Экология және қоршаған орта басқармасы биыл наурыз айында Сайран, Қарасу және Әуежай өзендерін механикалық тазарту жұмыстарына кірісті. Су қоймаларының түбін құрғату үшін оларды сумен қамтамасыз ететін Есентай, Үлкен және Кіші Алматы өзендерінің ағысы тоқтатылды, деп хабарлайды dasturkb.kz порталы Аlmaty-akshamy.kz-ке сілтеме жасап.
Сайран су қоймасының түбі соңғы 50 жылдан бері алғаш рет тазартылуда. Қоқыс пен лайдан тазалау жұмыстарына 4 экскаватор мен 30 самосвал жұмылдырылды. Жобалық ауданы 60 га құрайтын аумақтан 140 мың м3-тан астам қоқыс пен лай шығарылды. Тазарту жұмыстарын жақын күндері аяқтау жоспарланған.
Маусым айының соңына дейін Есентай өзенінің әл-Фараби даңғылынан Шевченко көшесіне дейінгі бөлігін механикалық тазартуды аяқтау жоспарлануда. Сонымен қатар, Есентай өзенінің әл-Фараби даңғылынан Рысқұлов даңғылына дейінгі аралығындағы кейбір бөліктеріне күрделі жөндеу жүргізу үшін жобалық сметалық құжаттама әзірлеуге бюджеттік өтініш берілді.
Бүгінде Үлкен Алматы өзенінің №1 тұндырғыштан Абай даңғылына дейінгі бөлігін айналасын абаттандыру және реконструкциялау жұмыстары әзірленуде. Өзен арнасын тазарту жұмыстары қарастырылған жоба мемлекеттік сараптамадан өтуде.
Сондай-ақ, Үлкен Алматы өзенінің №1 тұндырғыштан Абай даңғылына дейінгі бөлігін, Есентай өзенінің әл-Фараби даңғылынан төмен кейбір бөліктерін, Есентай өзенінің “Дорожник” шағынауданы мен өндірістік база маңындағы бөліктері, Кіші Алматы өзенінің әл-Фараби даңғылынан Сәтбаев көшесіне дейінгі абаттандырылған бөлігін санитарлық тазарту, күтіп ұстау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Жалпы, Алматы қаласының аумағында 109 ағынды су бар, оның ішінде ірі 49 өзеннің жалпы ұзындығы 447 км құрайды. Еске сала кетейік, былтыр Алматыда жалпы ұзындығы 14 км құрайтын өзен жағалауы бекітіліп, абаттандырылған болатын. Соңғы жылдары ұзындығы 206 км құрайтын жағалауды бекіту жұмыстары жүргізілді, енді тағы 127,7 км жағалау бекітуді қажет етеді.