазақтың ертегісін, өлеңін, әндерін, түрлі ою-өрнектерін жиюды керек қылып жатқаны қазақ жұртын сүйгендіктен істеп жатқан іс. Соның өтінішін орнына келтіруге ниет ете көріңдер деп, көңілдес адамдардың көбіне А.Н. ұғлы айрықша хаттар жазды және газета арқылы да Алаш азаматтарының құлағына салып отыр.
1914 жылдың 10 ақпанында Омбы қаласында Географиялық қоғамның кезекті жиналысы болған. Сол отырыста Г.Потанин қазақ халқының мәдениеті турасында баяндама жасаған. Баяндама турасындағы мәлімет Алаш белсендісі Мұхтар Саматовтың «Потанин докладынан» мақаласында жазылған. «Еуропаның көп адамдары қазақты тағы-аң есебіне санайды. Жоқ, бұл қате! Қазақ арасында Еуропаның машиналары, крауаттары, орындықтары, лампалары және басқа нәрселер де таңсық емес.ышколдар көбейіп жатыр. Балалар ата-анасынан еріксіз ышколдарға түседі. Гимназиаларда қазақ баласы аз емес. Қазақтың студенттері де бар. Олардың көбі жазуға ең пайдалы факултеттерде оқиды. Мысалы: докторлық, судиалық һәм басқа солар секілділерінде. Қазақтың оқығандары көбейіп келеді. Мал, адам фелдшерлері, дәрігер әйелдер қазақта көп. Қазақтың қай жеріне болса да ғылым сәулесі түсті» депті. Баяндамасында Нұрғали Құлжанов, Нәзипа Құлжанова, Ахмет Байтұрсынұлы, Мұхаметжан Сералин, Міржақып Дулатұлы, Абай Құнанбайұлы сынды қазақтың мақтанышы болар тұлғаларын атап кеткен. Қазақтың «Боз айғыр», «Қосбасар» күйлері, әндері мен ертегілері, ою-өрнектері жайында да сөз еткен[4;116 б.].
«Қазақ» газетінде жиі көтерілген мәселенің бірі – құдайы садақа. Қазақ халқының бойындағы бір жақсы қасиеті – қайырымдылық жасауы. Алаш қайраткерлері жаңғыртқан ескі салттың бірі – жылу. Жылу дегеніміз – біреу шығынға, ауыр жағдайға ұшырағанда ел жиып беретін көмек, жәрдем. Алаш қайраткері Жүсіпбек Аймауытұлының «Өтінішке жауап» атты мақаласында: «Қазақтың» 196 нөмерінде Жиенғали Тілепбергенов жазады: «Зекет, пітір сияқты құдайы садақаларды ел болып ұйымдасып, бір жерге жинап, мектеп, медресе ашып тұп-тура ғылым жолына жұмсауға жол бар ма?» деп. Бұл мәселенің жауабын Құран кәрімнің дәлелімен бермесе кей моллалар басқаға қанағат ете қоймас. Өйткені, мұндай ғұмыр жолымен шешілетін мәселеге Құранның жол-жобасы ғана анық жол-жоба бола алады. Құран кәрімде садақаның берілетін орындарын белгілеген аяттар мынау: мағынасы, Құдайы сақалаларды төмендегі сегіз орынға беруге бұйырады:
1)Малы жоқ:кәсіп қылатын халі де жоқ сорлы (пақырға).
2)Мүскінге.
3)Садақаны бет амалға жию үшін арналған кісіге.
4)Көңілін дін исламға аудару үшін жаңа мұслман болғандарға.
5)Қожасынан басын құтқара алмай жүрген құлдарға.
6)Борышын төлей алмастық халде болған аянышты ғарыпқа.
7)Алла жолы деп айтылған ғылым жұрттары һәм жолына беріледі.
8)Үйінен ғылым үшін сыбанып шыққан оқушыларға беріледі» делінген. (Қараңыз: «Қазақ»,1916, №180,10 мамыр).
«Қазақ» газетінде «Екі қажы» (авторы: А.Байтұрсынұлы, 1915, №139. 30 маусым) мақаласында Ақмола уезіндегі молда-ишандардың іс-әрекеті, «Үлгілі іс» (авторы: Торғайұлы, 1915,№126, 14 мамыр) мақаласында Торғай уезінде ас беру, ат шаптыру әдет-ғұрпының орнына мешіт, медресе салу ісінің қолға алынғаны, «Қазақтың қалыңмал бітімі» (авторы: Сұңқар, 1915, №158) мақаласында қалыңмал мәселесінің пайдалы, пайдасыз жақтары сөз болған.
Алаш қайраткері, ақын һәм дін қайраткері Ғұмар Қарашұлының діни және дәстүрлі салт-жоралар жөнінде жазған бір мақаласы «Иусуф Субан баласына ашық хат» деп аталады. Мақалада: «Қазақ болсын, басқа жұрт болсын, мұндай нәрселердің істелуі екі түрлі жолменен болады, біреуі: дін жағын, сауап жағын мақсұт етпей, тек өздеріндегі неше ғасырлардан бері қолданып келген мили бір ғадет деп істейді, торқалы той, топырақты өлімдердегі жиындар осы айтылған ретпен істелетін заттар. Бұларды бірден дұрыс иә теріс деп айтуға болмайды» деп қазақтың ырым-жораларын тәптіштеп түсіндіреді. Бүгінгі қазақ қоғамында ірі мәселенің бірі – әруақ рухына арналып пісірілген асқа, жеті нанға (шелпек, бауырсақ) құран бағышталған соң, қол жайыла ма деген сауалға дін қайраткері: «Табақтағы асқа бата оқып, «тие берсін» айтудың қажеті бар. Қазақы салт негізі» деп жауап қайырған екен.
Алты Алаштың ақылманы атанған Ахмет Байтұрсынұлының суретші Хлудовтың қазақ тұрмысын бейнелеген суреттеріне жазған «В чем ошибка художника Хлудова» атты мақаласы бар. Бұл мақала – суретшінің қателіктерін ашып айтқан, этнографиялық сыни мақала. Мысалы, «Только при таком подходе художика к своим работам могли иметь место нижеуказанные изображения.
1.Изображение казахов и казашек полунагами. Обычно казашки полунагами совсем не работают, а казахи работают в редких случаях.
2.Изображение девушек-казашек почти везде без головного убора, с растрепанными или всклоченными волосами.
Обычно девушек-казашки с непокрытой головой не ходят. Без головного убора бывают в тех случаях, когда хотят пощеголять своими волосами, не растрепанными или всклоченными, напротив гладко причесанными и красиво заплетенными.
3.Изображение казашек босыми. Взрослые казахи и казашки босыми обычно не ходят. Встречается хождение детей босыми до 12-13 лет, а совершенно голыми до 4-5 лет.
- Изображение юрт-одиночек. Обычно казахи живут в аулами; причем они группируются в аулы не просто по прихоти, а по хозяйственным соображениям.
5.Изображение людей, выщей и процессов в отдельности правильное, а в комплексе жизни неправильное.
Благодаря всему сказанному, картины Хлудова прекрасны по исполнению, по содержанию же имеют существенные недостатки и производят этим на обозревателей, знающих казахский быт, впечатление надуманного и потому отчасти чуждого и отчасти фальшивого» деп суретшінің 18 суретіне (картинасына) сын-ескертпесін жазған[5;181 б]. Осы этнографиялық сыни мақаладан А.Байтұрсынұлының орыс тілін игерудегі сауаттылығымен қоса этнографтық қабілеті анық байқалады.
Алаш қайраткерінің қаламынан туындаған этнографиялық мәселелердің басты мақсаты – қазақтың тұрмыс-тіршілігін жақсарту, халықты надан емес, оқыған, сауатты жұрт қылу; өзінің салт-санасын нығайтып, басқа жұрттардың тұрмысынан сіңген салт-дәстүрлерден айырылу; дін жолындағы діни салттар мен қазақтың ұлттық салт-дәстүрін арақатынасын көрсету; қазақ қыздарының бас бостандығы мен еріктілігі; қазақтың ұлттық музыкалық және қолөнершілік, фольклорлық мұрасының ерекшелігін айқындау; өлім-жетімдегі шығындардың пайдалы істерге жұмсалуын талап еткен. Біз, осы мақаламызда Алаш қайраткерлерінің көтерген мәселелердің маңыздылығы мен құндылығын ғана сөз еттік, қалғаны – оқырманның өз еркінде.
Қазіргі қазақ этнография ғылымының, этнографтардың алдында тұрған мәселе – этнографиялық көп томдық еңбектер әзірлеу. Мысалы, қазақтың тұрмыс-тіршілігін этнографиялық этюдқа айналдырған қазақ ақын-жазушыларының әңгіме, өлеңдерінің антологиясын даярлау; қазақтың тұрмыс-тіршілігі мен салт-санасына байланысты жазылған этнографиялық мақалалар жинағын құрастыру; суретшілердің этнографиялық бағытта жасаған жұмыстарынан фотоальбом немесе каталог даярлау сияқты игілікті істерді қолға алуды бүгінгі этнография ғылымы қажетсінеді. Себебі: жастар мен жасөспірімдерге өзінің ұлттық гені мен кодының ерекшелігін білу міндет.
Елдос ТОҚТАРБАЙ,
әдебиет зерттеушісі.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1.«Айқап» журналы / Бас редактор Р.Нұрғалиев. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1995. – 368 бет. Құрастырушылар: Ү.Субханбердина, С.Дәуітов.
2.Тоқтарбай Е. Дәулетімен ұлтқа қызмет еткен қазақ байлары// Халықаралық «Қазақстан –ZAMAN» қоғамдық-саяси газеті, №03 (1080) 21 қаңтар, 2016 жыл.
3.Қазақ» газеті. 1914 жыл / Құраст.: С.О.Смағұлова, Ғ.Қ.Әнес, Т.А.Замзаева. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2009. – 504 бет
4.«Қазақ» газеті / Бас редактор Ә.Нысанбаев. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998. – 560 бет. Құрастырушылар: Ү.Субханбердина, С.Дәуітов, Қ.Сахов.
5.Ісімақова А. Алаш әдебиеттануы:Алматы, Мектеп, 2009. – 560 б.