Астана қаласының даму бағыты – оң өзгерісте

Өткен жылы Ақордада Мемлекет басшысының төрағалығымен Астана қаласын дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткен болатын. Бұл алқалы жиналыста бас қаламыздың дамуы мен болашақ жоспары туралы мәселелер айтылды. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев  жиында сөйлеген сөзінде елдің дамуындағы Астананың орны ерекше екенін атап өтті.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қолымыз жеткен жетістіктерге тоқмейілсімеуді ескертіп, Астананы дамыту жөнінде бірқатар нақты міндеттер қойды. Оның айтуынша, Астананың инфрақұрылымын дәйекті түрде дамыту қажет. Қалаландыру – урбанизация үдерісінің қазіргі қарқыны сақталатын болса, Елорда халқының саны 2030 жылға қарай 2 миллион адамға жетуі мүмкін.

«Қаламыз тез үлкейіп келеді. Сол себепті қазіргі таңда Бас жоспарға қойылатын талаптар жиі бұзылуда. Сондықтан инженерлік инфрақұрылымды кешенді түрде дамыту – басты міндетіміз. Алайда бұл бағытта шешілетін бірқатар мәселелер бар. Атап айтқанда, әкімдіктің ЖЭС-3-ті пайдалануға бере алмай келе жатқанына 10 жылдан асты. Жобаны аяқтау мерзімі бірнеше рет шегерілді. Бұл оның 53 миллиард теңгеге қымбаттауына себеп болды. Аталған мәселе 2019 жылы көтерілді. Бірақ нысанның әзірлік деңгейі бұрынғыдай, 83 пайызды құрап отыр. Нәтижесінде, қазір Елорда 300 гигакалорийден астам жылу энергиясының тапшылығынан зардап шегіп отыр. Үкімет әкімдікпен бірлесіп, жыл соңына дейін ЖЭС-3-тің бірінші кезеңінің іске қосылуын қамтамасыз етуге және екі газ қазандығының құрылысын аяқтауға тиіс, – деді Президент.

Өткен жыл Елордамыз үшін мерейтойлық жыл болды. Астана Қазақстанның елордасы ретінде қалыптасудың 25 жылдық жолын еңсерді. Елорданың әкімдігінде айтылғанындай, осы кезең ішінде қаланың аумағы 4 есеге, салынған тұрғын үйлердің көлемі 20 еседен артып, ұлғайған болатын. Содан бері Астана ширек ғасыр ішінде заманауи ірі қалаға айналды. Елорда күн санап ұлғайып, қарыштап дамып, алдағы жылы 6 аудандық бөлікке айналады. Қала халқының саны  1,5 миллионға жуықтады.

2023 жылдың соңында бас қаламыздың 2035 жылға дейінгі даму жоспары жобасы таныстырылды. Жоба турасында Ашық НҚА сайтында: «Астана қаласының мәслихатымен мақұлданған Астана қаласының  2035 жылға дейінгі Бас жоспарының ұсынылған жобасы (негізгі ережелерді қоса алғанда) бекітілсін.  Қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын» – делінген.

 

Астананың Бас жоспары – тарихи құжат

 

Қаланың бас жоспары құжатында: «Қала аумағының әкімшілік шекаралары шегіндегі халық саны бастапқы жылы 1 184,4 мың адам болды. Астана қаласы халқының келешектегі санының болжамы үйлесімділк-ерекше талдау, жас қозғалысының әдістері, статистикалық экстраполяция және еңбек теңгерімі негізінде экономикалық-математикалық әдістерді пайдалана отырып, Қазақстан Республикасы Ұлттық статистикалық агенттігінің әдістемесі бойынша, халықтың табиғи және көші-қон қозғалысында объективті болып жатқан өзгерістерді ескере отырып орындалды. Халықтың келешектегі саны әлеуметтік-экономикалық қызметтің барлық салаларындағы қызметке еңбекке қабілетті жастағы халықтың оңтайлы қосылуын ескере отырып, статистикалық ерекше талдау әдісімен айқындалған», – деп көрсетілген.

Тарихи құжаттағы мәліметтерге сүйене отырып үңілсек, 2025 жылғы жоспар бойынша – 1 480 мың адам, 2035 жылы – 2 275 мың адам деп көрсетілген.

Осы бас жоспардағы негізгі мақсаттардың бірі – тұру ыңғайлылығындағы, атап айтқанда, тұрғын үй қорымен қамтамасыз ету көрсеткіші бойынша сәйкессіздікті жою болып табылады. Бұл ретте есепті кезеңге арналған Бас жоспарда қалада тұрудың жайлылығын қамтамасыз ету үшін тұрғын үй қорымен бір адамға 30 м2 қамтамасыз ету көрсеткіші қабылданды және тұрудың осындай жайлылық деңгейіне қол жеткізу үшін тұрғын үй қорын 68 250 мың м2-ге дейін ұлғайту қажет. Бірінші кезеңге (2025 ж.) бір адамға тұрғын үй қорымен қамтамасыз етуді 26 м2-ге дейін ұлғайту жоспарлануда, бұл ретте тұрғын үй қоры 37 200 мың м2, – делінген құжатта.

Астананы дамыту мәселелері Мемлекет басшысының тұрақты бақылауына алынған. Президент алға қойған жаңа мақсаттар мен міндеттер қаланың ұзақмерзімді дамуына түзетулер енгізуді талап етеді. Сол себепті әкімдік Астананың 2050 жылға дейінгі Даму стратегиясын әзірлеуді қолға алып, бекіткен болатын.

Бүгінде басты жаһандық сын-тегеуріндердің бірі –  қарқынды кенттендіру үдерісі. Қазіргі таңда қалалар жаһандық және жергілікті құрылымдық өзгерістердің басты тұғырнамасына айналуда. БҰҰ болжамына сәйкес, 2050 жылға қарай адамзаттың 70 %-дан астамы қалаларда өмір сүретін болады, қазір бұл көрсеткіш 54 %-ға жеткен.

Астана – елеулі демографиялық әлеуеті қалыптасқан, миллионнан астам тұрғыны бар қала. 2030 жылға қарай халқының саны 2 млн адамға жетіп, 2050 жылға қарай – 3 млн-нан асады деп болжанған.

 

Астана – жаһандық өркениет көшінде

 

Бас қаламызды жаһандық қала ретінде дамыту бірнеше негізгі бағыттар бойынша жүргізіледі деп жоспарлануда.

Біріншісі – адами даму. Қаланың басты байлығы – оның тұрғындары. Таланттарды тарту, олардың шаһардан кетуін болдырмау үшін қалалық ортаны өмір сүруге барынша жағымды әрі ыңғайлы ету керек. Бірінші кезекте, бұл – қолжетімді сапалы баспана, қауіпсіз қоғамдық көлік, денсаулық сақтау мен білім беру салаларының жоғары сапасы, қоғамдық қауіпсіздік.

Екіншісі – қаланың креативті экономикасы. Мемлекет басшысы атап өткендей, Астананы тартымды туристік дестинацияға өзгерту арқылы оны ақылды да мейірімді қалаға айналдыру жұмыстарына көп көңіл бөлінетін болады.

Бұл – қонақжайлылық ахуалін қалыптастыру, тұрғындар мен туристер үшін қалалық қызмет көрсету ісін жақсарту. Астана жаһандық сауда ағындарының хабына, ең ірі тұтыну нарығына және елдің негізгі көліктік-логистикалық торабына айналуы тиіс. Тиісінше, бұл – қала қазынасына түсетін қосымша салықтар.

Үшіншісі – қалалық жоспарлау. Бұл стратегиялық қалалық жоспарлаудың жаңа форматына көшуді білдіреді. Осы орайда Астананың 2035 жылға дейінгі дамуының жоспары әзірленуде. Жоспарлаудың жаңа форматы инвесторларға қала дамуындағы басым бағыттарды және ұзақ мерзімді келешекте құрылыс бағытын көруге мүмкіндік береді. Ол өз кезегінде қаланың инвестициялық тартымдылығын арттырады.

Астананың халықаралық қаржы орталығының жұмысы қалада жаңа заманауи технологияларды дамытуға, FinTech жобаларды іске асыруға аса қолайлы жағдайлар жасап, іскери туризмді дамытуға жол ашады.

Астана өзін еуразиялық кеңістіктегі іскери немесе MICE іс-шаралар орталығы ретінде танытып үлгерді, атап айтқанда, «Ресей мен ТМД-дағы іскерлік және оқиғалы туризмнің үздік қаласы» және «Іскерлік туризмге арналған жылдың үздік дестинациясы» ретінде «BusinessTraveller» бизнес саясаты саласында  жетекші әлемдік баспа марапаттарын алды.

Астана қаласының туризмін дамытудың 2020 жылға дейінгі стратегиясы әзірленді, онда Астана қаласының туризмін дамытудың үш басым бағыты анықталды, олар: MICE (Meetings, Incentives, Conferences, Exhibitions), қалалық және медициналық туризм. Биыл 40-қа жуық ірі іскерлік халықаралық шаралар өткізілді.

Астанада іскерлік туризм мен инновациялар орталығы ретінде танытуға бағытталған ауқымды халықаралық шаралар өткізу көзделген, атап айтсақ: қала туризмі бойынша UNWTO VIII дүниежүзілік басқосуы, ғаламшардың ірі әуежайлары мен әуе компанияларының басын қосатын «Routes Silk Road» Орталық Азиядағы алғашқы авиабағыттар форумы, «Comic Con» костюмді фестивалі.

Басты оқиғалардың бірі – «Астана» халықаралық қаржы орталығы аумағында Женева қаласында негізделген «Seedstars» халықаралық бизнес-акселераторымен бірлесіп, іске асырылып жатқан қалалық инновациялық алаңның ашылуы болды. Бұл «Seedstars» басқаратын ТМД-дағы алғашқы коворкинг орталық болмақ, оның желісіне 70 мыңнан астам стартапшы, кәсіпкер және инвестор кіреді.

 

Астана – туристер қаласы

 

Елорда сондай-ақ гүлденген, құлпырған, жаңарған астана туризм әлеуетін дамытуға да үлкен мүмкіндіктер тудырады. Бас қаламызда сапарлап келетін туристер баратын тарихи нысандар да жетерлік. Тіпті астанадан 300 шақырымдағы Бурабайға ағылатын туристердің бірсыпырасы Астананы да қыдырып кететіні ақиқат. Ресми мәліметтерге қарасақ, былтыр Астанаға туристер алдыңғы жылдың сәйкес кезеңімен салыс­тырғанда 12,3 %-ға (1 324 047) көп келген. Мұнда ішкі турис­тердің үлесі – 1 036 921 адам болса, шетелдік туристердің саны – 287 126. Біздің білуімізше, бұл – Астанаға сапарлап, қонақүй жал­даған туристердің үлесі. Бей­ресми бірнеше күнге келіп-кеткен қонақтардың ағынын дәлме-дәл айту қиын болғанымен, ресми статистика да шындыққа жа­қынырақ болса керек.

«Егемен Қазақстан» газетінің сайтында келтірілген деректерде, бас қаладағы 257 қонақүйдегі 9 439 бөлме 17,5 мың төсек-орын­ға лайықталған. Осы қатарда 5 жұл­дызды –  8 қонақүй, 4 жұлдызды – 11 қонақүй, 3 жұлдызды – 5 қонақүй, санатсыз 205 қонақүй бар. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, былтыр 3-тоқ­санда Астана қонақүйлерінің орташа толымдылығы 30,1 %-ды құраған. Қалада туристік ин­фра­құрылымды дамыту шең­берінде «Red Bus» экскурсиялық автобустары қаты­найды. Мұндай автобустар аудиогидтермен жаб­дықталған. Экс­курсия турис­терге 8 тілде қол­жетімді. Қаланың көрікті жер­леріне сапарлауды ойлаған ту­ристерге «Astana City Pass» туристік картасын сатып алуға болады. Бұл алдымен қонақтардың уақытын үнемдеуге көмектеседі. Турист картасы қала­дағы 11 мәде­ниет нысанына 70 %-ға дейін жеңілдікпен баруға мүмкіндік береді. Карта құны 24 сағатқа 9 990 теңге, 72 сағатқа 13 990 теңге шамасында шығады.

Қалаға келген туристер жиі баратын нысандардың қатарында «Бәйтерек» монументі, Ұлттық мұражай, «Астана опера» мем­лекеттік опера және балет театры, Орталық мешіт, «Хан Шатыр», ЭКСПО, Конгресс орталығы, Бейбітшілік және келісім сарайы, «Ailand» отбасылық демалыс орталығы, «Астана балет» театры бар. Астанада жыл сайын орта есеп­пен алғанда 2 мыңға жуық іс-шаралар өтеді. Қала жылдан-жылға Орталық Азияның іскерлік хабы ретінде дамып келеді. Туристер жиі келетін елдердің қатарында Ресей, ҚХР, Түркия, Германия, Өзбекстан, АҚШ тұр. Былтыр теміржол ағыны шамамен 5,5 млн адамды құрап, жо­лаушылардың 4 %-ға көбейгені байқалған. Бұл – қалыпты жағдай, негізгі өсім әуе көлігімен тасымалда тіркелген. Өйт­кені бүгінде 30 бағыт бойынша әлемнің 13 еліне 23 авиакомпания тікелей қатынайды. 79 елмен визасыз режім бекітілген. Осының есесіне, халықаралық рейс­тер жанданды.

Астана қаласы Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту бас­қармасы басшысының орынбасары Мақсат Жаңабаев іскерлік, оқиғалық туризмнің дамып келе жатқанын мәлімдеді.

«Қонақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Елорданың туристік полициясында сервистік қызметі құрылды. Туристік саланы дамыту туралы тұжырымдамаға сәйкес, Астана елдің саяси, әкім­шілік, іскерлік және мәдени орталығы болып саналады. Осыған бай­ла­нысты Елордада іскерлік туризм басым бағыт болып белгі­ленді. Біз іскерлік туризм индус­триясын дамыту мақсатында са­ла­лық қауымдастықтар мен бірлескен сектор өкілдерімен әріп­тестік бағдарламаны іске асы­рамыз. Оған 90-нан аса компания қатысады деп болжануда. Елор­да брендін ілгерілетуге ықпал ете­тін іс-шараларды ұйымдасты­рушы­ларды қолдайтын бағдарлама іске асып келеді», – деді М.Жаңабаев.

Биыл Астана төрінде V Дү­ние­­жүзілік көшпелілер ойы­ны өтеді. Бұл оқиғалық әрі спорт­тық туризмге жақын. Аламанға әлемнің жүздеген елінен 4 мыңға жуық ойыншы қатысады деген болжам бар. Осыған дейін елде Дүниежүзілік көшпелілер ойы­нының ұйым­дастыру комитеті құрылып, оның құрамына мем­лекеттік уәкілетті органдардың басшылары, облыс, республикалық ма­ңызы бар қалалардың әкімдері, ұлттық компаниялардың, кәсіп­орындардың, қоғамдық ұйым­дардың басшылары кірді. Мә­дениет және спорт министрлігінің қолдауымен Дүниежүзілік көш­­пелілер ойынын дайындау және өткізу дирекциясы құ­рылды. Сондықтан көшпелілер ойынына кезекті іс-шара деп емес, туризмді ілгерілетудің тағы бір мүмкіндігі ретінде қарауымыз қажет.

Бас қаламызда шағын және орта кәсіпкерлік жақсы дамыған. Қала тұрғындарына бәсекелі бизнес ортаны құруға көбінесе мемлекеттік қолдау құралдары көмектеседі. 2010 жылдан бастап «Бизнестің жол картасы–2020» бағдарламасы іске асырылуда, оның аясында 177,7 млрд тг сомаға 1060 жоба мақұлданды. Шағын кәсіпкерлік субъектілерге шағын несие беру бойынша, «Еңбек» өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында жалпы 738,2 млн тг сомасына 64 жоба қаржыландырылды.

Несие қорларының қолжетімділігін арттыру мақсатында «Даму» КДҚ» АҚ-мен бірлесіп, 2015 жылдан бері 5 жергілікті жоба: «Астана Бизнес», «Astana ZhasStart», «Astana StartUp», «Astana Service», «Astana Retail» іске асырылды. Жүзеге асырыла бастағаннан бері 7,5 млрд теңгеге 167 жобаға қолдау көрсетілді. Бағдарламаларды іске асырудың әлеуметтік-экономикалық нәтижесі – бүгінгі таңға дейін 9 мыңнан астам бұрыннан бар жұмыс орны сақталып, 6300-ден астам жаңа жұмыс орны ашылды, бюджетке түскен салық түсімдері 25 млрд тг құрады.

Қала инвестицияларының 90 %-ын жеке бастамалар қалыптастырады, сондай-ақ қаланың басты инвесторы – шағын бизнес екенін атап өткеніміз жөн. Астана шетелдік капитал үшін аса тартымды бола бастады. Өткен жылы инвестициялардың жалпы көлемінің төрттен бірі шетелден келді.

Қалалық ортаның сапасын жақсарту мақсатында өткен жылы Астана қаласының 2019–2023 жылдарға арналған жинақы құрылысы жөніндегі кешенді жоспары қабылданды. Бұл – өмірдің маңызды бағыттарын қамтитын орта мерзімді кезеңге арналған іс-қимылдар жоспары. Өзгерістер көліктік инфрақұрылым, білім беру, денсаулық сақтау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, газдандыру және нөсер кәріздері салаларына қатысты болмақ.

 

Астана – өзгерістер қаласы

 

Білім беру саласында 2023 жылға дейін Астанаға келушілер есебінен мектеп жасындағы балалардың саны 124 мыңға жуық жаңа оқушы орнын құрайды. Жетіспеушілікті жою үшін 37 мектеп және 10 қосымша құрылыс салынады. Бұдан өзге, балаларды мектепке дейінгі біліммен 100 % қамтамасыз ету үшін 25 жаңа балабақша салу жоспарланды. Денсаулық сақтау саласында 15 нысан салу жоспарланған. Халыққа сапалы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметтерін ұсыну мақсатында 150 км сумен жабдықтау желісі мен 81 км су тарту желісі салынды.

2-ЖЭО-ны қайта құру қосымша 2~2,5 млн м2 тұрғын үй және коммерциялық ауданды орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етеді. 3-ЖЭО-ның бірінші кезегін салу қаланың батыс және сол жақ бөлігін жылумен қамтамасыз етеді, ал 3-ЖЭО 418 Гкал/сағат қуатты екінші кезегін салу МЖӘ тетігі арқылы жоспарланған. Сондай-ақ, 110 кВ үш қосалқы стансаның құрылысы және 110 кВ әуе желілерін қайта құру жоспарланған. Бұл ЖРК, Мыңжылдық Аллеясы, Железнодорожный кентін электрмен қамтамасыз етуге және қаланың оңтүстік-батыс бөлігіндегі жүктемені төмендетуге мүмкіндік береді.

Президент аса маңызды міндеттерге – электр қуатымен тұрақты түрде қамтамасыз ету мен қаланы газбен қамту мәселесіне назар аударды.

«2019 жылы «Сарыарқа» магистральді газ құбырының бірінші кезеңі аяқталды. Әкімдіктің міндеті – 300 мыңнан астам адам тұратын тұрғын үй алаптарына газ жеткізу. Қазіргі таңда небәрі 8 мыңға жуық абонент газға қосылған. Газбен қамту қарқынының баяу болуы салдарынан экология бүлінеді. Аязды күндері пешпен жылытылатын үйлердің түтіні қаланы басып қалады. Елорданы газбен қамту ісін аяқтау жөнінде бұған дейін бірнеше рет тапсырма бердім. Бірақ оның орындалу мерзімі үнемі кейінге шегеріледі», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Елорданы газдандыру жобалары осыдан тура 60 жыл бұрын, 1963 жылы жоспарланған. Өйткені ол кезде бұл шаһар тың көтерудің астанасы ретінде дәріптелді. Содан қаланың 1963 жылғы тұңғыш Бас жоспарында оны газдандыру бекітілді. Бірақ Кеңес заманында олардың бірде-бірі жүзеге асырылмады. Ақмола, бертінде Целиноград қазандықтарының үлкен мұржаларынан будақтаған көк түтіні бұлттарға дейін жеткен экологиялық лас қала болып қала берді.

Тәуелсіздік жылдарында да Ақмола өңірін газбен қамтудың кем дегенде 3 жобасы әзірленді. Оның ішінде мысалы, марштруты белгісіз «Алтай» жобасы, Тобыл–Көкшетау–Астана бағытындағы «Батыс–Орталық–Солтүстік» жобасы бар.

Президенттің 1997 жылғы 10 желтоқсандағы Жарлығымен Ақмола еліміздің жаңа астанасы атанғаннан кейін оның тұрғындарының қатары жылдам қарқынмен өсе бастады. Қалада электр энергиясының алапат тапшылығы туындады. Сол кездегі қала басшылары бұл тұйықтан шығу үшін сұйылтылған газды пайдалануға көшті. Қаптатып, газгольдерлер тұрғызды.

2018 жылы Президенттің «Елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру» атты бесінші бастамасын іске асыру мақсатында «Сарыарқа» магистральдық газ құбыры жобасы қолға алынды.

Бүгінде «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы,  сол кезде энергетика вице-министрі ретінде осы жобаның басы-қасында жүрген Мағзұм Мырзағалиевтің айтуынша, «Сарыарқаға» ел басшылығы тарихта қалатын ірі жоба ретінде баса мән берген. Оның қаптаған мәселесін шешу үшін мамандар күні-түні тынбай еңбек етті. Алып магистральдық газ құбыры 3 миллион қазақстандықты немесе 1,6 мыңнан астам елді мекенді газбен қамтуға тиіс болды. Ең басты мақсат – қуат тапшылығының зардабын тартқан әрі экологиясы нашарлаған Астананы осы қиындық атаулыдан арылту болды. Әйтпесе, көк түтін мен иіс-қоңыс Елорданың беделіне дақ түсіретін еді.

М.Мырзағалиевтің байламынша, газ тасымалдау инфрақұрылымын дамыту мен газдандыру – стратегиялық мәні орасан зор міндет. Соның арқасында еліміздің және Елорданың энергетикалық қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, бұл халқымыздың экологиялық, экономикалық және әлеуметтік әл-ауқатын жақсартады.

Сөйтіп, 2018 жылғы қарашада 4 кезеңнен тұратын, «Қызылорда–Жезқазған–Қарағанды–Теміртау–Астана–Көкшетау–Петропавл» бағытын қамтитын «Сарыарқа» магистральді газ құбыры жобасы бастау алды. Оның бірінші кезеңінің ұзындығы 1061 шақырымды құрайды. Ол Қызылорда облысынан басталып, Жезқазған, Қарағанды арқылы Астанаға бағыт алды. Газ құбырының осы учаскесі Астана, Қарағанды, Теміртау, Жезқазған қалаларының тұрғындарын және магистральдық газ құбыры бойына жақын орналасқан елді мекендерді табиғи газбен қамтыды. 2019 жылғы желтоқсанда газ құбыры Елордаға жетіп, іске қосылды.

Екінші кезеңі Астана–Көкшетау газ құбырын салуды қарастырады. Мамандардың есептеуінше, бұл үшін 170 миллиард теңге қаражат қажет болады. Егер «Сарыарқаның» осы екінші кезеңі аяқталса, онда тағы 200-ге жуық елді мекен табиғи газға қол жеткізеді. Дегенмен, солтүстік өңірлерді газдандырудың басқа жобалары пысықталуда.

Бұл алып магистральдық құбырдың Астанаға жетуінің өзі Қосшы қаласы және Ақмола облысының өзге 8 елді мекені тұрғындарының көгілдір отын игілігін көруіне жол ашты. Ақмола облысының Энергетика және ТКШ басқармасының дерегінше, облыстың елді мекендерін «Сарыарқа» газ құбырына қосу 2022 жылғы 2 қыркүйекте басталды.

Энергетика министрлігінің мәліметінше, «Сарыарқа» магистральдық газ құбыры құрылысының екінші және үшінші кезеңдерін 2025 жылға дейін аяқтау жоспарланған. Сонда газ құбыры Көкшетау және Петропавл қалаларына дейін жетеді. Сондай-ақ жолай Ұлытау, Қарағанды және Ақмола облыстарының қалалары, елді мекендері және Астана қаласы толық көлемде газдандырылады. Осылайша, Астана 2025 жылға қарай толық газдандырылуға тиіс.

Тағы бір мәселе – Астананы сумен қамтамасыз ету туралы. Мұнда жаздың басында су тапшылығы қатты сезілгені белгілі. Бұған тұрғындар наразылық білдіргенін білеміз. Тіпті, жолдарды бөгеп, митингіге шықты.

«Ашығын айтсақ, қаланың инженерлік инфрақұрылымын дамытуға жауапты адамдар өз жұмысын адал атқармаған. Бұл – нағыз салғырттық, соның салдарынан осындай күрделі ахуал қалыптасты. Мұны, тіпті, жұмысқа селқос қарау емес, қасақана зиян келтіру деуге болады. Себебі су, жылу, жарық – күнделікті тұрмыстағы аса маңызды қажеттіліктер. Бұл салада қателікке мүлдем жол беруге болмайды. Сондықтан, кінәлі адамдар тиісті жазасын алуы керек», – деді президент Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, қазір Елорда Астана су қоймасына толық тәуелді болып отыр. Су алатын басқа жер жоқ. Кез келген сәтте оқыс оқиға болса, бүкіл қалаға қауіп төнуі мүмкін. Тұрғындар саны көбейіп, жаңа нысандар пайдалануға берілуде. Сондықтан, су қоймасының қуаты алдағы бір-екі жылда сарқылып бітетіні анық.

«Астананы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесін кейінге қалдыра беруге болмайды. Тиісті жұмыстар атқарылмаса, мұны астыртын қарсылық білдіру деп түсінуге тура келеді. Ахуалды дереу түзеу қажет. Бас қаланы осындай жағдайда қалдырмаймыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұдан бөлек, Президент әкімдікке келесі жылдың соңына дейін қалдық суды жинақтайтын Қарабидайық көлін кеңейтуді тапсырды. Оның айтуы бойынша қазір тазарту қондырғылары арқылы ағызылатын қалдық су Есіл өзенін ластауда.

Астана қаласында  үй құрылысын ретке келтіру – өзекті мәселелердің бірі. Қазіргі таңда Астанада 10 миллион шаршы метрге жуық тұрғын үй салынуда. Өкінішке қарай, құрылыс қарқыны жоғары болғанымен, сапаға көңіл бөліне бермейді. Бұл салада олқылықтар өте көп.

«Құрылыс – экономиканың өте маңызды саласы. Бұған дау жоқ. Астанада құрылыс көп болғандықтан, қомақты қаржы бөлінетіні белгілі. Сондықтан, адал кәсіпкерлермен қатар, түрлі алаяқтар да пайда көріп қалуға тырысады. Кейбір компаниялар құрылыс жүргізуге рұқсат беретін құжаттары болмаса да, жұмыс істеп жүр. Бизнесті тексеруге салынған тыйымды, яғни мораторийді желеу етеді. Сондай-ақ үлескерлерден заңсыз қаражат жинайды. Әкімдік құқық қорғау органдарымен бірлесіп, бұл үрдіске тосқауыл қоюы керек. Мұның бәрі жаңа проблемалық нысандардың пайда болуына әкеп соқтырады. Әкімдік көз жұмып отыра берсе, бұл мәселе ушығып кетеді. Шенеуніктердің мұндай салғырттығы және жауапсыздығы ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіруі мүмкін. Сондықтан барлық салада, оның ішінде құрылыс саласында заң мен тәртіп болуға тиіс. Мен заңсыз құрылысқа жол бермеу үшін бақылауды күшейтіп, саланы реттеуді тапсырдым», – деді мемлекет басшысы.

Айта кету керек, Астана өткен жылдағыдай тұрғын үй құрылысы саласында баспана салу бойынша өңірлер арасында көш бастап тұр. Жыл басында тұрғын үй құрылысына 300 млрд-тан астам тг инвестиция бағытталған. Бұдан өзге, Астана тұрғын үйді сатып алуға жағдай жасай отырып, ипотекалық несиелендіру нарығын қалыпқа келтіруге бағытталған жүйелі шешімдерді ұсынды. Бұдан өзге, қосымша ынталандыру үшін азаматтарға өз үйлерін алуға көмектесетін жаңа құралдар енгізілді. Білім беру, денсаулық сақтау және полиция қызметкерлеріне тұрғын үйді сатып алу үшін 1 млн теңге көлемінде әлеуметтік көмек көрсетуді көздейтін бағдарлама әзірленді. Мәселен, 2018 жылы алғашқы 100 сертификат бөлінді, 2019 жылы тағы да 2 000 сертификат бөлінді.

«Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасын іске асыру жұмыстары жалғастырылды. Бағдарлама аясына 14,2 млрд теңге бөлу қарастырылды, олар толық көлемде орындалды.

 

Астана – мәдени орда ошағы

 

Президент Жолдауында адами капиталды нығайтуға баса көңіл бөлінген. Сондықтан да 2019 жылы Астана әкімдігі қаланың өмірлік маңызды салаларын дамытуды жұмыстың негізгі бағыты ретінде белгіледі.

Мемлекет басшысы Астананы креативті адамдар, таланттар, жастар, сондай-ақ туристер мен шетелдік инвесторлар тартылатын негізгі орталық болатын жаһандық қалаға айналдыру туралы міндет қойды. Әрине, ол үшін қаланың құрылысына қатысты көп орталықтылыққа бағытталған заманауи урбанистикалық шешімдерді, жаңа тәсілдерді пайдалануымыз қажет.

Денсаулық сақтау және білім беру салалары бұрынғысынша міндетті түрде басымдықты қаржыландырылатын салалар болып қала бермек.

Мемлекет басшысы азаматтардың әл-ауқатын арттыруға баса мән беру қажет екенін айтты. Үкімет әкімдікпен бірлесіп, қаладағы жастармен жұмысты күшейтуі қажет. Сондай-ақ қалада медициналық қызметтің сапасына және оның қолжетімді болуына қатысты шағымдардың көп екеніне назар аударды.

«Елорда тұрғындарының саны соңғы 10 жылда 2,5 есе өсті. Медицина инфрақұрылымы бұл қарқынға ілесе алмай келеді. Емханаларда кезек көп. Перзентханаларда орын тапшы. Ондағы жүктеме қалыпты нормадан 68 пайызға артық. Сондай-ақ кейбір ауруханада санитарлық талаптар сақталмайды. Балалар емханасындағы қабылдау бөлмелері заман талабына сай емес. Қалада балаларға арналған жалғыз травматология пункті бар. Жарақаттанған балалар сол жерде ұзын-сонар кезекте тұруға мәжбүр болады. №3 көпсалалы балалар ауруханасы тек жұқпалы аурулардан емдейді. Онда хирургия, офтальмология және травматология бөлімдері жұмыс істемейді. Елорда үшін бұл – ұят нәрсе. Денсаулық сақтау министрлігі қала әкімдігімен бірлесіп, балалар медицинасына қатысты мәселенің бәрін шешуі қажет», – деді Президент.

Қазіргі таңда Астанада мектепке дейінгі білім беретін ұйымдарда 48,5 мың бала тәрбиеленсе, 146 мың бала мектепте оқиды. Жыл сайынғы өсімді есепке ала отырып, биыл 7 мектеп пен мектепке жапсарлас 5 ғимараттың құрылысы аяқталады деп жоспарлануда. Бұдан бөлек, екі мектеп, мектепке жапсарлас үш ғимарат, бір кәсіби бейімдендіру мектебінің және көру қабілеті зақымдалған балаларға арналған  балабақшаның құрылысы жалғасатын болады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Астана дарынды және зиялы азаматтар шоғырланған орталыққа айналуға тиіс деп есептейді. Бірақ  бұған кедергі болып отырған жайттар бар. Солардың бірі – балабақша  мен мектептегі орынның тапшылығы. Қазір балабақша кезегінде 45 мың бала тұр.

«Астанада білім ошақтарының құрылысы баяу жүргізіледі. Былтыр не бары 3 мектеп салынды. 8 мектеп дер кезінде пайдалануға берілмеді. Соның салдарынан балалар саны артық және үш ауысыммен оқытатын мектептер көбейді. Кей сыныптарда 30-дан астам бала оқиды. Бұл, әрине, білімнің сапасына кері әсерін тигізеді. Сонымен қатар, ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған арнайы мектептерде орын жетіспейді. Әкімдік Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп, мұның бәрін шешуге баса мән беруі керек. Жалпы, мектеп салу мәселесі бұл – стратегиялық міндет. Оны орындау үшін мемлекет қана емес, қалталы азаматтар да белсене атсалысуы керек. Мен бұл мәселені осыған дейін де талай рет айттым. Бірақ ниеті бар азаматтарды және нақты іс-әрекетті әзірге көріп отырған жоқпыз. Жалпы, жеке қаржыға мектеп салудың жолдарын ойластырған жөн. Сонымен қатар, педагог мамандардың тапшылығын толығымен жою – маңызды міндет. Ұстаздардың біліктілігін арттыру мәселесі басты назарда болуға тиіс. Жалпы, қаланың білім беру жүйесін халықаралық деңгейге көтерген жөн. Әзірге бұл бағытта айтарлықтай ештеңе жасалып жатқан жоқ», – деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша әзірленген Астананың негізгі қала құрылысының құжаты қоғамда кеңінен талқылаудан өткен болатын.  Онда халық санының қарқынды өсуін ескере отырып, қаланы қарқынды дамыту шаралары қарастырылған. ҚР Үкіметі баспасөз қызметінің хабарлауынша, Бас жоспарда 164 мектеп, 178 балабақша және 93 денсаулық сақтау мекемесінің құрылысы қарастырылған. 2029 жылға дейін 15 заманауи оқушылар сарайы салынады. Мұның барлығы жергілікті бюджет пен жеке инвестициялар есебінен қаржыландырылады.

Елорданың тұрғын үй қорын 68,2 млн м2-қа дейін, ал жол желісінің ұзындығын 1000 км-ге 2,5 мың шақырымға дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Қоғамдық көліктің баламалы түрлерін дамытып, негізгі магистральдарда, әсіресе Есіл ауданында кептелістерді жеңілдету үшін бес ірі көпір салу жоспарланған.

Көлік инфрақұрылымы саласында автомобиль көлігі деңгейінің жыл сайынғы 8-9 %-ға өсуін ескере отырып, 2023 жылға дейін 121 км жол, 2 көлік жол айырығын, 3 көпір, 1 жол өтпесін, 1 туннель, сондай-ақ жеңіл рельсті көліктің бірінші кезеңін (LRT) салу көзделген.

Бүгінгі таңда Астанада 400 мыңға жуық көлік құралдары тіркелген. Қаланың көлік жүйесін дамыту оның жол желісін, қалалық қоғамдық жолаушылар көлігін, көлік тораптары жүйесін, вело­сипед инфрақұрылымын және жеке мобильдік құралдарды, сыртқы және қала маңындағы көлікті дамыту секілді бірнеше негізгі бағытты қамтиды.

Көлік инфрақұрылымын дамытудың келешегі туралы айта келе, Бас жоспарды құрастырушылар басымдықты астаналықтардың жолдағы уақытын қысқартуға бағыттаған.

«Қалалық көлік инфрақұрылымының әлеуетін ұлғайту қоғамдық жолаушылар көлігін дамытудың басымдығын белгілеу және оның жолаушылар тасымалының үлесін арттыру кезінде халықтың жүріп-тұруына кететін уақытты барынша азайту қажеттілігін ескере отырып, орындалатын болады», – делінген құжатта.

Бұл ретте, құжатта атап өтілгеніндей, мынадай жұмыстар жалғасады:

– Астананың Бас жоспарында белгіленген бағыттарда қаланың көше-жол желісінің қаңқасын кезең-кезеңімен қалыптастыру;

– көлік-ауыстырып салу тораптары жүйесін дамыту;

– қалалық қоғамдық жолаушылар көлігін дамыту;

– жеке көлікті иелену және пайдалану деңгейін төмендетуді қамтамасыз ететін жеңіл көлікті және жеке ұтқырлық құралдарын жалға беру жөніндегі қызметтер саласын дамыту;

– халықтың аз қозғалатын топтары мен мүмкіндіктері шектеулі адамдар үшін тұтас және қауіпсіз жүру желісін құру, сондай-ақ жаяу жүргіншілердің жайлы және қауіпсіз жүруі үшін көше кеңістіктері мен аула аумақтарын жайғастыру.

 

Астананың бас жоспарында

 

Елорданың Бас жоспарында инженерлік инфрақұрылымды дамыту, табиғатты қорғау және ұтымды пайдалану жөніндегі іс-шаралар жазылған. Бұл бастамалардың барлығын жүзеге асыру үшін 6,3 триллион теңге қажет.

Бас жоспарды құрастырушылардың есептері бойынша, тек тұрғын үй құрылысына 4,4 триллион теңге қажет. Көлік инфрақұрылымына 545,3 миллиард теңге, электрмен жабдықтауға 402,2 миллиард теңге қажет болады.

Ал газбен жабдықтауға 68 миллиард теңге, сумен жабдықтауға 63,4 миллиард, кәрізге 23,2 миллиард, жылумен жабдықтауға 28,8 миллиард және табиғатты қорғау жөніндегі іс-шараларға 21,5 миллиард теңге керек.

Елбасы халыққа арнаған Жолдауында экономиканы дамыту мен қала өмірінің сапасын жақсартудың іргетасына айналған цифрландыру мәселелеріне ерекше көңіл бөлген.

Астанада Smart Astana технологиялары қолданылуда. Заттар интернеті (Ақылды жарықтандыру), Big Data, Smart білім беру, Smart медицина, электронды ПИК жобасын іске асырудың бірінші кезеңі басталды.

Әкімдіктің бірыңғай байланыс орталығының көмегімен апта сайын жүйелік мәселелердің рейтингі қалыптастырылып, талданады. Өткен жылы азаматтардың 1 млн-нан астам өтініштері қабылданып, қаралды.

Елімізде алғашқылардың бірі болып, «Сергек» бейнебақылау бойынша МЖӘ жобасы іске асырылды, Астана жолдары елімізде ең қауіпсіз жолдарға айналды, өлім-жітім екі есеге азайды (48 %). Жол-көлік оқиғаларының саны 15 %-ға төмендеді, ЖКО-дан жарақат алғандардың саны 16 %-ға азайды.

 

 

 

 

Астана – тарих толқынында

Астана — қазіргі заманға лайық, нағыз жаңа қала болып өте қысқа мерзім ішінде тарихымызда бұрын-соңды болмаған қарқынмен қарыштап дамып, өзіне ғана тән бет-бейнесімен қалыптасып келеді.

«Астана ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі өз жұмысын жалғастырды. Тарих қойнауына кірген Тауық жылы тәуелсіз Қазақстанның биік беделін төрткүл дүниеге тағы да паш еткен айтулы оқиға – ЭКСПО-2017 көрмесі болғанын әлем мойындады. Адамзат ақыл-ойының тамаша табыстарының бірінен саналатын Бүкіләлемдік жетістік көрмесінің қос ғасырлық тарихында Орталық Азияда, тіпті ТМД елдерінің ешқайсысында да мұндай халықаралық көрме жалауы желбіреп көрмеген еді. Бүгінгі әсем Астанамыз еліміздің тек әкімшілік орталығы болумен шектелмейді, сонымен қатар, бабаларымыз аңсаған азаттық пен ұлттық қайта түлеудің де орталығына айналды. Еліміздің шетелдермен жоғары деңгейдегі ресми кездесулері, білім мен ғылым, мәдениет пен өнер, спорт пен туризм саласындағы іс-шаралардың бәрі біздің Астанамызда өтеді. ХХІ ғасырдағы бүкіл жаһандық үдерістердің бел ортасында тіршілік ету – әлемдегі кез келген ұлттың пешенесіне жазылмаған.

Астана әр түрлі тарихи тағдыр тауқыметімен елімізге табан тіреген өзге халықтардың да мекені. Астана – біздің ортақ шаңырағымыз. Астана өзінің жаңа тарихында өзге ұлттарды ғана емес, бүкіл адамзатты бейбітшілік пен келісімге шақырып отыр және шақыра бермек. Еуразияның жүрегінде орналасқан Астана қаласының жаңа тарихы – бұл тәуелсіздік тарихы, бұл мемлекеттілік тарихы, бұл ұлттық тарих. Ал Астана қаласының құрылысы – төл тарихымыздың жаңа беттерін құрайды.

 

Астана — қазақ елінің төртінші астанасы

 

Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі (1994 ж. 6 шілде, 106-қаулысы) және Мин. Каб-і (1996 ж. 6 шілде) ҚР-дың астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы қаулылар қабылдады. Оған себеп – Ақмоланың Республиканың кіндігінде геосаяси тұрғыдан тиімді орналасуы, қаланың елеулі өнеркәсіптік әлеуеті, құрылыс индустриясын одан әрі дамытуға қажетті базаның болуы, ірі тасымал торабына орналасуы әрі қажетті көлік және телекоммуникацияның, инфрақұрылымның болуы, жоғары білікті кадрлар әлеуеті, жеке меншік секторды және кәсіпкерлікті дамыту үшін мүмкіндіктердің молдығы, аймақтағы саяси және әлеуметтік тұрақтылық, қаланы дамытуға қажетті бос жерлердің жеткіліктілігі сияқты факторлар еді. ҚР Президентінің жарлығымен арнайы Ақмола экономикалық аймағы (ААЭА) құрылды (1996 ж. 9 қазан). 1997 ж. 20 қазанда ҚР Президенті Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы деп жариялау туралы» жарлыққа қол қойды. (1998 жылғы 6 мамырда Елбасының жарлығымен ҚР астанасы – Астана қаласы болып аталды, ал 20 мамырда «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы» ҚР Заңы қабылданды. Сол жылғы 10 маусымда тәуелсіз Қазақстанның жаңа астанасының салтанатты ашылу рәсімі болып өтті.Астана қалалық екі ауданға (Алматы, Сарыарқа) бөлінеді. Тұрғыны 500 мыңнан астам адамды құрайды. Қала Есіл өзенінің оң жағасында жазық жерде орналасқан.

Астана – мемлекеттің саяси, әкімшілік, экономикалық, мәдени орталығы; елдікті, ұлттық бірлікті білдіретін бас қала. Қаланың Елтаңбасы – Гербі дөңгелек қалқан түрінде жасалған. Көгілдір аспан аясында қала тарихының және ел қорғанының нышаны бекініс қабырғасы; сақ аңыздарының кейіпкері – даналық пен бекзаттықтың нышаны – қанатты барыс бейнеленген; алтын тәж Астананың бас қала ретіндегі мәртебесін бейнелейді. Шаңырақ – ұлттық дәстүрлердің сабақтастығын білдіреді. Бидай масақтарымен жиектеу өлкенің астық молшылығын сипаттайды. Қала Қазақстанның орталық бөлігінің солтүстігінде, Ақмола облысында, Есіл өзенінің алабындағы өзен маңы жазықтығында орналасқан. Климаты шұғыл континентті, оңтүстікке қарай шөлейттенеді. Қазақстанның осы бөлігінде жыл мезгілдерінің өз ерекшеліктері бар. Қар мол жауып, қысы ұзақ болады. Наурыздың аяғына таман көктемнің кеш шыққанымен, табиғат әсем түрге енеді, бұл кезде сарыгүл мен бәйшешек гүл атады. Астанада жүзден астам ұлттың өкілдері тұрады, байырғы тұрғындары – қазақтар. Оның 64,4 %-ы еңбек жасындағы адамдар, 10,2 %-ы зейнеткерлер.  Астана уақыты – Астана қаласы орналасқан 5-сағаттық белдеудегі жергілікті уақыт. Жер шары бойынша шартты түрде 24-ке бөлінген сағаттық белдеу батыстан шығысқа қарай Гринвич меридианынан басталады. ҚР аумағы арқылы 4 және 5 – сағаттық белдеу өтеді.

Астана қаласының, сондай-ақ Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарының уақыты дүниежүзілік уақыттан 6 сағ., Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау облыстарының уақыты дүниежүзілік уақыттан 5 сағат алда, ал кейінгі аталған облыстар уақыты Астана уақытынан 1 сағ. кейін жүреді. Қазір қаланың аумағы 200 шаршы км-ден астам аумақты алып жатыр.

1998 жылы ЮНЕСКО-ның шешімімен Астана қаласына «Бейбітшілік қаласы» деген жоғары атақ беріліп, медальмен марапатталды. Қала аса шапшаң қарқынмен дамып келеді және оның келешегі зор. Тарихы жағынан алып қарағанда, көптеген қалалар өзендер қиып өтетін ежелгі керуен жолдарының бойында қоныс тепкен. Бүгінде Астана орналасқан жердің ежелгі атауы Қараөткел деп, Орал мен Сібірді Кіндік және Орта Азиямен байланыстырған Ұлы Жібек жолының солтүстік тармағында қоныс тепкен қазақ елді мекенінің атауымен аталған. Есіл өзенін кешіп өтетін ыңғайлы керуен жолындағы Қараөткелде 1830 жылы қазақ ауылдары өкілдерінің кеңесімен Ақмола әскери бекінісі салынған. XVII–XVIII ғасырларда Ақмола облысының аумағына Ресей мен Украинаның орталық губернияларынан шаруалар көптеп қоныстандырыла бастады. Сол кездегі Ақмоланың жәрмеңкелеріне Қазақстанның Ресейдің, Орталық Азияның түкпір-түкпірінен саудагерлер ағылды.

2000 – Қазақстан үкіметі «Астана қаласын дамытудың Бас жоспары туралы» қаулы қабылдады. Елбасының қатысуымен Елорданың Жаңа алаңы, К. Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театры, бизнес-сервис орталығы ашылды. Астана қаласының шекарасын өзгерту туралы» Елбасының Жарлығы шықты, оған сәйкес қала аумағының жалпы көлемі ұлғайды. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес 2002 жылғы 1 қаңтардан бастап, 2007 жылға дейінгі кезеңді қамтитын «Астана — жаңа қала» арнайы экономикалық аймағы (АЭА) құрылды. 2003 ж. Әлемдік және дәстүрлі-ұлттық діндер көшбасшыларының халықаралық сьезі өтті. 2004 ж. ауқымы мен бұрын-соңды болмаған мерзімнің ішінде ірі әкімшілік мекемелерін сол жағалауға көшіруде орасан зор жобалар жүзеге асырылды. Есілдің сол жағалауындағы жаңа әкімшілік орталық аумағында ҚР Президенті Резиденциясы ғимаратының ресми ашылуы болды. 2005 ж. Астана қаласы халықаралық әуежайының жаңа жолаушылар терминалы салтанатты түрде ашылды. Сол жағалауда ҚР Парламенті сенатының, ҚР Үкімет әкімшілік ғимараттарының, «Тұлпар» тұрғын үй кешенінің және мемлекеттік қызметкерлерге арналған үйлердің, цирк ғамаратының құрылысы аяқталды, дипломатиялық қалашықты салу жалғасуда. 2005 жылғы 1 маусымға дейін сол жағалауда отыз тоғыз нысан ҚР Призидентінің Резиденциясы, ҚР Парламенті Мәжілісінің, ҚР Сыртқы істер министрлігінің, «Астана-Бәйтерек» монументінің ғамараттары, «Аяулы алақан» композициясы, Жоғарғы Соттың, ҚР Қорғаныс министрлігінің, ҚР Көлік және коммуникациялар министрлігінің әкімшілік ғимараттары, Ислам мәдени орталығы, «Думан» ойын-сауық орталығының 1 және 2 кезегі, Ұлттық кітапхана, 1200 орындық мектеп, «ҚазМұнайГаз» компаниясының екі нысаны, кардиология орталығы, муниципалдық үйлер кешені, бір ауысымда 120-150 адамды қабылдайтын емхана, сулы-жасыл бульвар, «Отель-Президент» мейманханасы, «Ғашықтар» саябағы пайдалануға берілді.

Астананың көрнекті орындары «Астана – Бәйтерек» монументі Елорданың басты көрнекті орындарының бірі – сол жағалаудағы алғашқы сәулетті құрылыс — «Бәйтерек» монументі. Осынау бірегей нәзік кешен Астананың нышандық бейнесіне айналды. Монументтің негізіне шетсіз-шексіз мұхит шайып жатқан Көктөбе тауында өсетін, ертегідегі ағаш туралы аңыз алынды. Жыл сайын оның жапырақтарына қасиетті құс – Самұрық алтын жұмыртқа салады. Алайда, жыл сайын оны айдаһар жеп қояды, бұл Күн мен Түннің, Жаз бен Қыстың, Жақсылық пен Жамандықтың алмасуын бейнелейді.

Еуразиялық кеңістіктің нағыз кіндігінде, өркениеттер тоғысында өмір ағашы – Бәйтерек терең тамырларымен жерді ұстап тұр, ал оның бұтақтары аспанмен таласады. Ғасырлар бойы ауыздан-ауызға тараған ежелгі аңыз қайтадан жаңғырды. Есіл өзенінің сол жақ жағасында жапырақ жайған «Астана-Бәйтерек» заңғар көкке құлаш ұрды. Биіктігі 105 метрлік, салмағы 1000 тоннадан асатын металл құрастырмалар 500 тіреу-қадаларға бекітілген. Әлемде тұңғыш рет диаметрі 22 метрлік, салмағы 300 тонналық күн сәулесімен құбылып тұратын әйнектен жасалған шар 97 метрлік биіктікке көтерілді – бұл Қазақстанның жаңа елордасының 1997 жылдан бастап пайда болғанын еске салады.

Рухани көшбасшылардың бірінші сьезінен кейін «Аялы алақан» жанында тағы бір ұстын пайда болды. Онда Қазақстан жеріне әлемнің 17 елінен келген әлемдік діндер көшбасшылары қолтаңбалары мен тілек-батасын қалдырды. «Атамекен – Қазақстан картасы» этномемориалдық кешені «Атамекен – Қазақстанның картасы» танымдық-көркем кешені Елорда тұрғындары мен меймандарын мемлекетіміздің, оны мекендейтін халықтардың тарихымен таныстырады. Өркештенген таулар мен қыраттар, жазира дала, орман-көлдер, ірі қалалардың бейнесін көз алдыңа сәулет үлгілері осы орталықтың өзіндік ансамблін құрайды. Этномемориалдық кешен алаңды алып жатыр. Картада 14 облыс пен Астана және Алматы қалалары орналасқан.

Этнокешен қызметінің баға жетпес тәжірибесі келешек ұрпақты рухани және патриоттық сезімге тәрбиелеу ісінің жаңа беттерін жазары сөзсіз. Бейбітшілік пен келісім сарайын атақты британдық сәулетші Норман Фостер жобалады. Сарай ғимараты Елорданың жаңа әкімшілік орталығының орталық бөлігінде Президенттік сарайға апаратын жолдың кіндігінде орналасқан. Төменгі бірнеше деңгейін 1500 орындық опера театры алып жатыр.

Қазіргі уақытта Елордамыздың беделі артып, бейбітшілік пен аймақтық қауіпсіздікті сақтаудағы, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосып жатқан үлесі күннен-күнге айқын көрініп келеді. 1999 жылы ЮНЕСКО Елорданың қарқынды дамуына баға берді, Астана әлем қаласы екенін мойындады.

 

 Алтынбек Бекнұр,

«Дәстүр» журналы

Фото интернеттен алынды.

Бөлісу: