«Астана Балет» сахнасында «Махаббат туралы аңыз»
3-4 наурызда «Астана Балет» театрында әйгілі хореограф Юрий Григорович қойған «Махаббат туралы аңыз» балеті көрсетіледі, деп хабарлайды «Дәстүр» «Астана Балет» театрының PR қызметіне сілтеме жасап.
. Спектакль алғаш рет маэстро Арман Оразғалиевтың жетекшілігіндегі «Астана Балет» театры симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен өтеді.
Ынтық сезімді суреттеп, асыл ойды тізбектеген бұл спектакльде бәрі табиғи үйлесімділік тауып, балет өнерін биік белеске көтерді. Драматург Назым Хикметтің фәлсафалық пьесасы либреттоға негіз болып, әсем әрі көркем музыкасын Ариф Меликов шығарып, сценографиясын Симон Вирсаладзе жасаған еді.
Шығыс аңызының желісі балетке арналған тәрізді. Мұнда қарама-қайшылықтар қақтығысы, экзотикаға деген әуестік, махаббат пен залымдық, қайсарлық пен әлсіздік жайлы баяндалып, Юрий Григоровичтің хореографиясы бұл туындының астарлы ойын терең жеткізе білді.
Патшайым Мехмене Банудың шексіз билігі мен тас қашаушы-суретші Фархаттың бейнесімен берілген шығыс өнерінің тылсым сыры, даналық пен қасірет, махаббат құдіреті мен тұсаулы сезімді, жанкешті қайсарлықты суреттейтін оқиға көрермен назарына ұсынылады.
Айта кетейік, 1961 жылы қойылған «Махаббат туралы аңыз» балеті хореография өнеріндегі эстетикалық төңкеріске пара-пар еді. Бірегей әрі күрделі хореографиясының арқасында ХХ ғасырдың классикасына айналған бұл балет осы күнге дейін өзектілігін жойған жоқ. Кемел балетмейстердің көптеген туындыларының ішінде осы қойылым ерекше маңызға ие. Себебі, Үлкен театрда 30 жылға жуық жалғасқан «Григорович дәуірі» дәл осы туындыдан басталған еді. Дегенмен, бір қызығы, бұл туынды қазіргі кезде де өте әсерлі әрі заманына сай көрінеді.
Спектакльдің музыкасы да көрермен қауымның көкейінен шығып, ерекше күйге бөлейтіні даусыз. Қоюшы-дирижер Арман Оразғалиевтың арқасында әртістердің бүкіл қимыл-әрекетінің бастау бұлағы да, табиғи жалғасы да музыка секілді көрінеді. Оның жетекшілігіндегі «Астана Балет» симфониялық оркестрі әзірбайжандық композитор Ариф Меликовтың музыкасын мінсіз орындап, орындаушылық өнердің шырқау биігінен көрінеді. Бимен үндескен көркем музыка көне парсы аңызын фәлсафалық деңгейде дейін көтерді.
Іс-шара Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өтеді.