Алдағы жобаларым да бионикалық протезбен тығыз байланысты

 «Еліміздің Тәуелсіздік жылнамасы жазыла бастағанына небәрі 27 жыл болды. Бұл – тарих тұрғысынан қас қағым сәт десек те, еліміз үшін ғасырға бергісіз кезең. Әрине, жасалған жұмыстардың маңызы мен ауқымына ешбір күмән жоқ. Дегенмен, осы қыруар істі атқарған, ел дамуына зор үлес қосқан азаматтардың өздері мен олардың табысқа жету тарихы әдетте құрғақ фактілер мен цифрлардың тасасында қалып қояды. Шын мәнінде, Қазақстанның әрбір жетістігінің артында алуан түрлі тағдырлар тұр…», — делінген Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында. Ғаламдық жаңалықтардың, технологиялық мүмкiндiктердiң заманында елімізден де жас өнертапқыштар өздерінің қайталанбайтын ерекше жобаларымен танылып келеді. Соның бірі – Мәулен Бектұрғанов. Ол – «Нұр Отан» партиясы өткізетін «Nurintech» республикалық инновациялық жобалар байқауының жеңімпазы, жас өнертапқыш. Оның ойлап тапқан бионикалық протезі қаншама жанға жылу сыйлап, өмірін шаттыққа бөлеп жүр. Жетістігінің арқасында компания құрып, жұмысын алға жылжытып отырған  Мәулен тек шетелдіктер ғана емес, еліміздің де жастары жаңалық аша алатынын дәлелдеді. Әлемде жасанды қол шығаратын елдер санаулы ғана. Соның ішіне Қазақстанның да қосылғаны, жастардың ғылымға бет бұрғанын көрсетеді. Мәулен «Қазақстанның 100 жаңа есімінің» тізіміне енген. Ол болашақта Қазақстанның ғана емес, әлемнің танымал өнертапқыштарының қатарына енеді деген сеніміміз зор. Біз де Мәуленнің ғылымға қалай келгенін сұрап сұхбат алғанбыз:

– «MBionics» компаниясының негізі қашан қаланды?

– Компания 2017 жылы сәуір айында құрылды.

– «Жасанды қол» жасау идеясы қалай пайда болды?

Халықара­лық ақпараттық технология­лар уни­верситетіне оқуға түскеннен кейін ғылымға бет бұрдым. ІТ уни­вер­си­теті зама­на­уи тех­но­логиялармен жаб­дық­талған зертхана ойымдағы жобаларды жүзеге асыруыма көп мүмкіндік берді .2015 жылы қыркүйек айында «жасанды қол» жасау идеясы туды. Мен университеттің арнайы жобасына қатыстым. Сол кезде осы жобаны жүзеге асырдым. Біз  виртуалды шынайылықты (реальность) зерттемелерде колдана бастадық. Қосымша гаджеттерді пайдаландық. Мысалы, био-браслеттер. Оны қолға кигенде, экранда виртуалды қол көрсетілген, ол браслет киген қолдың қимылын қайталады. Бұл сенсорды мен өзімнің қимыл қайталайтын алғашқы протезімде пайдаландым. 

–  Бионикалық протездер қанша уақытқа жарамды? Қандай функцияларды атқарады? Басқа протездерден ерекшелігі неде?

Жарамдылық мерзімі протезді қолданушының қалай пайдалануына байланысты. Бұл протездің ерекшелігі  қолдағы бұлшық ет тамырларымен байланысып жұмыс жасайды. Адамның бұлшық етіне қойылған сенсор арқылы миға электросигнал беріледі. Арнайы алгоритммен бұл құрылғы алған электросигналдарды жүйке тамырына жеткізеді. Қолында ұстап тұрған затты адам осы сенсор арқылы сезе алады.  Адамның қалауы бойынша атқаратын қызметтері әртүрлі. Негізгі базада атқаратын  5 қызметі бар. Қолды тек қана қимылдатып қоймай, қалаған затын ұстай алады.  Ерекшелігі – әрбір адаммен біз жеке (индивидуально) жұмыс жасаймыз.  

– Сатып алушылар үшін бағасы қолжетімді ме?

Әр адамға протез бөлек жасалады. Қолдың жарақатының көлеміне, сезімталдығына байланысты. Бағасы шетелдікінен әлдеқайда арзан. Сондықтан қарапайым халықтың қалтасы көтере алатын бағада ұсынамыз.

– Жастардың ғылымға қызығушылығын арттыру үшін не істеуіміз керек?

Жастарды қызықтыру үшін бастысы қаржыландыру керек. Арнайы гранттар бөлінсе тіптен жақсы.  Бізде ғылым саласына қызығушылық жыл өткен сайын артып келеді. Жаңалықтың бәрі тек өзге елдерде емес, өзіміздің елімізде де жетістікке жетуге болады. Бастысы – ниет, еңбек, ізеніс керек.

– Ғылымға бет бұрып, жаңалық ашып жүрген өзіңіз секілді жастар көп пе?

–  Инновациялық кәсіпкерлікпен айналысып  қызықты жобаларды жүзеге асырып жүргендер көп.

– Болашақта тағы қандай жаңалықтарыңызбен бөлісесіз?

Алда жасайтын жаңа жобаларымның барлығы бионикалық протездермен тығыз байланысты. Болашақта тек қолдың протездерімен ғана емес, шынтақ, аяқ, тамақ протездерін жасап шығарғым келеді. Мүмкіндігі шектеулі жандарға көмектесіп, олардың да ел қатарлы өмір сүруіне көмектессем деймін. 

– Сіз секілді жалынды жастарымыз көп болғай!

Әңгімелескен – Гүлім Еркінбек

Бөлісу: