Ұлы Отан соғысы және Еңбек ардагері, одақтық дәрежедегі дербес зейнеткер, «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген экономисі», Қазақ ССР-нің бұрынғы қаржы министрі, белгілі қоғам қайраткері және «Құрмет Белгісі» орденінің иегері, Алматы қаласының Мемлекеттік архивінің № 598 қор құрушысы Рымбек Байсейтов Смақұлы туралы тапсырылған құжаттар мен фото-суреттер жетерлік. Әрқайсысы бір-бір томды құрайтын 56-істің әрбіріне зерттеу жүргізіп, жарыққа шығарып, қалың көпшілікке таныстырып отыру, архивтік құжаттарды ғылыми пайдалану және жариялау бөлімінің міндеті, әрі парыз борышы.

Зерттеу кезінде, сондай бір құжат, №28-істе берілген. Онда «Қазақстанның халық жазушысы», 100-ші атқыштар бригадасының зеңбірек командирі, Әзілхан Нұршайықовтың, «Өлген досқа арналған сөз», яғни «Менің қымбатты досым деп басталатын, майдандас, досы Рымбек Байсейтовтың қайтыс болғанына 10 жыл толуына арналған еске алу кешінде айтылған ойлары мен толғаныстары» туралы қолжазба, машинкалық нұсқада баяндалған еді. Істі қолға алып, оқығаннан-ақ терең толғаныста болдым десе де болады. Екі ажырамас майдандас достардың, яғни айырылмастай болған екі алыптың бір-біріне деген кіршіксіз таза, шын көңілін, ақ пейілін, бірінің біріне деген құрметін оқып еріксіз көзіме жас толды.

Сіздерде біле, оқи отырсын деп ештеңесін бұзбай, жариялағым келіп отыр.

«Құрметті досым Рымбек-Реке! Бүгін Сенің қайтыс болғаныңа 10 жыл толды. Ұлтыңда қалған ағаларың, достарың мен жолдастарың Өзіңді еске түсіріп, Сенің қадір-қасиетіңді айтып жатыр. Соларға ілесе мен де бір-екі ауыз сөз айтайын. Сен ерекше жаралған мейірбан, жұртқа жаны ашығыш, жақынға да алысқа да бірдей қамқор жан едің, досым. Республика қаржысының тұтқасын ұстап отырғанда, әдебиет, мәдениет, өнер, ғылым қайраткерлеріне көп қамқорлық жасадың. Олардың өнерді өркендетіп, ғылымды алға бастыруыңа қолыңнан келгенше көмектесіп отырдың. Кімге қандай көмек көрсеткеніңді маған сан рет айтқансың. Олардың бәрі сол кездегі күнделіктерімде жазулы тұр. Ол өзгелерге жасаған жақсылығың ғой. Ал бір маған жасаған жақсылықтарың қаншама! Соның бәрін емес, бір-екеуін ғана айтайын.

  1. Менің «Махаббат, қызық мол жылдар» романым ең алғаш баспадан шығарда «Казкнигторг» мекемесі маған бір тираждан артық бермей қойды. Бір тираж-24 мың дана кітап. Ал жаңадан шығатын кітапқа екі тираж берілсе, (48 мың данадан жоғары қарай шықса) авторға 60 процент қаламақы қосылады.

– Сен Мұқанов, Мүсірепов, Мұстафин емессің. Саған бір тиражда жетеді,-дейді «Казкнигтегілер». Сол кезде мен Саған барып, мұңымды шақтым.

– Бұл алғашқы романым еді. Осы кітабым арқылы көбірек қаламақы алып, бүйірім шыға ма деп үміттеніп едім. Ол үмітім орындалмады,- дедім.  Сен трубканы көтердің де, «Казкнигторгтің» директорына телефон соқтың.

– Жұмеке, Сіз Нұршайықов деген жазушыны білесіз бе?-дедің сәлемдескеннен кейін.

– Білемін, – деген болу керек Жандосов. Ол кездегі «Казкнигторгтың» директоры Жұмабек Жандосов деген ағамыз болатын.

– Білсеңіз, оның романына неге екінші тираж бермейсіз? – дедің сен директордың жауабын тыңдағаннан кейін. Ол өз сылтауын айтып жатты.

Сен оның сөзін бөліп: Ол сылтауды қойыңыз, Жұмеке. Атақты жазушы аспаннан түспейді. Нұршайықовтың ертең атақты жазушы болмасына көзіңіз жете ме? Талантты жігіттерді қолдау керек. Оның романына үстеме тираж беріңіз, – деп сен сөзіңді нығырлай айттың да, трубканы жауып қойдың. Содан соң маған қарап:

– Бар, Жандосовқа қайта бар. Саған екінші тираж береді, – дедің Сен. Мен жүгіріп отырып, Жандосовқа бардым. Барсам, қабағы ашылып қалыпты. «Нұршайықовтың Махаббат, қызық мол жылдар атты романы 52 мың данамен шығарылсын» деп баспаға хат жазып, күлімдеп, қолына ұстап отыр екен. Сөйтіп мен ол екінші тиражға 6000 сом қосымша қаламақы алдым. Ол кезде бұл өте көп ақша болатын. Ақшаның қазіргі құнымен есептегенде 6000000 теңгеге тең.

  1. Одан кейін мен «Ақиқат пен аңыз» романына лауреат болғанда, Саған барып, Мұсірепов, Мұстафин, Тәжібаев тәрізді аға жазушыларды қонаққа шақырып, той жасағалы жатқанымды айттым.

– Шалдар сенің үйіңе қалай жетеді? – дедің Сен маған.

– Таксимен әкелемін,-дедім мен. Сен ойландың да: – Жоқ, олай етпе. Қонақтарыңды менің машинаммен тасы. Содан кейін сол машинамен оларды үйлеріне апарып сал. Қонақтарың тарқағанша менің машинам сенің қарамағыңда болады, – дедің маған.

Сөйтіп мен құрметті қонақтарды министрдің машинасымен тасыдым. Сенен басқа қай министр әйелінен кем көрмейтін жеке машинасын басқа біреуге мінгізіп қоюшы еді?! Ондай кеңпейілділік жаны жомарт Сенің ғана қолыңнан келетін.

  1. «Библиотек Всемирной литературы для детей» жазылымына (подпискасына) менің қолым жетпей қалды. Қазақстанға бөлінген жазылымның шағын данасы республикалық басшы қызметкерлерге беруге ұйғарылған екен.

Саған барғанымда, сол серияға қолым жетпей жүргенін айттым. Сен сейфіңді аштыңда, бір қағазды алып маған ұсындың.

– Мә, мынау сол серияға жазылуға маған берілген квитанция еді. Сен жазыла ғой,-дедің. Көп адамдар қолына тиген нәрсені тістей қатып, ешкімге бермейді. Бермек тұрғай шетінен де сипатпайды. Ал Сен қолыңдағы  квитанция аса қымбат рухани қазына екенін біле тұрсаң да, өз үйіңе тартпай маған ұсындың. Сол серияның таудай-таудай 50 томы қазір менің кітап сөрелерімде тұр. Оларды көрген сайын Сенің мейірбандығың, жомарттығың еріксіз есіме түседі.

  1. Менің кабинетімнің төрінде Сенің үлкен суретің тұр,досым.Күн сайын таңертең кабинетіме кіргенде Саған сәлем беремін. Сені есіме алып іштей егілемін. Көзің сығырая күлімдеп, қуақылана күлетін сәттерің ойыма оралды. Қағазға қол қоймақ болып, оң қолыңды қаламға қарай созғанда, снаряд сынығы жұлып кеткен малақ саусақтарың көз алдыма келеді. Мен жазу жазуға еңкейіп үстелге отырғанда, Сен сол суреттен менің желкемнен қарап тұрасың. Маған: «Әй жақсылап жаз. Әр шығармаңа жұрт сүйсінетін болсын» деп сыбырлап тұрған сияқтысың.

Мен Сені ұмытқамын жоқ. Ұмытпаймын ғой, Реке. Суретің – желкемде, сөзің – ойымда, көмегің – көкірегімде тұрғанда қалай ұмытармын, Сені. Жазған мақала, радиодан сөйлеген сөздерімде Сен ешқашан қалыс қалмайсың. Ылғи атыңды атап, азаматтығыңды айтып отырамын. Осы биыл радиодан Жеңіс күні қарсаңы 8 наурызда бір сағат сөз сөйледім. Сонда сенің «Великие Луки түбінде» неміс-фашистеріне қарсы күресте көрсеткен ерлігіңді айтып, өз взводыңмен 8 жау танкісін жайратқаныңды баяндап бердім. «Великие Луки түбінде» деген повесімде сенің ерлігіңді де көрсеткенімді білесің. Оны оқып, разы болып, радиодан айтылған үзіндісін кассетаға жаздырып алғансың. Одан кейін шыққан «Жамбылға хат» деген кітабымда да Сен туралы айттым.

Өзің барда «100-бригада» туралы кітап жазуға көп материал жинағанымды білесің. Қазір кітап шығару қиындап кетті. Сондықтан ол жинаған материалдарым, ішінде Өзің туралы да деректер көп, қазір архивімде үюлі тұр.

  1. Сен жақсы көрген адамдардың бірі Олжас Сүлейменов еді ғой, Реке. Олжас Өзің көрген адамгершілік, азаматтық, қайраткерлік қалпынан өзгерген жоқ. Маған қазіргі тұрған жарық, жаңа пәтерді Олжас алып берген. Күні кеше ғана (7 қыркүйекте) үйге келіп:

– Халима апайдың басына ескерткіш орнатуға жинап жатқан қаражатыңызға менің қосқаным болсын, – деп маған 300 доллар әкеп беріп кетті. Одан бұрын жеңгесіне көңіл айтуға келіп, менің қасымда бір сағаттай отырып қайтқан.

Сен адам тани білуші едің ғой, досым. Сен таныған жақсы адамдар жақсы күйінде қалды. Жақсы қалпында өмірден өтіп кетіп жатқандар да бар.

Мен Саған Олжастың маған – жеке адамға жасаған жақсылығын ғана айттым ғой. Ал оның Семей атом полигонын жаптырып, бүкіл адамзат игілігі үшін жасаған жақсылығын айтсаңшы! Сен жақсы көрген азамат осындай ұлы іс істеді. Сол ерен ерлігі үшін оны Республика Президенті жақында І дәрежелі «Барыс» орденімен наградтады. Бүгін Саған айтар жақсы бір жаңалық осы.

Міне, осындай ағамыздың досына деген мәрттігін, жасаған жақсылығын баяндаған 10 шақты ой-толғанысы бар. Бұдан әрі соңғы толғанысын да қалдырып кетпей, Сіздердің назарларыңызға ұсынғым келеді. Жазушының досы Ағамызға айтқан мұңы іспеттес сияқты.

  1. «Екінші айтайын дегенім: заман азды, заң тозды, халық күйзелді. Әсіресе, зейнеткерлердің күні қараң болды. Олар зейнеткер емес, бейнеткерге айналды. Солардың бірі Сенің досың – менмін. Мен айына 16 мың теңге пенсия аламын. Ұлы Отан соғысында 786 күн майданның алғы шебінде жүріп, ел қорғаған, одан кейін мемлекетке 57 жыл еңбек сіңіріп, зейнеткерлікке шыққан (зейнеткер болсам да қаламым әлі күнге дейін қолымнан түскен жоқ) менің алатын зейнетақым осы. Оның 7000 мың теңгесін пәтерақыға, 12 мың теңгесі дәріге кетеді. Менің 6 рет инфаркт болғанымды Өзің білесің. Қазір күніне 20 таблетка ішпесем, күн көре алмаймын. «Омник» деген бір дәрінің 30 таблеткасы 6600 теңге тұрады. Сонда тамаққа жұмсайтын бір тиын қалмайды. Егер балаларым болмаса, әлдеқашан аштан өлетіннің бірі мен едім, досым. Ал менен де аз зейнетақы алатындар қаншама! Олардың да көрген күні «ит көрмес, түтін танымас» дейтін күйде екенін Өзің түсінерсің. Біздің ұрпақ – совет заманында туып, өсіп-өркендеп, еңбек етіп, ел қорғаған қарт буын осылай жоқшылық жұтына ұшырап, жойылып барады, досым. Әдебиет пен өнер қайраткерлерін оңашалап айтсам: бұрын «Қазақстанның халық жазушысы», «Қазақстанның халық әртісі», «Қазақстанның халық суретшісі» деген абройлы атағымыз бар еді. Енді қазір Қазақстанның халық қайыршысы болып қалдық. «Кітабымды кім шығарып береді?» деп жалтақтап, көрінген бизнесменнің бетіне қараймыз. Қызылтанау болып доллардың додасына түскен олар кітапқа да, оның авторына да көз қиығын да салмайды. Жайған алақаның жалаңаш қалады. Қайыршы болды деген осы емес пе? Бұрын қарттар аяқтарын көсілте ұстап, таяқтарын таянып, трамвай, троллейбуспен тегін зымыраушы еді. Енді ол сорлылар қисалаңдап, қиралаңдап, магазин, базарға он аялдап, отыз сүрініп, әрең барып қайтады. Олар шалғай аудан, алыс облыста өлген ағайын-тумаларына барып топырақ та сала алмайды. Жоқшылықтың көк шыбыны көздеріне үймелеп, ХХ ғасырдың қарт ұрпақтары осындай «гөй-гөймен» өмірден өтетін шығармыз. Қазір жер бетінде біз сияқты зейнеткерлердің мұңын тыңдайтын ешкім жоқ. Сондықтан өмірден өтіп бара жатқан ұрпақ шерін – біздің замандастарымыздың, құрдастарымыздың қайғысын Саған айтпағанда кімге айтамын? Сен маған қазіргі қалталы, қайғысыз тірі министрден қырық есе қымбатсың ғой, қадірлім!»

Б.Ахметова, Алматы қаласының Мемлекеттік архивінің құжаттарды ғылыми пайдалану және жариялау бөлімінің архивисі

 

Бөлісу: