Алматыда армиялық қоян-қолтық ұрыстан арнайы мақсаттағы бөлімшелердің алғашқы чемпионаты өтті. Қарулы күштердің Арнайы операциялар күштері қолбасшысының кубогы үшін 8 команда құрамында 60-тан аса әскери қызметші сынға түсті, деп хабарлайды dasturkb.kz.
Бұл жекпе-жек түрінің турнирі Қорғаныс министрлігінің Спорт комитеті – Орталық спорт клубының базасында Арнайы операциялар күштері бөлімшелерінің жауынгерлік даярлық жоспары шеңберінде өтті.
– Қарулы күштердің элиталық бөлімшелерінің өкілдері армиялық қоян-қолтық ұрыс тәсілдерін меңгеруге міндетті. Арнайы операциялар күштерінің қолбасшылығы осыдан бір жыл бұрын құрылған. Дегенмен біздің түрлі сайыстардан жинаған тәжірибеміз де бар. Осы турнирде спорт шеберлері және спортта басқа да жетістіктері бар, Әлем, Азия және ТМД чемпиондары бағын сынады, – деді Арнайы операциялар күштері қолбасшысы басқармасының аға офицері майор Нұрдәулет Ержігітов.
Чемпионат қорытындысы бойынша бірінші орынды 32356 әскери бөлімінің командасы олжалады. Екінші орын – 22750 әскери бөліміне, үшінші орын – 66597 әскери бөліміне бұйырды. «Үздік спортшы» арнайы номинациясы 22750 әскери бөлімінің келісімшарт бойынша әскери қызметшісі 3-сынып сержанты Сәкен Оңғалбековке, «Үздік төреші» аталымы Десанттық-шабуылдау әскерлерінің өкілі майор Марат Ағамбаевқа берілді.