«Жеті қаған» (Қазақтың жеті қағаны) эпосы қырғыз ұлтынан шыққан Қылыш молда деген ақын жырлап бүгінге жеткізген эпос. Өзі Қазан қаласында Шәмшиден деген баспагер әйелдің баспасында қызмет еткен. Оның қасында Шайхы Сіләм, Шайхы Жүсіп деген 2 қазақ та бірге болған.
1925 жылы Қылыш молда қайтыс болып, оның інісі Мамырқан молда «Жеті қаған» (Қазақтың жеті қағаны) эпосын коммунистердің құртуынан алаңдап, оны Қытайдағы қырғыздардың ішіне ұзатылған қызы Гүлжамалға әкеліп табыстайды. Осы Гүлжамалдың күйеуі Балбайдың інісі «Манас» эпосын 18 кітап етіп жырлаған, атақты «Манасшы» – Жүсіп Мамай еді. Жүсіп ағасының қолынан осы эпосты алып жаттаған. Жүсіп Мамайдың айтуынша, «эпоста олар түгел Қазақ қағандары деп жазылады» деген.
Жеті қаған кімдер:
Бірінші қаған: Түктабан (Қызыл Арыстан) қаған. Арыстан батыр деп те айтылады.
Екінші қаған: Қатам қаған (Мәлік Қатам)
Үшінші қаған: Мәлік Зат (Ерзат) қаған
Толық аты-жөні: Набираһи Қызыл Арыстан хан Қазақ қаған Мәлік Зат.
Төртінші қаған: Мұхаммед қаған
Толық аты-жөні: Набираһи Қызыл Арыстан хан Қазақ қаған Ибн Мұхаммед.
Бесінші қаған: Бидайық қаған
Алтыншы қаған: Мұзбұршақ қаған
Жетінші қаған: Аққуақ қаған
Эпостағы оқиғалар өрбитін мекен: Самарқан, Балқы (Балх), Бадақшан, Қаратау Қазығұрт, Үргеніш, Бұхара.
Эпостағы есімдері аталатын рулар: Керей, Үйсін, Қыпшақ.
Жеті қағанның бірінші қағаны Түктабан бастапқыда батыр, кемеңгер қолбасы болған. Ол Самарқанда тақта отырған Қартаң қағанның Құнт деген уәзірінен туған. Анасының аты Ақкөрпе Жәйіл деп айтылады. Құнт бастаған адамзаттың Ақ Тарғыл деген тобы Ақкөрпе Жәйіл деген пері қауымымен қан алмасудан Түктабан пайда болған деген мифологиялық көрініс шығармада жүз берсе, Қазақ фольклорында Қалша баба теңіз бойынан пері қызын алып, одан туған балаға пері қызының Жәйіл деген атасының есімі қойылады.
Эпоста Түктабан Қартаң қағанның барлық дұшпандарын жойып бергендіктен, қаған оны «Қызыл Арыстан» деп атап кетеді. Қартаң ханның айлакер тоқалы Жезмаңдай жас батырды қолына түсіріп, оны қаған етіп, Қартаң қағанды улап өлтіруді жоспарлайды, егер жас батыр көнбесе, оны қағанға шағыстырып өлтірмек болады. Жезмаңдай бала сүюді арман етіп, балалы бола алмаған соң, жас батырмен рақат өмір кешіп, күн өткізгісі келеді және өзінің руын азат етіп, өз руын билікке жеткізбек болады. «Жеті қаған» эпосы 7 томнан тұрған. Бірінші томында осы оқиғалар өрбиді. 14 мың жолдан тұратын бірінші томы 1994 жылы баспадан шығады.
Жезтаңдайдың азғыруымен Хожент ханы Мян хан Қартаң ханға қарсы шыққанда, оны жеңіп, қағаннан «Қызыл Арыстан» деген атақ алған Түктабан Жезтаңдайдың әкесі Балқыдағы Мамыр Халпаның аттандырған әскерімен соғысады. Түктабан жеңеді. Ақыры, Бадақшан, Бұхара, Балқы хандары бірігіп, жаза жорығын жасап, тағы жеңіледі. Бәрі Түктабан жағына шығып, Хожент ханы Мян хан Жезмаңдайды ертіп, қашып бара жатқанда, ел арасын ушықтырған Жезмаңдайды Қартаң қаған өз қолымен өлтіреді. Қартаң ханның кіндігіген ұл болмаған соң, орнына Қызыл Арыстанның отыруын өсиет етеді. Қартаң хан өз ажалынан өлмей, Хожент ханы Мян ханның қастандығынан ажал құшады. Түктабан Қызыл Арыстан қаған атанып, Самарқанда сарайын құрып, Хожент, Бұхара, Балқы(Балх), Үргеніш, Бадахшанға билік жүргізеді.
Жеті қағанның алтыншысы Мұзбұршаққа арналған кесене Тәңіртаудың теріскейіндегі қазақтар көптеп шоғырланған Санжы қаласында бар екен. Мұны Қытай үкіметі өз қамқорлығына алған. Бұл туралы тарихшы Жақып Мырзаханұлы 2004 жылы Пекиндегі «Ұлттар баспасынан» шыққан «Ғасырлар қойнауы» кітабында жазады.
Үшінші қаған Мәлік Зат мұрагері Мұхаммедке әулие Жапаш қарттың ақылынан шықпауын аманаттап кеткен екен. Төртінші қаған Мұхаммедтің әйелі босанып, ұл табатын күні, оған біреу жалғыз қанатты, жалғыз аяқты, жалғыз көзі маңдайына орналасқан алып құсты тауып алғанын айтып, әкеп береді. Жапаш әулие бұл құстың құс біткеннің патшасы Бидайық екенін, оның қолға үйренбейтінін, босатып жіберуін, ұлының атын ырымдап, осы құстың атымен атауын тілек етеді. Және «бұл құс қайда барып қонса, соны орда еткеніміз жөн» дегенді де айтып қалады. Бірақ, ұшқан құсқа еру қайда, әрі қарай таппай қалады. Бидайық есейіп, сәйгүлік мініп, саят құрып жүріп, бұлақ бойындағы алма ағашының түбінде ер жастанып, балбырап ұйықтап кетеді. Бидайық құс оның түсінде жер-әлемді шайқалтып қасына келіпті. Сонда бидайық құс Бидайыққа:
– Самарқан түбі қоныс болмайды, осы жердің сарасына ұлысыңмен көшіп кел. Бұл мекеннің аты Алматы дейді. «Жеті қаған» эпосында сол сәт былай жырланады:.
Бесінші қаған бір кезде,
Сәйгүлік мініп желіпті.
Саят құрып, жер көріпті,
Күрең күн күңгірт іңірде,
Алмалы ағаш түбінде,
Бұлақ аққан сүйіне,
Ер жастанып басына,
Балбырап ұйықтап кетіпті.
Құс төресі бидайық,
Түсіне ханның еніпті.
Бауырында жалғыз аяғы,
Маңдайда жалғыз көзі бар,
Көкжал бөрте көлді тербетіп,
Торы төбел тауды еңкейтіп,
Сымпылынан жалғыз қанатынан,
Жан-жануар дір етіп,
Хан қасына таман келіпті,
Адамша сөйлей беріпті.
Ата-бабаң арысынан,
Сен – Набираһи Қызыл Арыстан.
Хан Мәлік Заттың баласы,
Мұхамедтің ұлысың.
Есіміміз ұқсас, қарашы.
Түбі қоныс болмайды,
Самарқанның қаласы.
Осы жерді мекенде,
Ұлысыңмен көшіп кел,
Көп ұзамай арасы.
Мекеннің аты – Алматы,
Бұл жер, – дейді, – жердің сарасы.
Аянды естіп бидайық,
Желмаямен желдірген,
Көшіп келді елімен.
Бидайық қаған болған кезде оған Жапаш әулиенің немересі Ақылтай шешен ақылшы болған еді. Бесінші қаған Мұзбұршақ Алматыға көшіп келген соң, біреу мұзда туған «мұзмұрт» деп аталатын мұзбалақ шөгелдің тірнегін қолға түсіріп, оны Ақылтай шешенге апарады. Сол кезде Бидайық қағанның жұбайы босанып, үш жасар баладай торсық шеке ұл тауып, оның атын мұзмұртқа үйлестіріп Мұзбұршақ деп қояды. Мұзбұршақ қағанның Көкей атты әйелінен Аққуақ деген қыз туып, бүйі шағып өлтіреді. Одан кейін тағы бір құрсақ көтеріп, ұл тапқанда, Мұзбұршақ қаған «қызымды еске алып жүремін» деп оның да атын Аққуақ қояды.
Тұрсынхан Зәкенұлы «Қазақтың жеті қағаны» деген танымдық мақаласында мұны әрі қарай толықтырады. Онда Бидайық Самарқаннан кеткен соң, Самарқан Манастың әкесі Жақыптың қолына өтеді. Манас Самарқанды тастап, Таласқа кеткенде, Самарқан ілгерінді-кейінді 5 елдің қол астына өткен.
Жеті қағанның қай қағанаттың билеушілері екені туралы терең зерттеу жүргіздім.
Эпос оқиғасында бесінші қаған Бидайық Самарқанды тастап, Алматыға кеткенде, бұл жердің билігі Манастың әкесі Жақыптың қолында қалады демеді ме?
Жақып – Манас батырдың әкесі. Жақыптың әкесін «Манас» жырының Саяқбай, Молдабасан, Ақтан жеткізген нұсқаларында Қарахан деген лақап атпен танымал.
Бұл жерде Жақыптың Қарахан әулетіне жататынын білдік.
Енді бір құпияны тауып берер кілт – Жақыптың әмеңгерлікпен алған әйелінің Шайырды деп аталуы. Неге Шайырды деп аталды десеңіз, Жақыптың алдындағы ағасы Шайыр деген көсем болып, ол қайтыс болған әйелі Жақыпқа тигенде ағасының атымен Шайырды, яғни Шайырдікі деген атпен белгілі болады. Әйтпесе, өз есімі – Шақан екен. Сағымбай Оразбектің жырлаған нұсқасында осы неке болып жатқан уақытты Қытай шапқыншылығы болып жатқан кез еді дейді. 1128 жылы қырғыздарды көшпенді қытайлар өзіне қаратады.
Бұл оқиғалар тізбегі ұлы тарих парағының 12 ғасырының ортасына тура келеді.
1156 жылы Самарқанды астана еткен Батыс Қарахан билеушісі Үшінші Ибраһим Қарлық әскери көшбасшысы Аяр бекпен қақтығысып, сүйегі айдалада қалады. Ибраһимның алдындағы Екінші Мамхұт хан 1141 жылы 9 қыркүйектегі Қатам (卡特万, Катыван) шайқасында жеңіліске ұшырағандардың жағында болып, содан бастап Батыс Қарахан елі қытайларға жартылай тәуелді болған еді. Қатам демекші, «Жеті қаған» эпосындағы екінші қаған – Мәлік Қатам қағанның есімімен бірдей жер атауы. Бұл жазық Самарқанның солтүстігінде болған. Шынын айтқанда, бұл шайқас қытайлар мен селжұқтардың қараханидтер жеріне таласу шайқасы еді. Шығыс Қарахан елінің қытайларға қарап кетуі, ол жердегі қарлық қауымы мен батыс қараханның қырқысы селжұқтарды жаңа соғысқа шақырды.
Шайқастың нәтижесі қытайлардың пайдасына шешіледі. Шайқасқан екі жақтың бір жағында қытайлар мен қарлықтар (шығыс қарахандықтар), екінші жағында селжұқтар, батыс қарахандықтар, хорасан, систан, қазанидтер, шансабан әскерлерінің ірі одағы тұрды. «Ляонаманың» 30 томы «төртінші Тиянзуо патша» деген бөлімінде қатам шайқасы жан-жақтылы айтылады.
Қарсылас екі жақ. Бірінші жақтың қолбасылары ретінде Иелүй Дашы, Ербоз, 耶律 松山(Иелүй Сұңшан), 萧剌 阿不(Шяула Абу), 耶律术薛(Иелүй Шучуэ) тұрса, екінші жақтың қолбасылары ретінде селжұқ сұлтаны Ахмет Санжар, Құбаш, Батыс Қарахан ханы Екінші Махмұт хан тұрды.
Селжұқтардың одақтастары жеңілген соң селжұқтар оңтүстік-батысқа шегініп, Мавераннахр өлкесін қытайларға босатып берді. Бұл шайқас 751 жылғы Талас шайқасынан кейінгі Орта Азиядағы мұсылман өркениеті мен шығыс өркениетінің ең үлкен қақтығысы болды. Шайқаста ең үлкен жауынгерлік танытып, қыран қырғын салған қарлықтар деп көрсетіледі. Екі одақтас 6 мемлекеттің одағын күйрете жеңеді. Бартолд бұл шайқаста 30 мың адам өлді десе, «Жалпы тарих(全部)» деген кітапта шайқаста ғазауат майданына тіленген 12 мың сәлделі мұсылман жігітінің, 4 мың әйелдің өлгенін, жалпы өлім санының 100 мыңға жуықтағанын жазады. Қарлықтар 50 мың, Қытайлар 20 мың адам болып шайқасқа кірсе, қарсылас 6 мемлекеттің әскері аз дегенде 300 мың болды деп шамаланады.
1156 жылы Қарлық әскери көшбасшысымен шайқаста өліп, сүйегі далада қалған Ибраһим ханның орнына таққа келген ұлы Шағыр олардан кек алуға бекінеді. «Манас» жырында Шайыр болып жүрген – осы адам. Шайыр хан қарлықтарға жорық жасап, олардың ханы Бөке ханды өлтіреді. Қарлықтар жаңа жорық жасауға дайындалып, әскери көшбасшысы Лашын бек пен Бөке ханның ұлы Хорезм шахынан көмек сұрайды. Шайыр хан болса бұл жерге 19 жыл бұрын Орта Азияға басып кірген көшпелі қытайлардан, яғни Ляо әулетінің ханы Иелүй Илиеден көмек сұрайды. Иелүй Илие (耶律 夷列) қақтығысты өз пайдасына шешу үшін Шығыс Қарахан билеушісі Ағымаға (Екінші Ибраһим) 10 мың қол беріп, екі жақтың әскері Соғды өзенінде беттеседі. Осы қысылтаяң кезде Самарқандағы мұсылмандар үшін аса қадірлі имамдар екі жақтың арасына жол жүріп, соғысты болдырмай, бейбіт бітіммен екі жақтың әскері тарасады. Самарқан билеушілері қарлық әскери көшбасшысының бұрынғы мәнсаптарын, артықшылықтарын қалпына келтіреді.
Кейін Қытайдың көсемі Иелүй Илие бұл төңіректегі ұйысқан қалың қарлықты ұлысымен көшіріп, шығыстағы Алмалы аймағына орналастырады. Қарлықтардың бұдан бөлек екі үлкен тобы Қойлық аймағына және Еміл аймағына орналасқан. Бұл туралы «Ляонаманың» 30-томының 30-тарауында егжей-тегжейлі берілген. Сол кездегі Қытай ханы Иелүй Илиенің өз астанасы Құз-Ордадағы 18 жастан асқан 84500 еркек бар екенін есептеп шығады. Соған қарағанда, Құз-Орданың жалпы жан саны қазіргі Тараз, Қызылорда қалаларының жан санына жақындайтын, сол заманның өзінде ірі қала болғаны аян.
Самарқанда билік ұстаған, біз Манастың немере ағасының жолында деп отырған Шайыр хан 1161 жылы қайтыс болған.
Осы оқиғадан кейін шығыстағы Өзкент (Өгіз-Кент) жерінде өз иелігін құрған Тұғырыл хан деген адам пайда болады. Тұғырыл сөзі де, Бидайық сөзі де киелі, алып құсқа қаратылатындықтан, «Жеті қаған» эпосындағы Бидайықты осы адам дей аламыз. Оның толық аты-жөні: Тұғырыл хан Құсайын ибн Қасан.
Эпос бойынша, Бидайық хан Алматыға келген соң оған біреулер Алатаудың «мұз мұрт» деген қыранын әкеп бермей ме?! Алатаудағы бүркіттер әдетте екі түрге бөлінеді. Біріншісі, мұзбалақ шөгел, екіншісі шашақты шөгел.
Олай болса, ханның ие болғаны осы мұзбалақ шөгелдің тірнегі екен. Мұны қырғыз ағайындар саятшылықта көп салады.
Бидайық (Тұғырыл) хан Алатаудағы Өзкентке келуге дейін Самарқанда тұрған болса, мұрагерлік сабақтастықты тексеріп көрейік.
Эпоста төртінші қаған Мұхаммед қағанның толық аты-жөні Набираһи Қызыл Арыстан хан Қазақ қаған Ибн делінеді. Самарқанда Бидайық қағанның Өзкентке келуіне дейінгі хандардың атын тексерсек, Батыс Қараханды 1090~1091 жылы билеген Кылыш Арыстан хан Мұхаммед Ибн Ибраһим ибн Наср Тағашы хан бар.
Төртінші, бесінші қағандар белгілі болды. Енді екінші, үшінші қаған – Мәлік Қатам, Мәлік Зат деп аталатын қағандар кімдер екен?!
Батыс Қараханды 1068~1080 жылдары билеген ханның аты Мүлік. Бұл үшінші қаған емес, бұл екінші қаған – Мәлік Қатам. Өйткені, ол қазіргі Науаи қаласына жақын жерде Рабат-Мәлік керуен сарайын салдырған. Оның орны әлі бар. Бұрын Керман деп аталған жер. Оның үстіне, оның билігігің алдында ел тұтқасы болған ханның аты Тоған хан екен. Мәлік хан селжұқтардың өзімен аттас Мәлік шахының шабуылына сәтті тойтарыс беріп, Шығыс Қараханмен шекарасын бекіткен.
Тоғаны – Түктабан болар, Парсының тақ деген сөзі қосылып, Түктабан атауы содан келіп шықса керек. Ол кейін Қызыл Арыстан деген атақ алады. Уый Ляңтаудың «Қарахан әулетінің тарихы (喀喇汗王朝史)» кітабында осы Тоған ханның Шығыс Қарахан жеріндегі Ферғана алқабын басып алып өзіне қаратқаны, жағдайы ушыққан Мавераннахр өлкесін тұрақтандырады. Эпоста ол Хожент ханы Мян ханды жеңіп жатпай ма?!
Ол сауда-саттықты ретке салып, баға өзгерісін бақылап, ұрылады тиып, күміс ақшаны сапаландырды. Елі гүлденді.
Тоғанның (Түктабанның) алдында Қартаң хан деп аталған адам ресми тарих көзінде, Тоғанның алдында 1041~1052 жылдары ел билеген әрі Самарқанды алғаш астана етіп, Батыс Қарахан елінің құрушысы болған Мұхаммед ибн Дула хан болса керек.
Біз хандардың кейбірінің атын анықтауда Борис Дмитриевич Кочневтың «Қарахан монеталарының жазу коды: аты-жөндері және дәрежелері» деген еңбегінің үшінші бөлімін пайдаландық.
Қараханидтерде Қызыл Арыстан деген атақ емес, Қылыш Арыстан деген атақ бірнеше ханда кездеседі. Соған қарағанда, эпосты жырлаған Қылыш молда Қылыш Арыстан атауын Қызыл Арыстан деп алып отырған екен. Тағы бір Қарахан әулетінің 1160~1180 жылдары билік еткен ханының аты Қылыш Арыстан болса, 1178~1179 жылы Балқыда (Балхта) билік жүргізген Қарахан әулетінің бір ханы Қылыш Арыстан хан делінсе, 1210~1212 жылдары Өзкенттегі Бидайықтың үшінші мұрагері Күш Арыстан хан делінген.
Эпоста әрбір ханның ұзынсонар есіміне Қазақ қаған деген қосымша жалғанып отырған болса, төл тарихта Қазақ қаған емес, Қасан деп жазылған екен.
1025~1026 жылдары Баласағұнда билік жүргізген Тоған ханның есімінің қосымшасында Қасан деген жалғауы бар. Оның мұрагері Қадыр ханда да Қасан жалғауы тұр. 1130~1132 жылдары Самарқанда билік еткен Қара ханда Қасан қосымшасы бар. Оның толық аты-жөні: Қара хан Қасан ибн Әли делінсе, «Манас» жырында Шайыр мен Жақыптың әкесі өңі қара болған соң Қара хан атанған еді, шын аты Темір еді деп берілсе, тура осы ханнан біздің мақаламыздың негізін қалаған есімнің иесі Жақыптың ағасы Шайыр туады, ресми тарих көзінде солай. Эпоста Самарқанды Бидайық тастап, Алматыға кеткен соң, қалада Манастың әкесі Жақып қалмай ма?! Кейін Манас ол жерді тастап Таласқа кетеді. Соған қарағанда, қырғыздер тегі Қыпшақ деп есептейтін Манас батыр 12 ғасырдың соңында дүниеге келген батыр. Қарахан әулетінің шежіресі Қарлықтың Шыбыл тайпасының Эдгиш руынан басталса, Шапыраштының Шыбыл руының екі тармағында Жәдік руы бар. Керейдің Жәдік руы да қос сызықты Қыпшақ таңба қолданады. Қарахан әулетінің 934~935 жылғы билеушісінің Сатук Бура хан (萨图克·博格拉汗) атануы араб тіліндегі Садих сөзімен ғана емес, өз руының төл атымен де ұштасатын сияқты.
Батыс Қараханның 1089~1095 жылдардағы билеушісі деп танылған Жақып(亚古伯) ханға келсек, 1089 жылы Самарқанды селжұқтардың Мәлік шахы басып алып, ақыры Жақып Қашқарияға кетіп, Қашқарды басып алып, мемлекетін қалпына келтіреді. Манастың үй-ішінің Таласқа кететін кезі осы кезеңде орын алса керек. Манастың заманындағы Жолой хан деп айтылатын Қытай көсемі Батыс Ляоның 1177~1211 жылдардағы ханы Иелүй Жырық (耶律 直鲁古) болса керек. Ляо билеушілерінің фамилиясы түгелдей Иелүй (耶) болып келеді.
1156~1157 жылы Самарқанда Шайырдың алдында аз ғана уақыт билік еткен Қадыр Түңке ханның есімінде де және одан кейінгі Шайыр ханның өзінде де Қасан қосымшасы бар екен. Шайырдан кейінгі Қылыш Тағашы ханда Қасан қосымшасы бар. Құлбықта 1180~1881 жылы ел билеген Ұлық Тағашы ханда Қасан қосымшасы болды. Эпосты жырлаған Қылыш молда осы Қасан қосымшасының бәрін Қазақ қаған деп алып отырған.
Бір таңғаларлығы, Қашқар жақты, Қасан, Марғұлан, Бенакент, Отыра, Оқшы, Термез, Сағыман (Шағаниян) қалаларын орталық етіп, ел билеген Қарахан әулеттерінде мұндай қосымша жоқ. Бенакент демекші, эпоста айтылатын Хоженттің Мян ханының атауымен осы қаланың атындағы Бена сөзінде бір байланыс бар көрінеді.
Эпостағы қаған есімдеріндегі тағы бір ерекшелік – әр есімге эпосты жырлаушы Набираһи деген қосымша қосып отырса, ресми тарихта біз есімдерін тапқан хандардың көбінде Ибраһим қосымшасы бар. Жыршы осы Ибраһим қосымшасын Набираһи деп алып отырған екен.
Естеріңізде болса, эпос жүлгесінде Балқыдан (Балхтан) Жезтаңдайдың әкесі Мамыр Халпаның қолы Түктабанға (Тоған ханға) қарай аттанып, Самарқанды шапқанда жеңіліп, одан кейін Балх, Бұхара, Бадахшанның біріккен қолы келіп, олар да жеңіліп, ақыры Түктабан жағына өтеді.
Осындағы Мамыр халпа сөзіне назар аударсақ, халпаның халифа деген діни лауазым екені белгілі болады.
Аббасидтер халифатының 1075~1094 жылдардағы халифасының есімі аль-Муктади Биамир Аллах делінеді. Осы жердегі оның Биамир деген есімін осы жырдағы Мамыр есімі деп қарасақ, Мамыр халпаның арабы есімі – Биамир халифа болады. Оның тұсында жырда атап өтілген Бадахшан, Балх, Бұхара өңірлері Аббасидтер халифатының құрамдас бөлігі болған. Сондықтан, олар бір ниет, бір тілекпен Арыстан батырдың еліне қарсы әскер аттандыра алады. 1052 жылдан бастап 1068 жылға дейін ел билеген Түктабанның билікке келу уақыты осы халифаның билік еткен жылдарымен тұстас келеді. Соған қарағанда, халифа әулетінің қызы Жезмаңдайдың ел ішін бүлдіруге бар жанын салғаны әкесінің жоспары болып отыр. Бұдан тыс, Мамыр халпа ресми халифа атанбай тұрып, осы соғысқа араласқан.
Енді, Бидайықтың (Тұғырылдың) Алатаудың бауырына келуін талқылайық. Біз көрсеткен тізбекте оны Өзкентте билік етіп отырған жерінен таба аламыз. Ал, қытай дерегінде көрсетілгеніндей, Самарқанды төңіректеген қарлықтар ұлысымен Алмалы аймағына Батыс Ляо (Қытай) билеушісі Иелүй Илиенің тұсында көшірілген болса, жырда Алматы, тарихта Алмалы деп айтылатын аймақ қайда болды?
Іле өзенінің бойында Жоңғар Алатауының Іле жақ күнгей бетінде Су-Алматы деген көрінісі көз сүріндіретін өңір бар. Су-Алматының оңтүстікгінде адамы құжынаған Құлжа қаласы жатыр. Құлжадан батысқа қарай жүрсеңіз, Қорғас ауданындағы Алмалы көне қаласының жұртына тап боласыз. Бұл қаланы Шағатай ұлысы, оның ізбасары болған Моғолстан хандығы астана еткен. Оған дейін қарлықтардың астанасы болған. Шыңғыс хан бұл араға келгенде қарлық ханы Базар хан оны қарсы алады. Базар хан қытайлар тарапынан өлтірілгеннен кейін, Шыңғыс хан оның ұлы Сығанақты (Шұғынықты) Алмалыдағы таққа отырғызады. Қойлық қарлықтарының ханы Арыстанды Қытай ханы Жолой Жырық өлтірген соң, оның ұлы Екінші Арыстан хан Шыңғыс ханмен одақтасады.
Алмалы тарихта өте гүлденген, ірі қала болған. «Орта Азияның жұмағы» деген атпен танылған. Алмалы – Жібек жолының маңызды өткелі болып қана қоймай, Батыс мәдениеті мен Шығыс мәдениетінің тоғысқан жері болған. Тура бүгінгі Алматының маңыздылығындай. Қала шығыстан батысқа қарай 5 километрге созылып жатса, солтүстіктен оңтүстікке қарай 10 километрге жуық созылып жатқан тамаша, үлкен қала болған.
Ол Алмалының, оның жанындағы Су-Алматының аты мың жылдан астам уақыт бұрын мәшһүр болып, Шыңғыс хан заманында Италиялық саяхатшы Маркополоның жақындары Ішкі Қытайға бара жатып дәм татқан, Шыңғыс ханмен кеңесшісі Иелүй Чусай, жол ілімінің таратушысы Кю Чужи қалада болды.
Алмалы құлпырып, төрт төңірекке әйгілі болса, көрген қала болса, ол заманда бүгінгі Алматы салынбаған болса, демек кейін Алатаудың бауырынан осы Алматымыз салынғанда қала аты ретінде сол байырғы өркениеттің ұлы ошағының атын алған. Алмалы 1560 жылдан кейін барып, Алмалы аймағын қазақ ханы Хақ-Назар басып алған соң, Тоғалақ Темір хан Тұрғанға кетті де, қала өз дамуын тоқтата бастады.
Оның үстіне, тарихшы Жақып Мырзаханұлы келтірген деректе, Мұзбұршақтың Тәңіртауының теріскейіндегі кесенесі қорғауда болса, кесене тұрған Санжы қаласынан батысқа қарай жүріп барып, Қас өзенінің тұсынан асып түссе, оның әкесі Бидайық ұлысымен көшіп барған аңғардағы көне Алмалы аймағына жататын Іле аңғарына жетеді.
Нағыз Алмалыны анықтау үшін сапар естеліктерін ежіктейік.
Алмалы қаласының сол заманның тілімен суреттелген географиялық орны туралы ХІХ ғасырдағы тарихшы Досанның «Моңғол тарихы» еңбегінде «Шағатай хан жазда Алмалыда, Куокы (阔克) тауы мен Хути (忽惕) тауының аралық биігінде тұрды» десе, қазіргі Қорғас ауданының солтүстік арқасын қоршап тұрған Жоңғар Алатауының солтүстік сілемі Алатау болса, оңтүстік сілемі Көксін деп те, Көгіршін (科古琴, 科古尔琴) тауы деп те атадады. Куокы дегені міне осы тау. Хути деген атауға келсек, ол Көксін тауымен астасып кететін солтүстік асулардың аты екені анық.
Сол төңіректің сыртында жатқан Ұтыбұлақ Көк-Қотқыр асыл тұқымды мал фермасының атаулары осы Хути атауымен байланысып жатса керек.
Жол ілімінің таратушысы Кю Чужи өзінің «Нағыз Чаңчүндықтың батысқа саяхаты (长春真人·西游记)» кітабында қаланың орны туралы «Алмалы – Сүйін тауының солтүстігінде» деп көрсетіп, оны екі қарлы таудың ортасындағы бейіштей көлдің бойында, «алмасы мол жер болған соң жергілікті халықтың тілімен Алмалы аталады» деп көрсетеді. Және «бұл қай көл?» деп сұрағанда Тәңіртаудың шығысындағы Боғда көлінің Тиянчы (Боғда, Тәңір көлі) деген атауын айтқан. Бірақ, шығыстағы Боғда көлінің бойында қала салуға жететін астау жазық жоқ. Бұл көл – Сайрам көлі. Сүйін тауы деп отырғаны сол Сайрам сөзінің ескі нұсқасы. Біздің Шымкент жақтағы Сайрам қаласының атының да түбінде Шым, Шүйін, Сүйін атаулары болғандықтан, Шымкент атауы да, Сайрам атауы да содан өрбіген. Сайрам көлі Көксін тауы мен Алатаудың (4569 метрлік ең биік шыңы Өр-Түрік делінеді. Қытайша: 厄尔格吐尔格山) арасындағы, қарлы таулар қоршап жатқан тұнық көл. Жағасы жайлау, кең жер. Оның солтүстік жанында Алатауға жетпей тағы да қатарлас таулар сіресіп тұр. Хути деп жүргені осы болар. Боғда демекші, осы Сайрамның батысында Боғдар қалашығы орналасқан.
Қарахан елінің негізін қалағандар Қарлықтың Шыбыл тайпасының Эдгиш руы деп көрсетілгеніндей, осы Сайрам көлінің батысында Етук-Сайыр (鄂托克赛尔) арасаны бар. Әкімшілік жақтан Арасан ауданына қарайды.
Қазіргі кезде Қорғас ауданының Кеген ауылы мен Панфилов ауданының Алмалы ауылы өзара шектесіп жатады. Осы төңіректе Су-Алматы, Алмалы, Кеген, Алатау атауларының болуы мен Іле Алатауындағы Алатау, Кеген ауданы, Алматы атауларының болуы, Іленің басындағы Күнесте Алмалы ауылының болуы, осының бәрі тарихи Алмалы аймағының аумағының Қытайдағы Іле Қазақ автономиялы облысы мен Бөрітола облысын толық қамтитынын, Алматының шығысындағы аудандар мен Жетісу облысының шығысындағы таулы аудандарды қамтитынын көрсетеді. Жетісудың солтүстігінде Қойлық аймағы болғандықтан, Жетісуды толықтай ежелгі Алмалы аймағына қоса алмаймыз.
1743 жылы, Орыстар Орынбор қамалын саларда қаладан 286 км жерде ағып жатқан Ор өзенінің атын пайдаланған. Әйтпесе, Орынбордағы керуен жолын Башқұрттар «Қанипа жолы» десетін. Орынбор салынған соң, бұл жер Табынның Жаман Керей табының қонысы болғандықтан, қазақ пен башқұрт қаланы Жаман-Қала атасып кетеді.
Ақтөбені қамал ретінде 1869 жылы саларда, қала атауын қаладан оңтүстік-батысқа қарай 340 км жерде жатқан әйгілі Ақтолға (Ақтолағай. Толға – қалмақша төбе) керіштерінің атын пайдаланған.
Көкшетау деп бұрын Бурабай (бұрынғы аты Қымызкөл) көлін қоршаған көкше тауды айтқан болса, кейін 1824 жылы таусыз, жатаған жердегі Қопа көлге қамал салғанда Орыстар қаладан 83 км жердегі Көкшетаудың атын қала атауы ретінде пайдаланды.
1718 жылы Семей қамалын саларда оның оңтүстігінде 46 км жерде тұрған Семейтаудың атын пайдаланып, сәл өзгертіп 7 санына бұрып, Семипалатинск деп атады.
Сол секілді, біздің су жаңа Алматыға есім сыйлаған сол ұлы қала – Сайрам көлдегі Алмалы қазіргі Алматыдан солтүстік-шығысқа қарай 300 км-ден астам жерде болған. Онсыз да бұрын алмасы самалап өскен Алатаудың бауырына Алма атауы жат емес. 1854 жылы Алматыда қамал тұрғызуға шешім қабылданғанда қамал Үлкен Алматы суының бойында тұрғызылғанымен, Алматы деп аталмай, 66 км жердегі Іле өзенінің атымен Іле қамалы деп алынып, артынша Верный деп алып, бұл атау 1921 жылға дейін жалғасып, Алматы қала атауы 1921 жылы пайда болды.
Сайрам көлінің бойынан біз Алмалы қаласын таба қоймаспыз. Сұлтан Мәжитұлының «Сайрам аңызы» дастанында бір-біріне қосыла алмай, күйіктенген, қызды малға сатқан бай Темірхан мен қалың төлеуші Табык қатарлы ел жуандарынан әділетсіздік көрген Ахметтің ғашық жұбы Қорғас жақтағы Кеңсайға шығар ауызда сол жердегі бітеме тасты жұлып алғанда, бітеме тастың астынан су атылып шығып, елді көл суы астына жұтып кеткені туралы айтылатын жергілікті аңызды жеткізеді. Бұл көлге өз заманында су қоймасы салынған болуы керек. Сайрам көлін тізгіндеп, қаланың сәнін қауіпсіздігін сақтауды қадағалап. Алайда, бітеме тасты жұлып алған соң өркениетті аумақ көзден бұлбұл ұшады. Дастанда мұны Бисара қыздың анасының құлыптасын жұлып алуы деп әшекейлейді. Құлыптасты су атылып шығардай қылып шанши ма? Соған қарағанда, бір күндері Арал теңізінің арнасы өзгергенде астынан шыққан Кердері қаласы сияқты берік құрылыс үлгілері толық бұзылмай, көне мұрағат ретінде адамдардан таса жерде қауіпсіз сақталып, бір күндері Құдай қалаған күні жарыққа шығатын сияқты. Сайрам көлі жым-жылас қоңыр күзде жаныңызды емдейтін көл.
М.Қизатұлы, ақын