Отырар музейі экспозицияның екінші  қабатындағы  «Этнография» залында қазақ халқының дәстүрлі қолөнерінің даму биігіне көтерілген кезеңі ХVІІІ – ХХ ғ. ғ. тән қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі, шаруашылығы, қолөнері мен мәдениетін көрсететін киіз үй жиһаздары, дәстүрлі киімдер үлгісі,  зергерлік бұйымдар, ұсталық пен зергерлікке, мал шаруашылығы мен егіншілікке байланысты жәдігерлер қойылған.

Қазақ халқы қашаннан өзінің ұшы-қиырсыз кең даласының табиғи-жағрафиялық жағдайына байланысты орналасып, көшпелі, жартылай көшпелі, отырықшы ғұмыр кешкендігі өздеріңізге белгілі. Қазақстанның отырықшы мал шаруашылығының кең дамыған жерлерінің бірі – Оңтүстік өңірі болса, Сырдария өзенінің жағалауында  суармалы жер шаруашылығы мен мал өсіру қатар дамыды. Төрт түлік малдың ішінде қазақ жылқы түлігін қасиет тұтқан.  Музей экспозициясындағы мал шаруашылығы бұрышына ер-тұрмандар көпшілік көрерменнің көруіне ұсынылған. Ат-көлiкке ерттелетін ер-тұрман, айыл тұрман, тұрман, тоқым-тұрман бар. Қазақта ат-тұрманы сайма-сай, ер-тұрманы толық, айыл-тұрманы бүтін, тоқым тұрманы жетерлік, тұрманы түгел деген сөздер бар. Демек, ат-көлікке ерттейтiн ер-тұрман жабдықтары түгел, толық сайлаулы, кем-кетiгi жоқ деген ұғым береді.

Ер-тоқым – салт атқа мініп жүруге лайықталған жабдықтардың бір түрі. Ер-тоқымды  көне заман көшпелілерінің дамытқан өнер туындысы деуге болады. Өйткені көшпелі тұрмыс, жорық, шабуыл – ат үстіндегі қимылдың барлығы ер-тоқым, тұрман жабдықтарын тамаша толықтырған. Бұл жабдықтар атқа да, адамға да қолайлылық тудыру мақсатында жасалған. Әсіресе атқа  жайлы болу жағына көңіл бөлген.

Аттың басарқасын баспайтындай етіп жасалған ер – тоқымның негізгі ағаш бөлігі – «Ер» деп аталады. Ер-тоқымның түрлеріне ретімен тоқталатын болсақ: құранды ер, қазақ ер, қырғыз ер, қалмақ ер, найман ер, керей ер, адай ер, алтай ер, шошақ бас ер, үйрекбас ер.

Қазақ ерде алдыңғы және артқы қас болады. Алдыңғы  қасы ілгері қарай сәл кергітіп, тіктеу қойылады, артқы қасқа қарағанда сәл биіктеу келеді. Артқы қас – сәл аласа, үсті – кең. Оны ершілер ұялы, орнықты, шалқақтау етіп жасайды. Қастың міндеті көп. Бәрінен де үстінде отырған адам оқыс құлап, сыпырылып түспеуі үшін қажет.

Қанжығалылық – ер қапталынан қанжыға таспасын өткізу үшін әдейі жасалған тесік. Екі алдыңғы қапталдағы қанжығалық. Екі артқы қапталдағы қанжығалық. Қазақ тілінде қанжығалауға байланысты сөз тіркестері көп. Қанжығалы, қанжығасыз, қанжығалады, қанжығаланды, қанжығаға қанды басты байлады, қанжығада басы кетті, қанжығасы майланды…

Ер-тоқымдар ерлер ері, әйелдер ері, балаларға арналған ашамай, қыз-келіншектерге арналған ер болып жіктеледі. Қыз-келіншектерге арналған ердің өзін ағаш ер, күмістелген ер-тұрман, алтындалған ер-тұрман деп жіктеуге болады.

Ашамай – жеті жасқа жетпеген балаларға арналған, атқа ерттелетін ер-тоқымдардың бір түрі. Баланың жасына қарай қолтырмаш, тепкішек байланады. Бала ашамайға мінгенде болашақ екі қолтығының астынан сүйемелдеу үшін шабақ ағаштың алдыңғы бір ұшын ашамайдың алдына байлайды. Аттың оқыс қозғалысы, сүрінуі, үркуі кезінде бала екі аяғын салып отырады. Баланың аяғы, екі тізесі тоңбайды. Киіз дорба балаға үзеңгі орнында, баланың аяғын қозғап, тебініп отыруына ыңғай тудырғаны үшін тепкішек деп  аталады.

Ішпек – аттың арқасына ердің батпауы үшiн қалындатқанда тебiнгi тоқымның астынан салынатын бiрiншi жабдықтың аты. Ішпек екi қабат киiзден жасалады. Алды-арты көмкерiледi. Көлемі жағынан екi жаны ердiң қапталынан сынық сүйем артылып төмен түседi. Алды-арты тебінгі тоқымнан екi елiдей шығып, көмкеруi көрiнiп тұрады.

Терлiк – аттың денесіне тіке түсетiн ең соңғы қабат. Ат арқасының тері соған сiңетiн болғандықтан терлiк аталған. Терлік көбінде қозы, лақтың терiсiнен, жұмсақ иленген серкеның терiсiнен, ешкiнің жарғағынан жасалады. Қазіргі таңда арнайы жұмсақ материалдармен тігіп жасалып жүр.

Тоқым киiз – аттың арқасына салынады. Аттың арқасын аман сақтау үшiн, тоқым киiз болуы тиіс.

Жүген – ер-тұрмандардың iшiндегi ең қажеттi, ең мазмұнды, касиеттi жабдық. Атты қапысыз, қалтқысыз игеру үшiн оның басына жүген салынады. Жүгендеу – айтқанга көндіру, айдағанға жүргiзу ұғымында. Жүгенсiздiк – айтқанға көнбеу, айдағанға жүрмеу ұғымында. Мына өмiрде аттың асау-тарпанын жүгендеу арқылы жуасытады. Ал адамды айтқанға көндіру, заңға бойсындыру мақсатында да «жүгендеу» сөзiн пайдаланып жатамыз. Жүгенде – жақтау, желкелік, кеңсiрiк, кекiлдiк, сағалдырық, орайлық, ауыздық, сулық, шаужай, тiзгiн атаулары бар. Жүгеннiң – қайыс жүген, түйме жүген, былғары жүген, кұр жүген, жiп жүген, кендiр жүген, өрме жүген, құйма жүген, күмiс жүген, алтын жүген (алтындалған жүген) деген атаулары бар.

Атқа мінудің екі әдісінің бірі – карғып мiну, бiрi – үзеңгiге аяқ салып мiну. Жайдақ атқа қарғып мiну мен ерлi атқа қарғып мiну кiм көрінгеннің қолынан келе бермейді. Ал үзеңгiге аяқ салып мiнудің кiмге болса да қолайлы екені аян. Шоқтыққа қолымды, үзеңгiге аяғымды жеткізсем деп армандайтын балдырғандарға, еңкейген кәрiге, еңсесі түскен кем кетiк мүгедектерге, жүктілер мен қалың киiмдi, сауыт-сайман қару жарақтыларға, алдына бесiк өңгерген ана мен қолына құс қондырған саятшыларға, кешке дейiн сарылып ат үстiнде болатын бақташылар мен ұзақ жолды жолаушы, жортуылшыларға үзеңгiнiң қажеттiлiгi – айтса таусылмайтын жыр. Үзеңгi тек атқа мiну үшiн емес, ат үстінде орнықты отыру, ұзақ сары күн мен түн ұласкан ат үстi жүрiске талмай шыдау үшiн, талықсып кеткен кездерде алма-кезек жамбасты ауыстыру, аяқ тiреп, бойды жазу үшiн де керек. Тiптi ат үстінде болатын әрекет-қимылдың үзеңгісіз ұтымды бола бермейтiнi де анық. Ол сенің ат үстiнде отырып, қара жерге табан тірегеніңмен бiрдей. Ат ойындарын өткiзу, ат үстінде алысу, жұлысу, аударысу, айқасу, тартысу, көкпар тартып додаға түсу, жерден іліп алу, жерге жайлап қою, ауытқымай өңгеру, ат үстінде құрық, бұғалық салу, шалма тастау, асауды тақымга басу сияқты сайыстар мен сан алуан қимылдардың көбі үзеңгiнің көмегімен жасалып жатқанына адам соншалықты мән бермеуі де мүмкiн.

Бөлісу: