Астана қаласы әкімдігінің «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығы» КММ көп балалы, толық емес, әлеуметтік жағдайы төмен және мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға кешенді кеңес беру қызметтерін көрсету мен отбасы институтын нығайтуға бағытталған шараларды ұйымдастыру, жүзеге асыру мақсатында құрылған.
Биыл 4 наурыз күні «Жанұя» орталығының қолдауымен аналарды құрметтеп, 8 Наурыз халықаралық әйелдер күніне орай «Арулар – асал жандар» атты мерекелік іс-шарамыз өтті.
Аналармен кездесуде белгілі қоғам қайраткері, ана тіліміздің жанашыры Оразкүл Асанғазықызы мен эстрада әншілері қонақ болды.
«Арулар – асал жандар» атты іс-шараның негізгі мақсаты – қоғамда әйелге деген сыйластық пен құрмет көрсету, әйел-аналардың эстетикалық талғамын дамыта отырып, мерекелік көңіл күй сыйлау.
Астана қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен тәрбиелік мағынасы терең іс-шарада мемлекет және қоғам қайраткері, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері, тілдің жанашыры Оразкүл Асанғазықызы «Мемлекеттік тілдің тағылымы мен мәртебесі» тақырыбында дәріс өткізді.
Аналарға арналған дәрісін «Отбасы берік болса, мемлекет мықты болады» – деген сөздерімен бастаған Оразкүл Асанғазықызы жастар тәрбиесі мен отбасы мәселесіне және ана тілінің қасиеті мен маңызына байланысты ой қозғап, тыңдаушылармен пікір алмасты.
Қазақ халқының тарихы мен осынша елді, жерді біріктіріп келе жатқан – әр қазақтың отбасы құндылығын қорғау мен сақтау, ұлттық салт-дәстүріміз бен ана тілінің жас ұрпақтың тәрбиесінде алатын маңызды рөлі туралы көпшілікке ой салар, әдемі мысалдар келтірді.
Отбасылық бақытты насихаттаушы Оразкүл Асанғазықызы: «Ұлт болашағы – саналы ұрпақты тәрбиелеу – ана сүтімен қатар ана тілінің құдіретін баланың бойына жасынан сіңіру арқылы қалыптасады» деген терең ойлы сөзін әр қазақтың әйелі, ұрпақ тәрбиелеп отырған ана есімізде сақтауымыз керек. Әр айтқан сөзінде отбасылық құндылықтарды нығайтудың маңыздылығына ерекше назар аударған Оразкүл Асанғазықызының әсерлі әңгімесін қатысушылар ұйып тыңдады.
«Қазақтың қайсар қызы» атанған Оразкүл Асанғазықызын қоғамда ұлттың ұлылығын ұлықтап, жастарды мемлекетшіл болуға тәрбиелеп, өз ісімен үлгі-өнеге көрсетіп жүрген азамат-ана ретінде бағалаймыз.
Саналы ғұмырының мазмұнды кезеңдерін, өнегелі өмірінің парасатқа толы беттерін жас ұрпақты тәрбиелеуге, ұлттық дәстүрді сақтаудағы қазақ тілінің рөлін арттыруға, отбасының ұйытқысы – әйелдің қоғамдағы орнын құрметтеуге арнады.
Аяулы қазақ қызының қайраткерлік еңбегі, саналы ғұмыры – ізденіс пен тиянақты еңбектің, ізгі іске талпыныс пен табыстың, үйрену мен үйретудің жылдары болды.
Оразкүл Асанғазықызы үнемі «Алты алашқа аты жайылып, ескі мен жаңа заманның «алтын көпірі» атанған, атақты Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының «Түрік тілінің ішіндегі гауһары – қазақ тілі» деген қасиетті сөзін үнемі көпшілікке айтып отырады.
«Ана тіліміздің өз дәрежесінде құрметтеліп, қолданысқа енбегеніне кеңес өкіметінің солақай саясатының әсері болды десек, дәл қазір қоғамда, барлық салада қазақ тілінің мәртебесі жоғары болуы қажет. Жалпы кез келген елде тілдік ахуал өзгерген жағдайда тіл саясаты да жаңа талаптармен толығып, барлық елдерде мемлекеттік тілді білу заң арқылы міндеттелгенін білеміз. Кез келген қазақ, қазақстандық бір-бірімен тек мемлекеттік тілде сөйлесетін уақыт келді» – деген пікірін қолдаймыз.
Тіл жанашырының «Тәуелсіздікпен қатар, қазақтың саны өсті, рухымыз жанданды. Рухымызбен бірге тіліміздің тұғыры да биіктеуі шарт», – деген пайымы көзі ашық, зерделі жанды терең ойландырып, әр тыңдаушының санасына сәуле түсіргеніне де куә болдық.
Аналарға арналған дәрісінде Оразкүл Асанғазықызы саналы ұрпақ тәрбиелеудегі қазақ тілінің, ұлт тарихының маңызы, болашақ ұрпақтың бойына ұлттық құндылықты сіңіре білу және бақытты отбасын құрудағы қазақ әйелінің рөлі туралы айтты.
Кездесу барысында қазақтың қарапайым қыз-келіншектері, жас аналар отбасы, бала тәрбиесіне және мемлекеттік тілге қатысты өздерін толғандырған сұрақтарына жауап алып, алғысын білдірді.
Бүгінгі аналармен кездесуде халықтың игілігі үшін еңбек еткен Оразкүл Асанғазықызы ана тілінің құндылығы мен күнделікті қарым-қатынас кезіндегі отбасындағы тілдің құдіретін ерекше айтып, көркем тілмен айшықтап, әр тыңдарманның жүрегіне жеткізді.
Ұлы Абай мен қазақтың тұңғыш демократ ғалымы Шоқанның азамат болып қалыптасуларына ықпал еткен әжелерінің берген тәрбиесі мен заңғар жазушы М.Әуезовтің айтқан даналық сөздері аналардың жүрегіне жетіп, қазақтың салт-дәстүріне, тарихына құрметтері артқаны ойлы көзқарастары мен жүздерінен байқалды.
Ұлт зиялысы Мұстафа Шоқайдың: «Ұлттық рухтың негізі – ұлттық тіл» деген сөзі мен «Зәру білім деген – әйел адам иманы мен арын сақтайтын, ақылын сақтайтын және тұрмысқа шыққан соң ерінің бір малын екі бас ететін, саналы, салауатты ұрпақ тәрбиелейтін білім алуы керектігін» зерделеген Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының даналыққа толы ғибратты сөздері де кездесуге келген әр ананың көңіліне қонып, қуанып, «қазақтың келіні», «анасы» деген жауапкершілігі мол әрі құрметті атауға ие екендеріне шаттанып, қанаттанып қайтқанына куә болдық.
Бүгінгі таңда «Жанұя» отбасын қолдау орталығы әр түрлі деңгейдегі әлеуметтік топтар арасындағы қарым-қатынастарды реттеп, қоғам мүшелерінің өмір сүру деңгейін жақсарту мен қиын жағдайға тап болған әрбір отбасына дер кезінде психологиялық, әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету мақсатында нақты жұмыстар атқаруда.
Отбасы ұғымын дәріптейтін, кейінгі ұрпаққа үлгі ету мақсатында түрлі игі шараларды ұйымдастырып жатқан қоғамдық ұйым – «ЖАНҰЯ» отбасы институтының директоры Бақтияр Айтбаев пен орынбасары Құралай Жанұзақоваға, іс-шараларды ұйымдастыру бөлімінің жетекші маманы Зүлфия Бергенқызының еңбектеріне сәттілік тілейміз.
Роза ТҮЗЕЛБАЙҚЫЗЫ, «Дәстүр»