«АТА-БАБАМЫЗДЫҢ ТИЫМЫН ОРЫНДАУ – АУРУДЫҢ АЛДЫН АЛАР ЕДІ…»

Алмат Тұрысбекұлы ҚОДАСБАЕВ, Алматы Кардиология орталығының директоры:

  Алмат Тұрысбекұлы Қодасбаев – Алматы кардиология орталығының директоры. Қазақстан Республикасының талантты жас ғалымдарына арналған Мемлекеттік стипендияның лауреаты, кардиоторакальды хирургтердің Европалық ассоциациясының мүшесі. Хирург 70-тен аса ғылыми еңбегі, 1 монографиясы бар. Әрі ғылыми еңбегі мен жасаған тәжірибелерінің арқасында 7 алдын-ала патент пен 1 өнертабыс патентін иеленген.

     «Дәстүр» журналының тілшісі  Алмат Тұрысбекұлымен сұхбаттасып,  бүгінгі  медицинаның жетістіктері мен жаңалықтары туралы, олардың елімізде қалай жүзеге асырылып  жатқандығы жайлы әңгімеге тарқан  болатын.

 

       – Алмат мырза, Сіз көп жылдардан бері үлкен кордиологиялық орталықты басқарып келесіз. Кордо-хирургия, оның түрлері туралы біраз айтқаныңызды баспасөзден білеміз. Бүгін жалпы медицинадағы жетістіктер мен өкінішті олқылықтар туралы сөз етсек. Алдын ала ауруды анықтау үшін не істеуге болады?

– Мен отыз жыл кардиолог болып жұмыс жасадым. Отыз жылда медицина өте жақсы дамыды. Берілетін дәрінің түрі өте көп. Жақсы ем, жақсы дәрі қалай көбейді, соған сәйкес ауру да көбейіп жатыр. Неге? Көпшілігі ауырса көңіл аудармай жүре береді. Асқынған соң ғана дәрігерге жүгіреді. Ал бұл кезде ауру біреу емес бірнешеу болады. Меніңше, «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген қазақтың жақсы сөзін есте ұстаған жөн. Тағы айтарым, дәрігерлер науқасты емдеген кезде ғана қосыламыз. Негізгі мақсат адамдарды ауырмайтын дәрежеге дейін жеткізу керек. Мектеп қабырғасында денсаулыққа байланысты бағдарламалар қосылса деймін. Бала 14-15 жасқа келгенде денсаулықтың маңызын түсініп, салауатты өмір салты туралы үйретіп бастаса қандай жақсы. Мысалы адамның денесінде май жиналып, артық салмақ болса, бойына көп ауру жиналса оған еш дәрігер кінәлі емес. Ол әрбір адамның тікелей өзіне байланысы. Одан кейін адамдар келеді де дәрігерлерге ренжиді. Неге дәрі жоқ, неге дәрігер орнында жоқ деп. Денсаулық адамның өзіне берілген аманат. Әуелі оған өзі жанашырлықпен қараса, күтінсе, дәрігердің алдына бармас та еді.

     – Емделушілер көбіне Скрингке шақырылмайды, шақырған күнде де орын жоқ, толып қалды деген жауап алып жатады. Бұған не дейсіз?

– Сіз жоғарыда айтқан талон тапшылығы, орын болмауы сияқты келеңсіздіктер медицинаны артқа тартады. Әрине оны түзетуге болады. Бұл сол мекемедегі басшылардың ұйымдастыру қабілетіне байланысты. Қазір бір дәрігердің өзі екі-үш жерде жұмыс істейді. Үш-төрт сағат ғана отыратын болған соң, дәрігерді кез келген уақытта табу қиын. Емханада бір дәрігердің адам қабылдау уақытын ұзартып, жалақысын, сыйақысын көбейтсе бір ғана жұмыс орнын таңдайды. Сонда науқас та өзіне қажет дәрігерді айлап ұзақ күтпес еді.

Скринг арқылы әлі байқала қоймаған, бірақ жаңа басталып келе жатқан ауру белгісін ертерек анықтап, соның алдын алу үшін медициналық тексеріс жүргіземіз. Одан ары стационарда емдеуге жібереміз. Сол арқылы халық көңіл бөле бермейтін зиянды әрекеттердің алдын алып, оған бармайтын жағдай жасауымыз керек. Қаржыландырудың жетіспеуінен көп адамдарға медициналық көмек жетпей қалады. Емханадан шыққан науқас бізге келеді. Ал мұнда емделіп шыққандар, емін жалғастыру үшін емханаға барады. Алдын ала тексерістен өтпеген адамның ауруы асқынып жатса, жедел жәрдемнің көмегіне жүгінеді. Одан ары емделу кейде қымбатқа түсіп жатады. Дамыған елдерде жедел көмек көрсетуден гөрі жоспарлы көмек көрсету жақсы дамыған. Медициналық көмек қолжетімді және сапалы болуы керек. Бұл туралы президентіміз де өз Жолдауында жиі сіз етті.

      – Ұлттық-этнографиялық «Дәстүр» журналынан келіп отырған соң, сұрақты этнография ғылымына жататын халық медицинасы жағынан бастасам деп отырмын. Өйткені қазақ ауырса, көбіне алдымен халық еміне жүгінеді, одан қайран болмаса ғана ғылыми медицинаға барады.

Халық емі – ғасырлар бойы тірнектеп жиналған адамдар тәжірибесі деп жатамыз ғой. Қазіргі ғылыми медицина мен осы халық емін біріктіріп қарауға бола ма?

– Халық емінің көбі ғылыми түрде дәлелденбеген. Біраз жерде халық еміне жүгіну үрдіске айналған. Адамдар оған көбіне жан-тәнімен емес, психологиялық сезіммен барады. Бақсы-балгердің, емшінің айтқанын орындап, не соның оқыған суымен өздерін жақсы сезініп кетіп жатады. Бұл — психология. Адамның сенімі басты орында тұр. Одан бөлек халық емінде шөппен немесе дәрілік қасиеті бар затпен емдеу бар. Олар аурудың бастапқы асқыну сатыларын емдей алмайды. Тек соңында организмге қосымша қолдаушы терапия ретінде көмектесіп жатады. Менің ойымша, халық емін қолданбасақ та, ата-бабамыздың көнеден келе жатқан неше түрлі тиымын пайдаланудың өзі аурудың алдын алар еді. «Ауру – астан», «Таңғы асты тастама, кешкі асқа қарама», «Ертеңгі асты өзің іш, түскі асты бөліп іш, кешкі асты жиналып көбің іш», «Дәрінің ең жақсысы – аз тамақ» дейді. Пайғамбарымыздың өзі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Адам өз асқазаны секілді ешбір жаман ыдысты толтырған емес. Солай бола тұра, белді бүгу үшін бірнеше түйір тағам жеткілікті. Асқазанды толтыру қажет болса, үштен бірін тамақпен, үштен бірін сумен және үштен бірін ауамен толтырсын» деген болатын. Бұдан өзі тойып тамақ жеудің, әсіресе жатар уақытта тамақтанудың адам ағзасына зиян екенін көреміз.

       – Елімізде медициналық туризм саласының дамуына көңіл бөлуіміз керек екенін айтып жүрсіз, бұл жолда нақты не істеуге болады? Дәстүрлі халық медицинасымен бірігіп, заманауи лабароториялар салуға бола ма?

– Медициналық туризм жоспарда бар және жобасы қаланың әкімдігінде бекітілген. Медициналық туризм – қазіргі уақытта заманауи технологияларды пайдаланып, диагностика жасау, соның нәтижесі бойынша әртүрлі ем көрсету. Бүгінде адамдар Өзбекстанға, Түркия елдеріне емдік көмек алу үшін жиі барады. Медициналық туризмнің дамуы бізге не үшін керек? Біріншіден, бұл қазақ медицинасының мүмкіндігін, қаншалықты дамығанын көрсетеді. Денсаулық адам үшін үлкен құндылық. Одан асқан байлық жоқ. Алыстан келіп, өз денсаулығын қазақ дәрігерлерінің қолына сеніп тапсырып жатса, онда бұл біздің медицинаның дамуы деп білеміз. Шетел азаматтарына көмек көрсету екінің бірінің қолынан келе бермейді. Себебі, оған талап өте жоғары. Қаншама қаржы жұмсап келген азаматтың көңілінен шығу үшін ғылыми дәрежесі болсын, медицинадағы тексеру құрал- жабдықтары, медицина ұйымының ғимаратының өзі соған сәйкес болу керек. Қарап отырсаңыз, бұның өзі үлкен жауапкершілік. Жан-жақты дамытуды қолға алып, қолайлы жағдай жасасақ медициналық туризмнің пайдасы емделуші үшін де, біздің халықтың экономикасы үшін де пайдасы зор. Өзім бірнеше мемлекеттерде болдым. Израильде дертіне дауа іздеп келген адам – осы елдің пайда көзі. Тексеру, сараптама жасау, жататын орын, тамақтандыру, гид қызметі болсын, медицинаға жүгінген адам арқылы қаншама пайда тауып отыр. Израиль медицинасының мықтылығы сонша, ол елде саяси жағдайдың ушығып жатқанына қарамастан, адамдар емделуге өте көп келеді. Біз орталықтың жанынан емдеу-сауықтыру бөлімін аштық. Белоруссия еліне бірнеше дәрігерді оқуға жібердік. Бөлімде жүрегінен инфаркт немесе инсульт алған, жүрегіне операция жасатқан адамдарды қайтадан қалпына келтіруге жұмыс жасаймыз. Бұл науқастың жағдайын одан әрі жеңілдетіп, тез айығуына көмектеседі.

 – «Сізді не мазалайды?». «Ол қалай пайда болды?». «Оның себептері неде?». Ауру адам дәрігерге барғанда алғаш еститін сұрақтары осылай болып келеді. Жаның қиналып отырғанда түріңе де қарамаған дәрігер басын көтермеген күйі сенің айтқандарыңды жаза жөнеледі. Техника дамыған бүгінгі күні осы жазу мәселесін видеоға түсіру арқылы ма, әлде аудиоға жазу арқылы ма шешуге бола ма?

– Бұл, әрине, қағазбастылықтың салдары. Науқастың ауру тарихы жазылған құжат толық болуы міндетті. Сондықтан медицина қызметкерлері науқасқа емес, қағазға көбірек қарайды. Десек те науқастың жай-күйі де назардан тыс қалмайды. Кейін емделіп кетсе, тіптен жақсы. Қазір цифрлы технологияны пайдалана отырып, біраз дәрігердің жұмысын жеңілдеттік. Мәселенң сіздің төлқұжатыңызды компьютерге енгізсе барлық мәліметтер дәрігердің алдында тұрады. Анализ талдауынан бастап, сізге жасалған операцияның видео жазбасына дейін көрініп тұрады. Операция қашан жасалды, қай уақытта басталды, хирург жұмысына дейін түгел көріп шығуға болады. Қадағалайтын орындардың көпшілігі ауру тарихын тексереді. Сол үшін ол жерде бәрі тұруы керек. Қазір цифрлық медициналық төлқұжат арқылы дәрігер алдына келген науқастың жай-күйін алдын ала көре алады. Бұған барлық ұйым толық көшіп болған жоқ. Цифрлы құжат барлық медицина ұйымында болса, дәрігерлердің науқасқа қарайтын уақыты да үнемделер еді.

        – Орталықта тәжірибелі дәрігерлер неге аз? Бұл жұмыстағы тұрақсыздықтың көрінісі емес пе?

– Себебі дәрігерлер жиі ауысып кетеді. Кейбірі «айлық жоқ, жұмыс аз» деген сөзді жақсы көреді. Шындығына келгенде, Алматы қаласы бойынша ең жоғары айлық алатын біздің орталық. Әрі тұрақты түрде кешіктірілмей беріледі. Осы арқылы қызметкерлер өзіне қажет ипотека, кредитті керек кезінде оңай ала алады. Себебі бір орында тұрақты түрде айлық алып отырған адамға бұл жақсы көмек. Егер аурухана үнемі қарыз болып, айлық бермей жатса банк те несие рәсімдемейді, ипотекаға үй де ала алмайсыз. Тұрақтылық пен жүйелілік болған жерде өсу де болады. Медицина саласында қызмет ету ауыр, не қағазбастылыққа толы дегеннен гөрі пайдалы жақтары бар екенін ескеру керек.

         – Бір өнертабыс патентінің иесі екенсіз. Медицина саласындағы жетістік қой бұл. Осы туралы кеңірек айтып берсеңіз.

         – Патент өзімнің кандидаттық жұмысым бойынша жасалған. Жүректің үш жармалы қақпашасына операция жасалған. Ревматизм әсерінен жүрек қақпақшасының зақымдануына байланысты ауырлыққа шыдамай өзінің қызметін нашарлатады. Медициналық көрсеткіштер бойынша осы диагноз анықталған жағдайда үш жармалы қақпақшаның анатомиялық құрылысын сақтай отырып, физиологиялық қызметін қалпына келтіреміз. Клапандарды алып, орнына протез қоятын операция бар. Ал біз анатомиялық құрылысын бұзбай сақтап, қалпына келтіріп, операция жасаймыз. Қазір осы әдіспен басқа да шетелдегі әріптестеріміздің операция жасап жатқанын көрдім. Яғни патенттелген операцияны іске асыратын технологияны кез келген хирург қолдана алады.

        – Коронавирустың денсаулыққа кері әсері туралы айтылып жүр. Сақтану жолдары да жан-жақты насихатталуда. Тиісті дәрежеде емдеу, егу шаралары да жүргізіліп келеді. Кей жағдайда тәжвируспен ауырған адамның өзіун әлсәз, дәрменсіз сезінуі кездеседі. Мұның себебін қалай түсіндірер едіңіз?

        – Коронавируспен ауырғаннан кейін кез келген адамның денесінде әлсіздік, шаршау болады. Вирустың әсерінен ағзаға оттегінің жетіспеушілігі байқалады. Ең көп зардап шегетіні – жүрек бұлшықеті. 24 сағат тоқтаусыз жұмыс істейтін органға тоқтаусыз оттегі келіп тұруы керек. Қанның құрамындағы оттегінің азаюы жүректің қызметіне кері әсерін береді. Коронавируспен ауырғаннан біраз уақыт өткеннен кейін адамдар қайтадан жүрек ауруларына шалдығып жатады. Иммундық жүйесі әлсіреп тұрған адам тез суық тиетін әрі әлсірегіш болады. Сондықтан кондиционердің астында көп отырмау керек. Әсіресе инстаграм сияқты әлеуметтік желідегі ақпараттардың бәріне дерлік сене беруге болмайды. Бір кездері спиртті ішсе вирус жоғалады екен дегенді естіп соны пайдаланып жатты. Егер ол шын ақпарат болса адамдардың барлығын спиртті ішкізіп аман алып қалуға болар еді. Денім сау, ақылым дұрыс болсын деп адам өз денесіне қамқорлықпен қарап, ойын жақсылыққа бұрса бәрі де жақсы болады. Адамдардың кейбірі күнде пайдасыз тағам жейді. Зиянды затқа әуес болады. Ағзасын бір сәт демалдырмайды. Кейін мен неге ауыра берем деп ренжиді. Адамның ниеті, жан дүниесі, ойы таза болу керек. Теңіз өнімдерін, әсіресе балық етін көп жеген дұрыс. Себебі балықта зиянды май болмайды.

        –Бүгінде жүрек-қан тамырлары ауруының көбеюі тамақтанудың әсері ме әлде экологияға байланысты ма? Немесе адамдар салауатты өмір салтын өз дәрежесінде сақтай бермей ме?

– Бұл ауру тек бізде ғана емес, дүниежүзінде көп. Қазір заманауи онкология, жүрек-қан тамыр сияқты жұқпалы емес аурулардың саны артқан. Қоғам алға дамып, экономкалық жағдай күшейген сайын халық арасында ауру да көбейеді. Себебі қазір тамақтың түрі де, қоспасы да көп. Салауатты өмір салтын ұстанатындар аз. Барлығы жұмысбасты. Таңнан кешке дейін компьютердің алдында отырып жұмыс жасайды. Қозғалыс аз. Соның нәтижесі қан-тамыр ауруындағы паталогиялық процестің үдеуіне алып келеді. Майлы, тұзды, қанты көп тағамдарды аз қолдану керек. Жұмыс арасында үзіліс жасап, қимыл-қозғалысты көбейткен жөн. Аптасына кем дегенде екі рет спорт залына барып, дене терлегенше ауырлық түсіруі қажет. Алдымызға келген науқастарға осындай кеңестерді жиі айтамыз. Бірақ соны пайдаланып жатқан адам өте аз. Адам ауырмай тұрып денсаулықтың қадірін білгені дұрыс. Бассейн, жүгіру, велосипедпен жүру сияқты спорт түрін өзінің күнделікті өмір салтына қосқаны жөн. Апта сайын бес-алты сағат тойда отырғаннан, екі сағат тауға шығып келгеннің пайдасы зор.

Қазір жастардың спортты белсенді түрде қолға алып жатқаны мені қатты қуантады. Тауға шығатын, спорт алаңдарында жаттығу жасайтын, өзен жағасында, паркте жүргендерді жиі көремін.

       – Медицина саласына қатысты қандай ұсыныс айтасыз?

– Емханалардың скринг өткізу жұмысын күшейткені жақсы болар еді. Одан бұрын емхана ғимаратын жақсарту керек. Кейде емхана салатын құрылысшыларды таңдап алдырта ма деп қалжыңдаймын. Бизнес орталықтарын қалай жарқыратып салады? Түп-түзу, түстерінің өзі қандай әдемі. Ал мектеп мен ауруханаға келгенде осы да болады деген сияқты немқұрайлық байқалады. Қаржыландыру да төмен екені көрінеді. Медицинаның халық алдында беделі төмендемесе деймін. Карантин кезінде көп нәрсеге көзіміз жетті. Қанша қиналып жүрсе де, ауруға, кеселге бірінші боп дәрігерлер қарсы тұрды. Коронавирус өршіп тұрған кезде тоқтаусыз, тынбай жұмыс істеген тек медицина қызметкерлері ғана болды. Жаңағы бизнес орталықтардың да, ресторандардың да жұмысы тоқтады. Ақыр аяғында ән салып жүрген әншілерімізді де таппай қалдық.

       – «Жолдасым менің мамандығымды жақсы түсінеді, өзі де дәрігерлер отбасынан шыққан» депсіз бір сұқбатыңызда. Отбасыңыз туралы айтсаңыз. Қазақы қалыпты, дәстүрді сақтайсыздар ма?

– Ер мен әйел адамның арасында түсіністік қалай болатын болса, бір бірінің мамандығына деген сый-құрмет те солай болуы керек. Дәрігердің жұмысы оңай емес. Түнгі кезек, аяқасты операцияға шақыртулар. Мысалы қонақта немесе басқа жерде отырып, науқастың жағдайы ауыр болса, бірден ауруханаға бару керек болады. Ондай кезде туған-туыс, дос-жаран да соған түсіністік танытуы маңызды. Жолдасым да тері ауруларын емдейтін дәрігер. Менің жұмысыма түсіністікпен қарайды. Екі ұл, екі қызым бар. Қазақы дәстүрді берік ұстаған қарапайым отбасымыз. Қонақ күтіп, салт-дәстүрмен кәде ұсынамыз. Барған жерде бата сұрап, ырым қылып кішкентай баланың тұсауын кестіріп жатады. Ондай кезде жақсы тілегімізді айтып, салтын жасаймыз. Той болмаса қазақ екенімізді ұмытып қалатын сияқтымыз. Құда қай жерде отыру керек, құданың құдасына қандай табақ тарту керек деген адамды құрметтеудің қасиетін сонда паш етіп жатамыз. Өзіміз де жұмыс барысында шетелден келген қонақтарды күтіп, киіз үйге шақырып, ет тартып, қонақжай халық екенімізді көрсетеміз. Оларды жастарымыздың үлкендерге сый-құрмет жасап, жүгіріп жүргені қатты таңғалдырады Мұндай құндылықтың, тәрбиенің ел арасында әлі сақталып келе жатқанына риза болады. Тәрбие, салт-дәстүрдің діңгегі отбасында қаланады.

  • Әңгімеңізге көп рахмет!

 

 

Кейіпкер жайында қысқаша анықтама:

Алмат Тұрысбекұлы Қодасбаев А.Н. Сызғанов атындағы ғылыми хирургия орталығының аспирантура түлегі. 2002 жылы «Трикуспидальды клапан қызметінің жетіспеушілігін хируриялық емдеу» тақырыбына диссертация қорғап, медицина ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесіне ие болды. Сол жылы А.Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургиялық орталықтың кардиохирургия бөліміне ғылыми қызметкер болып тағайындалған. Ол 2011 жылы аға ғылыми қызметкер лауазымына ауысты. 2012 жылдың қарашасынан бастап осы орталықта жүре пайда болған жүрек талмасы кардиохирургия бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды. 2013 жылдың наурызынан бүгінге дейін Алматы кардиология орталығының директоры. 2005-2006 жылдары Ресей дипломнан кейінгі білім беру медициналық академиясында жүрек-қан тамыры хирургиясы бағдарламасы бойынша кәсіби даярлықтан өткен. «Жүрек-қан тамыры хирургиясы» тақырыбында аттестациялық жұмыс қорғаған. Сонымен бірге Израильдің, Германияның, Ресейдің, Оңтүстік Корея мен Белоруссияның алдыңғы қатарлы клиникаларында жүректі ауыстыру, жүрек талмасы хирургиясы, аортокоронарлы шунт қою тақырыптары бойынша біліктілік арттыру курстарынан өткен. Жыл сайын білімін жетілдіріп, заманауи құрылғыларды пайдаланып, көптеген науқасқа операция жасап жүр.

Сәлия Әбдікәрімова

Бөлісу: