Албан-Рамадан кимешектерінің анасы болған кимешек киген ана IV-VI ғасырларға тән ескерткіште бой көрсетеді. Бұл ескерткіш балбал тас Моңғолияның батысындағы Жабхан аймағында тұр. Мұның батысындағы Баян-Өлгейдегі Жалғызағашта Үйсін, Албан-Рамадан таңбалы балбалдар толып тұр. Мұның себебі, Албан-Рамаданның арғы аталары IV ғасырда Әруан (Арон) қағанатын құрып, Жетісу, Алтай, Арқа, Еренқабырға, Моңғол үстіртін билеген. Ең ғажабы, Албан-Рамадан үлгісіндегі кимешек киген осы ананың бейнесі қазірге дейін табылып отырған кимешекті әйелдердің ең ескі бейнесі болып табылады. Ол тас пен біздің арамызда XV-XVII ғасыр жатыр. Қаншама ұзақ уақыт!..
Қытайдың солтүстік-батысындағы Гансу өлкесінің Линшиа дүңген автономиялы облысына шоғырланған, өлке орталығы Ланжоу мен Диңши аймағына да қоныстанған, іргелес Көктіңкөлі (Чиңхай) өлкесінің Ганнан облысында да тұратын Сарт деп аталатын ұлт бар. Саны 800 мыңға жуықтайды. Олар өздері ең шоғырланған Линшиа облысының Дұңсиаң ауданында автономия алған. Осы автономиялық аудан шеңберінде барлық ұлттық қажеттіліктерін қанағаттандыра алады. Жергілікті тұрғындар Дұңсиаң деп дыбыстайтын ауданның аты қытайша Дұңшиаң деп жазылады. Сарт ұлты осы жер атауына байланысты Дұңшиаң ұлты делініп жүр. Дұңшиаң (东乡) сөзі «шығыстағы ауыл» дегенді білдіреді. Аттарына сай емес өңдері оларды Орта Азия мен Шығыс Түркістандағы Сарттардан көрнекті түрде парықтап тұрады. Діні – ислам (сүннит), сөйлеу тілі – моңғолша. Дегенмен, сөйлеу тілдерінде түркі, араб, парсы сөздері де жетерлік. Араб жазуын қолданады. Оларды қытай ғалымдары 6 түрлі қауымның қосындысынан құралған деп есептейді. Бұл 6 түрлі қауым: Құйғыр (Көне Ұйғыр), Найман, Қыпшақ, Қарлық, Қаңлы, Қандеклі. Оларды Орта Азиядан осы жерге бастап әкелген Жолдас руынан шыққан(Қазіргі Найманның Қаптағай руы), Шыңғыс ханның сардары Жоламан(Чулуун) екен. Әскери міндетпен Таңғыт жерін басқаруға келіп, Юань әулетінің орта кезеңінде бөлек қауым болып қалыптаса бастаған екен.
Генетикалық қорытынды бойынша, олардың 19 пайызы шынымен де Найманның генетикалық нәтижесіне ұқсайды. 20 пайызы Қаңлы-Қыпшақтарға жақын. 24 пайызы Сарттармен бірдей. 9 пайызы Құйғыр, Қарлық, Қандекліге келеді. Бірақ, 2010 жылы жаңа генетикалық кеңейтілген тексеру кезінде, олардың ішіндегі Сарт қаны 54 пайызға дейін жеткен екен. Сарт аталып тұрғандары содан болу керек. Соған қарағанда, Шыңғыс ханның сардары Жоламан оларды өз әскерлерімен қосып, егістік жерді пайдалануға алып келген сияқты. Мұндай тәжірибе Жоңғар хандығы кезінде де орын алған. Олар Тарым ойпатындағы Сарттардың бір бөлімін Ілеге көшіріп, орталық аймақты астықпен қамдау қызметіне пайдаланған.
Бұл халықтың ішінде Юань династиясының негізін қалаған Қобылайдың немересі – Амандықтың ұрпақтары бар. Амандықтың әкесінің аты – Мөңке. Әкелі-балалы екеуі де мұсылман болған. Амандық қолына басым көбі мұсылмандардан тұратын 150 мың әскер ұстап, Таңғыт жерін еншіге алған. Тибеттер тұратын бірнеше өлкеге, батыста Тұрпанға дейін өз билігін орнатқан. Кейін тақ таласында өлтіріліпті. Бұл халық өкілдері тибеттермен некеленбейді. Дүңгендермен аздап некеленеді. Өздерін оқшау ұстауы, сақтау қабілеті жоғары. Олардың ата мекенін Сырдарияның басқы жағалауы, Оңтүстік Қазақстан мен Ферғана ойпаты деуге болады. Өйткені, бұл жерде Сарттың арғы түбі деп саналатын соғдылар тұрған.
Ең қызықтысы, жарымынан астамын нағыз сарттар құрағанымен, олардың қыздарының басында Орта Азиялық соғды тектестердің басында кездеспейтін, бүгінгі Албан-Рамадан кимешегінің пайда болуына әсер еткен көне бас киім бар. Соған қарағанда, олар соғдылардың үйсіндердің ықпалына ерте түскен бөлігі болса керек. Батыс Хан династиясы кезінде жазылған 16 томдық «Илин» тарихи жинағында үйсін қыздарының бейнесін қазіргі үнді қыздарына ұқсас етіп суреттесе, 7 ғасырдағы Ян Шигу жазған «Ханнама» да оларды жирен сақалды, шегір көзді, терісі ақшыл деп, Еуропеойдтық бейнеде суреттеген. Үйсінтанушылар оны сол елдің қалаларындағы отырықшы соғдыны суреттеп отырған болар деп тұжырымдайды. Өйткені, елдің жартысы көшпелі, жартысы отырықшы болған. Бірінде сары, бірінде ақ нәсілді етіп суреттелуі үйсіндердің екі түрлі нәсілден құрам тапқан іргелі ел екенін білдіреді. Бұл ақшыл, шегір көзді жирен сақалдылар әрине сол кездегі соғдылардың бейнесі болатын. Соғдылардың бір бөлімі олардың қарауында болды. IV ғасырда Албандар мен Рамадандардың арғы түбі саналатын адамдар Әруан (Арон) қағанатын құрып, бұл билік екі ғасырға созылды. Албан-Рамадан таңбалары олар билік еткен шартарапқа тараса, бүгінгі Албан-Рамадан кимешегінің негізіне айналған жатаған төбелі, шекелігінде бұйрат өрнектері бар бас киім IV~VII ғасырдағы балбал таста бейнеленіп қана қоймай, біз таныстырып отырған солтүстік-батыс Қытайдағы сарт (дұңсиаң) ұлтының қыздарының бас киіміне де айналып отыр. Кейін келе, әр рудың өзіне тән бас киімдерінен кимешек, жаулық жасалғанда, міне осы бас киім Албан-Рамадан кимешегін қалыптастырды. Біз осы әдемі, жатаған төбелі бас киімнің негізінде пайда болған Албан-Рамаданға ортақ кимешектің үлгісін қоса береміз. Албан да, Рамадан да шөміш таңбалы. Атауларының этимологиялық түбі бір. Албанда Қоңырбөрік, Қызылбөрік рулары болса, Рамаданда Ақбөрік, Қараөрік рулары бар. Осы Бөрік аталған рулар Әруан (Арон) қағанатының негізін қалаушылар.
Мүбәрак Көкбөрі, ақын
Фото интернеттен алынды