Ян Непомнящий мен Дин Лижен арасындағы тартысты ойын тең аяқталды, деп хабарлайды dasturkb.kz порталы BAQ.KZ-ке сілтеме жасап.
Ойынның 6-шы қадамында ақ фигуралармен ойнаған Ян Непомнящий испаниялық партияда өте сирек кездесетін нұсқаны таңдады. Мұндай дебют қытайлық гроссмейстерге тосынсый болып, оны тығырыққа тіреді. Ол алғашқы қадамдарын ойластыру үшін көп уақыт жұмсап, тіпті арнайы бөлмеге баруға мәжбүр болды.
Партияның 29-шы қадамында жағдай қара фигуралар үшін тіпті қиындай түскендей көрінді. Алайда Ян Непомнящий де бірнеше қате жасап, жағдайды теңестіріп жіберді.
Осыдан кейін қытайлық гроссмейстер сенімдірек ойнай бастады. Дегенмен екі жақ та ферзінен айырылғаннан кейін ойын қайта бірқалыпта түсіп, 49-шы қадамда қарсыластар тең нәтижеге келісті.
Еске сала кетейік, Астанада 1 мамырға дейін әлемнің ең үздік шахматшылары Ян Непомнящий мен Дин Лижен шахматтан Әлем чемпионы атағы үшін таласады.