Алматы облысында білім күні қарсаңында 6 жаңа мектеп қолданысқа берілді, — деп хабарлайды Дәстүр тілшісі.

Халық көп қоныстанған Іле, Қарасай аудандарында 4 мектеп, Панфилов және Ескелді аудандарында 2 мектеп есіктерін айқара ашып, жаңа оқу жылында оқушыларды қабылдайды.

Мәселен, Іле ауданында бірден 900, 600 және 300 орынды 3 мектеп 1 қыркүйек күні Қараой, Қосөзен және Боралдай ауылдарында ашылды. Ауылдастарын қуанышты жаңалықпен облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов және аудан әкімі Бағдат Қарасаев құттықтады.

Жоғарыдағы ашылған үш мектепте 1600-ден астам оқушы қабылданып, 150-ге жуық педагог-ұстаздар жұмыс істейтін болады. Мектептерде оқу үшін барлық жағдай жасалған. Компьютерлік сыныптар, модификациялық кабинеттер, лингофон және әдістемелік кабинеттер, заманауи үлгіде безендірілген акт және спорт залдары, шеберханалар, асханалар, оқу залдары бар кітапханалар және басқада кабинеттер қарастырылған.

Алматы облысы, Іле ауданы, Қарой ауылындағы білім шаңырағының ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов сөз алып, облыс әкімінің атынан білім күнімен құттықтауын жеткізді.

«Президентінің тапсырмасына сәйкес облыс мектептерінде оқу процесі санитарлық шектеулерді сақтай отырып және «бір сынып – бір кабинет» жүйесі бойынша дәстүрлі форматта жүргізілетін болады. Облыста 438 мың оқушы қайтадан партаға отырады. Қазір білім сапасын арттыру үшін белсенді жұмыс істеу өте маңызды. Мемлекеттік қолдаудың арқасында осы мақсатта барлық жағдай жасалған. Жаңа мектептер салынуда, күрделі жөндеу жүргізілуде, материалдық-техникалық базасы жаңартылуда. Бүгінде ашылып жатқан жаңа мектептер заманауи білім беру орталықтарына айналады деп сенемін. Облыс әкімінің атынан баршаңызды Білім күнімен құттықтаймын. Оқушыларға, олардың ата-аналарына және ұстаздарына зор денсаулық және жаңа оқу жылында табыс тілеймін», – деді облыс әкімінің орынбасары.

Сондай-ақ Білім күні қарсаңында Қарасай ауданы Батан ауылында да 450 орынға арналған мектеп пайдалануға берілді. Сонымен қатар Қарасай ауданында 4100 орындық 3 мектеп салынуда. Бұл туралы аудан әкімі Жандарбек Далабаев Батан ауылындағы мектептің ашылуында айтты.

«Аудан халқы тығыз орналасқандықтан, мектеп құрылысы – бұл үш ауысымды оқытуды жоюға бағытталған үлкен әлеуметтік маңызы бар оқиға. Қазір Қарасай ауданында 4100 орынға арналған 3 мектеп салынуда, оның ішінде «Асыл арман» шағын ауданында. Сондай-ақ, 1800 орындық мектептерге 3 қосымша құрылыс нысаны салынуда. Сонымен қатар, тағы 3 жаңа мектептің құрылысы үшін жобалық-сметалық құжаттама дайындалуда», – деді Ж.Далабаев.

Ескелді ауданына қарасты Абай ауылында 180 орынды 25 балаға арналған шағын орталығы бар жаңа мектеп қолданысқа берілді. Оның құрылысына жергілікті бюджеттен 1 млрд. теңгеден аса қаражат бөлінді. Құрылыс жұмыстарын «Талас-Құрылыс» ЖШС мердігер компаниясы жүргізді. Ауыл тұрғындарын қуанышымен аудан әкімі Рустам Али құттықтады.

Онлайн-режимде оқуға қарамастан, Ескелді ауданы үшін өткен оқу жылы өте сәтті өтті. ҰБТ тапсырған 360 түлектің 190-ы отандық жетекші жоғары оқу орындарында грант иегері атанса, тағы 8-і облыс әкімінің грантына ие болды. Ал 35-і шетелде тегін оқиды. Жалпы ауданда өткен жылдың қорытындысы бойынша үлгерім деңгейі 61 пайыздан асты.

Сондай-ақ, Конституция күні қарсаңында ашылған Панфилов ауданы Аққұдық ауылының оқушылары үшін 120 орындық жаңа мектепте алғашқы қоңырау соғылды. Мектеп 2736,84 шаршы метр аумақты алып жатыр. Оқу орнында 28 оқытушы жұмыс істейтін болады.

Қысқаша айта кетер болсақ, Алматы облысында барлығы 33 мектептің құрылысы жүргізілуде. Оның 10-ы жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Ал 6-ы білім күнінде қолдануға берілді. Облыстың барлық мектептері «Ashyq» жобасында тіркелген, педагогтар мен мектеп ұжымы вакцинацияланды. Бірінші сыныпқа 47 мыңға жуық бала барды. Жалпы оқушылар саны 438 мыңға жетті.

Алтынбек Бекнұр

Бөлісу: