Алматы облысының киелі жерлері: Киелі ағаш

Жеті ғасырдан астам тарихы бар, жеті адамның құшағы әрең жететін қасиетті ағаш Моңғол шапқыншылығы кезінде 1500 әскерді қалқалап жаудан аман алып қалған.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Ұлы Дала елінің әулиелі, киелі жерлерін түгендеп, қасиет қонып, құт дарыған жерлерін тізімге алып «Қазақстанның қасиетті» жерлері кітабын шығарған.  Сол киелі «Киелі Қазақстан»  кітабына Алматы облысындағы Әулиеағаш елдімекеніндегі «Киелі ағашта»  кірген болатын. 700 жылдан әрі тарихы бар ағаштың саясында Киелі ағаш мешітінің шырақшысы Рая апайымызбен терең әңгіме-дүкен құрғанбыз.

Рая Нұржапарқызы, шырақшы: Бұл киелі ағаштың жеті ғасырдан астам тарихы бар, мұндай ағаштар әлемде тек қана үш елде бар, соның бірі бізде қалғаны екеуі Қытай мен Түркияда. Аңыз бойынша Жеті әулие баба осы жерге түнеген, соның ішінде Шамшырақ деген әулиенің асатаяғы болған. Бұл ағаштың қасиеттілігі сол жеті ғасырдан бері солмай өсіп келеді және жан-жағына бір бағыт бойынша тарап өсуде. Бұл ағашты ешкім арнайы өсірген жоқ. Осы жердің қасиеттілігін біліп қолға алу 1999 жылдан бастап жүзеге асырыла бастады. Біз келгенде София қажы болды, бізді алып келген сол, ол кісінің баласы қайтыс болып, аян бойынша осында келген, бұл жерге жайдан-жай келмедік, бізді әруақ алып келді, содан бері он сегіз жыл өтті біз осы жерде тұрақтап қалдық. Маған дейін Киелі ағаштың шырақшысы менің жолдасым Қадыр Мұқанұлы болды, жолдасымның дүниеден өткеніне он бес жыл өтті, содан бері мен аманат қылып шырақшылықты атқарып келемін. Бұл ағаштың қасиеттілігін бұрыннан ауыл ақсақалдары, үлкендері айтатын, оңды-солды жүрмеңдер, ағашқа тиіспеңдер деп кейін қолға алғаннан соң бізде келген адамдарды қарсы алатындай мүмкіндік жасадық. Тағы бір ерекшілігі осы ағаштан жеті ағаш тарап тұр, ерекшелігі сол бір түптен жеті ағаш өсіп тұр, бұл басында айтып кеткен жеті әулиені меңзеп тұр, осы ағаштың суы түрлі ауруларға ем болып саналады, әсіресе тері ауруларына таптырмас шипа. Бұл зерттеліп дәлелденген нәрсе. Бұрындары ағаштан кең көлемде су ағып тұратын кейін келе бітеліп қазір аз ғана сығырайып ағатын болды.

Ағашқа қатысты аңыздарға келсек Моңғол шапқыншылығы кезінде, Шыңғыс ханның қаһарлы әскерінен 1500 атты әскерді осы ағаш қалқалап аман алып қалған. Одан бөлек Шормақ деген батырдың перзенті болмай сол елдің үлкен кісісі осы жерге келіп арнайы батыр үшін перзент сұрап, дұға тілеп түнейді, сонда түсіне аян беру арқылы батырдың үш балалы болатынын екеуі жақын арада, енді біреуі кейінірек дүниеге келетінін ескертеді. Аян бойынша дүниеге келген баланың есімін Ертас деп қоюын талап еткен, бір өкініштісі ер бала дүниеге келгенде аян бойынша қойылған есімін ұмытып қалады да басқаша қояды (Ақпұшық), көп уақыт өтпей сәби шетінеп кетеді. Кейін үлкен кісінің түсіне кіріп, сен баланың есімін біз айтқандай етіп қоймадың сәби саған керек болмаса бізге керек, біз алып кеттік деген аян қалдырады.

Қазіргі таңда бұл киелі ағашқа дұға тілеп ниеттеніп келетін адамдардың саны артуда. Перзентсіздер перзент сұрап, жолсыздар жол сұрап келеді. Әулиелік жолға түсіп, бойына кие қонған адамдар осы жерден өз-өздерін тауып жатады. Емдік қасиетіне байланысты бір мысалы айтып кетейін, Алматыдан мүгедек арбасына таңылған қыз бала келді, ниет етіп, су ішіп, киелі ағаш басына түнеген соң, аяғынан тұрып кетті, оған өзім куә болдым.

Ағашқа қастандық жасаушыларда болды, 2010 жылы терісағымдағылар осы ағашты өртемек болған, сондағы айыптары сендер қайдағы бір ағашқа табынып, Аллаға серік қосып жатырсыңдар. Абыройға орай, киелілігі сол ағаш өртенбей аман қалды, бірақ зардап шекті. Аталған жердің тағы бір қасиеттілігі бұл жерден рұқсатсыз, орынсыз ешнәрсені алуға болмайды, бұлай дейтінім, әңгіме басында айтып кеткенімдей, әулие қонғандардың көбісі осында келеді, себебі өзіңіз білесіз кие қонған адамдар бірден өз-өзін тауып, діни жолға түсіп кетпейді, сондай жандар осында келіп өзін тапқаннан соң, осы жердің ағашынан асатаяқ алайын депте сұрап жатады, оның өзін жайдан-жай бере алмайсың, кейбіреулер рұқсатсыз алып, кейін ағаштың киесі қағып апатқа ұшырағандарда бар. Бұл дегеніміз ағаштың киесі ұрды деген сөз.

Ал, мемлекеттік тұрғыдан қорғау мәселесіне келсек, өткен ай шілденің 27-і күні облыстың тарихи-мәдени ескерткіштер мен киелі орындарды анықтау, түгелдеу, тізімін жасау жиынына қатысып осы жерді қорғап келдім, қорғау нәтижесінде «Киелі ағаш» мемлекеттің қарауына алынды, ендігі жұмыс құжат мәселесін реттеу.

Айтпақшы, тағы бір мәселе, мына еліміздегі өздеріңіз білетін «Жасыл Ел» жастар ұйымының таңбасындағы ағаш белгісі осы біздің «Киелі ағаш». Зерттеп, ағаштың қасиетіне үңілу мәселесіне келсек, 2013 жылы АҚШ-тан құрамында 123 адамы бар арнайы бір топ ғалымдар келіп, ағаштың қабығын алып зерттеуге тырысты, бірақ аппараттары жұмыс істемей анықтай алмады. Демек, техниканы тыңдамайды деген сөз. Ал, осы жылы Италиядан арнайы биолог маманын шақырттық, мақсат ағашқа күтім жасау, енді не дегенмен 7 ғасырдан астам уақытты артқа тастаған қасиетті ағашты күтіп ұстау қажет емес пе? Осы ниетпен арнайы маман алып келіп, өзінің дәрумендерімен ағашты емдеп, біраз жарасын жазғандай болды.

Иә, осылай «Киелі ағашты» өз көзімізбен көріп, қасиеттілігіне таңдай қағып қайтқан жөніміз бар. Ендігі тілек киелі орын мемлекеттік қолдауға ие болып, қолға алынып, ел ағылып келетін тарихи маңызы бар мекенге айналса.

Дәулет Ізтілеу

Бөлісу: