Ауа райын құстар да болжай алады

 Түркиядағы жер сілкінісі болардан бірнеше уақыт бұрын құстар ерекше мінез көрсетіпті. Олар тоқтаусыз қиқулап, абыр-сабыр болыпты.

 Қызғылт қоқиқаз сирек кездессе де ауа райын алдын ала  болжай алатын қабілетке ие. Алдағы бір-екі күнді емес, бүкіл жазды болжай алады. Көктемде қайтып оралған қоқиқаздар өткен жылғы ұяларына орналасады. Бұл кезде олар өздерін әр кезде әрқалай ұстайды. Бірде жұмыртқасын ескі ұяларға салса, бірде ұяларын лаймен өсіре түседі. Себебі, ескі ұяға салған жылы, жаз аптапты ыстық болып, жауын-шашынның аз түсетінін алдын ала білгендігі. Ал ұяны лаймен өсірген жылы, жауын-шашын көп болып, су көтеріліп кететінін білгендігі. Алдын ала жасаған сақтығы арқасында, неғұрлым биікке көтерілген ұялар, өлім-жітімсіз ұрпақ өсіріп шығаруларына зор мүмкіндік туғызып келе жатқандығына бақылаушылар да тәнті болыпты.

Қарлығаш адамға жақын. Сол қарлығашқа көңіл аударған болсаң, ашық күндерде тыным таппай ерсілі-қарсылы, бірінен соң бірі, ертеден кешке дейін қуысып ойнағандай самғай ұшып жүреді. Бұл ұшысы, күн шапағына қызығу және ашық күндердегі кеңістікте ұшып жүрген шыбын-шіркейді жалықпай ұстап, тамақ ету. Қарлығаштардың бір ерекшелігі, олар жерде жүріп жемін ұстап жей алмайды. Себебі, үстік келген ұзын қанаты мен құйрығы жермен жүруге кесір келтіреді.

Қарлығаштарға қарап ауа райын болжауға келер болсақ, олар жоғары биіктей ұшып жүрсе, күн райы жақсарып, ашық болатынын білуге болады. Ал жер бауырлап ұшып жүрсе, күн райы бұзылар жауын-шашынды күте бер. Оның да өз себебі бар. Ашық, ыстық күндері жылы ауа ағымы жерден шыбын-шіркейлерді жоғары кеңістікке көтеріп кететіндіктен, қарлығаштар да, өз қамымен олардың соңынан қалмай ұшады. Ал бұлыңғыр күндері, ауа дымқылданып, шыбын-шіркей біткеннің қанаттары көпсіп, ісінетіндіктен жер бетіне жақын ұшып, қарлығаштар да олардың соңынан төмен ұшады. Бар сыры осы. Олар бірде төмендеп, бірде биіктеп ұшса, дауыл соғарын күтуге болады.

Тырна келсе күннің жылынғаны деп білген дұрыс. Олар тыраулай қиқулап, шапшаңдай, төмендеп ұшса, жауын-шашын бар;

Жоғары ұшып, дыбыс шығармаса, не билесе күн жылынар белгісі;

Биіктеп ұшып келе жатып төмендесе, күн райы өзгермек;

Олар жылы жаққа бет алған соң үш апта өте, түнге қарай аяз ұрады;

Қазанның басында тырна көрмесең, қыс бір айға кешігеді.

Көкек таң ата сала ерте көкектеген болса, су бетін тұман жауып, шық мол түседі деп білген. Ал ку- ку-кукулеп ысқырғандай дауысын жиі естісең, алдағы күн ашық боларын біле бер.

Ала қанат сауысқан үй жағалап ұшып, ықтасын жерге, немесе шатырға кіріп қонақтаса, боранның боларын білгені.

Кептер гүрілдеп шуласа, күннің жылы боларын сезгені, ал қонақтап отырғанда бір аяғын қанатымен жасырса, күннің салқындарын, пана іздеп, ол жерден шықпаса, күн райының бұзыларын сезгені.

Қаз бен үйрек қыстап қалған болса, қыс қолайлы болып, көктем ерте шығарын болжауға болады. Бұлар суға шомылып жатып қиқулап, қанаттарын қомдап мазасызданса, күн райы бұзылар.

Үйрек ұясын жағаға жақын салса, жаз қуаң, судан қашық салса, жауын-шашынды болмақ. Аязда қанатын жиі желпісе, аяз сынады.

Қаз бір аяғын көтеріп ұзақ тұрып, қанатын жиі қаққылағанын байқасаң, ол күннің аязды боларының белгісі, ал қыста қаңқылдаса, күн жылынарын білетін бол.

Қараторғай келді дегенше, көктем келді дей бер. Мезгілінен ерте келсе, көктем шуақты, кеш қайтса, күз қолайлы, қыс жұмсақ   болмақ. Аспанда ұшып жүріп, түрлі қимыл жасай берсе, топтанып ұшса, күз ұзаққа созылар. Жүнін үрпитіп мазасызданса, күн райының бұзыларын, топтанып ұшып, тез қоныс аударса, кешікпей жел тұрарын, топтанып алып шырылдаса, күн көзінің ашылар нышанын білдіргені.

Шымшық біткен таңертеңнен шиқылдаса, түнде аяз болады. Ал бәрі қосыла жиі-жиі шиқылдағаны, күн жылынарын күткендері.

Ұзақ – қарға көктем құсы. Олар ерте оралса, көктем қолайлы. Теректің ұшар басына қонса, күн жылынып, орта тұсына қонып, бұтақ арасына тығылатын болса, аяз күшейерінің белгісі болмақ. Жазда көкке жайылғанын көрсең, кешікпей-ақ жаңбырды күте бер, ал қыста тұмсығын қанатының астына тығып тұрғанын көрсең, аяз боларын біл.

Қарға ерте көктемде қарға шомылса, күн жылынады. Олар ағаш бұтақтарына жайғасып, не шуылдай топтасып ұшса, күн суытып, боран соғарын, жаз кезінде аузын ашып қарқылдай берсе, найзағай ойнарын, қыста ағаш басына қонақтап, қарқылдаса, аяз боларын, жиналып алып, шуласса, қар жауарын, бастарын әр жаққа қаратып, бейғам отырса, күннің желсіз ашық боларын, ағаш діңгектеріне жақын қонақтап отырса, күннің желді боларын білдіргені деп түсіну керек.

Кәдімгі тауық та өз әрекеттерімен, күн райының өзгерістерін білдіреді. Мысалы, жаңбырлы күні қораз таң ата шақырса, күн ашылады. Кешке шақырса, күн райы өзгереді. Күндіз жиі-жиі шақырса, күннің жылынарын біл. Тауықтар үстіне топырақ шашып жатса, күн шуақты болмақ. Ал құмға аунап, қанаттарын қаққылап, сілкініп, қауырсындарын тарағыштаса, жаңбыр жаумақ. Жүнін үрпитіп қыт-қыттаса, күн райы бұзылмақ. Бір аяғын бауырына жиырып, бір аяқпен қаздиып тұрса, күн суытады. Құйрығын бұлаңдатса, бұрқасын соғар. Сіркіреген жауында далада жүрсе, жаңбыр ұзаққа созылмас. Тауықтар ұясына қыста ерте қонақтаса, аяз болар. Ал жазда солай етсе, жаңбыр жауар.Тауықтар күзде ерте түлесе, қыс жылы болады деген сөз.

Жалпы құс біткен сайраса, келер күннің ашық боларын, тыныш болып қалса, күн күркірерін, жыл құстары топтанып қайтса, қыстың қатты боларын, көктемде тобымен бір мезгілде оралса, көктемнің ерте келерін, жер бауырлап ұшса, күн райының бұзыларын, қыста үй төңіректей қиқуласа, қарды қазса, күннің суытарын білген дұрыс.

Құстар күзгі ұясын күнгей жаққа салып алса, қыс суық, теріскей яғни, көлеңке жағына салған болса, қыс жылы болмақ. Құс біткен төмендеп ұшса, ықтаса, суға түссе, үрейленіп шуласа, жем іздеуге ерте шығып кетсе, жауын жауарының белгісі деп түсінген дұрыс болады.

Шулап жатқан құс біткен қиқуын тез тия қойған болса, аспанда найзағай ойнарын күткені болады.

Нұрмахан ТІЛЕГЕНОВ, Зейнеткер,  ғалым зоотехник, Жамбыл ауданының Құрметті азаматы, Жамбыл облысы

 

Бөлісу: