БЕСІК ЖЫРЫ
(с) Есенин «алып кетсем өзіңді сол мекенге
«…знакомый ваш — Сергей Есенин!!!»
…сол мекенде өзіңмен қалып кетсем…»
(с) Автор
тағы бір рет қайтеді жылап көрсек? һақ тәңірден ақ сезім сұрап көрсек..? сен жыласаң күлетін адамдарға тастан қатты,
тапжылмас тылақ көрсет…
/отырасың
жалғыз қап, тізіп елес…
…айқай салар айналаң қызыл өңеш… сен төгесің, мәселен, көз жасыңды, ал қоғамға ол мүлде қызық емес…
/жылама енді, жасың сүрт… күлгін,
ойна…
кірпігіңнен біткесін сырғып айлар… сыртыңдағың тартады адамдарды (ішіңдегің аян ғой бір құдайға…)
/мына менің
/өртей алар дәтім жоқ қамыс елді, таныс елдің содан да жаны сөнді…
…бір Альфонс ішімнен сақ-сақ күлер: қорықпа, Нұркен,
қыздардың бәрі — сендік…
/иә, маған… қай дана не демеді?
есім дұрыс, ешбірін елемедім…
жүрегімде бір ғана ару қалып, басқалары бақытқа жөнеледі…
/сен кетесің… тартасың адамдарды… айна алдында сыланып таранған күн… ей, сұлуым, сен осы білесің бе,
мұңды ғана жазуға жаралғанмын…
/…жылы болып тұрмайды ара мәңгі… жылы түннен қаншалық сауап алдық?
…ағаларым: мұңды өлең жазба… – дейді… мұң жеңеді бәрібір
ағаларды…
/ағама ұқсап соңғы рет қамыққандай, қарбаласқан көштен де қалып қоймай көшесің-ау сүлдеңді сүйретумен,
тірі жүрмей,
тым құрса өліп қалмай…
/сонсоң тағы
/…отырасың жалғыз қап, тізіп елес…
…айқай салар айналаң қызыл өңеш… сен төгесің, мәселен, көз жасыңды, ал қоғамға ол мүлде қызық емес…
/кетейікші (кеткендер қайтып келер)… келуіміз болады жай күтпеген…
жасқа тұнған көзіңнен сүйемін де, ең ғажайып ертегі айтып берем: «әлди-әлди, ақ сүмбе…» /кетейікші… 11.12.2018