Жер жәннаты — Жетісу өңірінде бақ өсірудің интенсивті түрі дамып келе жатыр, деп хабарлайды Дәстүр тілшісі. 

Көптеген шаруақожалықтары озық технологиялар арқылы, сапалы өнім алудың жолына көшкен. Әсіресе қазіргі жер жаһандағы қуаңшылық жағдайында тың әдіс арқылы сумен бірге жерді тиімді пайдалану кез-келген мемлекеттің басты экономикалық үрдісіне айналып келеді. Бір ғана Еңбекшіқазақ ауданында 25 шаруашылық интенсивті бақ өсірумен айналысады. Аудандағы мұндай бақтың аумағы 2 мың гектардан асты. Соның нәтижесінде алма жинау көлемі 50 мың тоннаға дейін ұлғайып, өнімділік 84 ц/га жетті. Заманауи бақ өсірушілердің бірі – 500 га жерде бағын баптап отырған «Alma Mater Fields» ЖШС.

Еңбекшіқазақ аудандық әкімдігінің айтуынша, қысқа мерзім ішінде «Alma Mater Fields» ЖШС өз тәжірибесінде қарқынды бақ өсірудің тиімділігін көрсетті. Серіктестік бақтары Ащысай, Таусүгір, Қызылшарық ауылдарында орналасқан.

Мәселен, Қызылшарық ауылында орналасқан бақта алма 2017 жылы отырғызыла бастады. «Гала», «Голден Делишес», «Гренни Смит», «Фуджи» және басқа да жоғарғы сорты көшеттер тез жерсінді. 126 гектар алқаптағы жас алма бағы арнайы тормен қапталған. Бұл тор ағаштардың жемістерін құстардан, бұршақтан қорғап тұрады, сол сияқты ыстықтан да қорғайтын мүмкіндігі бар. Бақтағы алмалардың отырғызылғанына 3-4 жыл болған. Өткен жылы бақ өсірушілер әр гектарынан 40 тоннаға жуық тонна алма алды.

Интенсивті бақ өсірудің арқасында өнім мол алуға мүмкіндік туып келеді. Бұл туралы шаруашылық басшысы Рашид Атамбай: «Бір гектарда 4200 алма көшеті өсіп тұр. Олардың биіктігі 3,5 метрге жетеді. Жеміс ағаштарының аралығы 80 см. Бұл — интенсивті бақтың сипаттарының бірі. Ағаштар арасындағы аралық олардың нығайып, өсуіне мүмкіндік береді. Бұл бір жағынан жер учаскесін үнемді пайдалануға, екінші жағынан мол өнім алуға жағдай жасайды», — дейді.

Оның айтуынша, бақта тамшылатып суару технологиясы қолданылады. Әр ағашқа күніне 12 литр су жұмсалады. Барлығы автоматты құрылғылармен жүйеленеді, оны бір ғана адам басқарады. Тағы үш адам суару құбырларының қоқысқа, топыраққа толып қалмауын қадалап отырады.

Алма ағаштарға минералды тыңайтқыштар қолданылады, бұл өз кезегінде оларды зиянкестерден қорғауға ықпал етеді. Бұл жұмысқа Польшадан арнайы оқып келген агроном Жұмаш Еркетаң жауап береді. Бақ өсірудің озық технологиясының ерекшелігін меңгерген маман шетелдік мамандармен тәжірибе алмасып, біліктілігін шыңдап отырады, сөйтіп отандық бақ шаруашылығын дамытуға өз үлесін қосып келеді.

Жалпы «Alma Mater Fields» ЖШС өзінің сатылай дамуын 2017 жылдан бастады. Өткен 4 жыл ішінде компания 490 га жерге интенсивті бақ отырғызды, сыйымдылығы 7200 тонналық 2 жеміс сақтайтын қойма салды, қуаты сағатына 1 мың литр болатын тікелей сығымдау арқылы шырын шығаратын өндірісті іске қосты. Қазіргі кезде жаңа жеміс қоймасының жобасы дайындалып жатыр. ЖШС-да 100-ден астам тұрақты жұмыс орны бар, сол сияқты 500-ден астам маусымдық жұмыс орны ашылған. Жобаның жалпы құны – 12 млрд. теңге.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, өткен жылдың қорытындысы бойынша Алматы облысында бақтар көлемі 23,7 мың гектарға жеткен, соның ішінде 2,8 мың га – интенсивті бақ. Өткен жылы өңірде ескі бақтарды жаңарту есебінен 494,1 га жаңа бақ отырғызылды, соның ішінде 257,6 га – шемішкелі, оның 211 гектары – интесивті бақ, сол сияқты 194 га дәнді жеміс, 1,5 га — жидек, 41 га – жүзім.

Алтынбек Бекнұр

Бөлісу: