АТА-АНАНЫҢ ҰРПАҒЫ АЛДЫНДАҒЫ ҚАРЫЗ-ПАРЫЗДАРЫ

Тал бесіктен жер бесікке дейін

«Дәстүрдің» өткен санынан бастап Айып Нүсіпоқасұлының қазақтың салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ойын-сауықтары, ұлттық тәрбиесі,т.б.туралы жан-жақты мағлұмат беретін «Тал бесіктен жер бесікке дейін» деп аталатын жинағынан үзінді беріп келеміз. Жалғасы…

  Ата-ананың ұрпағы алдындағы қарыз-парыздары:

  1. Өз ұрпағы алдында жан-тәні мен ар-абыройын таза сақтау, жаман қылық көрсетпеу.
  2. Ана тілін толық үйрету. Ұрпақтарына ана тілін үйрете алмаған ата-ана ұрпағы алдындағы қарыз-парызын толық өтемеген мәңгілік қарыздар адамға айналады.
  3. Баласының төрт мүшесін сау, ес-ақылын дұрыс етіп есейту (баланы жас кезінде күйдіріп, кем-кетік етіп алған ата-ана ұрпағына мәңгі қарыздар болып қалады).
  4. Ұрпақтарына аналық ақ сүтін адал да пак етіп беру. Бала емізер кезде басына жаулық салып отыру, омырауын жуып, құрғақ, таза дәкемен сүртіп барып емізу. Балаға ауру-сырқау, дерт-дербез жұқтырудан аулақ болу.
  5. Құқық-мүддесін қорғау. Өзгелердің қорлауына, зорлауына ұшы- ратпау. Қам-қайғысыз өмір сүруіне мүмкіндік жаратып беру.
  6. Ұрпақтарының жүрегіне адам баласының теңдігі мен береке- бірлігін, достығын ұялату. Ізгі ниетті, адал, арлы азамат етіп жетілдіру.
  7. Отбасына адал, әділ болу, уәде-серттен таймау.
  8. Отанын қорғау, отбасы мен ел тыныштығын сақтау. Ұрпақтарын аздырып-тоздырмау. Отанға, халыққа адал қызмет ету.
  9. Өнер-білім, үлгі-тағылым үйрету.
  10. Уағымен тамақтапдырып, киіндіріп, жуындырып, киімі жыр- тылса жамап, өз құрбыларынан кем қылмау.
  11. Қажырлы, қарапайым болуға, еңбек сүйгіштікке тәрбиелеу. Адал, арлы, әдеп-ибалы болуға баулу.
  12. Адамдармен қалай қарым-қатынас жасау, қалай сыйласу, қалай аман-сәлем жасау, қалай сәлем беруді үйрету.
  13. Туыс-туған, дос-жарандар ара алыс-беріс, барыс-келісті ұғын- дыру.
  14. Ер-әйел, үлкен-кіші, бала-шаға арасындағы жол-жосын, әдеп-иба салтын үйрету.
  15. Үлкен жиын-той, қаралы салттар мен ас-нәзірге қалай бару жол-жосығын ұғындыру.
  16. От жағу, тамақ пісіру, шай құю, төсек салу, үй жинау, қолға су құю, мал қайыру, am байлау, қонақ күту дағдысын үйрету.
  17. Кісілік, кішілік дағдысын ұғындырып, ар-абыройын таза сақтау, әдепті, ибалы болу жолдарын үйрету.
  18. Оқытып, жақсы тәрбие беріп, есейгенде өз сүйгендерімен үйлендіру.
  19. Ата-ананы құрметтеуді, үлкендерді сыйлап, кішіні аялауды үйрету.
  20. Аналар мен қыз балаларды, ақсақалдар мен өнер-білімді кісілерді қадірлеуді ұғындыру.

Баланы бағып-қағып, оқытып өнер-білім игертіп, есейгенде, өздеpi қалаған адамымен үйлендірген соң, ата-аналар ата-аналық қарыз- марыздарынан арылады да, одан кейінгі жерде ата-ананы бағып-қағу парызы балалардың мойнына түседі.

Бұл дәстүрдің тәрбиелік мәні мен ғылыми мәні өте жоғары. Ол ата- аналардың ұрпақтары алдындағы жауапкерлік сезімі мен борыштылық сезімдерін арттырып, ұрпақтары дүниеге келгеннен азамат болып үйленгенге дейінгі аралықта ақ сүт, адал еңбектерімен бағып-қағып, оқытып, өнер-білім, үлгі-тағылым үйретіп, жақсы азамат етіп жетілдіруден бас тартуға болмайтын ұлы борыштары бар екенін шынайы ұғындырып, ата мен ананың ұрпақтарын қай мезгілге дейін бағып-қағу жауапкерлігін көлемі жақтан айқындап, ұрпақтарға алғашқы адымда ата-ананы қартайғанда бағып-қағу жауапкерлік сезімін тудырады.

 

ҰРПАҚТАРДЫҢ ҚАРЫЗ-ПАРЫЗДАРЫ

Ұрпақтардың қарыз-парыздары:

  1. Ата-ананы мәңгі құрметтеп, сыйлау. Қандайда жұмысына әзір тұру.
  2. Ата-анаға опалы болу. Айтқанын екі етпей орындау. Тапсырған жұмысынан бас
  3. Оқу, өнер-білім игеру, ата-анаға күйік емес, қызық болу.
  4. Адам болу, арлы болу. Ата-ананың алдынан қия өтпеу. Беттеріне шіркеу келтірмеу.
  5. Ата-анаға ешқашан тіл мен қол тигізбеу. Қазақ ұғымында: ата- анасына тіл және қол тигізіп, беттен альт, төске шапқан баланы ең бұзық, ең жаман, тіпті хайуаннан да жиренішті адам есептейді.
  6. Ата-ана алдында мәңгі сәбидей болу; мәңгі борышты, мәңгі қарыздар сезіну.
  7. Ана тілі мен салт-дәстүрін толық білу. Өзіндік көзқарасы болу. Қазақ ұғымында, ана тілін ұқпаған, салт-дәстүрін білмеген, өзіндік көзқарасы жоқ ұрпақты «мәңгүрт» деп атайды.
  8. Ата-ананы уайым-қайғыға салмау. Ренжітпеу, орынсыз қылықтармен қинамау.
  9. Қажырлы, қарапайым, ұқыпты, үнемшіл, еңбек сүйгіш болу. Әрқашан ата-анаға қуаныш пен шаттық әкелу.
  10. Ата-ананы бағып-қағуға мәңгі жауапты болу. Олардың қам-қайғысыз өмір сүруіне шамасының жеткенінше мүмкіндік жаратып беру.
  11. 11. Есейіп-ержеткен соң, бас құрап артына жақсы ұрпақ, жақсы am, тамаша хат қалдыру.

Miнe, бұл әрбір ұрпақтың ата-анасы мен ел-жұрты алдындағы бас тартуға болмайтып адамдық әрі азаматтық қарыз-парыздары есептеледі.

Бұл салт ұрпақтарға ата алдында өздерін мәңгі шәкірттік және мәңгі борыштылық сезімін тудырып, ата-аналарын өлгенше кұрметтейтін тамаша моральдік қасиет калыптастырады. Сондай-ақ жастай өнер-ғылым игеріп, адал еңбек етіп, халыққа мол үлес косып, артына үлгі-өнегелі ұрпақ қалдырып, Отан мен халыққа деген құрмет сезімін оятады.

 

ҰСТАЗДЫҚ

«Ұстаз болу – ұлағаттың белгісі» дейтін қазақ халқы бала тәрбиелеп, бала оқытып, өнер-білім беруді төтенше игілікті іс санап, ұстаздарды әлемге өнер-білім ұрығын себуші, адамдардың көкірек көзін ашып, ой-санасын нұрландырушы деп, оларды ерекше құрметтеп, төрлерінен орын, төбелерінен жол берген.

Ертеде өнер-білімді, оқыған, зерделі, ақыл-парасатты кісілер: «Шәкіртсіз – ұстаз тұл» деп қарап, өнер-білімдерін өзгелерге үйретіп, арттарына өз жолдарын жалғастыратын шәкірт тәрбиелеп кетуді азаматтық парыздары санап, көзі ашық, көкірегі ояу адамдарға өнерлерін және білім үйретіп, адамзат мәдениетін ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып отырған. Қазақ ұғымында: біреуге, мейлі, қандай өнер үйретсін, оқымысты, білімді, өнерлі адамдарды «ұстаз» деп атаған. «Ұстаз» деген сөзді ардақ тұтқан қазақ халқы ұрпақтарын мол өнер-білім үйреніп, ақыл-ойын молайтып, білімін көбейтіп, халыққа білім ұрығын шашуға талпындырып, тұтас халыктың көкей көзін ашып, өнер-білім үйретуге қалыптастыруға жетелеген. «Ұстазы жақсының ұстамы жаксы» деп өнегелі, өнерлі ұстаздардан тәлім алған шәкірттер өмірге ой көзімен қарайтын, ғылым мен білімді қастерлейтін тамаша азамат болып жетіледі. Өзі білген өнер-білімін елге үйретпеген адамды «ішмерез» деп қатты жек көрген.

 

ШӘКІРТ БОЛУ

Ұстаздың панасын көрмеген шәкірт – өнер-білімнің қарасын көрмейді» деп, ертеде қазақтың көзі ашық, көкірегі ояу ұл-қыздары жаппай оқып, өнер-білім игеруден тыс, жалпақ жұртқа аты шыққан өнерлі, білімді адамдарды іздеп барып, оларды ұстаз тұтып, сондай үлгі-тағылымды адамдардан тәрбие алатын дағды болған. Сондай-ақ, кандай адамнан тәлім-тәрбие алып, өнер-білім үйренсе де, сол өнер-білім үйреніп, тәлім-тәрбие алған кісілерінің алдында өздерін «шәкірт» деп атап, үлгі-өнегелі адамдардан тәлім алып, шәкірт болғандарын мақтаныш етіп отырған.

Шәкірт болу ұрпақтарға кішілік пен кісілікті үйретеді. Жастардың өнер-білім үйрену ынтасын жоғарылатады. Ғылым мен білімді қастерлеу сезімін оятып, өнерлі, білімді адамдарға деген сүйіспеншіліктерін арттырады.

 

ҰСТАЗ-ШӘКІРТТІК ПАРЫЗ-ҚАРЫЗДАР

«Ұстаз көрмегеннен ұлағат шықпайды», «Оқусыз – білім жоқ, білімсіз – күнің жоқ» деп білген қазақ халқы жастайынан ұстаз қолында оқып, өнер-білім үйренуді өздерінің перзенттік парыздары санаса; көзі ашық, көкірегі ояу адамдар да «Шәкіртсіз ұстаз – тұл» деп өзі білген өнер-білімді талапты жастарға үйретіп, адамгершілігі асқақ, білімі терең азамат етіп жетілдіруді «ұстаздық парызым» деп біліп, ұрпақ тәрбиелеу жолында көз майларын тауысып, жүрек қандарын сарқуды даңқ деп білген. Сондықтан да қазақ дәстүрінде ұстаздық міндет арқалаған әрқандай адамның мойнына шәкірттер алдында қалтқысыз білім беріп, тамаша үлгі-өнеге көрсетіп, өнер-білім арқылы адамзат санасын нұрландыру парызы түссе; ал, ұстаз алдына барған барша перзенттің мойнына да жақсы оқып білім алу, мол өнер-білім игеріп, адамзат баласына бақыт жарату парызы түседі.

Ұстаз адам өз бойын барлық пенделік қылықтан аулақ ұстап, мо­раль, мұрат, адамгершілік жағынан шәкірттеріне, сондай-ақ, басқа да ел-жұртқа үлгі-өнеге болуы, үйретуі, білім беру парыздарын әділдікпеп атқаруы шарт. Қазақ ұғымында: халыққа өнер-білім үйретіп, көңіл көзін ашудан сауапты іс жоқ деп қаралады. Шәкірттер санасына адамгершілікке жат, жаман қылықтар сіңірген ұстаз – барша адам баласы алдында ұстаздық парызын әділдікпен атқармаған нашар адам есептеледі. Сол сскілді, жақсы оқып өнер-білім үйренбеген, жақсы үлгі-тағылым алмаған, ұстаздарын құрметтемеген және оларға тіл, қол тигізген шәкірт те өз борышын әділдікпен атқармаған пасық адам есептеледі.

Бұл салт адамдардың өнер-білім үйретуге және үйренуге деген бо- рыштылық сезімін күшейтіп, ұстаздық, шәкірттік жауапкерлігін ұғын- дырады. Адамдарды өнер-білім үйреніп, ғылым-өнерді құрметтеуге баулиды.

 

ҮЛГІ-ТАҒЫЛЫМ ТАРАТУ

Қазақ халқы ұрпақтары мен ел-жұртына, тіпті өзі жүрген, тұрған жердегі жалпы халыққа өнер-білім үйретіп, үлгі-тағылым таратып жүруді өздерінің адамдық парызы, азаматтық борышы санаған. Әрбір азамат шамасы келсе бала оқытып, шәкірт тәрбиелеуді өте игілікті іс санаған. Алған білімі мен үйренген білімін елге үйретпеген, мол білімі мен өнері бола тұра оны қағазға түсіріп ел игілігіне жаратпаған адамды «пайдасыз адам» деп, ондай жандарды айран құйған күбіге ұқсатқан.

«Жақсының жүрген жері – өнер-білім, үлгі-тағылым» деп әрбір азамат сапарға шықса, жолаушы жүрсе, ел-жұртын араласа жуынып-шайынып, сәнді киініп, ат әбзелдерін түзеп, жүрген, тұрған жерлерінде өз бастарынан үлгі-өнеге көрсеткен. Тіпті, өз бастарында елден ерек өнер-білімі болмаса, қасына өнер-білімді, үлгі-тағылымды кісілерді жолдас етіп, өзі барған ел-жұртқа тамаша әсер қалдырған.

Бұл салт адамдарды өнер-білімді құрметтеуге, сәнді, таза киінуге, ізгі жанды, мұратты, мәдениетті болуға жетелейді. Ұрпақтарды өнер сүйгіштікке баулиды.

 

БАҚ-ДӘУЛЕТ, АТАҚ-ДАҢҚ ТӘРБИЕСІ

Қазақ халқы ұрпақтарына: «басыңа бақ қонса – тасыма, іс түссе – жасыма; байлық – мұрат, шен – бақыт емес; байлық – қолдың, мансаптың, беттің кірі; шенді болу, бай болу – парыз емес, адам болу – парыз. Атақ қуған адам абыройдан жұрдай болады» деп ұрпақтарын бақ-дәулетті, атақ-даңқты болуға емес, нағыз адам болуға баулып; бақ-дәулет, атақ-даңқ қуған адамның адамдық қасиетін жойып, ізгіліктен жұрдай болатындығын; қандай бай, қандай атақты болса да, «ердің ері – егеудің сынығы», қоғамның жай бір мүшесі болатындығын, сондықтан қандай атақ-даңққа қол жеткізсе де тасымау, кішіпейіл болу керектігін ұғындырып отырған.

Бұл тәрбиеде әрбір отбасы ұрпақтарына «бақ-дәулет, атақ-даңқ қума, өнер мен білім ку. Атақ-даңқ, бақ-дәулет – көлеңке, өнер-білім – өмірлік серік» деп ұрпақтарын өнерлі, білімді болуға баулыған. Сондай-ақ, адам баласын бай-кедей, хан-қара деп алаламай, барлық адамға тең қарауды; басына бақ қонып дәулетті, атақ-даңқты бола қалса, кішіпейіл, кешірімді болып, шен-шекпенге буланып асып-тасымауды ерекше ескертеді әрі бір адамның басында бақыт-байлық пен қиындық мәңгі тұрмайтындығын, сондықтан барлық іске ой көзімен қарау керектігін; бұл өмірде адамнан адамның артықшылығы – байлық, мансап, атақ-даңқта емес, адамгершілік пен білімде, өнер мен ғылымда екендігін терең ұғындырып, «мансап қуған адам – өнер-білімнен жұрдай болады, білім қуған адам – өнер-білімге толады» деп көрсеткен.

Бұл тәрбие ұрпақтарды ізгілікке, адамгершілікке жетелейді, мол өнер-білім үйренуге, өмірге ой көзімен қарап, ғылыми тұжырым жасауға баулиды.

 

БАЛАНЫ СЫНАУ

Қазақ халқы адамның адамгершілігін, кісілік мәдениетін оның әрбір іс-қимылына қарап білетін сыншы халық болғандықтан, әрқандай адамның жүріс-тұрыс, бет-бейнесі, кимыл-кылығы, аман-сәлемі, әдеп-ибасы, қонақ күтуі, т.б. жақтарына қарап, оның қандай адам, қандай ниет, қандай мақсаттағы жан екенін аңғара білген. Тіпті бесікте жатқан сәбилерге дейін сынап, олардың болашақта қандай адам болатындықтарын алдын ала жорамалдап, өз бағаларын беріп отырған. Мысалы, анасының омырауын тас қып ұстап алып емген баланы «есейгенде сараң болады» десе; омырауды нарау емген баланы «қолы ашық, жомарт болады» деп жорамалдайды.

Ал, ұйықтағанда көзін толық жұмбай ұйықтайтын ер балаларды «есейгенде сұлу жар құшады» десе; көзін толық жұмбай ұйықтайтын кыз балалардың «серігі сері болады» деп тұспалдайды.

Үнемі жастықтың үстіне шығып алып, жастықты басып ұйықтайтын бала есейгенде «бай-бақытты болады» десе; басын бүркеп алып ұйықтайтын баланы «бұйығы, сылбыр, ынжық» болады деп топшылайды. Бүк түсіп, қол-аяғын бауырына басып жататын балаларды «уайымшыл, тұйық, біртоға болады» десе; шалқасынан жататын ба­ланы «ақкөңіл, ашық-жарқын болады» дейді. Ал, қол-аяғын жан-жаққа керіп тастап шалқадан түсіп ұйықтайтын баланы «төрт түлігі сай, ақыл-ойы терең адам болады» деп тұжырымдайды.

Кейбір сыншылар: «Кісі болар баланың кісесінен белгілі, ат болатын құлынның мүшесінен белгілі» деп, балалардың сыртқы кескін-келбетіне карап та сынай білген. Мысалы, бала дөң жауырын, сом дене, шоқпар тұмсық келсе – батыр, балуан; маңдайы кең болса – білімді, жайдары; құлағы үлкен әрі қалқиған болса – бақ, тәлейлі, домбырашы; саусақтары сүйрік әрі нәзік болса – ісмер, күйші, биші; маңдайы тар болса – ашушаң, күйгелек, қызғаншақ; аузы мен құлағының арасы жақын болса – аузына сөз тұрмас өсекші; алыс болса – сөзге сараң, іске шөгел; желкесі шұңкыр болса – жалқау, жайбасар, т.б. деген сияқты мінездемелер берген.

Бөлісу: